Нұртілеуова
С.Р.
Қазақстан Республикасы, Алматы
қаласы
Әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университеті
Х. Сүйіншәлиев еңбегіндегі Бұқар
жырау мұрасы және
әдебиеттану ғылымы
Қазақ
халқының көркем сөз өнерінде ерекше орны бар
Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармаларының
алғаш рет хатқа түскеніне бірнеше жыл толды. Ұзақ
жылдар бойы қазақ елін билеген, аса даңқты мемлекет
қайраткері Абылай хан 1781 жылдың 23-мамырында дүниеден
өтті. Елі үшін еткен еңбегі ересен жанның
қазасына орай толғанған Бұқар жырау сол жолы төмендегіше
жыр төгеді:
–
Күпшек санды күреңді
Табияға
жаратқан.
Қырық
сан қара қалмақты
Жарлығына
қаратқан.
Айбалтасын
алтынменен булатқан.
Алафасын
арттырып,
Арпалап
атты қунатқан.
Лабашы
деген бір еліні
Антыменен
улатқан.
Ераншы мен
Серенді
Тозғындатып
шулатқан,
Беріштесін
жұрт үстінен дулатқан.
Үшбу
ердан бек (дарун),
Жасыл
көлге маслихатқа келтіріп...
Ғаділдігін
Наушеруан ғаділге жеткерген
Жомартлығын
хатымтай жомарттан өткерген,
Күнде
мехман күзетіп,
Кесекілеп
ет берген,
Имандының
ісіне қарап бет берген,
Бір
құдайдың дидарын,
Сен
көрмесең кім көрер,
Табандасқан
дұшпанға
Күнінде
қылыш шауып өткерген.
Бұл туынды
Бұқар шығармаларының ішінде, тіптен жалпы
авторлық жырлардың ішінде ең алғаш хатқа
түскен біршама көлемді әдеби мұра болып есептеледі. Ол
қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан
Уәлихановтың жазып алуында бізге жеткен [1] (Валиханов Ч.Ч. Собрание
сочинений в пяти томах. том 1. Алма-Ата: Издательство академии наук Казахской ССР.
1961, с. 169-170). Шоқан Уәлихановтан кейін бұл туындыны
Шоқанның бірге оқыған досы Г.Н. Потанин хатқа
түсірген. Ол ғалымның «Казахский фольклор в собрании Г.Н.
Потанина» дейтін еңбегінде «Абылай ханның мүлкін
мақтағаны» деген атпен жарық көрген (аталмыш
кітаптың 274-275-беттері). Мәтіндік тұрғыдан
қарғанда бұл екі нұсқаның өзара бірсыпыра
айырмашылықтары бар. Қазіргі кезде негізгі мәтін ретінде Ш.
Уәлиханов нұсқасы [2] («Бес ғасыр жырлайды»,
«ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы») пайдаланылады. Бірақ,
Г.Н. Потанин нұсқасында да «Тоқпағын сом алтыннан
соқтырған, қазығын ақ күмістен
қақтырған, нұқра күміс жаптырған,
Былғары саба пістірген, Шынаяқтан іштірген. Орындығын
оймыштап, ақ нақыш салдырған, Сандығын сары
алтынға малдырған. Көшсе қырық ер арта алмас,
жүз мың атан тарта алмас» деп келетін Ш. Уәлиханов жазбасына
түспеген көркем тіркестер бар.
Бұқар
жыраудың ел билігіне араласқан шығармашылық
тұлға ретіндегі кескін-келбетін кезінде М. Әуезов
төмендегіше сипаттаған: «Абылайдың жанындағы
уәзірі, заман күйін сынға алып, қорытынды айтып, бет
нұсқайтын кемел ақылшысы. Абылайдай ханмен бірге
қалың елге де өсиет айтады. Айтатын сөзінің
барлығы сол күнде қазақ елінің басына келіп
тұрған саяси хәл, тарихи дәуірге арналады» [3].
(Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық
жинағы. 4 том.
Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы. 2001, 213-бет).
Өмір сүрген уақытын жырау
мұрасын зерттеген авторлар әртүрліше көрсеткен. Біз,
солардың ішінен профессор Х. Сүйіншәлиев еңбегіндегі
жырау – 1684-1782 жылдар аралығында өмір кешкен деген деректі
қабылдағанды орынды деп есептедік [4] (Сүйіншәлиев
Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: Санат, 1997, 341-бет). Жырау шығармашылығы М. Әуезовтің,
С. Сейфуллиннің, С. Мұқановтың,
Қ. Жұмалиевтің, Е. Ысмайыловтың, Б. Кенжебаевтың, Х.
Сүйіншәлиевтің, Ы. Дүйсенбаевтың, Ш.
Сәтпаеваның, М. Мағауиннің, Қ.
Мұхаметхановтың, Ә. Дербісәлиннің, Қ.
Сыдиықовтың, Ж. Тілеповтің, С. Негимовтің, т.б.
