Утебаева А.Қ.

Қостанай қ. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы.

Утетлеуова Камила аграрлық-биологиялық факультетінің 1 курс студенті

Қазақтың тыйым сөздерінің  тәрбиелік мәні.

 

        Жалпы қазақ халқымыздың дүниенің төрт негізі болып табылатын от, топырақ, су, ауаға байланысты  тыйым сөздер өте көп. Осы төрт негіз болмаса, әлем жаратылмас еді. Өйткені оларсыз тіршілік жоқ. Сондықтан олар – киелі. Су – алла тағаланың жан иесіне жасаған сыйы. Ауылдың балалары суға қатысты, мысалы, «суға түкірме», «суға дәрет сындырма», «суға қоқыс төкпе» деген сияқты тыйым сөздерді  жадынан шығармауға тырысады. Айталық, күні бүгінге дейін ауыл балалары суға шомылып жүріп жеңілдегісі келгенде судан шығып, қажетін өтейді. Қалай десек те, ауыл балаларының аталары мен әжелері айтқан тыйым сөзге мән беріп, үлкендердің айтқандарын екі етпеуге бейім болып өсетіні анық.

      ХІІІ ғасырда Қазақстан, Орта Азия мен Моңғолия жерлері арқылы өткен итальяндық саяхатшы Плано Карпинидің көшпелі халықтардың салт-дәстүрлері, наным-сенімдері жөнінде жазып қалдырған деректері де бар. Оның жазбаларында былай делінген: «әділеттілік пен ізгілік туралы заң болмағанымен, олар жақсы мен жаманды, ізгілік пен дөрекілікті тамаша ажыратады. Отқа пышақ тигізу, етті қазаннан пышақтың ұшымен алу, жанып жатқан оттың маңынан балтамен ағаш шабу күнә болып саналады. Өйткені олардың түсінігінше, отқа қару тисе, оттың басына жарақат түсуі мүмкін. Осындай ұғым бойынша, мал айдайтын таяққа, қамшыға сүйенуге тыйым салынады. Қамшы сабын садақтың жебесіне тигізу де үлкен күнә болып саналады. Құсты және балапандарын өлтіру, атты ауыздығымен соғу, сүйекті сүйекпен шағу, сүтті әлде басқа тағамды жерге төгу, үйде дәрет сындыру – кешірілмес күнә.

Жиі айтылатын тыйым сөздеріміздің арасында отқа қатыстысы да тыйымдар өте көп. Айталық, «отты аттама», «ошақты аттама» дейді. Өйткені қазақ үшін от та қасиетті. Қазақтың отты қадірлегені соншалық, «менің үйім» деп айтпайды, «от жаққан жерім», «отымның басы» дейді. Қазақтың қандай керемет сөзі десеңізші! «Жанұя» дегенді кімнің шығарып жүргенін білмеймін, таралып кетті, жанның ұясының қайда екенін кім біліпті?! Жанұя деген не ол? Ал «отбасым», «отымның басы», «түтін түтеткен үйім» деген қандай әдемі сөздер! Қазақта киіз үйдің ортасына жаққан отының орнын көшкен кезде көміп тастайтын болған. От жаққан жерде қаншама ас әзірленді, ол астан қаншама адамдар дәм татып, нәр алды. Оттан қалған күлді де баспайтын қазақ сондықтан от жаққан, қазан асылған жерін көміп отырған. Даладағы жер ошақтарын ешқашан сол күйі қалдырмай, бітеп кеткен. Бір жағынан, атпен жүретін қазақ атының аяғы абайламай ошаққа түсіп кетіп, мерт болудан да сақтанған. Бұл да — біздің халқымыздың тектілігі. Бізде «оты өшті…» деген сөз бар, яғни бір үйде бас көтерер адамы, шаңыраққа ие болатын адам қалмағанда айтылған. Баяғыда жау шапқан кезде алдымен шаңырағын ортасына түсіріп, отын өшіріп, күлін шашатын болған. Бұл — жаудың тірлігі. Сондықтан ылғи да жақсылыққа жаны құмар халқымыз «күлді шашпа», «отты өшірме» деген тыйым сөздерді айтып отырған. Қазақта «күлі шашылып қалды» деген сөз жақсылықта айтылмаған. Бала кішкентай кезінде күлді шашып ойнауы мүмкін. Бала — періште, күнәсіз. Бала — таза, пәк, ал оттың күлі де өте таза ғой, сондықтан кей жағдайда «күлшашары бар» деп бала мен күл тазалығын біріктіріп, айтып жатады. Басқа ұлттарда оттың үстінен секіріп ойнап жататын көрініс бар. Оларда біздегідей тыйым жоқ. Ол — халықтың қалыптасқан өзінің дәстүр-салты. Бірақ оттың үстінен секіріп ойнап жатқаны дұрыс емес. Әр халықтың өзінің сонау ғасырлардан жеткен ырым-тыйымдары, әдет-ғұрыптары үлкен күшке, энергетикалық жолға айналып кеткенін үнемі айтып келемін. Сондықтан өз дәстүр-салтымыз өзімізге ғана жұғысты.

