Досова А.Т.

 

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті

 

Саятшылық пен мал шаруашылығына қатысты лексиканың этномәдени сипаты

 

Тіл дүниетанымның құралы, ойлаудың ұғым, түсінік, пайымдау тәрізді түрлерінің обьективтенуі болып табылады. Әрбір тарихи кезеңдер мен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстар сияқты ұлттық тұрмыс-тіршілік, салт-сананың әрбір түрі тілде өз таңбасын қалдырып отырады. Тіл мәдени, тарихи, рухани, әлеуметтік өзгерістердің айнасы тәрізді. Осыған байланысты тілдік бірліктер  тек тіл білімінің емес, мәдениеттану, елтану, әлеуметтану т.б. зерттеу нысанына айналды. Осымен байланысты қазіргі кезде лингвистика ғылымының да зертеу нысаны кеңейе түсті. Тіл білімінің лексикология, фразеология т.б. салаларын басқа ғылым салаларымен байланыстыра қарау лингвистиканың бүгінгі таңдағы кешенді сипатын көрсетеді.

Тілдің ұлттық табиғатын шынайы танудың бір бағыты тілдік бірліктерді, олардың мазмұны мен тұлғалық жағын тілдің өз ішінде лингвистикалық заңдылықтар негізінде қарастыру болса, екінші бағыты оларды тілдік емес мәнділіктермен, яғни ақиқат өмірмен, экстралингвистикалық факторлармен, адам танымымен байланыстыратын, антропоцентристік бағытта қарастырумен ерекшеленеді.

Қазақ тіл білімінде бұл бағыттың ғылыми-теориялық алғышарттары А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов еңбектерінен бастап Ә.Т. Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, М.М. Копыленко, Т.Жанұзақов, Ж.Манкеева, Н.Уәли, Б. Қалиев, Р.Шойбеков т.б. зертеушілердің еңбектерінде жасалып, материалдық және рухани мәдениетке байланысты мол деректер жинақталды, құнды тұжырымдар жасалды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жаңғыру кезеңін бастан кешіп отырған бүгінгі күнде танымдық, эстетикалық, тәрбиелік мәні бар көптеген құбылыстарды, соның ішінде қазақ халқының дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігіне  байланысты аса маңызды құндылықтарды жинап-теріп, анықтап, қайта бағалау қажеттігі туындап отыр. 

Қазақ тіліндегі өзінің бейімділігімен, әлеуметтік мәнділігімен ерекшеленетін лексикалық бірліктерде халқымыздың тарихы мен салт-дәстүріне, ойлау жүйесіне, материалдық және рухани мәдениетіне байланысты мол ақпарат сақталған. Осыған байланысты қазақ тіл білімінде лексикалық бірліктер әртүрлі қырынан зерттеліп келе жатыр.

Соңғы жылдары  қазақ тіліндегі лексикалық бірліктерді тілден тыс факторлармен байланыстырып қарастыруға ерекше көңіл бөлініп, олардың этнолингвистикалық, психолингвистикалық, танымдық қырларын зерттеу барысында бұрынғы құрылымдық бағыттан гөрі антропоцентристік бағыт басым бола бастады. Тілдік бірліктерді антропоцентристік бағытта зерттеудің қазақ ұлтының мәдениеті мен материалдық дүниесін түсінуде маңызы зор. Өйткені қазіргі заман талабына байланысты  лексикалық бірліктерді тек тілдік жағынан қарастырудың жеткіліксіз екені белгілі болып отыр, себебі осындай бағыттағы зерттеулерде халықтың ұжымдық тәжірибесі, шаруашылығы, адамдардың бір-бірімен байланысы, қоғамдық қатынастар, дүниетанымдық ерекшеліктер, материалдық және рухани мәдениет назардан тыс қалып қояды. Сондықтан  лексикалық бірліктердің  қалыптасуының тарихи, мәдени негіздері, уәжділігінің этномәдени мәнділігі жағынан қарастыру халқымыздың өткен кезеңдердегі мәдениетін танып білуде аса нәтижелі болмақ. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тіліндегі этномәдени сипаттағы лексикалық бірліктердің шығу арналары тарихы мен танымдық қызметін қолөнері материалдары негізінде қарастырып отырған бұл ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы  Мемлекеттік «мәдени мұра» бағдарламасымен толық үйлеседі.  Ал  этностың табиғатына байланысты атаулар мен оған байланысты қалыптасқан лексикалық бірліктер – қазақ халқының өзіндік ерекшелігін айқын көрсететін, баспанасы мен кәсіби-шаруашылық құралдары мен кәсіп, өнер түрлерінен, киімдері мен тұрмыстық бұйымдарынан, ата-бабамыздың табиғат байлығын игеру тәжірибесінен, дүниетанымынан, әлеуметтік реттеу құралы болған салт-дәстүрлерінен т.б. мол дерек беретін қайнар көздердің бірі ретінде құнды.

