Психология/Совеременные тенденции в методологии психологических исследований

 

Доцент, психология ғылымдарының кандидаты Сейітнұр Ж.С.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

 

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ИНДИГЕНДІК ПСИХОЛОГИЯНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

Психология ғылымының қалыптасу және даму тарихына қарайтын болсақ, оның бірнеше рет өз зерттеу пәнін өзгерткенін көреміз. Оған ғылым дамуындағы интерналдық әрі экстерналдық факторлар себеп болды. Әр кезең өз заман сұранысына сай келетін мәселелерге баса назар аударуды әрі  шешуді талап етеді. Неміс тілінде «Zeitgeist» - замана рухы деген сөз бар. Әр уақыттың өзіне тән жалпы интеллектуалдық және мәдени атмосферасы болады. Ол адамдарды белгілі бір идеяны қабылдауға әзірлігін көрсетеді, яғни олардың идеяға жоғары немесе төмен сезгіштігі болуымен сипатталады. Идея уақыты келгенде оңай қабылданады, мезгілінен  ерте болса мүлдем қабылданбауы мүмкін. Физикадағы механицизм рухы психологияға қалай әсер еткенін психология тарихынан жақсы білеміз. Міне, жаһандану сияқты құбылыс орын алған ХХІ ғасыр адам табиғатын зерттеуде жаңа бағытты, жаңаша тұрғыдан келудің маңыздылығын көрсетіп отыр. Бүгінде зерттеушілер психологияны көп парадигмалы ғылым екендігін мойындайды. Тек жалғыз ақиқат әмбебап психология болуы мүмкін еместігіне ғалымдардың көзі жетуде. Психологияның методологиясы тек жаратылыс ғылымдық парадигма үстем болатын қатаң конструктар жиынтығы емес.

Психиканың қалыптасуына табиғат пен қоғамның әсерін зерттеу нәтижесінде биогенетикалық және социогенетикалық бағыттар, тиісінше биологиялық пен әлеуметтік жағы басым болатын психология салалары пайда болды (биологиялық, генетикалық психология не әлеуметтік психология тәрізді).  Адамның өзін биологиялық аспектісі бар индивид және әлеуметтік аспектісі бар тұлға ұғымдарымен сипаттай бастадық. Алайда әлеуметтік ұғымынан мазмұны, мәні жағынан ерекшеленетін әрі жеке бөлек алып қарастыруды талап ететін «мәдениет» ұғымына психологтар лайықты назар аудармады. Психология ғылымы мәдениетті зерттеуді батыс елдерінде антропология, посткеңестік елдерде мәдениеттану еншісіне қалдырды. Көптеген уақыт бойы психологияда позитивизм парадигмасы үстем болып келді. Ақпараттық технология жетістігі тудырған, бүгінгі таңда ықпалды бағыттардың бірі болып отырған когнитивтік психология «бірінші» психология (В. Вундт негізін қалаған жаратылыстанулық эксперименттік үлгі) парадигмасы шеңберінен шыға алмауда. Когнитивтік психологтардың өздері оның жалпы когнитивтік ғылымға және барған сайын күшейе түскен когнитивтіліктің физиологиялыққа айналу тенденциясына алаңдауда. Психолог ғалымдардың кешенді зерттеу талпыныстары психиканың физиологиялық негізін қарастырумен шектеліп қалуда. Соңғы уақыттары ғалымдар мәдениетті психологияның кіндік ортасына қоюды талап етуде. Бірқатар ірі психологтар мәдениеттің психологиялық зерттеулердің орталығы, діңгегі болуын негіздеуде. Психология ғылымында мәдениетті зерттейтін бірнеше пәндер бар. Батыс елдері ғылымдарында (әсіресе, АҚШ елінде) мәдениет пен психология арасындағы байланысты психологиялық антропология, кросс-мәдени психология, мәдени психология және индигендік (төлтума) психология сияқты пәндер зерттейді. Посткеңестік ТМД елдерінде, соның ішінде Қазақстанда бұл мәселелермен этнопсихология ғылымы айналысады.

