Қазақстан Республикасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының доценті, з.ғ.к. Гулия Бөкешқызы Мұқалдиева,

1 курс магистранты Саметова Ш.

Банктік салым шартының түсінігі мен ерекшеліктері

 

ҚР АК-нің 756-бабына сәйкес, банк салымы шарты бойынша бір тарап (банк) екінші тараптан (салымшыдан) ақша (салым) алуға, олар бойынша банктік салым шартында көзделген мөлшерде және тәртіппен сыйақы төлеуге және салымның осы тұрі ұшін заң актілерінде және шартта көзделген жағдайлар мен тәртіп бойынша салымды қайтаруға міндеттенеді [1].

Бұл шарт банктермен салымшыларды несиелеуді қамтамасыз етеді. Банктер кәсіпкерлік қызмет субъектілері ретінде банктік салым шартын орындаумен байланысты қауіптерді толығымен көтереді, олар салым сомасына оны ақша капиталы ретінде пайдаланғаны ұшін есептелетін сыйақыны төлеуді қамтамасыз етуге міндетті. Бұл тұрғындардың, заңды тұлғалардың бос ақшаларын пайдаланудың тиімділік дәрежесін арттырады, олар өз кезегінде елеулі қауіпсіз тұрақты табыс алу мұмкіндігіне ие болады.

Банк салымы шарты, банктік шот шарты сияқты, банк тәжірибесінде үлгілік және дәстүрлі шарт болып табылады. Банк салымы шартының мәнін анықтауда пікір таластыратын негізгі мәселелер оның құқықтық табиғатының мәселелері, банк салымы мен қарыздың аражігін ажырату мәселелері, сондай-ақ меншік құқығын немесе салымдағы ақшаға клиент пен банктің басқадай субъектілік азаматтық құқығын анықтау болып табылады [2, 35 б.].

«Кез келген шарттың басты сипаттамасының бірі оның нысанасы болып табылады. Шарттың нысанасы деген түсініктің екіұшты мағынасы бар. Шарт нысанасы деп соған қатысты шарт жасалатын және тараптардың құқықтарымен және міндеттерімен аса тығыз байланысы бар материалдық нысананы, сондай-ақ азаматтық-құқықтық мағынадағы – тараптар келісімінің нысанасы мағынасындағы, біздің пікіріміз бойынша, міндеттеме (құқықтық қатынастар) нысанымен (объект) дәл келуге және міндеттеме мазмұны – тараптардың құқықтарымен міндеттеріне сай болуға тиіс нысананы түсінуіміз керек. Банк салымы шартының материалдық нысанасы, сөз жоқ, салымшы банкке беретін ақша болып табылады. Е.Б.Осиповтың пікірінше: «шарттың азаматтық-құқықтық нысанасын анықтау үшін, банк салымы шартының анықтамасына және құқықтық реттелуіне алдын ала талдау жасап алу қажет», - дейді [3, 149 б.].

Банктік шот шарты және банк салымы шарты бойынша ақша есебін жүргізудің бір-бірінен айырмашылықтарының болуына қарамастан, заң шығарушы іс жүзінде әкімшілік жолмен осы шарттар үшін бірыңғай есеп жүргізу тәртібін белгілеген.  «Төлемдер және ақша аударулары туралы» Заңға сәйкес банк пен клиент арасындағы қатынастарды белгілеу үшін, банк салымы шарты бойынша шарт жасаған кезде банк салымшыға оның ақшасының есебі жүргізілетін жинақ шотын ашуға міндетті [4].

Салымдар және соған сәйкес, банктік салым шарттары бірнеше тұрге бөлінеді. Бөлу белгілі болып салымдарды қайтару жағдайы табылады. Сонымен салымның мынадай үш түрі бар:талап етілмелі салым;мерзімді салым; шартты салым. Талап етілмелі салым салымшының бірінші талап етуі бойынша толық немесе ішіара қайтарылуы мүмкін. Мерзімді салым белгілі бір мерзімге салынады. Шартты салым банк салымы шартында белгіленген мән-жайлар болғанға салынады. Салымның кез-келген тұрі бойынша банк салымшыға банк салымышартында белгіленген мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейді. Талап етілмелі салым бойынша салымшы салым бойынша өзіне тиесілі сыйақыны салым сомасынан бөлек алуға құқылы. Мерзімді салым бойынша салымшы салым бойынша өзіне тиесілі сыйақыны салым сомасынан бөлек алуға құқылы, бірақ бұл ретте, банк салымы туралы шартта өзгеше көзделмесе, сыйақының мөлшері банк талап етілмелі салым үшін қолданатын мөлшерге сәйкес қайта есептеледі. Шартты салым бойынша салымшының оған тиесілі сыйақыны салымның сомасынан бөлек алуы банк салымы шартында белгіленген тәртіппен жүргізіледі, ондай салымды толық күйінде қайтарғанда салымшыға осы сәтке есептелген сыйақы төленеді [1].

Жайлин Ғ.А. былай айтады: «Талап етілмелі салым салымшының бірінші талап етуі бойынша толығымен немесе ішінара қайтарылуға жататындығымен сипатталады. Мерзімді салым белгілі бір мерзімге, әдетте, бір жылға дейін салынады. Шартты салым шартпен көзделген белгілі бір жағдайлардың туындауына дейін салынады. Ол сол бір немесе өзге кездейсоқ жағдайларда ақша қаражатын іздеп табуға мүмкіндік беретіндігімен ыңғайлы, өйткені бірқатар жағдайларда олар банктік салым шартында туындайтын шарттар түрінде қамтылатын болып табылады. Заңдық табиғаты жағынан шартты салымның өзі шартты мәмле болып табылады» [5].

Қорыта келгенде, іскерлік  өмірдің бұл саласындағы қиындықтарға толы қатынастар заңи тәжірибеде банктік шот және салым шарттарының қолданыуына байланысты сұрақтардың туындауы  тереңірек нормативтік реттеуді қажет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:      

1.     Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі, Алматы: ЖШС «Издательство Норма-К», 2014, 244б.

2.     Ефимова Л.Г. Банковские сделки. Комментарий законодательства и арбитражная практика.- М: «КОНТРАКТ» заң фирмасы, «ИНФРА-М», 2000. – 36с.

3.     Осипов Е.Б. Қазақстан Республикасының банк құқығы: оқу құралы/ - Алматы: «Бастау», 2009.-276б.

4.     Қазақстан Республикасының ақша төлемі және аударымы туралы заңы. 1999 ж. 29 маусымда қабылданған Заң, №237.

5.     Жайлин Ғ.А. ҚР Азаматтық құқығы. Оқулық. Ерекше бөлім. - Алматы:  Заң әдебиеті, 2004 – 359 б.