Тулегенова Шынар Исланбекқызы

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

 

«ЖАСАУЫЛ ҚЫРҒЫНЫ» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТРОПТАР, ТЕҢЕУЛЕР.

 

Фольклор, ауыз әдебиеті сонау ықылым заманнан бері қарай ғасырдан ғасырға жалғасып, халық жадында келеді, мәңгі жалғаса бермек. Қазақ халық поэзиясынан сусындап өскен ақын, ауыз әдебиеті нұсқаларын жырларына үлгі-өрнек ете отырып, «қалың елдің күндегі тұрмыс  қазанында қайнап пісіп, дүниеге келген» (А.Байтұрсынов) халықтық тілді өз сөзімен қолданып, айтпақ ойын шашыратпай түйіп, дәл де айқын етіп, айшықтап, әсерлеп жеткізе білген, яғни, ақын жырларының «ел аузынан түспейтін» құндылығы – осы халықтығында жатса керек.

Сазды Әйет Сарыарқада Түйемойнақ,

Сарыжайлау, сабатына бие байлап,

Отырып уық тастам көшпелі елдер

Ететін ала шаңдақ үнемі ойнақ.

 

Тірілген шыбын-шіркей шілде шалып,

Көк майса құлпырған кез жер жасарып.

Өткен күз ел көшкеннен бермен қарай

Қонбаған жалғыз ауыл ірге салып [1,520].

«Жасауыл қырғыны» дастаны осылай басталады.  Кедір-бұдырсыз, мінсіз құйылған өлең. Себебі – буын, бунақ саны өзгермейді (Н.Ахметбеков жырларында буын, бунақ саны үнемі біркелкі сақталып отырады) Бұл өлеңнің ырғағын да бірқалыпқа түсіріп, әуенге салып айтуға жеңілдетеді. «Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне, көрнекті, әуенді болу жағын да талғайды» (А.Байтұрсынов). оның үстіне жер, ел атауларына орай соған үндес, әрі күш беретін, әрі айқындай түсетін, дәлірек айтқанда, эпитетті (айқындауды) – «заттың, құбылыстың айырықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөздерді» (З.Қабдолов) пайдаланған сарыарқаның алдына сазды Әйетті, Сарыжайлаудан кейін сабат сөзін алуы өлеңге көрік те, беріктік, күш-қуат беріп тұр. Өлең төрт буынды түбірлі ұйқаспен қамшыдай шебер өрілген.

«Уық тастам» - қазақ менталитетіне ғана сай өлшем. Оқыған сәтте көкейіңе қонып, көкірегіңді оятып, ұлттық сезіміңді қытықтап, жаныңды әлдебір сағынышқа бөлейді.

Ақын синоним сөздерді таңдап алады. Бұл жерде басқа қай өлшемді алса да дәл осындай болып шықпас еді. Мәселен «уық тастамның» орнына «он қадам», «он метр», «таяқ тастам» десең де әсері жоғарғыдай болмасы анық. «Ететін ала шаңдақ үнемі ойнақ» та жайдан-жай айтыла салынбаған. Бұл оқушыға алдағы болар оқиғаны меңзету, «жасауыл қырғынына» апарар, соған бастар, соған барар жол.

«Тірілген шыбын-шіркей шілде шалып» кез келген ақынның тіліне орала бермейтін тіркес. Ақын бұл жерде шілденің жылуының бар тіршілікті, тіпті шыбын-шіркейге дейін тірілткенін бейнелей айтып отыр. «Көк майса құлпырған кез жер жасарып» - жерге жан бітіріп, оның сонылығын «жалғыз ауыл ірге салып» ел қонбағандығымен дәлелдей жеткізеді.

Бұдан әрі дастан «Жағалап жанбауырлай Бестөбені, Ызғындай қызыл-жасыл көш келеді» деп жалғасады, қандай әдемі сурет?! «Жанбауырлай» дейді автор. Бұл сөз көбіне-көп бауырымен жорғалаушыларға, соның ішінде жыланға байланысты айтылған. Ақын соны әдейі көштің қандай көш екендігін жеткізу мақсатында алған.  Өйткені, көш жәй көш емес, елге бүлік алып келе жатқан көш. Кейін «Айбыны жұрт көңіліне қорқу салды, Аңсызда бір аждаға келгендей боп» деп бұл тұспалын нақтылай түсіп, еселей жеткізеді.

