Себдайырова Айгерім Маратқызы

 

Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің 1 курс магистранты

Поэтикалық мәтіндерді аудару барысында кездесетін қиындықтар

           Аударманың адам қызметінің ең көне түрі екені даусыз. Әуел бастан аударма тілі басқа адамдардың бір-бірімен араласуына мүмкіндік тудырып, аса маңызды әлеуметтік қызмет атқарды. Жазбаша аудармалардың таралуы адамдарға басқа халықтардың мәдениетімен танысуына кең жол ашып, әдебиеттер мен мәдениеттердің араласып, баюына жағдай жасады. Шетел тілін білу кітаптың түпнұсқасын сол тілде оқуына негіз болады, алайда  шетел тілін үйрену әркімнің қолынан келмейді, ал бір адамның кітаптарды әдеби тілдердің баршасында, тіпті көпшілігінде оқуы мүмкін емес. Рудаки мен Омар Хаямның, Шекспир мен Гетенің, Толстой мен Достаевскийдің, Абай мен Шәкәрімнің ғажайып шығармалары аударманың арқасында ғана адамзаттың игілігіне айналды. Әдебиет әр  халықтың күллі тарихымен, оның барлық даму жағдайларымен шартты түрде байланысты және басқа халықтар әдебиетімен қарым – қатынаста болды. Осы қарым – қатынас ішінде аударманың орны ерекше. Сонымен қатар, аударма – ақынның дүниетанымдық қорын байытудың баға жетпес көзі ретінде белсенді қызмет атқарады. Аударма ұғымының қолданылу аясы өте кең. Бір тілден екінші тілге поэзиялық және прозалық шығармалар, публицистикалық мақалалар, ғылыми әдебиеттер, ресми іс қағаздар, саяси және қоғам қайраткерлерінің, шешендердің сөйлеген сөздері, кинофильмдер аударылады; әр түрлі тілде сөйлейтін адамдар тіл табысу үшін аудармашылардың көмегін қажет етеді.  Көркем аударма – әдеби шығарманың бір тілден екінші тілге аударылған нұсқасы, көркем әдеби шығармашылықтың бір саласы және түпнұсқасының стильдік, көркемдік ерекшеліктерін мейлінше нақты сақтап көрсету. Бұл жерде аудармадағы ең қиын – лингвистикалық ерекшелік емес, ал түпнұсқасының көркемдік жағын дұрыс жеткізу, яғни аудармашы туындының образдық әлемін, автордың идеясын, позициясын және стилін нақты, дәл көрсете білуі. Көркем аударманың бүгінгі әдеби процестегі алатын орны үлкен. Аударма арқылы бір халықтың таңдаулы әдеби шығармаларынан басқа халықтың өкілдері де сусындай алады. Поэтикалық мәтіндерді аудару барысындағы қиындықтар жалпы  аудармада кездесетін мәселелердің шешілмегендігімен байланысты. Ол өлең жолдарының құрылымы немесе лексико-семантикалық мағынасының жоғалуы салдарынан туындайды. Аудармашылар поэтикалық мәтінмен жұмыс жасау барысында авторлық мәтіннің өзіндік ерекшеліктеріне өте мұқият болуы шарт. Аударма барысында түпнұсқа мәтіні мен аударма мәтінінің өлең жолдары жүйесінің құрылуы және фонетикалық, лексико-стилистикалық, грамматикалық құрылымдар секілді қиындықтар кездесетіні мәлім. Осы мәселелерге байланысты Л.С.Бархударов, В.Н.Комиссаров, А.В.Фёдоров, С.Ф.Гончаренко, И.С.Алексеевалардың жұмыстары бағытталған.

