Ф.ғ.к. Рүстемова
Ж.А., магистрант Шакирова Қ.М.
Академик
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті, Қазақстан
Қапан Сатыбалдин қазақ
драматургиясы жайында
Драматургия –
қазақ әдебиетінде кенже туып, қалыптасқан жанр. Кенже
дамыды дегенде де, қазақ драматургиясы қазақ
әдебиетінің қомақты саласы болып қалыптасты.
М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтен бастау алған классикалық
драматургияға өзіндік қолтаңбасымен келіп
қосылған қаламгер Қапан Сатыбалдиннің
шығармашылығындағы негізгі драматургиялық желілер
қазақ драматургиясының қалыптасып дамуымен
сабақтасып жатқандығы анық.
Қапан
Сатыбалдиннің әдеби сын мақалалары қаламгердің
тек өз шығармашылығы емес, жалпы қазақ
әдебиетінің көркемдік мәселелеріне ұдайы ой
қосып, пікір ұластырып отырғанын көрсетеді. Жазушының
«Поэзиядағы беталыс», «Қазіргі қазақ драматургиясы
туралы бір-екі сөз», «Қазақ совет драматургиясы
мәселелері», «Драматургиямыз есейіп келеді», «Қазақ
киноөнері», «Сөз киносценарий туралы», «Саттар Ерубаев», «Әке
жолы», «Кәрі тарлан», «Аяулы дос», т.б. әдеби-сын мақалалары
оның әр жанрдың өзекті жайларына көңіл
бөліп отырғанына, соның ішінде өзінің
шығармашылық ғұмырбаянында елеулі белес болған
драматургия мәселелеріне жан-жақты барлау жасап отырғаны
айғақ.
Қазақ әдебиетінде кеш туып, дамыған драматургия туралы
арнайы сөз қозғап,
мәселе көтеруге бара беретін шығармашылық
тұлғалар көп емес. Осы
жанрдың ыстығына күйіп, суығына тоңғандар
ғана сезінер құпия, қалтарысы көп
драматургияны.
Қапан Сатыбалдин танымал драматургияның
қайсыбір көкейкесті көркемдік мәселелерін көре отырып,
көтере отырып та тоғая түседі. Өзінің
«Қазіргі қазақ драматургиясы туралы бір-екі сөз»,
«Драматургиямыз есейіп келеді» атты
зерттеу, проблемалық мақалаларында автор қозғаған
қайсыбір жайлар осы ойымызды растай түспек.
Қапан Сатыбалдин қазақ әдебиеті
классиктерінің барлығы дерлік драматургияда
ат-ізін салып отыруы фактісін атап өте келіп, соның ішінде Бейімбет
Майлиннің драмалық шығармаларын бөлек атап
өтуінде де өзінің драматург маман мәніндегі
талғам-танымын аша түскен.
«Дегенмен, Майлин Бейімбет былайынша қазақ әдебиетінде
прозаиктер қатарында саналғанмен, драмалық
шығармаларында өзін шебер драматург есебінде көрсете білді.
Онда да, ол адам бейнесін айқын шығаруға олардың аузына
кейіпкердің ішкі дүниесін, мінез-құлқын
бұлжытпай берген ұтымды тапқыр
сөз салуға керемет ұста болатын. Сонымен бірге, Бейімбет жылы
юморға, ащы
әжуаға, сатираға бейім еді. Оның колхоздастыру кезінде
ауылда болған асыра
сілтеушілікті шенеп жазған «Талтаңбайдың тәртібі» атты
пьесасындағы ұр да жық, нойыс Талтаңбай
қазақ драматургиясының өмір бақи өлмес образдарының бірі»[1, 239 б.].
«Оқиғалары қазіргі заман тақырыбынан алынып,
тартысқа құрылған пьесалар да бар, көбіне жанр
талаптарына таза көркемдік мәнде жауап бере алмай жатады» - деп,
айтар ойын ашық, бүкпесіз, жұмбақтамай жеткізеді.
Драмалық желі, бейне ашу шеберлігі,
композициялық құрылым, соқталы әрекет,
тартыс мазмұнын айқындап айтып отыруында Қапан Сатыбалдин
жанр сырына тереңінен үңіледі. Драмалық тартыс пен драмалық
мінез проблемасын практика жүзінде меңгеруде қаламы ұшталған
жазушылардың өзі шоқырақтай беретінін
көлденең тастайды. Қаламгер поэзия, проза, драматургия жанрлары
проблемаларына қатысты тың, тұшымды ой пікірлерін ұдайы
тақырыптық жиындарда, келелі кеңестерде, баспасөз
бетінде айтып, жазып отырған. Оның сонымен бірге кинодраматургия
мәселелеріне де қатысты ой қозғап отырғаны
белгілі.
