Современные методы
преподавания
Б.Рысбай
Алматы
қ., Қазақстан
Тиімді әдіс - нәтижелі сабақ
Соңғы кездері интеграциялық үдерістердің
қарқынды дамуы қоғамдық өмірдің
барлық саласына, сондай-ақ, білім беру жүйесіне де өз
ықпалын тигізіп, білім беру сапасына деген
жауапкершілікті күшейтіп отыр. Елбасы «Ұлттың бәсекелестік
қабілеті, бірінші кезекте, оның білімділік деңгейімен
айқындалады» деген болатын. Білім
мен ғылым саласына ерекше басымдық беру - бұл
мемлекеттің бәсекелестік қабілетін, интеллектуалдық
капиталы мен инновациялық әлеуетін арттыру деген сөз. Білім – өркениетті
елдер экономикасының ең негізгі өндіруші саласы екендігін
әлем тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондықтан, Қазақстанның
халықаралық білім беру кеңістігіне енуі маңызды
қадам болып табылады. Еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге
жету үшін жасалып жатқан талпыныстар жағдайында әр
түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, жеке тұлғаға бағытталған оқытуды
жүзеге асыру, яғни, қоғам
сұранысына жауап беретін кәсіби білікті маман даярлау болып табылады. Осыған байланысты оқыту үдерісінде инновациялық технологияландырды тиімді қолдану
мәселесі қойылып отыр. Оқыту технологиясына
оқу жоспары бойынша оқыту мазұнын жүзеге асырудағы ең тиімді әдістер мен
құралдар жүйесі жатады. Бұл термин оқу
үдерісінің барлық саласына
ақпараттық-қатынастық құралдарды және
оқытудың әдістерін пайдалануға байланысты
анықталады.
Бүгінгі таңда оқыту жүйесіне әртүрлі жаңа
технологиялар енгізіліп,
тәжірибеде өз нәтижелерін беруде.
Оқу үдерісінде иновациялық әдістерді қолдану
сабақтың тиімділігін арттыруға жағдай жасап, білім
алушылардың белсенділігін
арттырады. Мәселен, жоғары оқу орындарында білім
алушылардың қарастырылатын мәселені бірігіп шешуде өз
бетінше белсенді шығармашылық әрекетін қамтамасыз
ететін интербелсенді әдістерді қолданудың маңызы зор.
«Интербелсенді (интерактив) деген сөз ағылшынның «іnteract»
деген сөзінен шыққан, «inter» - «өзара», «act» -
«әрекет ету» ұғымдарын білдіреді. Яғни, мұнда
өзара әрекеттесу тек оқытушы мен студент/студенттер, студент
– студент, студент – тақырып, студент – басқа пікір (зерттеуші,
оқулық, т.б.) арасында ғана емес, сонымен қатар жұптық, топтық
қатынасқа негізделеді. Бірлескен белсенді әрекетке негізделген интербелсенді
әдістермен сабақ өткізу барысында оқытушы «дайын»
ақпаратты жоспарлап, жеткізуші рөлінен студенттерді өз
бетімен білім алуға ұйымдастырушы, кеңесші, бағыт-бағдар
беруші қызметіне ауысады. Интербелсенді әдістер студенттердің
жұп болып немесе топ құрамында жұмыс жасауына, пікір
алмасуларына, өзара білімдерін бағалауға мүмкіндік
береді.
Интербелсенді
сабақтың басты мақсаты студенттердің
өз бетінше ой қорытып, жауап таба білуге үйрету
болғандықтан, оларға сын тұрғысынан ойлау,
проблеманы тану және оны шешу жолдарын ұсыну өз көмегін
тигізеді. Оқытушы студентте бар білімді жаңғырта отырып, оны
жаңа біліммен байланыстыруға мүмкіндік жасауы және
шығармашылық ізденіс жасау мақсатын тілді меңгерту
мақсатымен шебер байланыстыра білуі керек. Өйткені, проблеманы шешу
барысында жасалатын жұмыстар тілдік заңдылықтарды да
меңгеруге септігін тигізуі тиіс. Әрине, бұл жұмыстар
оқытушыдан көп дайындықты, әр сабаққа
шығармашылықпен қарауды, әдістемелік-педагогтық
шеберлікті керек етеді. Сондықтан, оқу-әдістемелік жоспар бойынша өтілетін
тақырыптардың өзара байланысы мен дамытушы бағытын
анықтап, белгілі бір сабақ үлгілерін жасап алу тиімді. Мұндай
нәтижелі жұмыс жасауға негізделген сабақтар сапалы
білім берудің кепілі бола алады.