    Қазақта «ас атасы — нан» деген сөз бар, яғни астың, дәмнің үлкені — нан. Бала ақ пен қараны ажыратып танымай тұрып-ақ оған оң қолына нан ұстауды, нанды баспауды, тастамауды үйретеді. Нан қасиетті. Адам кез келген тамақты екі күн жесе, ол қанша нәрлі болғанымен сол тамақтан жалығады. Ал бірақ адам баласы өмір бойы наннан шықпайды, наннан зерікпейді, жалықпайды. Дастарқаныңыздың үстінде күнде нан тұрмаса, көңіліңіз де, дастарқаныңыз да — орта, берекеңіз кетіп, дүние ойсырап тұрған секілді басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Нанның қасиеттілігінің өзі осыдан-ақ көрінеді. Ұнның құрамындағы адамның бойына нәр беретін, куат беретін ағзаға қажеттінің бәрі бар. Өзге халықты қайдам, қазақтың нансыз күні жоқ деуге болады. Қазақта «қатықсыз қара су ішіп, қара нан жесек те, амандық болсын» деген де сөз бар ғой… «Нанды жерге тастама», «нанның үстіне зат қойма», «нанды төңкерме», «нанды бір қолмен үзбе» деген сөздің барлығы — сол нанның қасиетіне орай айтылған тыйымдар. Тіпті адам ашыққан кезде қолы жетпейтін биікте тұрған нанды Құранның үстіне шығып алуға болады екен, бірақ нанның өзін ешқашан баспаған. Нанның қасиетті Құраннан да жоғары бағаланатынын осыдан-ақ білуге болады. «Адам атамыз бен Хауа анамыз пейіштен қуылған кезде ит бірге ілесіп кетіп, сонда бидай иттің ұртында келген дейді. Итті «жеті қазынаның бірі» дейтін себебіміз адамзат сол иттің ырыздығын жеп жүр» деген бұрыннан келе жатқан аңыз бар. Бір таңданарлығы, жер бетінде басқа дақылдардың, жемістердің барлығының жабайы түрі бар. Айталық, алманың, жуаның, сұлының дегендей, барлығының жабайы түрі табиғатта кездеседі, бірақ бидайдың жабайы түрі жоқ. Сол себептен де, қазіргі тілмен айтсақ, бидайдың ғарыштан келгеніне иланасың. Шынымен, осы қисынға, «бұл жердің дәні емес, бізге бейнебір ғарыштан жеткен» дегенге біртүрлі сенгің келеді. Үйге келген кез келген адам асығыс болса да, өзге тамақтан емес, наннан ауыз тиіп шығады. Адамдардың арасындағы ынтымақ бірлік, бір-біріне деген жақсы қарым-қатынас, ауызбіршілік дастарқанның үстіне қойылған нан арқылы нығая түседі, яғни өзі нан ауыз тиген үйіне қазақ жамандық тілемеген. Нанын берген адамға жамандық ойламаған. Қазақтың «бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем» дейтін сөзі осыдан келіп шыққан.

