Қанапина Биғанша Төлеуханқызы

Қазақстан.Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты,қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы

  Көркем мәтін тіліндегі сөз- символдың қолданыс ерекшелігі   

         Қазіргі таңда, қоғамның жаңа буын өкілдерінің танымында «ғашық болу», «ұнату», «махаббат» ұғымдарын тілдік емес таңбалар арқылы берудің жаңа тәсілдері жиі кездеседі. Оны бүгінгі қоғамдастық мүшелері бұл ұғымдардың символдық мәнін математикалық «+» таңбасымен немесе эстетикалық танымға сай жүректің бейнесі, қос аққуды бейнелеу арқылы обьективтендіреді. Мұндай таңбалық белгілердің бала танымындағы көрінісін зерттеуші М.Қабанбаевтың шығармаларынан тапқан. Мысалға суреткердің төмендегі мына сөйлемдерін  береді, атап айтсақ, « - Сенен жасыратын не бар. Саймасайдан кек алу керек болып тұр. Кезекшісің ғой, көмектесіп жібер. Тақтаға бормен «Арын+Нағима» деп жаз. Қорықпа, тасқа басқандай ғып жазсаң, сенің қолың екенін ешкім ажырата алмайды деген мысалдағы «+» таңбасы Арын мен Нағиманың арасындағы «ұнату», «жақсы көру» ұғымдарын белгілеп тұр» [1,63б]. Ал қаламгердің  «Қала және қыз бала» әңгімесіндегі мына бір мысалын көрсек: Әбден сасқан шеше жұмыстағы жолдасына телефон соқса, цех аралап кетіпті. Дереу "03"-ті теріп, мән-жайды қысқа баяндайды. «03»-тегі апай әуелі: - Бір балаға ие болмай ай қарап, жұлдыз санап жүрсіздер ме? - деген зілді сөздерді төгіп-төгіп тастайды. Яғни «03» - тілдік ұжымның санасында «жедел жәрдем, «дәрігерлік көмек» ұғымдарының символы.

         Сонымен қатар ғалым З.Ә.Абдуллина Қабанбаев туындысынан, яғни «Се ля ви» әңгімесінен бала танымындағы «Күштілік» символын анықтайды. Ол былайша суреттеледі: «Біраз теперіштің шет жағасын көріп қалған жетім көңіл өзін кей-кейде  семсер, сауытты серілерге де санап көретін. «Өстіп жетіле келе Дон Кихот, Айвенго, Қобыланды, Ер Тарғын секілді ағалардай болсам, ауылдағы ноқай балалардың тәртібін қолға алсам, бағынбай бара жатса, маядай бақыртып, тақымға басып, жандарын көзіне көрсетсем» деген астам ойларға дейін баратын. Қаламгер шығармадағы кішкентай Мәмбеттің Дон Кихот, Айвенго, Қобыланды, Ер Тарғын тәрізді ұлт қаһарманы болсам деген қиялын баланың қоршаған ортасымен тығыз байланыстыра суреттеген» [1,66б].

         Бала танымындағы символдардың қалыптасуы оның қоршаған орта туралы түйсігі мен қабылдауына сай эстетикалық таным  нәтижесінде пайда болады. Бала санасында символдың алғы шарттары ұқсату мен бағалау, еліктеу құбылыстары арқылы құралады. Мектеп оқушыларының  танымында санада қалыптасқан ұғымдарға баға беруді ең алдымен күнделікті іс-әрекет пен қажеттіліктің деңгейінде анықтайды. «Төрт», «бес» таңбалары баланың санасы мен психологиясында жақсылықтың, қуаныштың белгісін айғақтайды» [1,69б]. Мұндай құбылысты автор жазушы М.Гумеровтың шығармаларынан айқындайды. Мәселен, -Бүгін Сартай соңғы емтиханды тапсырып, үйге аса қуанышты оралып еді. Емтихан болған екі сабақтың екеуінен де «төрт» алып, жетінші класқа өтті. Жылдық қорытындыда басқа сабақтардан алған бағасы да тәп-тәуір, «үшінен» «төрті» көп деген сөйлемнен байқауға болады.

         Ғалым еңбегінде зерттеушілердің теориялық тұжырымдарына сүйене отырып, таңбаның негізгі белгісінің бірі – оның еріктілігі деп көрсетеді. «Яғни жеке сөз терең негізді семантикалық құрылымдарды бейнелейтін дискурста қолданылып, одан кейін сол сөз арқылы берілген ұғымды адам метақұндылық ретінде бастан өткеретін болса, онда атау - сөз де жоғарғы формаға - символға айналады» [2,104б]. Осы тұста Б.Соқпақбаевтың, М.Гумеровтың, М.Қабанбаевтың  шығармаларынан алынған мына мысалдарды келтіреді.