Көш Шаңдақкөлге «еңкейіп келе жатыр». Ақын тағы да синоним сөздерді таңдап қолданған. «Жақындап», «таяп», «жуықтап», «жанасып» демейді, «еңкейіп келе жатыр» деп көзбен көріп тұрғандай айтады.

«Жағаның жасыл тартқан балқашында, көш алдында тіккен шатыр көрінеді. Шатырдың тіреулері жалт-жұлт етеді. Ішінде күжілдеген кілең бөрі, жамбастарында селебелер жарқылдайды. Жасыл сырлы керегелер жайылып, оқалы үзік, дөдегелер ат үстінен сырықпен көтеріліп жабылад».

Жанды сурет жалғаса түседі:

Тартылып жібек белбеу, шым зерлеген,

Ақ киіз оймышталған күн көрмеген,

Алтындап шаңырағына шоқ орнатып,

Шеңбері шымқай күміс күмбезденген.

 

Ақ үйлер жұмыртқадай қатарласып,

Иесіз жер ен даланы мысы басып,

Бәрінің тәңірісіндей ортасында

Аңғарын бір ақ орда тұрған ашып.

 

Қаңтарып ылғи жарау атты парлап,

Нарларды қызыл бұйра шапқатарлап.

Қақтырып қайың қазық, желді тартып,

Тулатып асау, тағы құлын байлап.

«Селебе», «дөдеге», «оқалы үзік», «белдеу» қазір жиі айтыла бермейтін көне сөзге (арахизмге) айналып бара жатқан киіз үйге байланысты атаулар. Ал «Шапқатарлау» - түйені айқастырып қаңтару екен. «Алтындап шаңырағына шоқ орнату» да көбімізге беймәлім әшекей. «Қызыл бұйра» нарлар, «қайың қазық», «асау, тағы құлын» тың айқындаулар.

Одан әрі хан ордасының іші-сырты суреттеледі. Ертедегі, аңыз әңгімелер оқып, батырлық, ғашықтық эпостарды жаттап айтып өскен ақын қиялға бай. Көргенін қалт жібермейді, сезімтал да аңғарғыш. Бәрін көз алдында жандыдай елестетеді. Сондықтан сен де сол хан сарайын көріп тұрғандайсың.

«Ылғи шонжарлар жиналған ордада сары қымыз сапырылып, қырық кісі бұйым емес хан ордасы лық толып, дәл осы күн тығыз. Ауылдан аулағырақ бір діңгек тұр. Сырғауылдан ұзын желді тарттырған және бір ат байлайтын, шамасы ат шаптырым (асырап айту!) ағаш керте жасалған. Қамшыларын ерлерінің басына іліп, бәрі жаяу жүріп келеді. Ордаға тексеріп, аты-жөнін әбден біліп, рұқсатпен кіргізеді. Желіге қатар-қатар мал – буыршын, боталы інген, нар байланған. Семіз ат, тайлы бие ноқталанып, желіні толтыруға ыңғайланған. Жұрт қақырмай, жөтелмей шарт жүгініп, қатты күліп, бейсауат сөз сөйлемейді. Ызыңдап шыбын даусы естілмейді. Үстіне бұлған ішік жамылып, екі көзі шарт жұмылып, үйді де, әскерін де сайлап, хан ақ аюдың бөстегінде отыр. Жанында тап беріп бір кісіге шабатындай терісіне жандандырып жүн тыққан жолбарыс, босағада жабысып қарауыл тұр. Шектеулі ыдыс-аяқ шылдырлап, алтын-күміс шай құралы жарқырайды.  Хан тұсында қынабынан суырылып, өткір қылып салбырап ілулі тұр».

Ханның кескін-келбеті де ерекше. Болып жатқан, болғалы тұрған оқиғаның ішінде өзің жүргендей күй кешесің.

Төртбақты адам екен бойы тапал,

Қайқы мұрт, бурыл жирен селдір сақал.

Қой көздер тарамданып тарғыл тартқан,

Отты ұшын зәреңді алып оқтай атар.

 

Дөң мұрын иегіне біткен еңке,

Секілді кесек томар жатқан келтек.

Кетеді кейде ілгері, кейде кейін,

Сөйлесе басындағы алтын телпек..

 

Ежелден елде өшпенді кегі бардай,

Түнеріп ашылмайды хан қабағы...

