Қазақстанда республикалық референдум
арқылы заң шығарудың
конституциялық-құқықтық
негіздері
Жарболова А.Ж. - з.ғ.к., әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ заң факультетінің
мемлекет және құқық
теориясы мен тарихы, конституциялық
және әкімшілік құқығы
кафедрасының доценті
Қазақстан
Республикасының 1995 жылғы Конституциясында заңдар
шығарудың бірнеше жолы бекітілген. Конституцияның 49
бабының 1 бөліміне сәйкес Қазақстан Республикасы
Парламенті заң шығару қызметін жүзеге асыратын
жоғарғы өкілді орган. ҚР Парламентінің
заңдар шығаруы заң шығармашылығының
күнделікті қолданылатын жолы болып табылады. Республика
Конституциясында белгіленген жағдайда мемлекет басшысы ҚР
Президенті де заң шығару қызметін жүзеге асырады. Сонымен
қоса, заң шығаруда негізгі бір орын референдум арқылы
халықтың заң шығармашылығына тиесілі.
Республикалық
референдумда заң қабылдау заң
шығармашылығының сирек кездесетін жолы, қандай-да
болмасын мемлекеттің демократиялығының көрінісі болып табылады. Заңдар
шығарудың бұл әдісі халықтың өзімен
жүргізіледі, оның тікелей ерік білдіруі болып табылады. Республикалық референдумда
заң шығару - бұл нәтижесінде заңдар заңи
күшке ие болатын және әрекетке кірісетін халықтың
тікелей құқық құрушылық
қызметі. Бүкіл халықтық дауыс беру өткізу
кезіндегі заң шығармашылығының сипаты ерекше:
мұнда заң тікелей халықтың өзімен
қабылданады.
Республикалық
референдум – бұл Қазақстан Республикасы
Конституциясының, конституциялық заңдарының,
заңдарының және мемлекеттiк өмiрiнiң өзге
де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң
жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру [1, 1 бап]. Республикалық референдум арқылы заң
шығару - бұл мемлекеттік маңызы бар ерекше шара. Референдум
арқылы заң шығару кезінде халық мемлекеттік
биліктің қайнар көзі ретінде ҚР Конституциясын, конституциялық
заңдар мен заңдарды қабылдайды, оларға өзгерістер
енгізу ісімен Республикамыздың заң шығармашылық
қызметіне қатысады.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы
референдум институтын белгілей отырып, оны жүзеге асырудың
толық тетігін бекітті: біріншіден, референдум Республикамыздың
қызметінің түбегейлі қағидаларының бірі
ретінде белгіленді [2, 1 бап]; екіншіден, 3 бапта референдум халықтың
тікелей билікті жүзеге асыруының нысандарының бірі ретінде
бекітілді; үшіншіден, Республика Президенті республикалық
референдум өткізу туралы шешім қабылдауға
құқылы бірден-бір тұлға [2,
44 баптың 10
тармағы]. Мұндай шешімді ол өзінің бастамасы бойынша да
қабылдай алады; төртіншіден, Конституцияның 54 бабына (2
тармақтың 3)-тармақшасы) орай республикалық референдум
тағайындау туралы бастама білдіру құқығы
Парламентке тән; бесіншіден, азаматтардың референдумға
қатысу құқығы белгіленді (33 бап 2 т.). «Республикалық
референдум туралы» конституциялық заң референдум тағайындау
туралы бастама білдіру құқығын иеленетін
субъектілердің қатарын толықтыра түсті. Ол
заңға сәйкес тиісті бастаманы ҚР Үкіметі
және референдумға қатысу құқығына ие
кемінде 200 мың Республика азаматтары да иеленді. Конституцияда
бекітілген бұл негіздер «Республикалық референдум туралы» заңда
кең ашылып, нақтылана түсті. Ашып айтсақ, бұл заңның
екінші және үшінші тараулары референдум тағайындау, оны
әзірлеу және өткізу тәртібін ашып қарастырады.
Қорытынды ережелер бөлімінде республикалық референдумда қабылдаған заңның
күшiне енуi тәртібі, оның заңи күші
анықталған.
Референдумда заң қабылдау заң
шығармашылығының өзге де жолдары секілді белгілі бір
процедураның, яғни заң шығару процесінің болуын
шамалайды. Заң шығару процесі - бұл заң жобасын енгізу,
өңдеу, қабылдау жөніндегі сатылардың кезектілігі,
жүйесі болып табылады. Республикалық референдумда заң
шығару процесі мәні бойынша субъектілерінің бірі Республика
халқы болып табылатын құқықтық
қатынастарда жүзеге асырылатын әрекеттерді білдіреді.