әр кездерде жарық көрген бірсыпыра
ғалымдарымыздың еңбектерінде әралуан қырынан
алынып зерттелініп келді. Кеңестік кезіндегі әдеби
шығармашылық таптық тұрғыдан қарастырылып
келгендіктен, сол еңбектердің бәрінде дерлік
«Бұқар жырау Абылай ханның ақылгөйі», сарай
жыршысы. «Бұқар жыраудың шығу тегі де, өмірге
көзқарасы да сол кездегі үстемдік етуші феодалдық
таптың тілегімен ұштасып жатады», - деген секілді пікірлер жиі айтылатын. Және солай айтылуы заңды да болатын.
Өйткені тапсыз қоғам құрып жатырмыз, тапсыз
қоғам тұсында өмір кешудеміз деп сендірілетін
социалистік құрылыс дәуірінде, сол идеологияға имандай
сенетін бүкіл елге революциядан бұрынғы заман адамының
шығармашылығы туралы, соның ішінде ХVІІІ
ғасырдағы қазақ қауымының хал-күйін
бүкіл жан-дүниесімен жырлап өткен Бұқар туралы
басқаша айту сол кезеңде тіптен де мүмкін
емес-ті. Сондықтан да ара-тұра әлгіндей сөздерді айта
отырып, жыраудың елінің мүддесі үшін күресе
білген кемел ойлы күрескер екендігін елге аңғарту үшін:
«Хан, би, сұлтандар өздерін халықтың үстінен
қараушы, ел тағдырын шешушіміз деп қаншама көкірегін
көтерсе де, өздерін басқалардан жоғары санаса да,
күш халықта екендігін Бұқар жырау дұрыс ұғынып, ел билеушілеріне
басалқылық айтады... Абылайдың тыныштықты
көздеген саясаттарының бір тамыры Бұқарда
жатқанға ұқсайды. Бұқардың орыспен
соғысуға қарсы болуы оның өз кезінде алыстағыны
болжампаз адамның бірі болғандығын көрсетеді.
Бұқар пікірінің дұрыстығын сол кездегі өмір
шындығы анықтап дәлелдей түседі», - дейтін
тұжырымдарын ғалымдарымыз сыналап кіргізіп отырды. Шындап келгенде,
С. Сейфуллин айтатын, Бұқарды «Абылай ханның
ақылгөйі» дейтін сөз оған берілген өте
жоғары баға болатын. Кімге де болса, соның ішінде белгілі
адамға ақылшы болу оңай шаруа емес. Ал Абылай сынды ХVIII
ғасырдың ел билеген кемеңгер ханына ақылгөй
атану, ол ілуде бір адамға, үлкен дана, кемеңгер кісіге
берілетін баға. Бұл реттегі М. Әуезовтің пікірі де сол
деңгейден көрінеді. Ол: «Бұқар жырау Абылайдың
жанындағы уәзірі, заман күйін сынға алып,
қорытынды айтып, бет нұсқайтын кемел ақылшысы. Абылай
ханмен бірге қалың елге де өсиет айтады. Айтатын
сөзінің барлығы да күнде қазақ елінің
басына келіп тұрған саяси хал, тарихи дәуірге арналады. Ел
билеген ұлықтың ішінен шыққан
болғандықтан ақылының көбі елді бастап, билеп
жүрген басшыларға, артынан ерген елге арналады», - деп сонау 1925
жылы жазып, 1927 жылы жарық көрген белгілі еңбегінде
ағынан ақтарылады. Қалай болғанда да Бұқар
жыраудың тек жеке
адамдардың ғана
емес, бүкіл ұлыстың, күллі қазақ
елінің қамқоршы-ақылшысы болғандығы
күмәнсіз. Оған оның елінің мұңын
мұңдап, жоғын жоқтаған барша шығармасы
куәлікке жүреді. Бұл ретте ол бүкіл жыраулар
әулеті ішінде өле-өлгенше абырой-беделін жоғалтпай, қадірінен
айырылмай өткен алты арыс Алаштың аузындағы сөзі,
«көкірегіндегі көзі» іспеттес Асанқайғы бабасына
өте ұқсас тарихи тұлға. Бұқар жырау
баршы тынысын көзімен көріп шығармасына өзек еткен
XVІІІ ғасырдың қазақ ұлыстары үшін жан
жадыратар қуанышты оқиғалармен басталмағаны
мәлім. Әйтсе де, халықтың елдік тарихында бұл
ғасырдың алар орны айрықша. Өйткені, қазақ
қауымы бұл дәуірде атышулы «Ақтабан шұбырынды»
сынды қайғылы оқиғаны басынан өткерді. Осы
зілзаланы қазақтың басына түсірген, сол замандағы
Орталық Азиядағы айбарлы мемлекет-жоңғарлармен ширек
ғасырдан астам уақыт бойы табан тіресе күресе отырып,
оның тарих аренасынан біржола шығып қалған
тұсының куәгері болды. Осы халықпен қандас Еділ
қалмақтары ата қоныстарына қайтқан тұста
олармен айқасып бақты. Ал, осы оқиғалардың
барлығы бір-бірімен тығыз байланысты жайлар еді. Өйткені,
қазақ ұлыстарының жоңғарларға
қарсы азаттық үшін күресіатышулы «Ақтабан
шұбырынды» сынды қасіретті оқиғаның
жалғасы, кек қайтару шайқастары болып қана
қалған жоқ. Бұл күрес жолында қазақ
халқы өзге бір әлеуетті ел тарапынан өзіне
сүйенер тірек, дос табуды мақсат
тұтты. Ресей, Қытай секілді елдермен
араға елшілерін, хабаршыларын жүргізді. Соның барысында тек
қатардағы ел қолбасыларының ғана емес,
Абылайдың өзіне байланысты да халық жадында
сақталған біраз жайлар болған. Соның бірінде
жыраудың Абылайды орыс жұртымен соғыспауға үндей
келіп, оны «тұрымтайдай» кезінен бері білетіндігін ежіктей,
ара-тұра мұқата отырып «сен жиырма жасқа жеткен
соң... Ақсұңқар құстай
түледің... қылышыңды тасқа біледің» –
дейтіні содан.