"Нанды бір қолмен үзбе" дейді. "Онда тұрған не бар" деп түсінетіндер бар. Олар мұның кесірлік екенін түсінбегендіктен солай ойлайды. Қасиетті нанды бір қолымен қалай болса солай үзген кесір болады.

Әлеуметтік өмірдегі түрліше қарым-қатынаста  адамдардың әрекеті үстінде көрсететін мінез-құлқын анықтайтын, жалпыға міндетті ережелердің жиынтығы ретінде танылады. Міне, осындай деңгейде ырым-тыйым сөздерді халқымыз пайдаланып, баршаға бірдей, міндетті түрде орындатқан. Мұның өзі қоғамдағы үлгі-өнеге, әдептіліктің негізгі қағидасы болып қалыптасқан.

Жалпы ырым мен тыйым арасында айырмашылық байқалады.

Осы айтқанымыз сенімді болуы үшін мына мысалдарға назар аударайық: бүйіріңді таянба; үйге, ауылға қарай жүгірме; таңдайыңды қақпа; тізеңді құшақтама. Осы сөздерден жамандық шақырады деп  ырымдап, тыйым салған. Ал дүбірлі ас пен тойдан сарқыт алу, үйге оң аяқпен кіру, отқа май құю үстіндегі   жақсы тілек болашақтан күтер үкілі үмітпен ұштасып, сәттілік пен береке, ізгілік ұрпағыма болса екен деген қалау аңғарылады.

Тыйым сөздер жағымсыз, келеңсіз әрекетті тоқтатуға арналған. Жат пиғылдан, орынсыз қылықтан, теріс мінезден сақтандыруға бағыттала қолданылған. Адамдардың бойындағы адамгершілік, имандылық қасиеттерінің өлшеміндей деңгейде пайдаланылған. Бұл тыйым сөздердің мән-мағынасының қаншалықты екенін аңғартса керек…

             Ырымдарға қарағанда тыйым сөздердің айтылу мәнінде, қолданылу бағытында айырма бар. Ырымдар көңілге медеу, тілекке сүйеніш табу үшін қолданылғандықтан, ауқымды, кең ұғымда айтылып, үміт түрінде көрінсе, тыйымдарда ой қысқа қайырылып, нақты талап, бұйрықты мәнде жеткізіледі. Мысалы,  күлді баспа, ақты төкпе, көкті жұлма, ұяны бұзба. Бұл сөздер жоғарыда айтқан ойымыздың толық дәлелі болады. Тыйым сөздер балалардың есі кірген кезден-ақ қолданылғандықтан, ойы айқын, жас ерекшелігіне сай түсінікті, нақты тұжырымдарды білдіреді. Балаларды ертеден-ақ жаман әдет, жат қылықтан сақтандырады. Есі жаңа кірген кезден басталып ержеткенге дейін құлағында жүріп, жүрегінен орын алатыны сөзсіз. Мұндай өнегелі, мейірімді сезімге, адами құндылыққа үйрететін бұл сөздердің естілуі қатқылдау болғанымен, жас баланың жанына төгер шуағы мол, нұрлы.Қысқа да нұсқа, айтылу екпіні де ерекше тіркестер шоғыры жас адамды сол айтылғанды орындауға еріксіз мойын ұсындырғандай. Өйткені ойлы, мағынасы терең бұл сөздер баланың өмірлік есте сақтауына да жеңіл.Бұл талдап, талқылауды қажет етпейтін, сөзсіз орындалуға тиісті өмірлік міндеттей мәнді тұжырымдар. Оны үлкендердің  ұрпағына сөзсіз орындатуы халықтың бала  тәрбиесіндегі ұстанымы болған. Атаның тілін бала қайтару, айтқанын орындамау адамшылық жолдан таюмен тең саналған. Мұны көргенсіздік, шектен шыққандық деп білген. Сондықтан әр жас ата салтынан аспай, айтқаны қалтқысыз орындалған. Міне, қазақы тәрбиенің құдіретті ерекшелігі осы жерден көрінеді. Ата салтын тәрбие үдерісінде басшылыққа алудың мәні де осыдан көрінеді. Осы дәстүр қайта қолға алынса, ата-ананы тыңдамайтын бала, тыңдата алмайтын ата-ана болмас еді.