Ал енді тіл
үйрету сабақтарында инновациялық оқытудың басты
ерекшелігіне, яғни ақпаратты «дайын күйінде беру»,
«үйрету» емес, «ұсыну» қағидасына негізделген
әдістеріне тоқталсақ. Мәселен, сабақтың
алғашқы қызығушылықты ояту кезеңінде
студенттер қарастырылатын мәселе жайлы не білетінін, не айта
алатынын анықтау барысында ойды қозғайтын әр
түрлі тапсырмалар ұсынылады. Бұл бұрынғы
алған білімін жаңа ұғымдармен, түсініктермен,
жаңа ақпаратпен толықтырып, кеңейте түсуге
мүмкіндік береді. Яғни, бұл кезеңде бұрыннан
білетінін еске түсіру, көз алдына елестету,
қағазға жазу, көршісімен бөлісу, топта
талқылау арқылы ойлану, ойлай білу дағдылары бірте-бірте
қалыптасады, шығармашылық жұмыстармен айналысуға
деген белсенділіктері артады. Мәселен, жаңа сабақты
бастамастан бұрын, сол тақырыпқа байланысты алдын ала
таңдалынып, іріктеліп алынған суреттерді де пайдалу тиімді. Жалпы,
суреттердің де білім алушылардың мотивациясын туғызуда алатын
орны ерекше. Көру сезімі арқылы қабылданған
ақпарат сөзбен айтылған ақпаратқа
қарағанда студенттің сезімі мен қиялын тереңірек
толқытады, ойды күштірек әсерлендіреді және осы ойлар
мен сезімдерді сөздермен бейнелеп беру ықыласын тудырып, тілді
дамытуға үлкен әсерін тигізеді. Білім алушылар суреттерге
қарап, ойлана отырып, олармен байланысты бірнеше сөз және
сөз тіркестерін жазады. Мәтін бойынша айтылмай қалған
сөздер болса немесе студенттердің білмеген сөздерін
оқытушы өзі толықтырып отырады. Одан кейін айтылған
немесе жазылған сөздердің мағыналық белгілеріне,
жасалу жолдарына, атқаратын қызметіне қатысты т.б.
тапсырмалар орындалады. Мәтінге дейінгі осындай тапсырмаларды орындау
арқылы студенттер мәтіннің мазмұнын түсінуге
дайындалады және берілген сөздермен сөз тіркестерін, сөйлем құрау
арқылы олар өз мамандығына сай пікір айту, жаза білуге
үйренеді, яғни лексикалық дағдылары қалыптасады.
Одан кейін
мәтінмен танысу кезеңінде мәтін құрылымы мен
ондағы тілдік заңдылықтарға байланысты бірнеше
жұмыс түрлерін ұсынуға болады.
- Мәтінді белгі қойып
оқу. Бұл тапсырма бойынша студент «V» - «білемін»; «-» - «білмеймін»; «+» - «мен
үшін жаңа ақпарат»; «?» - «мені таңқалдырады»
белгілерін қоя отырып, мәтінді оқып шығады. Бұл
INSERT стратегиясы мәтінді түсінуге, оқығанын еске сақтауға,
мәтіннің соңына тез жетуге, өз ойына басшылақ
етуге, ойын білдіруге үйретеді.
- Берілген сөйлемдерді мәтіннің логикасына қарай
орналастыру. Бұл тапсырма мәтін оқылғаннан кейін
жүргізіледі. Студент мәтін мазмұнын ретімен еске
түсіріп, сол арқылы мәтіннің беретін идеясын
ашуға мүмкіндік алады.
- Берілген сұрақ бойынша «Венн диаграммасын»
толтыру. Бұл тапсырма бойынша бір-бірімен айқасқан екі
шеңбердің екі жағына салыстыруға берілетін
объектілердің сипаттамалары жазылып, ал айқасқан жерге
екеуіне ортақ белгілер жазылады. Мұндай тапсырмаларды орындау
студенттердің салыстыру жұмыстарын жасай білу, ерекшелігін тани
білу, ол арқылы өзіндік қорытынды жасай алу дағдысын
қалыптастырады.
- Мәтін бойынша қос жазба
күнделігін толтыру. Әр студент жеке-жеке мәтін мазмұны
бойынша ой толғайды, назарын аударған мәлеметтер (ой, идея,
тұжырым, ақпарат) бойынша түсініктеме беруге талпынады,
өзіндік пікір қалыптастырады. Бұл тапсырма жеке
жұмысқа негізделеді.
- Оңай және қиын
сұрақтар құрастыру. Бұл тапсырмада студент
мәтін мазмұны бойынша және өзі білгісі келген
сұрақтарды құрастырады. Яғни, тапсырманы орындау
барысында студент мәтін мазмұнын біліп қана қоймай, сол
тақырып төңірегінде кеңірек ойлануына,
толғануына, өмірмен байланыстыруына, проблемалық
мәселерді көре білуіне, одан шығу жолдарын табуға
талпыныс жасайды.
Сабақ
барысында жағдаяттық тапсырмаларды орындау да маңызды.
Жағдаяттар студенттерді алған білімін пайдалана отырып кәсіби
тілдік қатынасқа еркін түсуге дағдыландырады,
оның танымдық, ізденушілік, шығармашылық белсенді әрекеттерін
жетілдіреді, мамандығына қатысты өз ойын ұтымды жеткізу
қабілетін дамытады.
Қорытынды
кезеңінде аталған тақырыпты «Білемін, білдім, білгім келеді»
кестесін толтырту арқылы сабақты қорытындылауға болады.
Мұнда студенттер алдымен сабаққа дейін не білетін еді, сабақтан
кейін не білді, тағы да болашақта не білгісі келеді деген
мәселелер төңірегінде ой қозғап, ойларын кестеге
жазбаша түсіреді. Ой-толғаныс кезеңінің тағы бір
ерекшелігі білім алушылардың бір-бірімен өзара ой алмасу,
өзіндік пікір білдіру
дағдысы қалыптасады.
Әрине,
жоғарыда берілген тапсырмалар түрлерін студенттердің білім
деңгейіне, сабақ ыңғайына қарай өзгертіп,
түрлендіріп, толықтырып беріп отыруға болады.
Сонымен,
жаһандану талабына қарай, уақыт сұранысына сай тілді
меңгерту әдістері де үнемі өзгеріп, дамып, жетіліп
отыратындығы белгілі. Сабақ барысында интербелсенді әдістерді
қолданудағы мақсат - пәнді оқытуда студенттің
жеке басының дара ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше
ізденуін жетілдіріп, шығармашылығын қалыптастырып,
пәнге деген қызығушылығын арттыру болып табылады.