Рапишева Жанат Дабыловна (фил. ғыл. канд., доцент)

Төленова Салтанат Ахметқалиқызы (магистрант)

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ТЕРМИН ЖАСАУДЫҢ

КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Мемлекеттік тілдің өзінің мәртебесіне лайық толыққанды қызмет атқарып, кеңінен қолданысқа түсу деңгейі ұлттық терминологияның дамуымен тікелей байланысты екені мәлім. Заман талабына лайық, қазақ тілінің заңдылықтарына сай терминжасам саласын қалыптастыру бүгінгі күннің күрделі әрі өзекті мәселелерінің қатарында саналады.

1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес, республикада мемлекеттік тіл қазақ тілі болып табылады. Орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылады. Көпұлтты елімізде басқа да тілдердің қызмет етуіне құқықтық кепілдіктер берілген. Дегенмен, қазақ тілінің құқықтық мәртебесі ресми орыс тілінің, басқа тілдердің құқықтық мәртебелерінен ерекшеленеді.

«Мемлекеттік тіл» ұғымына ғылымда да әр түрлі анықтамалар берілген.

Мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесін анықтау кезінде «мемлекеттік тіл» ұғымымен қатар «ресми тіл» ұғымы кездеседі. Бұл ұғымдардың арақатынасына қатысты да әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Кейбір ғалымдар «мемлекеттік тіл» ұғымы мен «ресми тіл» ұғымын синонимдер десе, басқалары біріншісі екіншісіне қарағанда кеңірек деп есептейді. Екі ұғымның синоним ретінде қолданылатынын әлемдегі бірқатар елдердің мысалынан көруге болады.

Көптеген мемлекеттер өз аумағында қызмет ететін тілдердің мәртебесін анықтау кезінде «мемлекеттік тіл» не «ресми тіл» ұғымдарын қолданады,  немесе олардың екеуін пайдаланады.

Мағынасы бір-біріне жуық ұғымдар болғанымен, мұндай екі ұғымды нақты бір тілге (немесе тілдерге) ғана қатысты синонимдік мағынада қолдануға болады. Айталық, испан тілі өз елінде мемлекеттік әрі ресми тіл болып саналады. Испанияның Конституциясында испан (кастиль) тілімен қатар өзге де тілдердің ресми түрде қолданылу мүмкіндігі қарастырылған. Ресейде де орыс тілімен қатар жергілікті мемлекеттік құрылымдарда кейбір тілдерге (мысалы, Саха Республикасында эвенк, юкагир, долган, чукот тілдеріне) ресми тіл мәртебесі берілген. Бірақ мұндай ресми тілдер мемлекеттік тіл болмайтыны анық. Демек, мемлекеттік тіл ұғымының мазмұны ресми тілге қарағанда кең әрі соңғысын қоса қамтиды дейді зерттеушілер [1, 218].

Сондықтан мемлекеттік тіл мен ресми тілдің құқықтық мәртебелері ешқашан өзара теңеспейді. Мемлекеттік тілдің мәртебесі әрқашанда бір саты биік тұрады. Ресми тіл мәртебесімен салыстырғанда, мемлекеттік тілге кең өкілеттіліктер беріліп, оның міндеттілігі жоғары, басым болып келеді. Ресми тіл мемлекет ішінде пайдаланылатын негізгі тілдердің бірі болса, оның барлық салада мемлекеттік тілмен бірдей қызмет етуі міндетті емес.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп көрсетілген [2].

Термин қалыптастыру, оны ұлт тіліндегі тілдік бірліктермен алмастыру ісіне мақсатты түрде кірісу, оны қабылдауға саналы түрде ұмтылу – қазіргі терминология жағдайында ғана емес, мемлкеттік тіл жағдайында да маңызды іс болмақ. Жақсы дамыған тілдерде ғылыми-техникалық  терминологияның негізгі бөлігін сол халықтардың өз тілінде жасалған терминдер құрайды. Ендеше, қазақ тілінде де солай болуы тиіс.

Терминолог ғалым Ш.Құрманбайұлының айтуынша, кез келген ұлт тілінің, оның ғылыми терминологиясының дамуына тікелей әсер ететін ішкі және сыртқы, басқаша айтсақ, тілдік және тілден тыс (лингвистикалық және экстралингвистикалық)  факторлардың болатыны белгілі.  Бұл факторлардың бірін – негізгі, екіншісін – негізгі емес деп қарау қиын.  Олардың әрқайсысы өзінше маңызды және олар бір-бірімен тығыз байланысты.  Дегенмен, қазақ терминологиясының даму тарихына үңілетін болсақ, оның жасалуы мен қалыптасуына тілден тыс факторлар әсерінің басым болғандығын ескере отырып, мемлекеттік тілімізді термин жасауда кеңінен қолдануымыз керек дегенді айтады [3, 95].

