Саяси және идеологиялық факторлардың
Республиканың заң
шығару қызметіне әсер етуі
Жарболова А.Ж.
з.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
заң факультетінің мемлекет және құқық
теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық
кафедрасының доценті
Заң шығару
қызметі әрекезде де белгілі бір факторлардың,
жағдайлардың әсеріне ұшырап отырады. Қандай да
болмасын объективтік негіздер мен субъективтік факторлар заң
шығармашылығына қозғау салып, заңдардың
мазмұнының қалыптасуына өз ықпалын тигізеді.
Парламенттің заң шығармашылығы депутаттардың
саналы қызметінің нәтижесі болғанымен, оны
қандай-да бір жағдайлар себеп етеді. Ол жағдайлар заң
шығарушылардың ерік-санасына бағынышты немесе одан тыс,
тәуелсіз болуы мүмкін.
Дәл бүгінгі
күні заң шығармашылығына көп әсер етіп
жүрген субъективтік факторлардың ең бір ықпалдысы -
саяси факторлар. Халықтың, заң
шығарушылардың санасы мен еркі қоғамның саяси
өмірінде, мемлекеттің және әртүрлі
қоғамдық құрылымдардың қызметінде
қалыптасады. Саясаттың, саяси факторлардың заң
шығармашылығына тигізетін әсері өте зор. Мемлекеттің
заң шығару қызметі сол мемлекеттің саяси
қызметінің негізгі бір жағын білдіреді. Заң
шығару қызметін реттейтін нормалардың
өзінде-ақ мемлекеттік
саясаттың көлеңкесі, қоғамдық-саяси
қатынастар байқалады. Демек, саяси практиканың заң
шығармашылығына әсерінің күштілігі
соншалық, оны заңдарды сөзсіз қалыптастыратын
факторлардың қатарына енгізу қажет.
Саяси факторлардың заң
шығармашылығына тигізер ықпалын әр кезде де
байқауға болады. Мысалы, Кеңес заманында мемлекеттік саясат
коммунистік партияның заң шығармашылығындағы
басшылық рөлін белгіледі. Ғылыми коммунизм теориясын
анықтай отырып, коммунистік партия кенес заңдарының басым
бағыттары мен негізгі міндеттерін анықтау арқылы заң
шығармашылығына қозғау салды. Өйткені, комунистік
партия съездері мен Кеңес Одағының коммунистік партиясының
орталық комитетінің пленумдарының шешімдері кез-келген заңдылық
актілерінің негізі болды. Коммунистік партияның маңызды заң
жобаларын бүкілхалықтық талқылауға қоюына
бастамашы ретінде болуы да оның заң шығармашылығы
қызметіндегі басшылық рөлін көрсетеді.
Қоғамдағы саяси топтар саясатының
заң шығармашылығына әсер етуін тарихтан көруге
болады. В.И.Ленин өз уақытында таптық күрес пен заң
шығару қызметінің байланысын өз еңбектерінде көрсетті,
яғни «заңдар таптық күресте күштердің
арақатынасын білдіреді», - деп жазды ол.
Қазан революциясы кезінде В.И.Ленин заңдардың таптық
күреспен, олардың революциялық қызметімен байланысын
былай белгіледі: «біз үшін революциялық
бастау маңызды, ал заң оның нәтижесі болуы тиіс» [1, С.345]
1993 жылы Қазақстан Республикасының
Конституциясы бірінші рет саяси алуандықты бекітті. Басшылық
рөльге ие болған коммунистік партияның орнына бірнеше саяси
партиялар келді. Қазақстанда көп партиялы жүйенің
қалыптасуына саясиланған қозғалыстардың даму кезеңдері
себеп болды. 1993 жылы көппартиялы қызмет Конституциямен
рұқсат етілгенге дейін - 1986 жылдың күзінен бастап осы
кезеңге дейінгі аралықта жастардың саясиланған
клубтары, «Невада-Семей» саяси
жалпы ұлттық қозғалысы, социал-демократиялық
партия, «Алаш», «Желтоқсан», т.б.
партиялары пайда болды. Ал, 1991 жылы «ҚазССР
қоғамдық бірлестіктері туралы» заңы қабылданды, саяси аренадан коммунистік партия кетті,
КСРО күйреді. Міне, осылардың бәрі Қазақстанда
көп партиялы жүйенің қалыптасуын жеделдетті.
