Мұхтар Әуезовтің
«Көксерек» әңгімесінің тақырыбын таңдап
алуының бір себебін жазушының жұбайы Валентина Әуезова
былай деп еске алады: «Бірде мен қабырға күнтізбесін (1929
жылдың) сатып алдым. Сол күнтізбе Мұхтардың жазу
үстелінің тұсында ілулі тұратын еді. Сонда белгілі
суретшінің салған суреті бар болатын – қысқы түн,
қар жамылған меңіреу дала, сонау алыста көз
ұшында қар басқан кішкентай деревняның оттары
көрінеді. Ең алдыңғы қатарда түнде
жортқан қасқыр тұр. Міне, сол сурет Мұхтар
Әуезовтің сонау жас бала кезінде кәнігі аңшылардан
естіген әңгімелерін есіне түсірген болуы керек, енді міне,
күн сайын көз алдынан осы суреттегі көрініс кетпеген Мұхтар
өзінің «Көксерек» әңгімесін жазған
болатын», — дейді.
«Көксерек» әңгімесінде
жазушы қасқырдың мінез-құлқы, өзіне
тән табиғи қасиеттерін тақырып етіп алып, айналаны
қоршаған табиғаттың өз заңы, өзіндік
ерекшелігі бар, оны адамдардың түсіне білуі қажет деген ойды
көксейді.
Аңшылық тақырыбы
дүниежүзілік әдебиеттің ең бір көне,
күрделі бөлігін құрайды. Аң аулау —
адамзаттың балалық шағына оралу, жабайы қауымына
инстинкті сағыныш іспетті, өркениеттің тас қапасынан босануға
әрекет; аңшылық — мәңгілік робинзонада, ол —
тіршілік үшін күрес, қан төгу, бір
мақұлықтың екінші бір хайуанды қудалауы.
Аристотель мен Платонда аңшы және
философ мағынасы бірдей ұғымдар.
Қан төгілу — әрі
қылмыс, әрі мистика. Қанда құдірет пен
құпия бар. Американ әдебиетінде моби Дик болмаса
Фолкнердің «Аю» повесі мен Хемингуэйдің «Шал мен теңіз»
повесі тумас еді деп кесіп айтады әдебиет сыншылары.
Әуезовтің «Көксерегі»
қазақ әдебиетіндегі кіші проза жанрында «Сегіз қызым
бір төбе, Кенжекейім бір төбе» дегенге саяды. Меллвилл,
Әуезов, Фолкнер, Шолохов сынды ұлы жазушылардың
шығармасында өскен өлкенің әр бұтасы мен
жас шөптерінің иісі аңқып тұратыны ғажап.
«Көксерек» — қыз иісі ерен
туынды. Астарлы түрде бұл өркениеттің темір етігі
таптамаған, жат пиғылдардың әрі салқыны тимеген,
бірақ батуға таяу көшпенділер мәдениетінің ерен
бұла сүт аңқыған уыз иісі болатын.
Бұл біздің күн түбіне
жортқан, қоғалы көлдер, қом сулар жайлаған,
жарлысы мен байы тең кең байтақ өлкенің текті
ұрпағы көшпелі бабаларымыздың жұртында
қалған жұрнағы тәрізді.
«Көксерек»
әңгімесінің көк тәңірісіне қарап
ұлитын символикасы да, оның тілмен айтып жеткізгісіз трагедиясы да
сонда еді. Фолкнердің «Аю» повесіндегі аңның өлімі —
өркениеттің басы көктеп, орман-тоғайды жойып,
өзендерді ластап, табиғаттың тозуын бейнелейтін
қарғыс тәрізді болса, М.Әуезовте жыртқыштың
күйреуі ұлттық тағдырды кестелейді. Бұл
сейілмейтін мұң, қара көзден аққан
қанды жас, тексізденуге, тобырландыруға, жаһандануға
үкім етілген аз ғана ұлттық қайғы
қасіреті мен бейнетін азалайтыны хақ. Көксеректің аталы
ана тілге, ата-баба поэзиясына төнген рухани апат болатын,
аты-қазақша, баласы-орысша, немересі-ағылшынша сөйлеуге
жазған құлдық психологияның зіл-батпан
салмағын ауырсынудан туған зарға ұқсайтын. “Көксеректегі”
жазушының сүйіп жазған сөзі – көк, көк
күшіктер өмірдегі құштарлықтың
тұспалына айналды. Көк сөзі қазақта
тәңір, аспан, табиғат, шөп, от, кие, қасиет деген
ұғымдардың да синонимі екендігі белгілі.
Біздің кейбір
әдебиетшілерімізде бір қызық адасу бар. Мұхтар
Әуезовтің қасқыр туралы әңгімесі
айтылса-ақ, Джек Лондонды тілге тиек етеді. Мұхтар — Көксерек
болса, Джек Лондон Мартин Иден екенін ұмытпаңыз.
Мұхтар Әуезов пен Уильям
Фолкнерді сондай бір ұлы символикасы мен жүректің
қынжылуы жағынан қатар қоюға әбден болады.
Мәселе, олар бір-бірін білді немесе білмеді дегенге тіреліп
тұрған жоқ. Құрмаш түз
тағысының құртымдай күшігіне деген ыстық
махаббатқа ұқсайды. Көксерек үйге келгенде
Құрмаш балалығынан, еркелігінен күрт безінгенде
әжесінің қойнынан шығып кетуші еді ғой.
Джек Лондонның “Ақ азуы”. Джек Лондон
қасқыр әлемін бейнелеуде Жалғызкөз бен
Кичидің күшігін шебер
пайдаланған. Көк бөлтіріктің жаңа өмірі
индеецтер қолына түскеннен кейін басталған. Ендігі аты –
Ақ азу. Джек Лондон қасқыр тірлігін суреттеу арқылы
зұлмат орта моралін айыптау, адамдар арасындағы қым-қиғаш
сырларға емеурін жасап, меңзеу әсірелеу арқылы ішіне от
тастайды, сезімің, ойың тұтанып жүре береді.
М. Әуезов “Көксерегін”
оқығанда есіңізге осы шығармалар түседі.
Салыстырып, біріне-бірін байланыстыра қарай бастайсың.
Әуендес көріністер, үндес сарындар, реңдес бояуларды
табу қиынға соқпайды. Бауырда жатқанында емшектестері
түгел өлтіріліп, қолға түскен күшік,
иттердің кергісінде, мойнында шынжыр кесіп өскен бөлтірік,
бөлінер ортасына қайта қашып барып топ бастаған
көкжал, кісі жеген қандыауыз, ақыры адам қолынан, ит
аузынан опат тапқан қасқыр. Бұл бір жазушы екінші
жазушыдан жиендік жасап, оп-оңай көшіріп ала салған дайын
сюжет, өзгермес қалып емес, құбылыс сипатынан, объекті
ерекшелігінен туған жалпы ұқсастық.
Әуезов “Көксерегі” –
реалистік әдебиет дәстүрі тудырған мотивтерді шеберлік
палитрасындағы сан алуан бояулар мүмкіндігін өз
мұратына орай өнерпаздықпен шақырту арқылы
жазылған жаңа тынысты шығарма. Автор шағын
көлемге мол мағына сыйдырған.