 

Бұл қазақ қайдан білсін ханның ырқын?

Кернеген тәкаппарлық іші-сыртын.

Бір кенеп көкірегін, шаңқ етті хан

Кірпідей тікірейтіп селдір мұртын.

Хан образы өз сөздері арқылы да ашыла түседі:

Жауап бер, жарлығыма көне ме елің?

Ас, ғұшыр, малдан зекет бере ме елің?

Арқада ардаланып кетіпсіңдер

Ортаңда болмаған соң төрелерің.

 

...Үш жүздің баласының ордасы бұл,

Жоқ сенің менен басқа иелерің.

Қолымнан ешкім бөліп ала алмайды,

Сен қазақ, азығым да, атым да сен.

Нұрхан оқиғаны суреттеуге асқан шебер: «Ел жатып, түн аударып  (бейнелі сөз!) дамылдаған. Түндіктерді жамылмаған бір үй жоқ. Ала таңға бір ұйқыдай қалғанда дауылдаған бір екпін қатты соғады. Көп жылқы көлдің бойын дүрілдетіп, жалқұйрықтары суылдатып, гуілдетіп, тұяқтары су сабатын солқылдатып, қалың елдің үстімен өтіп барады. Тақырда ат тұяғын тақылдатып, тебініп үзенгісін шақылдатып, жылқыны үсті-үстіне сойылдап, қайың құрықты шатырлатып сындырып, қараңғыда балта, кетпен жоғалып (бейнелеп  айту), сойыл біткен оңайлықпен таптырмай, таңасқан арқандаулы аттар да қиқудан үрке шауып, арқандарын үзіп кеткен, жау қарқыны қатты. Қойшының да тай-тулағы жоғалып, аспанды қара бұлт басқан, көзге түртсе, көргісіз, анда-санда найзағай жарқылдайды (Егіздеу – параллелизм!) «Екі ұдай нәрсені, құбылысты, ұғымды, сезімді қатар қойып, жұптап суреттеу» - З.Қабдолов өлеңнің эмоциялық қуатын күшейте түскен.

Зар қағып қатын-бала еңіреді,

Ың-жың боп кетті ауылдың төңірегі,

Ит үріп, түйе боздап, қой дүркіреп,

Сиырлар азан-қазан мөңіреді.

 

Жау қақты көн қарағай дабылдарын,

Дабылдың естігенде ел қағылғанын –

Тығылды қыз-келіншек жер ошаққа,

Жамылып ат, түйенің жауларын.

 

Ауылды қаптаған жау келе басты,

Найзаның ұшыменен түндік ашты, -

Қалған ел қамтамада қайда барсын? –

Тұра алмай жауға қарсы үйге қашты...»

Нұрхан ақын кейіпкерлерінің істеген ісі арқылы жауыздығын көрсетіп, халықты одан түңілдіреді.

Ақын поэмалары мен өлеңдерінде бейнелі, бедерлі сөздер жиі ұшырасады: «Торғайдың тусыраған қара отына жылжымай айдау жеген мал күрмелді», «Халықты қайырымымен қандырушы еді», «Дүниенің домбырасын бұрай-бұрай», «Ыңырсып сары самаурын келді қайнап», «Қабағы бір жабылып, бір ашылып, желдетіп құйды  аспаннан қара нөсер», «Өкпек жел мұз өкпесін жегідей жеп, іркілдеп жөнелді қар егіле кеп», «ойрандап зымыстанның ақ қаласы» (Ақ қала деп автор қарды айтып отыр), «Күнгей бет көңілденіп сала берді», «Көтерем көк сиыр да көтеріліп, бұтына байлап келді қойдың санын», «Ұяттың оты көзден шашылып тұр, сәбилік өткелінен өтпегендей», «Сыры бар сыпасынған сыртындағы, шаланы көрсетпейді ұртындағы»... Неткен бедер, неткен бейнелі сөздер.

Теңеулері де жаңа, дәл: «Желгенде жер үйіріліп қала берді, бетіндей диірменнің дөңгеленіп», «Қайғының мас болғандай нашасына», «Ұмтылды төсегінен тұрды Балым, ұядан ыршып ұшқан ала үйректей», «Сәбидей алақанын шапалақтап», «Жыланша қыс та келді жерді жалап», (Әрі бейнелі сөз!), «Желігіп желді күнгі көшкен бұлттай, жөнелді қалың сарбаз соғысарға», қымызды піспектеген кемпірдей-ақ, көк аспан көк сабасын күрпілдетті»...

