Сейтенов Жансерик Жанузакович
Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектебі,
мұғалім
ТҮРКІСТАН ҚаЛАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР
МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақстан тәуелсіз ел
болғанынан бері ғана оның өткен тарихына сын
көзбен қарау мүмкіндігіне ие болдық. Бұл
еліміздің тарих ғылымының жаңа тыныс алуына жол ашты.
Тарихи тағдырдың жазмышымен
ортағасырлық Қазақстан қалаларының
көпшілігі біздің заманға жеткен жоқ. Баз бірін
басқыншылар талқандап, монғол, жоңғар шапқыншылықтарының
от-жалынына шарпылса, енді біреулері сауда жолдарының
алшақтығынан немесе ауа райының қуаңдануынан
қаңырап, бос қалып отырды.
Көптеген қалалардың тіршілігі
таусылып, аттары өшіп кетті. Жазба деректерде аттары
сақталғандарын, ежелгі жұрт орындарымен сарыла
салыстырған, тарихшы мамандар ғана олардың қай жерде
болғанын анықтай алады.
Алайда дәм-тұзы ешқашан
таусылмай, өткен-кеткен замандар мен бүгінгі уақытты
жалғастырып, ғасырлар тұңғиығынан аттарын
аман алып шыққан қалалар бар. Ал, олардың арасында
ең алдымен Түркістанның ұлан-ғайыр Тұран
аймағы деп аңыз болып кеткен, "тарихи түркілер елі"
— Түркістан атымен аталған қаланың
қазақтардың, Қазақ хандығының
астанасы болған Түркістанның аталары айқын.
Ортағасырлық сәулет
өнерінің де алып асылы - Қожа Ахмет Иассауидің кесенесі
де осы Түркістанда. Қазақтың бір топ саяси және
діни, рухани, заңғар, алып тұлғаларының денесі
осы Түркістан топырағында байыз тапқан.
Ал-Истахридің "Китаб-массолик
ал-мамолик" (Книга путей государств), Ал-Макдисидің "Асхан
ат-такасим фи-марифат ал-акалим" (Лучшее разделение для познания климатов),
Ибн Хордадбектің "Китаб ал-масалик ва-л-мамалик" (Книга путей и
государств), Ал-Якубидің "Китаб ал-буддан" (Книга стран)
мәліметтері ерте ортағасырлық Шауғар
қаласының орны жайында жазса[1], Фазаллах ибн Рузбихан Исфихани
еңбегі де, аса қажетті мәліметтер береді. Келесі бір дерек
ретіңде монғол шапқыншылығынан кейінгі қалалар
тарихы Плано Карпини мен Гильом де Рубруктің "Шығыс елдеріне
саяхатында" баяндалған [2].
Қазақ тілінде жарық көрген
Захир ад-дин Мухамед Бабырдың, Махмұд Қашқаридің,
Құрбанғали Халидтің шығармаларынан біршама
мәліметтер алынды [3].
Кейінгі Түркістан қаласының Ресей
отары кезіндегі тарихына қатысты мәліметтер Түркістан
археология әуесқойлары үйірмесінің хаттамаларында
молынан кездеседі.
Қазақстандық тарихнамада,
қалалар тарихына арналған алғашқы арнайы еңбектер
анықтамалар түрінде ғана жарық көрді. Алдымен
қала тарихтарының зерттелуінің бастаулары, 1917 жылға
дейінгі отарлық мүддеден туындаған қажеттіліктер
негізінде пайда болды. Бекіністер салу, ішкі рыноктық сұраныс,
шикізат өнімдері қорлары мен Ресейден әкелетін тауарларды
өткізу, әкімшілік басқару жүйесіне қажетті
негіздер және халықаралық сауда жолдарындағы орналасу
ыңғайлылығы мен тұрғындардың
болашақта салық жинау үшін тығыздығын
анықтау, қоныстандыру шараларына тиісті жерлерді қарастыру
сияқты мәліметтерге аса зәрулік көрініс берді.
