Рахманова Нұржанат- ҚазМемҚызПУ-дің
доценті,ф.ғ.к.
Нүкеева Ақмарал - ҚазМемҚызПУ-дің 2-курс
магистранты, Қазақстан
ТАБИҒИ ҚҰБЫЛЫСТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ
Қазақ поэзия дамуында өзіндік стилімен, сөз өнеріндегі
дара болмысымен, ұлттық мұраттың мүддесін
айқындаудағы ізденістерімен танылған дарынды ақын
Әбубәкір Қайран
өлеңдерінің поэтикасын зерделеп, ақынның ақ
қағазбен мұңдасқандағы шерін түсінуге
тырысу қазіргі қазақ өлеңінің көшіне
көз жүгіртуге бастайды. Ақын
поэзиясының азаматтық позициясы айқын, туған
жерді сүйіп, елге қызмет етуді мансұқтау - оның
бүкіл поэзиясының алтын діңгегі. Ақын поэзиясындағы ұлттық
сипаттағы шығармаларының жалпыадамзатқа ортақ
сабақтастығын зерделей түсу де маңызды тақырыптардың
бірі деп білеміз. Ақын талай қаламгер ат ізін салған белгілі
тақырыптардың өзінен бұрын байқалмаған
бедер, жаңашылдық тың ізденістері арқылы өз
өрнегін салып, безендіре біледі. Ол бедер белгілі тақырыптың
сан қатпарлы астарына мейлінше еркін бойлауымен, сонылығымен
тәнті етеді.
Әбубәкір Қайран өлеңдеріндегі
үлкен бір арна -табиғат лирикасы.
Ақын өзі өмір
сүрген ортасына қашанда ынтазарлықпен көңіл
бөлген. Тау, тас, шексіз дала сол
бір бала шағынан көкірегіне
ұялап қалған іспетті.
«Биік таулар» атты
өлеңінде биіктігін бұлдамайтын тауларды батырға
теңейді. «Биік таулар кейде батыр сияқты,//Бата тілеп, қолын
созған аспанға!..»[ 1.184]. Өлеңнен ақынның бала көңіл жүрегін жарып шыққан
табиғат суретіне деген тамсанысын ғана емес, адамдық,
азаматтық көзқарастарын да байқағандаймыз. Биік
таулардың өзін‑өзі мақтап, мадақтап
тұрмай, керісінше, өз келбетін бұлттармен, сағым
шымылдығымен бүркемелеп алатындығын, адами болмысқа
балай суреттейді. Биіктер сонысымен ғана биік деген меңзеу
қылаң береді. Ең бастысы, табиғат суреті адам
құлқымен астасып жататындығын ақын дәл
бейнелейді.
Әбубәкір Қайран поэзиясында
әлеуметтік астары бар табиғат лирикасы көбірек сияқты.
Қазіргі қазақ поэзиясына тән үрдістің бірі поэзияға үлкен
герменевтикалық астар, терең философия беру. Сондай
өлеңдер ойлылығымен философиялық трактатқа да
жақындайды. Әбубәкір Қайран өлеңдерінде
ақынның көңіл күйі табиғатпен жымдасып, астасып жатады. Әбубәкір Қайран
табиғатта нені жырласа да, сырт көз болып қала алмайды.
Оның бір тал шөбін де, бір түп шиін де ой елегінен,
жүрегінің сүзгісінен, көңілінің тезінен
өткізеді. Ақынның
болмысын оқырман былай түсінеді: «Сүйсе құлап
сүйеді, түңілсе күл болып шашылып кетеді. Жай адамдарша
қарапайым ғана сүйе алмайды. Әбубәкір
Қайран табиғат лирикасында Мағжанмен,
Қасыммен,Төлегенмен жыр сайысына түскендей»[2. 184].
Ақын табиғат лирикасында сырт бақылаушы
болып қалмайды, табиғат ішіне енеді. Сондықтан оның
өлеңдері оқырманның жүрегіне, көңіліне
жол тауып жатады. Әбубәкір Қайранның әрбір
өлеңі туған жерді, туған елді сүюді
үндейді.