Қазақстанда саяси партиялар мен саяси қозғалыстар
мемлекетіміздің саяси процесінің дамуына әсер етеді. Олар
билік үшін, оны жүзеге асыруға қатысу үшін
күресетін ұйым. Саяси процестің барлық сатыларында
саяси өмірге, азаматтардың саяси еркін қалыптастыруға
қатыса отырып, бүгінгі күнде саяси партиялар мен
қозғалыстар мемлекеттік шешімдерді қабылдауға, заң
шығармашылығына қозғау салуға, оларды
жүзеге асыруға белсенді қатысады.
Саяси құрылымдардың мемлекеттің
саяси өміріне қатысуынан өзге, заңды жасаудың
саяси негіздері болып Қазақстан Республикасының сыртқы
саясаты, ішкі, әскери саясаты табылады.
Заңдарды шығаруға саяси практика
неғұрлым нақты жолдармен де әсер етеді. Мысалы, сайлау,
референдумға қатысу, бейбіт жиналыстар, митингілер,
демонстрациялар, шерулер мен тосқауылдар ұйымдастыру және
өткізу әрбір азаматтың конституциялық
құқығы. Азаматтар осындай шараларды жүзеге асыру
арқылы мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына, саяси
қызметтің нақты салаларына: экологиялық,
ұлттық, мәдени т.б. саясатқа, мемлекетті басқару
ісіне араласа алады. Демек, заңды митингілер, демонстрациялар мен дауыс
беру т.б. шаралармен заңдылықтың өзгертілуіне
қозғау салуға, әсер етуге болады. Белгілі бір
тұлғалар мемлекеттің заң шығармашылығына
тікелей ықпал етсе, оппозициядағы құрылымдар да
өздерінің құқықтық талаптарының
өтуі үшін ұйымдық түрде күресе алады.
Мемлекеттің саяси факторлары мен заңдылықтың
арақатынасын Р.О.Халфина былай белгілейді: «Саясат пен заңдылық арасында органикалық байланыс
бар. Саясат пен құқық арасындағы
органикалық байланыс олардың бірдей болуын білдірмейді.
Құқық (заң) саясатқа сіңіп кетпеуі
керек. Ол қоғамдық қатынастарды реттеуде өзінің
ерекше орнын алады» [2, С.105].
Заң шығармашылығының
субъективтік факторларының келесі бірі - идеологиялық факторлар. Заңдардың
шығарылуына қозғау салатын және оны жасайтын
идеологиялық факторлар - ол мемлекеттік идеология,
құқықтық сана және өзге де
қоғамдық саналар
(рухани, моральдық, ұлттық саналар т.б.).
Мемлекеттік идеология заң шығаруда негізгі
рөльді атқарады. Өйткені, заң шығармашылығы
мемлекеттік идея арнасында жүзеге асырылады. Қазақстан
Республикасының 1995 жылғы Конституциясы мемлекетімізді
демократиялық, құқықтық, әлеуметтік
және зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын бүкіл
әлемге паш ете отырып, оның ең қымбат қазынасы
(адам, оның өмірі, құқықтары мен
бостандықтары) мен қызметінің түбегейлі
қағидаларын бекітті. Тиісінше, мемлекеттік идеология еліміздің
өркендеп өсуі, заңның жоғарылығын
қалыптастыру, адамдардың құқықтары мен
бостандықтарын құрметтеу, қоғамдық келісім
мен саяси тұрақтылықты нығайту т.б. бағытында
қалыптасады. Олай болса, осы бағытқа сай келетін идеялар мен
тұжырымдарды қамтиды. Сондай-ақ, мемлекеттік идеологияда
қоғам өмірінің экономикалық, саяси,
әлеуметтік және рухани қатынастары да өз
көрінісін табады. Ата заңымыз адамның, жалпы бүкіл
Қазақстан халқының өмірін, мүддесін
жоғары қоятындықтан, мемлекеттік идеология да қандай-да
бір жеке топтардың емес, бүкіл халықтың мүддесін
білдіруі керек. Демек, ол қоғамдағы бүкіл
қатынастарды Қазақстан халқы мүддесінде реттеп,
бекітудің құралы, тиісінше бағытта заңдар
шығарудың себепшісі болуы шарт [3, 4,6 бб.]. Алайда, мұндай міндеттерді мемлекеттік
идеология тікелей өзі емес, қоғамдық-саяси институттар
арқылы жүзеге асырады. Мемлекеттік идеологияның өзін
белгілі бір тұлғалар қалыптастырады. Мемлекеттік идеология заң
шығармашылығына әсер ететіндіктен, ол тиісті заң
арқылы бүкіл қоғамдық процестерге де
ықпалын тигізеді. Ал, мұндай ықпал кері, қате болмауы
үшін оны қалыптастыратын тұлғалар да бұл
мәселеге аса назармен қарауы керек. Күні кешегі тарих тиімсіз
идеяның қалыптасуынан Парламенттің қажетсіз,
сәтсіз заң шығарғанына куә болды. Нақты
айтсақ, Ресей Федерациясына еліктеуден ҚР Парламентінің
тиісті заңымен Республикамызда Мемлекеттік Тергеу Комитеті
құрылған болатын. Дер кезінде таратылғанымен, оның мамандарға
моральдық жағынан залалы, өзге де кемшіліктері аз
болған жоқ.