Түркістанның
өткен тарихына алғашқылардың бірі болып ден
қойған, Орынбор өлкесін зерттеуші П.И. Рычков болды. Ол
өзінің еңбегінде аудармашы Оразалының айтқан
аңызын келтіреді: "Бұл қаланы парсылардың
төртінші патшасы Жамшид-шах салдырған..., ол өз
әскерімен ұлы Татарияға келді, қажеттілік негізінде,
әскерді орналастыру үшін үш қаланы салуды
бұйырды. Оның біріншісі Түркістан, келесілері Утрар,
үшіншісі Сауран..." П.И. Рычков Түркістанның
бұрынғы Иассының орнында екендігін айтады .
XIX ғ. 60-жылдарының ортасынан бастап
Түркістан қорымдарын зерттеуге деген қызығушылық
оянды, оның басты себебі Қожа Ахмет Иассауидің ханакасы
(мүрдесі орналасқан жер) болды. 1865-1866 ж.
Түркістанға келген Уфалық сот қызметкері
М.Бекчуриннің "Әзірет сұлтан мешіті" жайында
қалдырған мәліметтері аса құнды деректер береді.
Бұл еңбекте алғашқылардың бірі ретінде Қожа
Ахмет Иассауи кешенінде жерленгендердің жатқан орнын
көрсетеді.
Ал, 1866 жылы Сауран, Ясы (Түркістан),
Қарнақ, Сайрам (Испиджаб) қалаларының үйінді
орнын географ А.К. Гейнс қарап шыққан болатын.
Келесі бір зерттеу еңбегіне тоқталар
болсақ П.И. Лерхтің еңбегін атап өтуіміз керек. Ол
өз еңбегіңде, Түркістан қаласының
қазіргі орнында бұрын Ясы қаласы болғандығын, археологиялық
материалдар арқылы негіздеді. Сонымен қатар Лерхтің есебінде
ХIV-ХVI ғ. Сырдария бойындағы қалалар жайындағы жазба
деректер мәліметі де келтіріледі, Қожа Ахмет ханакасы ішіндегі құлпытастар
суреттеледі.
XIX ғ. 90-шы жылдарынан бастап
Түркістанның өткен тарихына зерттеуді, Түркістан
археология әуесқойларының үйірмесі мүшелері П.Н.
Ахмеров, А.А. Диваев, Н.С. Лыкошин,
С.Г. Маллицкий және басқалар жүргізе бастады.
Революцияға дейінгі зерттеулер ішінде
шығыстанушы В.В.Бартольд пен А.И. Добромысловтың еңбектерін
атаған жөн. В.В.Бартольд Ясы-Түркістан-Шавгар
қалаларының бір екендігін айтты [4]. Ал, А.И. Добромысловтың
еңбегі революцияға дейінгі кездегі, Түркістан
қаласының тарихы жөніндегі алғашқы
монографиялық зерттеу болып табылады.
Кеңес
өкіметінің алғашқы жылдары Түркістан
қаласының тарихы негізінен Қожа Ахмет Иассауи кесенесін
қалпына келтіру мен қорғауға байланысты зерттелді. Ол
негізінен А.А. Семенов, Т.В.Савельева еңбектерінде көрсетілген [5].
Алғашқы
археологиялық зерттеулер 1928 жылдың жазында М.Е. Массонның
бастауымен цитаделде жүргізілді. Нәтижесінде М.Е. Массон
қазіргі Түркістан қаласының орнында Ақсақ
Темір дәуіріне дейін-ақ ХІІ-ХІІІ ғғ. үлкен
қала болғандығын айқындады. Ұлы Отан соғысы
нәтижесінде тоқтап қалған зерттеулер 1947-1951 жылдары
Н.А. Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан
археологиялық экспедициясы жұмысымен қайта жанданды. Ол
Түркістаннан 8 шақырым қашықтықта
орналасқан (Шойтөбе қалашығының Шаугар-Ясы болу
мүмкіңдігін) айтқан болатын.
Осы экспедицияның материалдар жинақтап,
монографиялық еңбекті жариялағандар Е.И.Агеева мен
Г.И.Пацевич еді. Археологиялық мәліметтерге сүйене отырып,
олар қазіргі Түркістан қаласы ауданына Оңтүстік
Қазақстанның ежелгі егіншілік-отырықшылық
аймағы болғандығын дәлелдеді.