Абылай
мен оның төңірегіндегі батырларын дәріптеу жолында сол
тұстың жырауларында принцип тұрғысында кездесер
өзара айырмашылықтар да жоқ емес. Мәселен, сол
дәуірдің тарихи кескін-кейпін барынша кейінге мол жеткізген Бұқар
жырау мен Үмбетей жырауды алайық. Егер ақиқатына келсек
Абылай дәуірін, оның төңірегінің барша
құпиясын Бұқардан артық білген жырау жоқ.
Өйткені, ол барлық, жыраулардан да Абылайға жақын
болды. Соның қасындағы қабырғалы биі, халық
ішінен ханның ұстаған кеңесшісі секілді кісі. Бірақ,
Бұқар Абылайдың көп тері төгілген бір оқиғасын
– қырғыз халқымен арада өткен айқастарын
жырламаған. Іс жүзінде ол ханмен осы шапқыншылықтар
кезінде қандай сөздерге келді, оны қазір нақты
деректермен дәлелдеу қиын. Әйтсе де көне көз
қарияның тағдырлас ел, туыс жұрт қырғыз
халқына істеген хан қылықтарын мақұлдап,
дәріптемегені хақ.
Бұқар
жыраудың поэтикалық тілге жетік, тұспал сөзге шешен
адам болғанын басқа толғауларынан да көптеп кездестіреміз.
Негізінде, жырау табан асты сөз тапқыш ақпа-төкпе
сөз өнерінің жетік өкілі. Терең ойын
көркемдей-кестелей білген ірі суреткер. Ақын өлеңдері –
ойлы адамның өмірі мен қоғам туралы түсініктерін
танытарлық мәнді шығармалар. Жыраудың дидактикасы
көп жерде өз мәнін жоймайды. Халықтық
нақылдар ретінде өмір сүреді. Жырауға кейінгі
дәуір ақындары еліктеп келген. солардың бірі ХІХ ғасыр
ақындарының кейбіреулерін де атауға болады. Мысалы, Махамбет,
кейінірек біздің дәуірімізде Жамбыл, т.б. ақындар.
Бұқар
өлеңдері – өзінің стилі ағынан ауыз
әдебиетімен және өзінен бұрын өмір сүрген
Асанқайғы, Қазтуған, Шалгез жыраулар
толғауларымен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат,
өсиет ретіндегі дидактикалық толғаулар. Бұқар
шығармашылығы өзіне дейінгі және кейінгі дәуір
ақындарымен туыстасып, жалғасып жатыр. Ол қазақ
поэзиясының желілі бір сарынын танытады. Дулат, Базар, Шортанбай,
Мұрат ақындар да Бұқар шығармашылығымен үндес
келетін әрі ақын, әрі жыраулардан саналады.
Көркем
сөздің өсу жолын, образды ойдың даму кезеңдерін,
әдебиеттік процестер мен идеялық ағымдар күресін
айқындауда әдебиетіміздің тарихы үшін
Бұқардың шығармашылығы едәуір
мағлұматтар береді.
Бұқар шығарамашылығы түгел танылып,
оның белестері әлі де анықталып зерттеліп болған
жоқ. Әдебиет зерттеушілері жыраудың туған-өлген
жылдары төңірегінде әр түрлі пікірлер ұсынып,
жұртшылық талқысына салып келеді.
Қолданылған
әдебиеттер:
1.
Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. том 1.
Алма-Ата: Издательство академии наук Казахской ССР. 1961, с. 169-170.
2.
«Бес ғасыр жырлайды», «ХV-ХVІІІ
ғасырлардағы қазақ поэзиясы».
3.
Әуезов М. Шығармаларының елу
томдық толық жинағы. 4 том. Алматы: «Ғылым»
ғылыми баспа орталығы. 2001, 213-б.
4.
Сүйіншәлиев Х. Қазақ
әдебиетінің тарихы. Алматы: Санат, 1997, 341-б.