Қапан
Сатыбалдиннің киносценарийлер туралы «Алдымен келісіп алайық» атты
мақаласы күн тәртібінде тұрған өзекті
проблеманың біріне арналған болатын.
«Біріншіден,
кинодраматургия көркем әдебиеттің әлі
қабырғасы қатып, буыны бекімеген ең жас жанры.
Бірақ соны жанр деп танып, бұл салада қалам тербеуге
құлшына құмартып отырған жазушы бізде
жоқтың қасы. Рас, киностудияның ондаған
жазушылармен шарты бар. Бұл ретте киностудия автор тартпай отыр,
қазақ жазушыларын сценарий жазуға шақырмай отыр деуі
ағат айтылған, бос сөз. Қазір біздің
киностудияға Ғабит Мүсрепов, Асқар Тоқмағамбетов,
Қалижан Бекхожин, Зейін Шашкин, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл
Нұрпейісов, Жекен Жұмаханов сценарий жазып жатыр» [1, 272 б.].
Қаламгер
кинодраматургияның жанрлық төлтума ерекшелігін көптеген
қаламгер игере алмай жатқанын, басқа да толып жатқан
себептерді саралауда бұл салада да білгір, білікті маман екендігін
көрсетеді.
Кім сценарий
жазуы керек деген мәселені төтесінен қойып отырып, былай
дейді: «Анда-санда бір жазушы кинодрамургияға тиіп-қашып бір
соғып кеткенімен, еш уақытта сценарий проблемасы дұрыстап
шешілмейді, киностудия сценарий тапшылығынан еш уақытта
құтылмайды. Бұл турада менің ұсынысым: Кайнекей,
Қуандық, Зейнолла, Тахауи, Зейін, Әбдіжәміл, Сафуан
тәрізді арғы-бергіден хабары мол, әрі әдеби сауаты бар,
әрі бірсыпыра өмір көрген орта буынның жазушылары осы
бір өрелі жанрға ізденіп бел байласа деймін» [1, 274 б.].
Драматургияға
Қапан Сатыбалдин проза, көркем очерк, публицистика жанрларында
шыңдалып барып келді. Драматургияның жанрлық талаптарын,
мінез ашу, тартыс құрудың қазақ
драматургиясындағы, әлемдік драматургиядағы ерекшеліктерін
сауатты түрде игеріп барып, жазуға кіріскенінен
қаламгердің көп жағдайда көрермен
көңілінен шыққан пьесалары куә.
Өмірінің
кейінгі кезеңінде Қапан Сатыбалдин кенже дамып келе жатқан
драматургия саласына ойысып, ұзақ жылдар бойы театр сахналарында
табыспен қойылған драмалық туындыларын жазады. Драматургиядағы
тарихи тақырып, бүгінгі күн тақырыбы
мәселелерінің қалыптасып, көркемдік сапасының
нығаюында драматург Қапан Сатыбалдиннің елеулі үлесі
бар деуімізге болады.
Драмалық
шығарманың өзіндік ерекшеліктері, жанрлық
өзгешелігі, негізгі заңдылықтары драматург Қапан
Сатыбалдин туындыларында айқын. Осы тұрғыдан Мырзабек
Дүйсеновтің мына бір пікірін Қапан Сатыбалдиннің
драматургия жанрындағы шығармаларын саралауда назарда
ұстауға болатынын айтар едік.
«Драмалық
шығармалардың сахналық материал екенін мойындай оның
ролін жоғары бағалай отыра (өйткені кез келген көркем
шығарма сахналық материалға айнала бермейді) біз оны
әдеби көркем туынды деп қабылдаймыз. Сондықтан да ол
әдебиеттің драматургия жанры саналады. Роман, повесть, лирика,
поэманы талдағанымыз сияқты, драмалық шығармаға
да әдеби туынды ретінде қараймыз. Бірақ оның өз
жанрының басты-басты шарттарын ұмытуға тиісті емеспіз.
Поэманың жанрлық шарты драмаға (немесе керісінше) келе
бермейді. Әр жанр өз табиғатын сақтаумен, соны
байыптап, дамыта алуымен құнды, бағалы»[2, 5 б.].
Қорыта
айтқанда, Қапан Сатыбалдин - драматургияға елеулі
дайындықпен келген қаламгер. Ол проза жанрында, очерк,
публицистикадағы шығармашылығында өзінің
драмаға әзірлік жолынан өтті деуге болады.
Әдебиет
1.
Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шығармалар. 4 томдық. –
Алматы: Жазушы, 1975. – 4 т.: Очерктер. – 300 б.
2.
Дүйсенов М. Қазақ драматургиясының жанр, стиль
мәселесі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 176 б.