Экономика/ Экономика промышленности

Муханова А.Е.

«Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушы, э.ғ.к. 

Капанова Ш.А.

«Қаржы» кафедрасының аға оқытушы

Дүйсенова К.

Экономика мамандығының магистранты

Қорқыт-Ата атындағы ҚМУ, Қазақстан Республикасы

 

АЙМАҚТАҒЫ АВТОЖОЛДАР ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ САПАЛЫ БОЛУЫН ҚАДАҒАЛАУ

 

Қазіргі таңда көлік саласын одан әрі дамыту келесі бекітілген стратегиялық бағдарламалық құжаттар аясында жүзеге асырылады. Олар – 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық жоспары, 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы, 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы [1].

Көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының мақсаты – экономика мен халықтың көлік қызметтеріне деген қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алатын көлік-коммуникация кешенін қалыптастыру. Бұл кешенді шаралар ауқымындағы кейбір ірі жобалар өткен жылдан бері іске қосылып та үлгерді.

 Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жүк ағыны жоғары учаскелердің техникалық жағдайын жақсартып, ұзақ жылдар қордаланған келеңсіздіктерді шешіп, автокөлік жолдарын түбегейлі қайта құру мақсатында 2010 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2010-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында автокөлік жолдары саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Мемлекеттік бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – негізгі бағдарларды, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту бойынша атқаратын жұмыс көлемін анықтау. Қолға алынған осындай келелі істердің арқасында 20 жылда елде 39 мың шақырым жол жөнделді. Бұл республиканың барлық жолдарының үштен біріне тең. Қазіргі кезде «Алматы – Астана», «Бейнеу – Ақтау», «Ақтөбе – Қарабұтақ – Қостанай облысының шекарасы», «Атырау – Орал» бағытындағы жолдар қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді.

Президенттің бастамасымен 2009 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасы дәліз өтетін облыстар үшін ғана емес, жалпы Қазақстан аумағы үшін маңызы зор оқиғаға айналды. Осы жоба 5 облыс бойынша (Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе) өтеді. Қайта салынатын учаскенің ұзақтығы – 2 452 шақырым, соның ішінде, 1390 шақырым жол (Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас) 4 жолақты І техникалық дәрежеге сәйкес салынса, қалған 1062 шақырым жол (РФ шекарасы – Мартөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда) ІІ техникалық дәрежеге сәйкес салынады. Жобаның құны – 825,1 млрд. теңге. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыдан өзге, бұл жобаға халықаралық қаржы институттарының займдары тартылды.

Құрылыс жұмыстары жалпы ұзақтығы 1,6 мың шақырым болатын 29 учаскеде жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2013 жылы аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, бюджетке түсетін салмақты азайту және қайта салу жұмыстарына қажетті қаржыны тарту мақсатында концессиялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Қазақстан Республикасы  автокөлік жолдарының жалпы  ұзындығы 91 мың шақырымды құрайды, оның ішінде 24 мың шақырым жол республикалық және 14 мың  шақырым жол халықаралық сипаттағы жолдар. Автокөлік жолдары облыстар арасында көлік қозғалысына  және көрші Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттеріне және одан әрі басқа да елдерге  халықаралық жолдар арқылы жүруге мүмкіндік береді. Қазақстан автомобиль жолдарды тағайындалуы бойынша үш топқа бөлінеді: халықаралық, республикалық және аймақтық сипаттағы автокөлік жолдары. Халықаралық сипаттағы жолдар - бұл көрші мемлекеттермен байланыстыратын, сондай-ақ автокөлік жолдарының халықаралық торабына кіретін жолдар [2].

Қазіргі кезде республикалық сипаттағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 23068 шақырымын құрайды. Республикалық сипаттағы автокөлік жолдары жалпы қолданыстағы жолдардың 27,4 пайызын құрайды. Бұған қарамастан олардың үлесіне автокөлік тасымалының 51 пайызы тиеді.

Қызылорда облысында автокөлік жолдары жағдайының нашарлауы және олардың істен шығуы жол шаруашылығының басты мәселесі. Жол жамылғыларының көліктерді көтеру қабілетінің қарқынды төмендеуінен автокөлік жолдарының жағдайы сын көтермейді.   Республикадағы автокөлік жолдарының шамамен 85 пайыздай бөлігі автокөліктің осіне 6 тонна салмақ түсіруге ғана рұқсат етілетін  талаптарға сай  салынған. Алайда, осы уақытқа дейін автокөліктің жылжымалы құрамы елеулі өзгерген.

3 категориялы жол, яғни асфальтбетон жол тек Қызылорда қаласы аумағында төселген. Қалаішілік және аудандық маңызды жолдар  негізінен 3 және 4 категориялыжолдар қатарында, жол қабаттарының сипаттарына орай қара тас қиыршықты, қиыршықты қабаттармен сипатталады. Жолдардың сапалы болуы автокөлік жолдарының қызметін ұзартуға қабілетті. Уақытылы орындалған жолды күтіп пайдалану бойынша жұмыстар жөндеу шығындарын үнемдеп, жолдардың көлік-пайдалану жағдайын, жол қауіпсіздігін арттыра түседі [3].