         Б.Соқпақбаевта: Майра күн болса, мен күнбағыспын, онсыз тұра алмаймын. Майра гүл болса, мен көбелекпін, айналсоқтап шықпаймын........

         М.Қабанбаевта: Шіркін, амал нешік, үш әсем қызғалдақтың үшеуін де соғыс тажал мезгіл жетпей мерт етті. Үшеуі бірдей майданда қаза тапты.

         М.Гумеровта: Көңілдің  көбелегін өзіне магниттей тартып тұратын басқа гүл табылды. Ол – Күлән еді. Мен үшін енді дүниедегі ең сұлу, ең сүйкімді қыз осы Күлән метафоралы тіркестердегі кодқа салынған ақпараттардың мәнін айқын аңғаруға болатындығын анықтаған. Яғни тілдік бірліктердегі аялық білімнің мазмұнын анықтауға болатындығын көреміз.

         Балалар әдебиетінің тілдік ерекшелігін қарастыра отырып, қаламгерлердің бала психологиясын өте жете меңгергенін байқауға болады. Б.Соқпақбаев та, М.Гумеров та, М.Қабанбаев та көркем шығарма тілін баланың жас ерекшелік деңгейіне сай құбылтып, ондағы концепілік құрылымдар мен бала ұғымында қалыптасқан символдық белгілерді шығарманың мазмұнымен байланыстыра суреттеген. Сонымен қатар, ғалым қаламгерлердің тағы бір ерекшелігін сөз етеді, ол тілдік бірліктерді ұлттық мазмұнға негіздеп пайдалануы. Мысалға М.Қабанбаевтың «Әйнектің арғы беті» әңгімесінен алады:

-  Айта беріңіз...

-  Азагүл... осы жерде дайындала ма?

- Сенбей тұрсыз ба? - Күлім көз келіншек қаламын азагүлдер армиясына қарай сілтеп, кеңінен жайқады. - Өте беріңіз. Әуелі азагүл таңдап алыңыз. Айтпақшы, сәл бөгеліңіз. Міне, қалам, міне, қағаз! Қайтыс болған адамға деген арнауыңызды жазып жіберіңіз. Сіз сайлап, біз квитанция жазып жатқанда, қалыпшылар матаға түсіре берсін  деген мысалда автор «қайғы» семантикасын беретін «азагүл» атауын қолданады.

         Яғни, Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, М.Қабанбаевтың балаларға арналған көркем шығармаларына тән когнитивтік құрылымдағы этносимволикалық мәні айқын кодқа салынған тілдік таңба ретінде біз бала санасында жан-жақты қатталған «ойын баласы», «достық», «жалғыздық», «сұлулық», «бейбітшілік», «қайғы» лексемаларын алуымызға болады. Өйткені концепт ретінде танылған бұл іргелі ұғымдар баланың индивид ретінде психологиялық, әлеуметтік табиғатын, қоршаған ортамен қарым-қатынасын, тілдік қолданыстарын айқындайтын  дүниетанымдық ақпараттар жүйесін құрайды.

         Келесі бір зерттеуде, дәлірек айтқанда, зерттеуші А.А.Амангелдінің «І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәні» еңбегінде жылқы атауларының символдық мағыналарына да тоқталған.

         “Әлемнің қарапайым бейнесі когнитивтік модельде айқындалатын болса, ол өз кезегінде ұжымдық санамен, көзқараспен, ұжымдық философиямен байланысты болады. Демек, ғаламның тілдік бейнесі негізінен және толығымен адамдар санасындағы әлемнің логикалық бейнесімен сәйкес келеді. Ал ғаламның кез-келген ұлттық тілдік бейнесінің әмбебаптығын және өзіндік ерекшелігін айқындайтын метафора, теңеу және символ болып табылады” деп, жалпы шығармадағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәнін ашу кезінде халық ұғымындағы жылқы мағынасын көрсетеді [3,16б]. Яғни «Көшпенділер танымында, салт-санасында жылқы - интеллект (ақыл-ой) белгісі, ата-бабалар символы» болса [3,16б], енді бірде шығармада «халық ұғымында жылқы - сұлулықтың, беріктіктің, шыдамдылықтың символы» болып келеді [3,17б]. Мәселен, Адамға тесіле қарайтын үлкен сұрғылт көзді, ат жақты, ақсұр жігіттің топ жылқының ішіндегі ақалтеке, арғымағындай, бойшаң келген дене бітіміне қарағанда, оны он төрт-он бес жастарда деу қиын еді. Ғалым А.А.Амангелді зерттеу жұмысының екінші бөлімінде қаламгердің “Көшпенділер” романындағы жылқы атауларының символдық негіздерін бере отырып, жазушының өзіндік ерекшелігін анықтайды.