Жерде
ғана желпінем,
Сайран салам.
Жерден безіп,
мен емес Айды аңсаған.
Қара
жерден үзілсе, қайран табан.
Тікенегін
жерімнің қайдан табам?! [1.56].
Сегіз шумақ өлеңде бір ғана
адамның емес, саналы
адамзаттың ойы жатыр. Бұл ауылда жалаңаяқ
жүгірген қазақы баланың табиғатына тым
жақын сезім. Табиғатты айтып отырып, Әбубәкір ақын
әлемдік ой, бүкілхалықтық пікір білдіреді.
Поэзияға үлкен ғаламдық жүк
арқалату ‑ Әбубәкір ақынның шеберлігі. Әрине,
оны түйіндеу, жүрегіне ұялату‑ әрбір
оқырманның өз жүрек қалауы.
Әбубәкір Қайран «Түн» атты
өлеңінде әлемдік жаңарумен, ғаламдық
өзгерістермен еш шауасы жоқ ұйқыдағы жұрттың
марғау қалпына табиғаттың кейитінін қамыққан
көңілмен жеткізеді.
Жатыр
ғой жұртым.
Аңғарып
сезем‑
Аңғарда
өзен
Ыңырсып
жатыр.
Жаралған
сорға,
Жылаған
жонға,
Шын
ұрсып жатыр[1.8].
Осы өлеңді оқығанда
Әбубәкір ақынның табиғат суретін жазса да,
астарына терең ой көмкеріп, халықтық күйді
аңғартатынын байқаймыз. Бұл өлеңде кіммен
үндестік жоқ дейсіз?! Дулат пен Абай, Міржақып, Ахмет,
Мұқағали, Мағжан өлеңдерімен
үндеседі. Өлеңнің жазылу техникасы да бөлек.
Мұндай өлеңнің оқылуы оңай
болғанмен, қабылдауда
жаныңды жабырқатады. Жым‑жырт қараңғы
түн, ыңырсыған өзен, жылаған жон, бүк
түскен белдер
қазақтың басқа жұрттан қалмауын
аңсағандай. XX ғасыр басындағы елін,
қазағын оятуға барын салған алаш
ақындарының жаңғырығын естігендейміз.
Ақынды қазақтың май жеген төбеттей
қайғысыз, мұңсыз маңғазсып үріп
жатқаны алаңдатады. Бұл да ұлтты оятудың
үлгісі. Мұны түсінбейтін біреулер ақын түн
келбетін ғана жырлап қоя салды деуі мүмкін. Егер,
ұйқысынан оянбаса, қалың қазақтың
алдында күн емес, түнек жатқандай сезіледі. Және
«қабағын түйіп, қара тон киген түннің»
келбетін дәл осылай суреттеу Әбубәкір Қайранның
ерекшелігі.
Әбубәкір Қайранның «Ақсуат», «Аспан», «Түнгі
ауыл», «Ауыл оттары», «Күз де келді‑ау», «Құйын» атты өлеңдерін атына қарап тек табиғат лирикасы
десек қателікке ұрынған
болар едік. Ақын бұл өлеңдерінде табиғат құбылыстарына
жан бітіріп, олармен адаммен сырласқандай сырласады. Адамға айтатын
сырын адамға емес, дауылға, аспанға, айға,
құйынға айтады. Осының өзі‑ақ
табиғатты ақынның сыңары десе де болғандай.
Аспанға жан бітіріп, оны бақытқа да
бөлейді, құсаға да батырады. Аспанның
сұлулығын, ғажайып әлемін жырлауда ақынның
тілі де, ақындық қуаты да ерекше. Табиғат
құбылысының ерекшелігі мен өзінің дауыл,
аласапыран сезімі кезек‑кезек астасып, жүрегінен «дауыл»
өлең туады. Сол себепті болса керек, оның өлеңін
оқыған адам басынан дауыл күй кешкендей сезімге
бөленеді.