Қазақ тілінің сөздік құрамында аңшылық лексикасының өзіндік алатын орны бар. Академик Ә.Марғұланның айтуынша, тек саятшылыққа (аңшылықтың бір саласы) байланысты туған мың жарымдай сөз (халықтық термин) бар екен. Осы қыруар тілдік материалдарды халық арасынан, ел аузынан жинап, бір жүйеге түсіріп, халық игілігіне жаратудың қазіргі таңда маңызы зор. 

Аңшылық пен саятшылық лексикасы біздің ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінің ажырамас ұлттық белгісі, салт-дәстүрі, наным-сенімінен, саятшылық өнерінің құрып кеткен небір түрлерінен, аңшылық пен саятшылық өнерінде ерекше орын алатын аса құнды деректерден хабар береді. Бұл салада Ж.Бабалықұлы, А.Тұрдыбаевтың «Саят», «Қырандар» еңбектері,  Е.Қосбасаровтың бүркітшілік терминдері жайлы, Н.Уәлиұлының қазақ тіліндегі зоонимдер жайлы мақалалары өте құнды. Біз жұмысымызда саятшылыққа қатысты бүркіт, томаға, салбурын, қанжыға, қан сонар, келте сонар, ұзақ сонар, мұзға отырғызу т.б. этнолексемаларына тоқталдық.

Қазақтың атақты құсбегі аңшылары бүркіттің тегі, қырандық белгі, жасын айыруға шебер-ақ. Қазақ: Талдан таяқ жас бала таянбайды, Бала бүркіт түлкіден аянбайды, - дегенде бүркіт ішіндегі өжеті де, батылы да бала бүркіт екенін айтып отыр.

Бала бүркіт – жас қыран, балапан бүркіт. Сипаттама атаудың тұрақты компоненті болып жұмсалатын бала атауының «балапан» мағынасында жұмсалғанын ортағасырлық ескерткіштердің тілінен де кездестіруге болады: бала – «птенец». Бала сөзінің «балапан» мағынасында жұмсалғандығын, сондай-ақ қолбала (қол+бала) бүркіт атауынан да байқауға болады. Әдетте саятшылар бүркітті үйретуіне қарай, екі топқа бөледі: түз бүркіт және қолбала бүркіт. Қолбала бүркіт – құсбегілердің бүркітті ұядағы балапан кезінде қолға түсіріп, кішкене кезінен баулыған бүркіті.  Бүркіт – таулы, далалы жерлерді мекендейтін тегеуріні қатты ірі жыртқыш құс [ҚТТС, 2: 574].

Н.Уәлиұлының пікірінше, «бұл сөз біздің қазіргі тілімізде, түбір мен қосымшаға бөлінбейтін біртұтас сөз. Сөз тарихына үңілсек, бұл атаудың түп-төркіні бүру етістігімен байланысты екенін байқаймыз. Ғалым Б.Қошым-Ноғайдың пайымдауынша, бүркіт көне атауы көне түркі тіліндегі бур+үк+ыт морфемаларының бірігуі арқылы жасалған. Бур түбірі бүктеу етістігінің мәнін ұғындырады. Сонымен тілдік деректер кірігу процесін бастан кешкен бүркіт (бур+үк+ыт) атауы бастапқы кезде бұл жыртқыштың өз жемін бүріп, бүктеп алатын қасиетіне байланысты қойылғандығын айғақтайды. Сонда бала бүркіт дегенді балапан бүркіт деп түсінуге болады.

Томағаң сенің күмістен, Аяқ бауың жібектен, Екіде бірдей баршын құс. Томаға. Бүркіттің екі көзін саңылаусыз жауып тұратын бас киімді құсбегілер томаға деп атаған. Бүркіт сән үшін томағаланбайды, дұрыс үйретіп, баптап-баулау үшін оның бала-шаға, итке, құсқа, қызылға ұмтыла бермеуі үшін және жақындағанды шап беріп бүру қаупінен сақтану үшін томағалайды. Томаға сонымен қатар ителгі мен лашын сынды қырандарға тек мазасызданған шақтарында кигізіледі. Томағаны бүркіттің басынан тек аңға жібергенде (ұшырғанда) және жемдеген кезде алады (шешеді).