«Республикалық
референдум туралы» аталмыш заңның
мазмұнымен танысу республикалық референдумда заң шығару
процесін төрт сатыға бөліп қарауды көрсетеді.
Бірінші саты - қандай
да бір заң жобасы бойынша республикалық референдумды
тағайындау туралы бастама білдіру.
Заңдарды референдумда қабылдау
байланысты болатын заңды фактілер болып Республиканың
конституциялық заңнамасында анықталған тұлғалардың
өздеріне тән республикалық референдумды тағайындау
туралы бастамашылық білдіру құқығын пайдалануы
табылады. Референдумда заң шығаруға бастамашылық
білдіру ретінде тиісті субъектілердің референдум
тағайындау туралы бастамашылықпен Қазақстан
Республикасының Президентiне тiлек бiлдiруiн ұғынуға болады. Қазақстанда
референдум тағайындау бастамашылығы Қазақстан
Республикасының Президентiне, Қазақстан Республикасының
Парламентiне, ҚР Үкіметіне және сан жағынан
Республиканың барлық облыстарын, астанасы мен республикалық
маңызы бар қалаларын тең мөлшерде бiлдiретiн
республикалық референдумға қатысу
құқығы бар екi жүз мыңнан кем емес
Республика азаматтарына тиесілі.
Референдум
арқылы заң шығарудың бірінші сатысының
жүзеге асырылу тәртібіне келсек, Парламент, Үкімет,
республиканың азаматтары референдум тағайындау туралы
бастамашылықпен Қазақстан Республикасының Президентiне
тiлек бiлдiредi. Парламент бастамашылық көтерудi Палаталардың
бөлек отырысында мәселенi әуелi - Мәжiлiсте, ал содан
кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы жүзеге асырады
және Парламент Палаталарының тиiстi қаулыларымен ресiмдейдi. Ал,
Үкімет бастамашылық көтерудi өзiнiң
мәжiлiсiнде мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк
даусымен жүзеге асырады және тиiстi қаулымен ресiмдейдi. Референдум
өткiзу туралы бастамашылықты азаматтар көтерген
жағдайда құрамына Қазақстан Республикасының
әр облысынан, астанасынан және республикалық маңызы бар
қалалардан кемiнде үш-үштен өкiл кiретiн
референдумның бастамашыл тобы құрылады. Бұл
топтың құрылуы, тіркелуі мәселелері заңда
нақты реттелген.
Республикалық референдум арқылы заң
шығарудың келесі сатысы - республикалық референдум
өткізу туралы шешім қабылдау.
Республика Президентi Парламент пен Үкiметтiң немесе Республика
азаматтарының бастамашылығы бойынша референдум тағайындау
туралы мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
- референдум
тағайындау туралы;
- референдум
өткiзбей-ақ, оның талқысына ұсынылатын
мәселе (мәселелер) бойынша Конституцияға өзгертулер мен
толықтырулар енгiзу, конституциялық заң, заң немесе
өзге де шешiм қабылдау қажеттiгi туралы;
- референдум
тағайындау туралы бастамашылықты қабылдамау туралы.
Референдум туралы
заңға сәйкес референдум тағайындау туралы шешiмдi
Республика Президентi тиiстi Жарлық шығару жолымен
қабылдайды, онда: референдумды өткiзу мерзiмi, оған
қойылатын мәселенiң (мәселелердiң)
тұжырымдамасы белгiленедi және референдумды өткiзуге
байланысты өзге де мәселелер шешiледi [1, 18 бап]. Референдум әдетте
оны өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр
айдан ерте емес және үш айдан кеш емес мерзiмде өткiзiледi.
Ерекше жағдайларда Президент референдум өткiзудiң басқа
мерзiмiн белгiлеуi мүмкiн.
Референдум арқылы заң шығарудың үшінші
сатысы халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асырылады.
Дәл осы сатыда халықтың еркі білдіріліп, байқалады.
Бұл – заң жобасы бойынша
дауыс беру сатысы. Референдумда дауыс беру мерзiмi, орны,
ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi «Қазақстан Республикасындағы
сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық
заңында белгiленген ережелерге сәйкес айқындалады.