         Ғұлама жазушы М.Әуезов  «Әдебиет - тілмен әдебиет» деп айтқанындай, көркем әдебиетті  танудың кілті - тіл. Тіл жазушы  шеберлігін танытатын құралдардың бірі болып табылады. Р.Сыздық, Б.Шалабай пікірлеріне сүйенсек: «Көркем сөз сыртқы тұлғасы  жағынан да,  ішкі  мазмұны  жағынан да  ерекше  ұйымдасқан эстетикалық құрылымға ие. Өзінің  поэтикалық деңгейінде тіл белгілі бір мазмұнды  сырттай бейнелеуші  ғана болып қалмайды,  ол барлық  мән-мағынасымен, ішкі-сыртқы  болмысымен образды  мазмұнның  өзіне,  оның  құрамды  элементіне айналады. Басқаша айтқанда, тілдік таңба көркем  әдебиетте  мазмұнды  формаға ауысады» [4,10б].Яғни ертеден  келе жатқан ұлттық сөз қолданысымен қатар,  белгілі бір жазушы  туындысында ғана көрінетін,  пайда болатын  сөз қолданысы бар деуге болады.  Дәл осы  сөз қолданыс   жазушының  суреткерлік  шеберлігін  терең танытып,  сөз қолдану  мәнерін  айқындай түседі.  Алайда  жалаң сөз  қолданысы  шеберлікті  толық көрсете алмайды. Өйткені  ол шығарма  тақырыбы, идеясымен астасып,  соның жүгін  арқалап, образдылығын арттырып тұруы қажет. Сондықтан да көркем мәтінді  біртұтас  күрделі  құрылым ретінде  қарағанда ғана,  шеберлік  деңгейі айқындала  түседі.  Осыған  байланысты   суреткерлік  қырын танытатын  көркем мәтін  мазмұнын бейнелеуге  қатысты сөз қолданыстың бір түрі -  шығармада айтылмақ оқиғаның сырын тұспалдап ашатын, ишарамен білдіретін- сөз-символдарды  қолдану.    

         Қазіргі  қазақ тіл білімінде шығарма тіліндегі сөз-символдың зерттелуіне зор үлес қосқан ғалымдардың қатары баршылық. Әр ғалымның өз зерттеуінде өзіндік ерекшелік бар. Поэзия тілінде де, проза тілінде де сөз-символдың қаншалықты орын алатындығын зерттеушілердің еңбегінен көруге болады. Сөз-символ жазушының айтпақ ойын дөп басып, шығарманың бейнелілігін арттыру үшін қажет. Жеке автор қолданысындағы символдың мәнін ашу, мағынасын тану арқылы ғалымдар жазушының шеберлігін таниды. Жазушы сөзді символдық мәнде қолданғанда, белгілі бір стильдік  мақсатты көздейді. Осындай бағытпен белгілі жазушы Т.Ахтанов та соғыс тақырыбына арналған «Шырағың сөнбесін» романында сөз-символдарды қолдануда шеберлік танытты. Аталған қаламгердің шығармадағы сөз-символдарды пайдалануда өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік зерттеу жұмысымыздың  келесі тарауында қарастырылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.Снасапова Г.Ж. Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» повесіндегі лингвомәдени бірліктер. Филол. ғыл. канд. дисс. авторефераты.-Алматы, 2003.-29б.

2. Имашева Г.Е. Міржақып Дулатұлы шығармаларындағы ғаламның тілдік бейнесі. Филол.ғыл.канд.дисс.авторефераты.-Алматы, 2007.-25б.

3.Абдуллина З.Ә. Балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілдік тұлғасы (Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, М.Қабанбаевтың шығармалары бойынша). Филол. ғыл.канд.дисс.авторефераты.-Алматы, 2008.-30б.

4.Ниятова Ш.С. Махамбеттің тілдік тұлғасы. Филол.ғыл.канд.дисс. авторефераты.-Алматы, 2007.-26 б.