М.Қашқари сөздігінде томлығ дыбыс құрамындағы тұлғаның бірінші мағынасы – «суық, салқын» болса, туынды, ауыспалы түсінігі – «көңілсіздік, қаталдық» [ДТС: 574]. Қазіргі түркі тілдері ішінде туваларда дәл осындай мағынаны дүмбей [ТувРС: 261] сөзі береді. Енді бір түркі тілдерінде, атап айтсақ, құмықтарда мағына ауысуы алшақтай түсіп, томақ тұлғасы –  «топас» [КумРС: 196], татарларда тома – «жан-жағы бітеу» [ТатРС, 544] іспеттес түсінікке нұсқайтын болған. Осылардың қай-қайсысының да тұңғыш түбірі – том, ал бірінші мағынасы – «суық» [ДТС, 574]. Бертін келе, ол тұлғасын өзгерте түсіп, кейбір түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде, алғашқы «суық» мағынасы адам мінезіндегі «жабырқаңқылық, көңілсіздікті» бейнелеп, ауыспалы мағынаға көшкен. Тілімізде томсарып, көпшіліктен шектеп жүретін, сөзге араласпайтын кісі туралы айтылатын томаға тұйық тұрақты тіркесінің шығу тегі осы томаға сөзімен байланысты.

Тілімізде құрылысы жағынан әртүрлі, мағынасы жағынан бір-біріне жақын мынадай туынды сөздердің бар екені белгілі: томаға, тымақ, тұмылдырық, топы (диалект, тақия мағынасында). Бәрі де адамның, құстың басына, иттің тұмсығына кигізілетін затты білдіреді. Аталған сөздердің түбірлері (том, тұм, тым, топ) тілімізде қосымшаларсыз қолданылмайды. Алайда, академик Ә.Т.Қайдар том, тұм, тым, төм сияқты түбір сөздердің беретін мағынасы – бір жағы дөңгелекше, сопақшалау болып, екінші жағы (жоғары жағы) тұйықталып, төменгі жағымен салыстырғанда жіңішкелеу келетін затты, ұғымды білдіреді» дегенді айтады [1, 285-287]. Н.Дмитриев, И.Отаров өз зерттеулерінде әңгіме болып отырған сөздің төркінін адам баласының төбесімен байланыстырады. Жоғарыда айтылғандарды қысқаша былай түюге болады: кейбір түркі тілдеріндегі сияқты қазақ тілінде де том, тұм, топ сөздері ертеде «жан-жағы бітеу» деген мағынаны да, «көңілсіздік, қаталдық» деген мағынаны да білдірген.

Сонымен, саятшылыққа байланысты лексика халқымыздың өткендегі өмірінен, ұлттық мәдениеті мен тарихи даму кезеңдерінен, аң аулау мен саятшылық кәсіптерінен  құнды да мәнді деректер береді.

Қазақ қауымының көне заман өлеңдерінің бір саласы – жан-жануарлар туралы, яғни төрт түлік мал туралы өлеңдер деп аталады. Төрт түлік жайында тарихшы-этнограф Ғ.Себепов және Х.Арғынбаевтардың  еңбектері жазылды. Мал атаулары жайында диалектологиялық жинақтарда О.Нақысбеков пен М.Бейсенованың еңбектері және сөздіктер де жарық көрді. Б.Кәмәлашұлының, Б.Тоқтағұлдың, Р.Панзарбекованың, Б.Тілепиннің еңбектерін,  Ш.Жанәбілов пен Ә.Жақыповтың сөздіктерін атауға болады. Диалектологиялық зерттеу еңбектерінде мал атауларына байланысты кейбір тарауша да келтірілген. 1969 және 1996, 1999 жылғы қазақ тілінің диалектологиялық сөздіктерінде төрт түлікке қатысты едәуір сөздер қамтылды. Сондай-ақ төрт түлік төңірегінде қалыптасқан идиоэтникалық семантика мәселелеріне арналған профессор Е.Жанпейісовтың мақалаларын атауға болады [2]. Аталған сала бойынша диссертацияда пір, Зеңгі баба, Қамбар ата, түлік, мал. Ойсыл Қара, Шопан ата, бағлан, қотан, шуда, өркеш, көнек, іркіт, саба т.б лексемалардың ұлттық-мәдени, мифосалттық мәніне этнолингвистикалық талдау жасалды.