           Біздіңше, адам қоғамының барлық түрінде де тыйым сөздер қажет. Тіршілік болған соң күнгейі мен көлеңкесінсіз болмайды. Сол кереғарлықты реттеп отыру үшін нанымдық, сенімдік, моральдық-этикалық, құқықтық нормалар сияқты тыйым сөздер де әлеуметтік ортаны реттеп отырады. Қоғам мүшелерін игі мақсаттарға бағыттап, адамдар арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Тыйым сөздердің мағынасына үңілсек, тәрбиенің әр саласын аңғаруға болады. Оларды шартты түрде былай бөлуге болады: біріншіден, адамның түрлі қарым-қатынасына байланысты пайда болған; екіншіден, табиғаттағы тылсым күштердің киесі ұру, аруақтың қаһарынан, пәле-жаладан қорғануға арналған. Біздің бұлай бөлуіміз қолданылу үстіндегі мазмұнын жіктеуден туған. Адамдардың өзара қарым-қатынасына байланысты туған тыйым сөздерде үлкен-кішінің арасындағы, әке мен балаға қатысты, ағайын арасындағы, адамның жеке басына байланысты тыйым сөздердің үлгілері бар. Олар: нанды баспау, дастарханды аттамау, табалдырықты баспау, үлкенге дауыс көтермеу, ата-ананың назасына қалмау, ағайынға пышақ, қайрақ, балта, ит сыйламау, әйелдің мінетін атының құйрық-жалын күземеу, некелілердің төсегіне отырмау, таңын ашып жүрмеу, кіндігін көрсетпеу, неке қиылғанша тазалық сақтау, т.б. Енді екінші топқа жататындар: отқа түкірме, үйді айналма, ауылға қарай шаппа, айды қолмен көрсетпе, айға, молаға қарап зәр сындырма, жағыңды, бүйіріңді таянба, т.б. Бұл сөздер пәле-жаладан аулақ болу, табиғаттағы тылсым күштің құдіретінен, аруақ пен тәңірдің киесінен сақтандыруға арналған нанымнан туғанын байқауға болады. Қандай топқа жататын сөз болса да, адами қасиеттерді қалыптастыруда қоршаған орта, жан-жануар мен табиғатты қорғау, имандылық, адамгершілік негізінде ұлттық мінез-құлық қалыптастыратыны даусыз.

Адамгершілік адам болмысы үшін басты көрсеткіш екені белгілі. Мұндай адами сезімдерді қалыптастыратын сөздердің қатары көп. Оларда адамды сыйлау, қайырымды болу, өтірік айтпау, еңбекті бағалау, т.б. тәрбиелік ұғымдар қамтылған. Мысалы: адамға қарап күлме, біреуді алдама, кісі ақысын жеме, үлкеннің бетінен алма, жақсыдан үйрен, жаманнан жирен, кемтарға күлме, ұрлық қылма, зорлық жасама, арыңды сатпа, аманатқа қиянат жасама, әйелге күш көрсетпе, мақтанба, тәкаппар болма, өтірікке куәлік жасама, жалқау болма.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Кенжеахметов С.  «Қазақтың тыйым сөздері» «Абай» журналы, №10, 2010

2.     Саргелтаева К.  «Қалық тағлымы адастырмас сара жол» «Этнопедагогика» журналы, №6, 2007

3.     Қаралұлы А. Қазақы тыйымдар мен ырымдар. Алматы, «Өнер», 1998

4.     Кәкенова І. «Тыйым сөздер тәрбие құралы» «Тәрбие құралы» журналы, №3, 2009