Көріп отырсыздар, зер салып оқыған адамға бірден аңғарылатыны – ақын өлеңдері халықтық нақышқа толы.

Қоңыр жел, зауал ауа екіленіп,

Үйілген жал-жал қарды екі бөліп,

Ала бұлт Ақжайықтан ойнап шығып,

Шығысты шыр айналды шеті келіп.

Автор алғашқы  екі жолда көктем желіне жан бітіріп, оны іс-қимыл үстінде көрсете, екінші екі жолда ала бұлтқа тіршілік беріп, оны Ақжайықтан ойнатып шығарып, бір шетімен Шығысты шыр айналдыртады. Сөйтіп өлеңді құбылтып, құлпырта түседі. Құбылтудың (троптың) бұл кейіптеу түрі. «Кейіптеу – ертегілер мен аңыз әңгімелерде жиі қолданылатын тәсіл» (З.Қабдолов). сонымен бірге бұл гипербола! Шумақта айқындау да, аллитерация, ассонанс та, образды сөз де бар. Өлең динамикасы қуатты, иірімді. Оқиға – іс-әрекет бірінші жолда басталып, екінші, үшінші жолға ұласып, алғашқысы кейінгілеріне поэтикалық екпін беріп, төртінші жолда түйінделеді. «Поэтикалық  энергия – ақындық рухтың сәулесі» (Тұрсынжан Шапаев).

Нұрхан ауыз әдебиетінде жиі ұшырасатын троптың бір түрі – ұлғайтуды (гипербола) орнымен дәл тауып қолдана біледі:

Алтыншаш арқасында алпыс өрім,

Көрінер күн шұғыласы бұрымынан.

Шұрқырап жылқысы өсті буырылдан,

Тозаңы күндік жерден суырылған.

 

Ай қасқыр сиыр өсті ақ бауырдан,

Әукесі ақтүндіктей қатпарылған.

Мысалды Ұлытаудың бұлағындай,

Қаймақ, сүт, май шұбырып ақтарылған.

Асырып айту осындай-ақ болар! Бірақ сенімді! Өйткені ақын сендіріп айта білген!

Бұл халық поэзиясында бар дәстүр. Дәстүр – шығармашының  өзіне дейінгі ақын-жыраулар поэзиясының озық үлгілерінен үйренуі, әсерлеу, бейнелеу құралдарын, өлеңнің өлшем-өрнектерін өз өлеңдерінде сол қалпында қайталамай, орнымен қолдана білуі, дамытуы. Дәстүрсіз жаңашылдық жоқ. Ақын бұрынғы ақын-жыраулар дәстүрін сақтай отырып, өзіндік үнін, бет-бейнесін, бедерін, қолтаңбасын табуы керек. Ол талант қарымына байланысты. Әйтпесе бұрынғы ақындар айтып кеткен, жүріп өткен жолдан аса алмай, солардың көлеңкесінде қалады. Ал шын талант иесі өз соқпағын табады. Сөйтіп дәстүр жаңашылдыққа бет бұрады. Жаңашылдық қайтадан дәстүрге жетелейді. Осы үрдіс осылайша ғасырлардан - ғасырға жалғаса береді.

«ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар мен ақындар халық ауыз әдебиетінің көптеген жанрлық үлгілерін пайдаланып, ұстартқан болса, бұл дәуірдегі жыраулар мен ақындар мұрасынан олардың көркемдік тәсілдерінен кейінгі дәуір ақындарының талайы үлгі алғандығы аңғарылады. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы  жыраулар мен ақындар қолданған сөз тіркестері мен жыр жолдарының, бірқатар көркемдік әдістері мен кейбір ойлардың кейінгі ақындарға сол күйінде, не өзгерген, ұстарған жағдайда кездесуі олардың арасындағы дәстүрлі байланысты танытады».

Нұрхан да өзіне дейінгі халық поэзиясының бедерлі, бейнелі көркем, нақыштарынан гүлдерден бал жинаған  бал арасындағы бойына нәр, күш-қуат алған. Сөйтіп оны өз жырларында сәтті қолданған.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.    Ахметбеков Н. «Жасауыл қырғыны». Амангелді.-Алматы: Жазушы,1990ж.

2.    Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. Екінші басылуы. Алматы, 1998ж.