Г.З.Сауытбаева П.ғ.к.-доцент, Ж.Д.Ертаева ф.ғ.магистрі

Қызылорда көпсалалы гуманитарлық –техникалық колледжі, Қазақстан

Тәрбие – тал бесіктен

 

Адамның тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірі белгілі бір сатымен өтеді. Бірі – түзу, ата-анасының атына кір кілмейтін жолды таңдайды. Енді бірі – өз еркімен өмірін өрнектейді. Адам өмірінің әрі қарай өрбуі алған тәрбиесіне тікелей байланысты. Оның үйретері де көп. Ежелден ата-бабамыз «Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» деп те бекерге айтпаған. Әке-шешесінің тілін алған бала жаман болмайды. Тәрбиенің өн бойына сіңетін ортасы – отбасы. Шағын мемлекетте атадан ала да туады, құла да туады.

Тәрбиенің тағы бір ошағы – оқу орны. Мектеп болсын, жоғарғы оқу орны болсын, ондағы орта бала психологиясына барынша әсер етеді.

Сондай-ақ, бәріне белгілі тәрбиесіз берілген білім – тұл. Қанша жерден оқытып, тоқытып, шоқытқанмен ниеті түзу болмаса, бұндай білімнің кімге керегі бар? Жоғарыда айтқанымыздай, адамның алған тәрбиесі оның анкетасы десек те болады. Өйткені сөйлеген сөзіне, қимылына, мәдениетіне қарап баға береміз. Қазақта сөздің ауыры – «тәрбиесіз» деген сөз. Нағыз шамға тиетіні де – осы. Бұл жерде өзіңді қоя бергенде, әке мен шешеңе тіл тиеді.

Бүгінгі таңда тәрбие әлеуметтік сипат алды. Әлеуметтік жағдайы жоғары, орта, төмен отбасының берер тәрбиесі де сан түрлі. Осы негізгі үш топтың ішінде, ащы да болса шындық, тәрбиенің жетіспеушілігі төменгі топ отбасыларына тән. Тұрмыстық жағдайдың төмендігінен сол ортада тәрбие алған жас жеткіншек түрлі жағдайдарларға барады. Жат қылықтарға жақын келеді. Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ. Сондықтан осы топтың балалары қылмыстық әрекеттерді де жиі жасайды. Әлеуметтік жағдайы орта отбасының балалары көп қиындықтардан қашып жүреді. Егер ол оқыс қылық жасаса, ата-анасы сызып берген рамкадан шығып кетем деп ойлайды. Тұрмысы жоғары дәрежелі балалар емін-еркін өседі. Батылдық жетеді. Алайда олардың да басым көпшілігінде проблема болуы мүмкін. Соның бірі – ата-ана махаббатының жетіспеушілігі. Бұл – әлеуметтік зерттеулердің айқын көрінісі. Ата-аналары азаннан кешке дейін жұмыста болып, баласының тәрбиесін естен шығаруы мүмкін. Тәрбиені бала күтушісіне тапсырады. Бала өзінің ата-ана ретінде қабылдай алмайтын адамының айтқандарын құлағына да ілмейді. Олар ерке өсетіндіктен, бұзақылық жасайды. Көп жағдайда олардың бұл олқылығы білінбей кетеді. Себебі көп уақытын баласына арнамаған ата-ана өзін кінәлі сезініп, оның жағына шығады. Бұл өзі үшін өзі  жауап беру қабілетінен айырады. Ертеңгі күні тағы осындай күн туса, ата анасына жалтақтайды. Оларға үнемі үміт артып, көмек күтумен болады.

Қазақта қалыптасқан өзіндік тәрбие бар. Оның сан ғасырлар бойы санамызға сіңгені сонша, ұлттық сипат алды. Өрескел қылық көрсеткендерді ешкім де аса жақтыра қоймайды. Әр ұлттық тумысынан табиғаты болады. Бұл оның тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Біз «мына ұлттың тәрбиесі мықты, мынанікі дұрыс емес» деп айта алмаймыз. Қазақы тәрбиеге келсек... Үлкенді сыйлайтын, кішіге ізет көрсететін елміз. Аға көкенің жолын кесіп өтпейді. Негізі басында осылай болған. Бұл қағидаттан аттағандарды сынға алып жатады. Жуаспыз. Ұяңбыз. Неге екенін қайдам, жұртқа жалпақтауға дайын тұрамыз. Бұл қасиеттер мемлекеттік маңызы бар істерде де кездеседі. Адами тұрғыдан ұтқанымызбен, есеп жағына келгенде есемізді жіберіп аламыз. Заманның ағымы жылдамдықты, батылдықты қажет етеді. Жан-жаққа аңдамай, асықпай жүретін кездің дәурені өтті. Алайда бұл тәрбиенің түкке қажеті жоқ деген сөз емес. Бастысы соған үстеме, қосымша қабілеттерді сіңіру дегенге саяды. Қазақ халқы ұл мен қыздың тәрбиесін екіге бөліп қарастырған. Бірінің жасағанын екінші жасауға болмайды. Жынысына байланысты тәрбиені де солай берген. Қыз балаға көп шектеу қойған. Қатып қалған қағида арқылы оның ар-ожданын сақтаймыз деп білген. Алайда психологиялық тұрғыдан дәлелденгендей, адамға не нәрсе шектеу қойсаң, сол нәрсені білгенше тыншымайды. Бұл қазіргі қоғамда кең өріс алған басты процесс. Себебі тұрмыс құрмаған қыздар мен ерте жүктілікке душар болатын қыздар – осының кепілі. Ұлды шаңырақтың иесі деп шегелеген. Бұрын ер балалар ата-анасын бағып, қағатын. Қазірде де бар. Алайда ата-анасынан бөлек өз отбасымен бірге тұратындар да кезігеді. Ер баланың ата-анасынан бөлек тұрғаны бізде «тастап кетті» деген түсінік қалыптастырады. Дегенмен, ол олай емес. Балаға кішкентайдан «сен осы үйдің егесісің» деп айта береді. Ес жинаймын дегенше өмірінің көп бөлігін сол үйде өткізген бала алдағы өмірін көз алдына келтіреді. Сүреңсіздеу көрінуі мүмкін. Сондықтан жігіттер осындай қадамға барып жатады. Бұл – ішкі фактор әсері. Сыртқы факторға жұмыстың жоқтығы мен жарының ата-анасымен тұруға қарсылығын жатқызуға болады. Ата-ананікі де дұрыс. Қаншама жыл бойы «балама, балама» деп келгенде берген дүниесін қайтара алмайды. Оған баласы берешек болып көрінеді де тұрады. Содан көңілі толмаушылық басталады. Кейбір ата-аналар баласына жасаған жақсылығын қарыз деп санайды. Алайда жақсылықтың өтеуін сұрау да – жақсы емес.