Аударма теориясы 1950 жылдары дами бастады. Уақыт өте келе поэзияны аудару көркем аударманың бір түріне жатқызылды. Өлең жолдарын аудару барысындағы ерекшеліктер жайлы Л.С. Бархударов былай жазған: «Поэтикалық шығарма аудармасының жоғарғы деңгейге жетуі-көркем аударма теориясында көп қаралмаған мәселелердің бірі болып табылады. Поэтикалық мәтіндерді аударуда қойылатын қатал талаптар сол жанрдың өзіндік ерекшелігіне, яғни аударманың тек мағынасы емес оның серпінді-әуендік және композициялық құрылымына, поэтикалық мәтіннің жазылған тілінің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты, - осының бәрі поэзия аудармасының аударма мамандығының ең қиын саласына жатқызылуының себепшісі болып табылады. Осыған байланысты теория жағынан болсын практика жағынан болсын поэтикалық шығармаларды аударған талантты да шебер аудармашылардың еңбектерін зерттеп, саралап осы мәселердің шешу жолдарын іздестірген жөн.» [Бархударов,1964, 41 б.]

Поэзия – әдебиеттің ең жоғарғы стиліне жатқызылатыны баршаға мәлім, ал осы стилді аудару үшін тек аудармашы болу аздық етеді, ол үшін тек аудармашы болып қоймай поэт болу шарт және осыған байланысты қойылатын талаптарда аз емес. Бір жағынан тілдік нормаларды сақтап қалу міндеті тұрса екінші жағынан шығарманың эмоционалды-эстетикалық мағынасын жоғалтпау мәселесі туындайды. И.С. Алексеева өлең құрылымының сақталуының келесі жолдарын көрсеткен: 1) көлемнің сақталуы; 2) каденцияның сақталуы, яғни ұйқастықтың болуы не болмауы; 3) ұйқастықты кезектестіру; 4)  өлең жолдарындағы лексикалық және синтактикалық қайталану санының сақталуы; 5) түпнұсқа өлең құрылымының жүйесіне жақын аналог табу; 6) бейнелеу жүйесінің тәсілдерін дұрыс беру (стилистикалық, синтактикалық, морфологиялық, лексикология және узус). Аудармашыға қойылатын ең бірінші талап ол – өлең жолдарының поэтикалық құрылымын дұрыс беру. [Алексеева, 2001, 186 б.]

         Аудармашы поэтикалық аударма жасау барысында тек түпнұсқа мәтінді ғана емес, сол мәтіннің авторы жайлы, яғни оның өмір сүрген ғасыры, өмір тарихы, басқа да шығармалары жайлы ақпараттандырылған болуы тиіс. Бұл аудармашыға аударма мәтінінің түпнұсқа мәтінге неғұрлым жақындата келе, сол мәтіннің авторының тілімен сөйлеп, өмірлік көзқарасымен қарай отыра оқырманға дәл түпнұсқаның мән-мағынасын жеткізуге үлкен ықпалын тигізеді.

          Қорытындылай келе аударма саласының оның ішінде көркем аударманың өзіндік қиындықтары бар екендігіне көз жеткіздік, ол қиындықтарды аудармашы салғастыра және салыстыра зерттей отырып, аударма мәтінін жоғарғы деңгейде оқырманға жеткізе алады. Көркем аударманы оның ішінде поэтикалық мәтінді аударуда әр тілдің өзіндік нормаларына сай беру және оны көркемділікпен жеткізу тек аудармашы болумен шектелмейді, ол үшін әрі ақын әрі жазушы болу шарт. Аударма мамандығы әр қилылығымен, әр түрлілігімен ерекшеленеді, осы саланы алып жүру үлкен еңбек пен шабытты талап етеді, осыған орай аудармашы жан-жақты, дүниетанымы мол және қоршаған ортасына көзқарасы түзу болуы керек. Себебі, аудармашы өз аудармалары арқылы әр ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өзіндік көзқарастарын таныстырушы әрі жеткізуші.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Бархударов Л.С. Язык и перевод. Москва, 1964

 2. Алексеева И. С. Профессиональное обучение переводчика. Санкт-Петербург, 2001.