Бүгінгі таңда Қазақстанда  «автомагистраль» деп атауға болатын  автокөлік жолдары жоқ. Автокөлік жолдарының техникалық параметрлері халықаралық стандарттардың талаптарына сай келмейді, сондықтан олар «кәдімгі» түрдегі жолдарға жатқызылады.

Сонымен қатар аудандық маңыздағы құны 436 647,0 мың теңге болатын «Самара-Шымкент-Сексеуіл», құны 597 042,0 мың теңге болатын «Самара-Шымкент-Аққошқар-Жаңадария» автомобиль жолдарына қайта жаңарту жұмыстары 2010 жылы басталып, жоспар бойынша 2012 жылы толығымен пайдалануға берілді.  

Жергілікті бюджеттен облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына 2013 жылға барлығы 2 413 930,0 мың теңге бөлініп, 165,8 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізілді [4].

Дегенмен, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі» жобасы бойынша төмендегі жайттарға көңіл аударылу керек. Ең алдымен, сала бойынша бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелер айқындалуы керек.

- бірінші кезекте негізгі көліктік қатынас жолдары болып саналатын республикалық маңыздағы «Самара-Шымкент» автомобиль жолына қосылатын жолдарды қалыпты жағдайда ұстауға және ауылдық аумақтардағы экономикалық әлеуеті бар елді мекендерді қамтитын жолдарға ерекше назар аударылуы қажет;

- сала бойынша шешімін таппай отырған тағы бір мәселе, бұл аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын, қалқымалы көпірлерді, өндірістік базаларды заңға сәйкес құжаттандыру (паспортизация) жұмысының бүгінгі күнге дейін жасалмай келуі. Бұл жұмыстар жергілікті бюджеттен белгілі мөлшерде қаржы бөлуді қажет етеді;

- аудандар көлеміндегі елді мекендерге кіре беріс жолдардың үстінен темір табанды тракторлар көп жүреді. Бұл жолдардың тез бұзылуының басты себебі;

- жол-көлік оқиғаларының алдын алуға жол бойында орналасқан жол белгілері мен көпір қоршауларын өз дәрежесінде орналастыру керек;

- автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамалар әзірлеген уақытта жобаның сапалы дайындалуын қатаң бақылауға алынуы қажет.

Жобаның сапасыздығынан өткен жылы Қармақшы ауданындағы Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев жолының 5,2 шақырымы,   Самара-Шымкент-III-Интерноционал жолының 1 шақырымына жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары кезінде мердігер мекеме мен тапсырыс беруші араларында түсініспеушіліктің салдарынан орындалған жұмыстар уақытында тапсырылмаған. Жаңақорған ауданында Самара-Шымкент-Төменарық автомобиль жолына жобаға өзгерістер енгізілгеннен кейін жұмысты бастады. Бұндай жағдай барлық аудандарда орын алуда:

- облыстық бюджеттен аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына берілетін субвенциялардың өз мақсатында жұмсалуын қамтамасыз ету басты назарда болуы керек. Әсіресі Шиелі, Арал, Қармақшы, Жалағаш аудандарында аудандық маңыздағы жолдарға бөлінген қаржы қаланың және кенттің ішкі жолдарына жұмсалады;

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі» жобасы бойынша құрылысты жүргізуші мердігер мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасап, сол мекемелер арқылы ауылдық елді мекендердің ішкі жолдарын салдыруға, жөндеуге тиісті жұмыстар жүргізу керек.

Осы аталған жұмыстарды басты мақсатқа ұстап, жалпыға ортақ автомобиль жолдарында қауіпсіз жол қатынасын ұйымдастыруға, пайдаланыстағы жолдардың сапасының жақсаруына жұмыстар жасалуда.

 

Кесте 1 – Қызылорда облысы автомобиль жолдарының техникалық жағдайын жақсарту  көрсеткіштері

Көрсеткіштер

2011жыл

2012 жыл

2013 жыл

2014 жыл

болжамы

1

Жергілікті жердегі жақсы және қанағаттанарлық  дәрежедегі автокөлік жолдарының үлесі, %

 

52

 

54

 

57

 

60

1.1

Жергілікті жердегі автокөлік жолдары құрылысы және реконструкциясы, шақырым

19,5

23,7

24,3

25

1.2

Жергілікті жердегі автокөлік жолдарын күрделі және орташа жөндеу, шақырым

164,1

171

184,7

180

Ескерту – Қызылорда облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметтері негізінде автормен есептелген

Жергілікті жердегі жақсы және қанағаттанарлық  дәрежедегі автокөлік жолдарының үлесі 2008 жылы 52 % болса, 2011 жылы    60 % болып, 15,4 %-ға артқан. Оған облыстың 2006-2012 жылдарға арналған облыстық және аудандық (қалалық)  маңыздағы автомобиль жолдарын дамыту бағдарламасы аясында  республикалық, жергілікті бюджеттерден және басқа көздерден қаражат бөлініп, 753 шақырым жолға жөндеу және қайта салу жұмыстарының жүргізілуі әсер еткен.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.  «2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы», Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

2.  «2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы», Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

3. Шайынғазы С. Көлік транзитінен тусер табыс көп // Егемен Қазақстан. – 2006 – 2006. – 21 сәуір.

4.Таяу болашақта Қазақстанда ақылы автожолдар пайда болады // http://www.azattyq.org/content/article/1176087.html