Жылқышы ата, Қамбар! Әр тілеуді құдай оңғар! Бала-шаға көп болсын, Бәле-жала жоқ болсын! (бата)

Мысалы, пір дегеніміз – «қолдап-қорғаушы рух», «көзге көрінбей қамқоршы болатын күш» немесе «біреуді құрмет тұту, қастерлеу» деген сияқты бірнеше мағына береді. Ал, парсы тілінде «ақсақалды қарт, діни бастық, әулие» деген мағынада айтылады. Ел ішінде дарынымен, жақсы қасиеттерімен құрметке бөленген қадірлі адамдарды «пір» деп атаған.

Жылқының пірі – Қамбар ата. Кейде Жылқышы ата деп те айтады. Аңыз бойынша, Қамбар ата хазіреті Ғалидың дүлдүлін баққан кісі деседі. Арғықазақ мифологиясын зерттеген С.Қондыбайдың пікірінше, Түрікпендік Гамбарбаба – қазақтың Қорқыты сияқты сазгерлер мен әншілердің, ақындардың пірі болып саналады. Ол дутар дейтін саз аспабын ойлап тапқан деседі. Қамбардың тағы бір мифтік функциясы – оның су стихиясымен байланыстылығы. «Көл иесі Қамбар-ау, Шөл иесі Қамбар-ау, қарағыма көз сал-ау» – осының нышаны. Міне, Қамбарға берілген үш мифологиялық функция: а) сумен байланысты; ә) жылқымен байланысты; б) музыкамен байланысты.

Бұл атты бір кездегі тотем ретінде қастерлеп, атқа табынған түсініктің сарқыншағы болуы мүмкін. «Түркі тілдес халықтардың мифологиясында жылқы малының жебеушісі болған Қамбар ата бейнесі бар, ол кейде аспан айғыры кейпінде бейнеленеді. Ал, әйел құдайлар мен әйел шамандар байтал кейпінде бейнеленеді. «Эпостарда жылқы бабасының сакральды сипаттары көмескі көрініс тапқан, табынның басқарушысы образы ерекше бөлініп сипатталады» деп жазады түркі-моңғол эпостарындағы батыр және оның аты образы туралы  еңбегінде Р.С.Липец [3, 162].

 Жылқы пірін қазақтан өзге мал баққан қырғыздар да – Қамбар ата десе, сондай-ақ жылқы ішіндегі ең тәуірі, жақсысы, тамашасы да Қамбар ата атауын меншіктейді екен. Өзбектер мен түрікмендерде жылқы пірін Дүлдүл баба деп атау кең тараған.

Қамбар сөзінің түпкі мағынасының төркіні туралы  Е.М.Абақан «Тілдің мәдени философиясы» еңбегінде: «...қам сөзінің негізгі мағынасы – қозғалыс, шеңбер, ел, қауым, орта, қасиетті, күшті, батыр, қазына, молшылық, қала т.б. көптеген ұғымдарды білдіреді. Көне түркі тіліндегі қамұқ сөзі «весь, целый, полный». Қазақта жылқы пірі – Қамбар ата. Қазақтың «кемпірқосағы» – Қомбор қосағы, яғни қасиетті көктің беліндегі кісе, мұнда «қам» түбірінің мағынасы дөңгелек, көк, бүтін», - дейді [4, 168].  Ал, халқымыздың тұрмыс-салт жырларының типологиясын зерттеген Б.Уахатов: «қазақта қарақұрт, жылан, шаян, бүйінің уын қайтаратын арбаушының сөздерін былай: «Бүйі, бүйі, бүйі, шық! Бүйі иесі Қамбар шық», - деп келтіре отырып, мұндағы Қамбар ескіліктегі бақсылардың иесі, атасы, құдайы, пірі», - деген. Сонымен, авторлардың мәліметі бойынша, «қам» сөзі бақсы, бақсының ойыны, ал философиялық мағынасы – «қозғалыс», «шеңбер», «қасиетті», «молшылық», т.б. және Қамбар «бақсылардың пірі» дегендерді келтіре отырып, мынадай тұжырым пайда болады: Көне мифологияға сүйене отырып, жылқы, ең бірінші, Тәңірінің сүйген түлігіне айналып, пір Қамбарды дүниеге әкеліп, жылқы пірі Қамбар жаратушының бірінші өкіліне айналып, негізгі рольді атқарған.