1958 жылдары Қожа Ахмет Иассауи
кесенесінің айналасындағы жерлерде Н.Б. Немцова қазба
жұмысын жүргізді. Оның зерттеуі нәтижесінде
қазақ хандарының мазарларының орны табылды.
Қазақ ССР Министрлер
Кеңесінің 1972 жылғы арнайы қабылдаған
жарлығында, Түркістан қаласын ғылыми-зерттеу мен
қалпына келтіру жұмыстарын жақсарту мәселесі
көтерілді. Бұл үшін кешенді бағдарлама жасалып,
археологиялық жұмыстар, қаланың сәулеттік тарихын,
салыну құрылысы, технологиясы және басқа да
бағыттар бойынша зерттеу жүргізу жоспарланды.
1972-74 жылдары Түркістан қаласында
ҚазССР ҒА-ның Тарих, археология және этнография
институты мен ҚазССР Мәдениет министрлігімен бірлесіп отырып (отряд
бастығы Т.Н.Сенигова) кең көлемдегі археологиялық
зерттеу жұмыстары басталды. Алынған мәліметтерді жинақтаған
және оны ғылыми талдауға алған Т.Н. Сенигованың
бірнеше еңбегі жарық көрді. Түркістан қаласында
табылған монеталар - қаланың ақша айналымы мен әр
түрлі кезеңдегі, әр елмен экономикалық байланысын
көрсететін зерттеулерде Р.З. Бурнашеваның еңбегі зор.
Л.Б. Ерзакович, Б.Нурмуханбетов, А.Ордабаев,
А.Н.Марьяшев, Ю.А. Мотов еңбектерінде Түркістан тарихи
археологиялық жағынан зерттелген еді.
Кесенеден 300 метр
оңтүстік-шығысқа таман орналасқан
Күлтөбе төбешігінде Е.А. Смағұловтың
жүргізген қазба жұмысы нәтижесінде бұл
төбешіктің - б.д. 1 мың жылдығында болған Иассы
мекені мен кейінгі Түркістанның көне орыны екендігі
анықталған.
Кейінгі қазба жұмыстарын Б.Х.
Адильгереев, А.О. Итенов жүргізіп Түркістан қаласы тарихы мен
Қожа Ахмет Иассауи кесенесі жайындағы мәліметтердің
баюына өз үлестерін қосты.
1985-1986
жылғы Түркістан отрядының бастығы Б.Х.Адильгереев
болса, 1987 жылдан бастап оны А.О. Итенов алмастырды. Бұрынғы
Иассыдан да тарихы әрі кететін Шауғар қаласының тарихын
зерттеу барысында, Түркістан қаласынан 8 шақырым жерде
орналасқан Шойтөбе қалашығына археологиялық
қазба жұмыстары ұйымдастырылған болатын.
1992 жылдары Шойтөбе қалашығында
жүргізілген қазба жұмысын отряд бастығы
Ә.Қ. Шашаев басқарған болатын. Жинақталған
материалдар негізінде оның көне Шауғар қаласының
орны екендігі анықталған еді.
К.М. Байпақовтың ортағасырлық
қалалар жайындағы көптеген еңбектерінде
Түркістан, Иассы, Шауғар қалаларының тарихы
археологиялық мәліметтер арқылы жан-жақты қарастырылған.
Біз үшін құңды
еңбектердің бірі, Сәйден Жолдасбайұлының
монографиялық зерттеуі болды. Бұл еңбекте Шауғар
қаласы, Иассы мен Түркістан қалалары тарихына қатысты
мәліметтер берілген.
Ортағасырлық Түркістан тарихын
тыңғылықты зерттеуге алған Е.Смағұлов пен М.Тұяқбаевтың аттарын
ерекше атауға тиіспіз. Түркістан тарихы тереңінен
басталғандығын деректер негізінде сараптай отырып, ондағы
Қожа Ахмет Иассауи кесенесі жазуларын оқып
мәліметтердің тың көзін ашқан. Бұл саладағы
ірі еңбектердің бірі ретінде Б.Т.Тұяқбаеваның
көп жылдық еңбегін атап өтуіміз қажет.