Республикалық референдумның қорытындысын шығарып,
оны жариялау - тиісті заң шығару процесінің соңғы
сатысы болып табылады. Республикалық референдумның
қорытындысын шығару Орталық референдум комиссиясының
өкілеттігі болып табылады. Орталық референдум
комиссиясы дауыс берудiң нәтижелерi туралы табыс етiлген
хаттамалардың негiзiнде: Қазақстан Республикасының
референдумға қатысу құқығы бар азаматтарының
жалпы санын, дауыс беруге қатысқан азаматтардың санын,
референдумға қойылған мәселенiң оң шешiмiн
жақтап дауыс берген, референдумға қойылған
мәселенiң терiс шешiмiн жақтап дауыс берген
азаматтардың санын және дауыс беруге қойылған жекелеген
әрбiр мәселе бойынша жарамсыз деп танылған
бюллетеньдердiң санын анықтайды.
Егер
референдумға қатысу құқығы бар
азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан
болса, референдум өткiзiлген деп саналады.
Егер дауыс берудiң нәтижесiнде референдумға қойылған
заң жобасы бойынша оның оң шешiмiн жақтап дауыс беруге
қатысқан азаматтардың жартысынан көбi дауыс берсе, ол заң
қабылданды деп саналады.
Республикалық референдумға шығарылған
Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар, егер олар
үшiн облыстардың, республикалық маңызы бар
қалалардың және астананың кемiнде үштен екiсiнде
дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы
жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi. Референдумның
қорытындылары туралы Орталық референдум комиссиясының ресми
хабары дауыс беру өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен
кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат
құралдарында жарияланады.
Заң қабылдау жөнінде референдум - бұл халықтың бір
бөлігінің емес, заң жобасы бойынша бүкілхалықтың
дауыс беруі. Референдумда заң қабылдау - бұл халықтың
өкілдерінің емес, тікелей жеке өзінің ерік білдіруі.
Шынайы демократиялық және халықты шешімін мойындатын,
бағалы қазына ретінде танитын мемлекетте халықтың еркі
әрқашанда басым және жоғары. Сол себепті де, референдум
жолымен қабылданған заңдардың бүкіл Республика
аумағында міндетті күші бар және мұндай жолмен
қабылданған заң басқа заңдарға
қарағанда Президенттің немесе мемлекеттік өкімет
органдарының қандай да бір қуаттауын қажет етпейді.
Сондай-ақ референдум қабылдаған шешім мен Республика
Конституциясының, конституциялық заңдарының,
заңдарының және өзге де нормативтік
құқықтық актілерінің арасында
сәйкессіздіктер болса, онда бұл сәйкессіздіктер Конституцияны,
конституциялық заңдарды, заңдар мен өзге де нормативтік
актілерді референдум қабылдаған шешімге сәйкес келтіру
арқылы жойылады [1, 35 бап 2 т.].
Референдумда
халық тікелей заң шығарушы ретінде болады. Референдум тікелей халықтың заң қабылдауы арқылы тек Қазақстан Республикасының
құқықтық базасының қатарын
толықтырып қана қоймай, ол азаматтардың
құқықтық санасының, құқықтық
мәдениетінің өсуіне көмектеседі, мемлекеттік
өкілді органдардың қызметінің жоғарылауына себепші болады. Сондай-ақ референдум арқылы
азаматтардың мемлекет ісіне араласуы өсіп, өмірдің барлық
салаларына ықпалы мен әсері күшейеді.
Референдум - бұл
тікелей халық билігінің ең бір ықпалды және
көрнекті нысанының бірі. Бұл мемлекеттік өмірдің
белгілі бір мәселелерін халықтың тікелей шешуін,
халықтың еркін анықтау мен заңи рәсімдеуді
қамтамасыз етеді [3, С.185-186]. Ол - халықтың қандай да бір мәселені тікелей
ақырғы шешуі болып табылады.
Қолданылған
әдебиеттер тізімі:
1. Республикалық референдум
туралы 1995 ж. 2 қарашадағы N 2592 Қазақстан
Республикасының Конституциялық Заңы (2008.04.05. берілген өзгерістер мен
толықтыруларымен).
2. Қазақстан Республикасының
Конституциясы 30 тамыз 1995 ж., Алматы, Юрист, 2013.
3. Коток В.Ф. Референдум в системе социалистической демократии. М., Наука,
1964 г.