«Түнгі дауыл»
өлеңінде табиғат құбылысының ішіндегі
ең бір сұрапылының бірі-Дауылға «Мен дауылға
сыңар болам,//Дауыл маған сыңар болса» деп үн
тастайды[1.105]. Дауылдың алдында аспандағы ай да, буыршын бұлт та
дәрменсіздік танытып, маңып бара жатқанын адам
көңіл күйімен астастыра суреттейді. Қоғамды өзгертетін дауылдың
құдыретін меңзеу де бар. Ә.Қайранның
өлеңдерінде терең оймен қатар мұң да,
қасірет те бар. Бірақ бұл мұң мен қасірет
адамның жігерін жасытпайды, қайта жани түседі.
Буырқанған бура‑дауыл қуып, маңып бара
жатқан буыршын бұлттар бағана сымдарын ызыңдата
күй ойнаған бақсы жел қаншама астасқан сурет пен
сезімді санаңда жаңғыртып сөз патшасының
пәрменімен талғамға сусаған көркемдікті
көкірек көзіңе қотара құяды.
С.Қажыбекұлы ақынның табиғи
құбылыстарды найзағай оттарындай жарқылдатып,
жасындатып жыр төгуге шеберлігін айтады [3.9].
Халық тілінің қайнары тұнық,
тамыры тереңде. Поэтикалық өрнек сылдыр сұлу сөз
емес, тұнық ой, асқақ сезімге, өршіл
пафосқа, табиғи қалып, ұлттық рухқа
суарылған сиқырлы қарапайым тілдің тұнбасы.
Көңіл толқыны тербегенде шын сезім күйлерін шабыттана шертетін
ақын шер толқытқанда аласапыран дауыл тұрғызады.
«Түн‑саңырау»,
«Кім ғаріп?»
өлеңдерінде ішкі мазмұн мен сырқы форма
өлең болмысын ерекшелендіріп тұр. Сыртқы кеңістік
ақынның ішкі сезімімен астасып жатыр. «Кім ғаріп?»
өлеңіндегі түннің түрлері «Жалқаяқ түн?//Жалақ
түн?//Талқаяқ түн?//Талақ
түн?//Тымырсық түн?//Тыныш түн?»
ақынның уақытты
сезім болмысымен қабылдауын көрсетеді[1.133]. Авторлық МЕН
түн бейнесінің көп қырлылығын бере отырып, «Көгінде жоқ бір
Ұшқын» деп кеңістіктік бейне арқылы қазіргі
қоғамдық санаға ой түрткі салады.«Түн
сипаты, бейнесі» нақты табиғи құбылысты меңзеп
тұрмағаны анық.
Көркемдік кеңістікпен уақытты суреттеу
барысынан авторлық бейненің жан дұниесі, ішкі
сезімі,тіршілікті бағалауы байқалады. Рухани болмыстағы
ғаріптіктен сақтандырады. Авторлық МЕН уақытқа
тәуелділігін де байқатады. «Әй жалақ түн,
талақ түн,//Жүрегімді қанаттың» деп
уақытқа сыймайтындығын да білдіреді[1.133].
Ақынды өлең өлкесіне жетелеген
құдірет туған жерге құрметтен бастау
алғандай. Табиғатпен сыр бөлісуді қалайтын ақын
жаны, оның суретін жыр жолдарына өрнектеуге келгенде небір тамаша
теңеу, метафоралар тауып, көсіле шабады.
Ақын мен табиғаттың
бір-бірімен біте қайнасып, бір - біріне сыр ашып сырласып
тұрған сырға толы жырлары оқырманын бей-жай
қалдырмайды. Ақынның туған жерге, оның
көрікті келбетіне арнаған өлеңдерінің
көркемдік келбеті айрықша екені байқалады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Қайран Ә. Маңдайдағы жазулар. Алматы:
Өлеңдер мен балладалар, 2003.– 216.
2. Cәбитова І.
Жыр құдіреті-табиғат суреті. // Жұлдыз.- №2 2009 ж.
3.
Қажыбекұлы С. Ақсауыт ақын, алдаспан жыр немесе
Әбубәкір Қайран шығармашылығы жайында.// «Жетісу»
газеті.‑ № 9, 2008 ж.