 Қоғам өмірінде болып жатқан түрлі жаңалықтар мен құбылыстарды атауда, жаңа ұғымға лайықты жаңа сөз жасауда, негізінен,  қазақ тілінің өз сөз байлығы пайдаланылады. Бұндай сөздерге қазіргі тіліміздегі сөздердің терминологиялық өріске өтуі, қазақтың төл сөздеріне түрлі  қосымшалар жалғау, кейбір араб, парсы, түркі сөздерінің қолданысқа қайта енгізілуі нәтижесінде  пайда болған терминдік лексиканы жатқызамыз.

Көптеген тарихи жағдайларға байланысты қазақ тіліне шетел сөздерінің ауысуы орыс тілі арқылы жүзеге асты. Қазақ тілінде кездесетін ағылшын тілінен енген сөздер ғана емес, сондай-ақ француз, герман тілдерінен енген сөздер де баршылық. Олардың қазақ тіліне кіру жолдары тіл білімінде кең көлемде зерттеліп келеді. Себебі жаһандану үдерісіндегі қостілділік, көптілділік мәселесі бүгіннен басталады.

Халықаралық терминдердің тілімізге көптеп енуін мерзімді басылымдардан, басқа да ақпарат көздерінен байқаймыз. Олардың бірқатары ұлт тілінде термин жасалып жатқан кезеңде сол қалпында қазақ тіліне аударылып, қалыптасып үлгерсе, бірқатарының екі сыңары да қолданылып, үшіншілері сол шет тілінен енген нұсқасында қолданылып жүр. Олардың жазылуы туралы мәселе де әлі даулы мәселелер қатарында саналады.

Сондықтан қазақ тілінің мүмкіндіктерін барынша пайдалану әлемнің әр түкпірінен құйылып жатқан ақпарат тасқынымен қазақ қауымын қамтамасыз етер тілдік жүйе жасаудың басты элементі болып табылады. Мамандар халықаралық термин деп жүрген орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы енген атауларды талғамсыз тілімізге қабылдай беру ұлттық ұғымға сай терминдік атаулардың дүниетанымдық рөліне нұқсан келтіретінін айтып, бұндай терминдердің  барлығы бірдей қазақшалансын деген емес,  кейбіреулерін тіл заңына қарай бейімдеп қолдану қажет деген көзқарасты ұстанады. Себебі терминдік атаулар тек қолданыста ғана қалыптасады.

Зерттеу ең­­бектеріне сүйенсек, кез келген тілдің терминологиялық лексикасының  түзілуіне негіз болатын екі көзі бар. Оның бірі – ұлттық тіл, екіншісі – өзге халықтардың тілдері. Алғашқысы – терминжасамның ішкі көзі, ал кейінгісі сыртқы көзі деп аталады. Бұл көздердің термин шығармашылығында пайдаланылуы – ғылым-білімнің даму деңгейіне, ұлт тілінің қоғам өмірінде алатын орнына тікелей байланысты.  Бүгінгі ғаламдану жағдайында екі көздің екеуі де терминжасам үшін қажетті көздер болмақ [4, 184].

Терминология – ақпарат алмасу көзі, мамандықты меңгерудегі құрал, техникалық прогресті жылдамдату тәсілі ретінде адамдар арасындағы қарым-қатынаста маңызды фактор болып табылады. Терминологиядан қоғамдағы тарихи өзгерістердің кезеңдерін, себептерін, өркениеттердің тегін, тілдің мәдени, ғылыми, техникалық әлеуетін тануға болады.

ХХІ ғасырдың жоғары жылдамдықпен өзгеріп жатқан өмір ағысында әрбір индивид өзінің кәсіби біліктілігі арқылы, белгілі бір арнайы тілдің (ғылым саласының) иесі ретінде танылады. Бұл білім беру саласында терминдердің мәнін дұрыс түсіндіру, олардың табиғатын тану мәселесін өзектендіре түседі.

Адам қызметінің белгілі бір арнайы саласының, ғылымның көрінісі ретінде терминдер жүйесі сол білім мен ғылымның қаншалықты меңгерілгенін танытады.

Қазіргі қазақ тілінде терминдік сөздердің туу және жасалу жолдары сан алуан, соны ұғымдар мен жаңа атаулар терминдер жүйесінен орын алуда.

Қазақ тілінде термин жасау, қалыптастыру, тұрақтандыру, қалыптандыру, терминологияны жүйелеу, реттеу жұмыстарын дұрыс жолға қою, жалпы ғылыми-техникалық терминологияның даму бағытын белгілеу  сияқты   ауқымды да күрделі мәселелердің шешімін  табу оңай емес.

Сондықтан ұлттық терминологияны дамыту мәселелерінің дұрыс шешілуі мемлекеттік тіліміздің де дамуына тікелей әсер етеді, өз мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз етеді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

   1. Рахимова Н.Б. Мемлекеттік тіл мәртебесінің ерекшелігі / Известия вузов. – Бишкек, 2006. –№1-2, 2006. – Б. 216-218.

         2. Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы Заң. – Астана, 1997.

3. Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминденуі. –Алматы: Ғылым, 1998. –208 б.

4. Құрманбайұлы  Ш. Терминқор қалыптастыру  көздері мен терминжасам тәсілдері. – Алматы,  2005. – 238 б.