Эпиграфикалық мәліметтердің құндылығын аша
отырып, оларды Түркістан қаласы қорымдарында жерленген
адамдардың ата-тегін анықтауға пайдалануға, қала
тарихындағы рөлін сараптауға қажет мәлімет
көзі ретінде қарауды арабтанушы-ғалым Әбсаттар
Дербісәлі ұсынған болатын. Осы мәселеге қатысты
Түркістанда жерленген қазақ хандары жайындағы
мәліметтер И.В. Ерофееваның зертеуінде келтірілген.
Түркістан қаласы мен ондағы
тарихи-мемориалдық Қожа Ахмет Иассауи кешені тарихына
қатысты, жекелеген зерттеулер жеткілікті. Әлмашұлы Жолтай,
Қожа Мұхтар, Әбіласан Әбілхан, Берекет Кәрібай,
Сабира Сайфулмаликова еңбектері мәселенің әр
қырынан тарихи түрде кең қарастырған.
Жеке жинақтық еңбектермен
қатар мақалалар жинағы, конференциялар материалдары да
диссертацияға қажетті мол мағлұматтарға толы
болатын. Біз негізінен аса қажетті деген зерттеулерге ғана
тоқталдық.
Ерте ортағасырлық Шауғар
қаласының тарихы ежелгі кезеңнен бастау алып,
қалалық деңгейге көтерілгендігін анықтау
үшін, араб-парсы саяхатшы-географтарының еңбектеріне жан-жақты
талдау жасалынды.
Ортағасырлық Иассы қаласының
тарих сахнасына шығу кезеңдері жүйеленіп, алғаш рет
кешенді зерттеу объектісі ретінде қарастырылды.
Жазба деректер археологиялық қазба
жұмысы нәтижесінде алынған мәліметтерімен салыстырыла
отырып, мәселенің тарихи шындығына қол жеткізу
жұмысы жүргізілді.
Қазақ хандығының
қалыптасуы кезеңіндегі Түркістан қаласының саяси
және рухани астанаға айналу үрдісі, үздіксіз даму
динамикасы негізінде терең зерттелді.
Қазақ
жерінің отарлық кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық
жөне саяси жағдайы деректер негізінде Түркістан
қаласының кейінгі жағдайымен тығыз байланысты
баяндалып, халық санасынан Түркістанның саяси және
рухани орталық ретіндегі орнын өшіру бағыты үстем
болғандығы анықталды.
Кесене мен
қорымдардағы жазулар талданды және олар тарихи тұлғалар өміріне
қатысты деректер ретінде пайдаланылды.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Арабские и персидские источники по истории Кыпчаков -ХІҮ вв.
Научно-аналитический обзор. Отв. ред. д.и.н. Т.Б. Балакаев, автор обзора Б.Е.
Кумеков. Издательство "Наука" КазССР, Алма-Ата, 1987. 40 с.;
Фазлаллах Ибн Рузбихан исфихани. Михман-Намети Бухара (Записи Бухарского
гостя). Перевод, предисловия и примечания Р.П.Джалиловой. Под ред. А.К.
Арендса. М., 1976.
2. Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. Серия:
Путешествия. Открытия. Приключения. - Алматы: Ғылым, 1993. - 248 с.
3. Қашқари Махмуд. Түбі бір түркі тілі ("Диуани
луғат ит-турк")-- Алматы "Ана тілі", 1993. -192 б.; Халид
Құрбанғали. Тауарих Хам-са: (Бес тарих) Ауд.
Б.Төтенаев, А.Жолдасов. - Алматы: Қазақстан, 1992. - 304 б.;
Бабыр Захир ад-дин Мұхаммед. Бабырнама. Қазақша
сөйлеткен Байұзақ Қожабекұлы. Алматы: Ататек,
1993. - 448 б.
4. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия //Соч. Т.І.М.,
1963, С.234.; Добромыслов А.И. Города Сыр-Дарьинской области: Казалинск,
Перовск, Туркестан, Аулие-Ата и Чимкент. Ташкент, 1912.