Қазақстанның
мемлекеттік идеологиясы ұлтшылдық, әлеуметтік жікшілдік,
ұлттық астамшылық, рушылдық, қатыгездік идеологияларынан
бас тартатындығын мәлімдейді. Мұның
өзі Парламент депутаттары мен Республика Үкіметіне тиісті
әрекеттерге жол бермейтін заң жобаларын енгізу және
қабылдау міндетін қояды.
Мемлекеттік идеологияның алдындағы негізгі
міндет - Қазақстанның тәуелсіздігін,
қорғанысын күшейту, экономикалық дамуын жетілдіру,
шынайы түрде азаматтардың
құқық-бостандықтарын құрметтеу. Міне,
осы мәселелер төңірегінде мемлекеттік идеологияны
қалыптастырушылар бірігіп іс-әрекет жасаулары, тиісінше заңдардың
шығарылуына қозғау салулары қажет.
Құқықтық сана да заңдар
шығаруда негізгі рөль атқаратын идеологиялық
факторлардың бірі болып табылады. Оның заң
шығармашылығын қоса құқық
шығармашылығының қажетті факторы ретіндегі де орнын
көрсетіп кеткен ғалымдар бар. Мысалы, И.Е.Фарбер, Г.С.Остроумов,
Е.А.Лукашева өз еңбектерінде құқықтық
сананың құқықты жасаудағы ролін
ғылыми әдебиеттерде тегіс бір ауыздан
мақұлдайтындығын көрсетеді [4, С.30-33; 5, С.40-54; 6, С.163-170].
Заң шығармашылығының
құқықтық практикалық санаға
сүйенбесе тиімді болмайтыны хақ.
Құқықтық сана - қоғамдағы
құқықтық құбылыстарға адамдардың
сезімдерінің, әсерлерінің, көзқарастарының,
пікірлерінің, бағаларының жүйесі. Оны заң
шығарудың, нормативтік актілердің дұрыс орындалуының,
құқықтың сапалы дамуының негізгі шешуші
тетігі деуге болады [7, 161 б.]. Заңмен реттелетін қоғамдық
қатынастардың күрделілігі, оларды дұрыс қолдану
және олардың дамуының ең бір жетік жолдарын
анықтау қажеттігі ғылыми сананың заң шығару
процесінде болуын талап етеді. Олай болса, идеологиялық негіздер заң
шығармашылығы қызметінің мәнін анықтайды.
Заң
шығарушылардың заң шығармашылығына байланысты
жүріс-тұрысы, іс - әрекеті негізделген болып табылады.
Заң шығарушы қандай - да болмасын әрекетті
толығымен өз қалауы бойынша негізсіз таңдай алмайды. Ол
әрқашанда белгілі бір қажеттілікпен байланысты болады
және ол нақты тарихи мазмұнға ие.
Қолданылған
әдебиеттер тізімі:
1. В.И.Ленин. Полн. соб. соч.
Т.31. М., Политиздат, 1981 - 671 с., Т. 17. М., Полит. Литературы. 1980 - 655
с.
2. Научные основы советского правотворчества.
Отв. ред. Р.О.Халфина, М., Наука, 1981 - 320 с.
3. Ғ.Сапарғалиев.
Қазақстанның бірыңғай мемлекет ретіндегі
идеологиясының мәселелері. // Ақиқат. № 9-10, 1999
4. И.Е.Фарбер. Правосознание
как форма общественного сознания. М., Юрид. Лит., 1963 - 206 с.
5. Г.С.Остроумов. Правовое
сознание действительности. М, Наука, 1969 - 174 с.
6. Е.А.Лукашева.
Социалистическое правосознание и законность. М., Юрид. лит., 1973 - 344 с.
7. Қ.Д.Жоламан,
А.Қ.Мұхтарова, А.Н.Тәукелов. Мемлекет және
құқық теориясы. Алматы, ҚазМЗУ баспа полиграфия
орталығы, 1999 - 320 б.