Еврейліктер баланы құрсақтан тәрбиелейді екен. Бар мейірім, шапағатын сол уақытта төгеді деседі. Мұндай қасиеттерге кенде емес еврейліктердің аса ақылды болатыны да содан. Ал қазақтың тәрбиесінің еш халықтан кем емес, қайта көп жағдайда біздің тәрбиемізден көптеген шетелдіктердің үлгі алатынын ескерсек, не нәрсенің де өз санамызға байланыстылығына тағы да бір көз жеткізгендей боламыз.

Бүгінде тәрбиені бойға не арқылы сіңіреді? Теледидар. Бүгінгі балалардың санасы соған әбден уланған. Оның ішінде жақсылығы бар, жамандығы бар.  Жас баланың жады жазылмаған тақтамен тең. Кішкентай бала көргенін өмір бойы ұмытпайды. Қайта өз өмірінде соны қайталауға тырысады. Себебі ол мүмкіндігі аз жас күнінде оған қатты қызықты.

Ана мен әке тәрбесінің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды деп жатады. Әке – отбасында сөзі жүретін адам. Соңғы нүктені сол қояды. Анаға да дәл сондай салмақ түседі. Егер тәрбиенің осалдығы байқалса, бірден анаға кінә артылады.

Тәрбие дегеніміз – адамның мінез-құлқымен үйлестірілген айналасынан алған үлгі өнегесі. Тәрбиеге көнбейді деп жатады. Негізі мүлдем олай емес. Жанындағыларға бас игісі келмейтіндер болады. Олар бұны өзіне жасалған қарсы шабуыл деп біледі. Мінез-құлықтың да қарама-қайшы тұстары бар. Қай мінез-құлықтың дұрыс тәрбие беруге бағытталғанын кесіп-пішіп айтатын ғылым жоқ.

М.Шагинян:  «Әлсіз мінез-құлықтан өткен сорлылық жоқ. Табиғат әрбір биязы денеге: тасбақаға тас қабық, кірпіге тікенектер, жыланға у мен ұсқынсыздық қорғаныш тосқауылын берді. Бірақ мінез-құлқы биязы адамның қорғаны болмайды». Бұл жұртшылық мақтайтын көнбіс мінезге қарсы жауап. Кейбір адамдар көрінгенге ұнағысы келіп тұрады. Ол осы қасиетімен өзінің «Менін» жоғалтып алады. Ал өзінің «Мені» болмаған адам тұлға ретінде қалыптаса алмайды.

Біреулер бүкіл өмірін білімге арнап жатады. Сол сияқты бәзбіреулер өз өмірін өзін тәрбиелеуге жұмсайды. Жақсы тәрбие алған адам өз мінезін жоғалтай, оны жағымды қасиеттермен толықтыра біледі.

Тәрбие – тал бесіктен. «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деген. Қашанда өз ұрпағымыздың алдыңғы қатарда жүріп, өмірлік өнегесі өз ұрпағына жетерлік болып қалыптасуы үшін тәрбиеге алтын уақытымызды аямай, әрқашан қырағылық танытсақ, бармағымызды тістемесіміз хақ.

Тәрбиенің отбасынан басталатыны рас. Дегенмен де балабақша, мектеп, одан қалды, кәсіптік орта оқу орындары, институт, университеттен алатын тәрбие мен тәлімнің бала бойына ғұмырлық дән егіп, өзінің өшпес ізін қалдыратыны шындық. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесіне бәріміздің де бірдей жауапты екендігімізді естен еш шығармауымыз абзал.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Бабаев С.Б., Оңалбек Ж.К. «Жалпы педагогика», Алматы 2005ж. .

2.     Әмірәлиева Ш. Аға ұрпақ тәжірибесі жастарға. Алматы, 1982ж. 

3.     Айтмамбетова Б.Р. Тәрбие процесінің мәні және мазмұны. Тәрбие принциптері

4.     Айтмамбетова Б.Р. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері. Алматы

5.     Керімов Л.К. Қиын оқушылар және оларды қайта тәрбиелеу.

6.     Болдырев Н.И. Мектептегі тәрбие жұмысының методикасы. Алматы