«Шаруаның бір пірі – Ойсыл қара! Түйені өсір жарылқап, болып пана» деген халық өлеңіндегі Ойсыл Қара – түйе малының пірі, атасы [ҚТТС 7: 396]. Қырғыз тілінде ойсулата тұлғасында қалыптасқан [КРС: 563]. Түйе малы туралы арнайы зерттеу жүргізген Ә.Жақыпов ел аузынан естіген аңыздар бойынша, ертеде түйе атасы саналған – Уайсхарра немесе түйе бағушы – Қаусылқазы тәрізді адам аттарынан ойсылқара пайда болғандығын айтады [5, 205].   

Мал шаруашылығына қатысты лексиканы зерттеген Б.Тілепиннің пікірінше, парсы тіліндегі «көлік», «көшуге керекті  дүние» мағынасындағы вәсайел және оусаэл дыбыстық құрамдағы сөздер қазақ, қырғыз тілдеріне ойсыл қалпында жеткен [6, 129]. Ә.Нұрмағамбетұлының да пікірі осыған келіп саяды.

М.Кәмелханұлы «Түлік атаулары тарихтың айғақтары» мақаласында былай дейді: «Формалық тұлғалануы жағынан ойсылқара атауы ой+сыл+қара деген толық мағыналы үш сөздің кірігуінен жасалған. «Түрки тілі сөздігінде»: Ой – ой ат (оyat) – қара торы ат (МҚ). Осындағы ой деген түрки тілінің «қара» деген мағынаны білдіретіндігін аңғаруға болады. Сыл (sil) – зіл, сүлей; сыл кіші (sil kixi) – сүлей адам, зіл тамақ адам, тамақты аз жейтін адам (МҚ). Қара сөзін Ш.Уәлиханов зерттей келіп, қара сөзі ертеде «қасиетті» деген мағынаны беретін еді дейді. Сонда ой+сыл+қара (ойсылқара) деген түркі тілін (немесе қазақ ұлтының байырғы тілін) қазіргі қазақ тіліне сөзбе-сөз аударатын болсақ, «тамақты аз жейтін қасиетті (хайуан)» деген мағынаны білдіреді.

Ә.Диваевтың мәлімдеуінше: «Ойсылқара – Уваис иль-Карани Арабиядағы Йемен өлкесіндегі Каран атты елді мекеннің тұрғыны Мұхамед пайғамбардың замандасы, өте діндар кедей адам болған, керуендерге қосылып түйелерді жетектеп кәсіп еткен. Біздің ойымызша, Ойсылқара атауы ұғымдық жақтан «түйе» деген мағынаны білдіреді. Яғни парсының «көлік» мағыналы оусаэл сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшырауынан тілімізде көшуге қажетті түйе малының пірін атайтын сөз пайда болған. Ал қара «қасиетті» деген ұғымды білдіреді.   

Сонымен, мал шаруашылығына қатысты лексика халықтың өмір тәжірибесінде өзекті орны бар ежелгі кәсібі мен еңбегі, киімі мен тағамы, ер-тұрманы, әртүрлі әдет-ғұрып пен мифтік наным-сенімге байланысты этномәдени сипаттағы тілдік деректерді қамтиды.

Пайдаланылған әдебиеттер

1        Кайдаров А. Структура односложных корней и основ в казахском языке. – Алма-Ата: Наука, 1986. – 322 с.

2        Жанпейісов Е. Төрт түлік төңірегінде // ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы, 2005. – №3; ...Төрт түлік төңірегінде: жылқы (екінші мақала) // ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы, 2006. – №1. –24–32 бб; ...Төрт түлік төңірегінде: сиыр (үшінші мақала) // ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы, 2006. №4. 18-24 бб.

3        Липец Р.С. Образы батыра и его коня в тюрко-монгольском эпосе. М.: Наука, 1984. 264 с.

4        Абақан Е.М. Тілдің мәдени философиясы.  – Алматы: Айкос, 2000. – 184 б.

5        Жақыпов Ә. Ойсылқара ма, Қаусылқазы ма? // Төрт түлік төресі кім? – Алматы: Ғылым, 1990. – 352 б.

6        Тілепин Б. Қой-ешкі атаулары мен тіркесімдерінің этнолингвистикалық сипаты: ф.ғ.к....дисс.: 10.02.02.– Алматы, 1997. – 138 бет.