Бүгінгі таңда жаһандану процесі объективті құбылыс болып отырғандықтан одан енді еш қашып құтыла алмайтынымыз айқын. Уақыттың осы бір көкейкесті әрі пәрменді талабына әрбір этнос, ұлт өзінше жауап беруде. Біреулері оның ағымына еш қарсылықсыз мойынұсынса, ал өзгелері өзіндік төлтумалылықты сақтап қалу үшін жанталасуда. Мойындауымыз керек: саны аз әрі этномәдениеті әлсіз халықтардың жаһандануға төтеп бере алуы қиын. Тіпті мүмкін еместей де көрінеді. Оның үстіне, айтарлықтай кезең аралығында отаршылдық қамытын киіп табиғи дамуы тежелген қазақ сияқты халықтардың  алаңдауының да жөні бар. Советтік «балқыту қазанында» ассимилияциялық үрдіске ұшыраған қазақтар ХХ ғасырдың соңында егемендігін жариялап саяси тәуелсіз мемлекет ретінде есін енді жиған кезде жаһандану сияқты күрделі құбылысқа тап болып отыр.

Еліміздегі білім беру жүйесі мен ұлттық мәдениеттің өзара байланысы, әрекеттестігі қандай деңгейде екендігі күрделі мәселе болып отыр. Тіпті мемлекетқұрушы этнос ретінде танылып отырған қазақ ұлтының мәдениеті туралы мағұлматтар білім беру мазмұнына қаншалықты енгізілгені педагогтар  арасында үлкен пікірталастар туғызуда. Еліміздің жоғары мектептерінде кәсіби даярлау бағдарламалары нәтижесінде мамандарымыздың кәсіби ойлауы мен ұлттық мәдени ойлауы арасында алшақтық орын алып отыр. Кезінде әйгілі неміс педагогы Адольф Дистерверг өзінің «Неміс мұғалімдерінің білім беру ісіне басшылық» атты еңбегінде оқыту мен тәрбие процесіндегі маңызды қағидалардың бірі ретінде «мәдениетке сай болу» принципін ұсынған еді. Ол "...тәрбиеде адамның туған және өмір сүретін орны мен жағдайы еске алыну қажет, бір сөзбен айтқанда, сөздің кең мағынасында, бүкіл қазіргі мәдениет, әсіресе оқушының отаны болып табылатын елдің мәдениеті ”- деп жазды [1].  Мәдениетке сай болу принципі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда белгілі бір мәдениетке арқа сүйену қажеттігін білдіреді. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, қазіргі қазақстандық білім беру мазмұны қаншалықты А.Дистерверг негіздеген мәдени сәйкестілік қағидасына сай болып табылады? Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев жазғандай: «...Біз, қазақстандықтар, бір экономикалық немесе саяси кеңістікте ғана емес, бір мәдени кеңістікте де өмір сүріп жатырмыз деген ақиқатты сезіну бірте-бірте орнығады» деген үмітін де білдіреді [2,146-147].  Алайда, жалпықазақстандық мәдени үлгі қандай болу керектігі жайлы мәселе әлі шешілмеген күйінде қалып отыр. Отандастарымыздың арасында қазақ мәдениетінің бар екендігіне шүбә келтірушілер бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Қазіргі шындық мынандай: қазақ мәдениеті қазақстандық мәдениеттің өзегі болмай тұр.

 Әлемдегі жаһандану үрдісі еліміздегі күллі салаларға айтарлықтай әсер етуде. Оның ықпалы әсіресе, білім беру саласында ерекше байқалады. Қазақстанның ғылым мен білім жүйесі батыстық стандартқа көшкелі мәселе тіпті асқына түскендей. Реформаны жүзеге асыруды қолға алған адамдардың технократтық ойлауы салдарынан ұлттың мәдени қайта жаңғыру, қайта түлеу қызметі бұзылуда, оның  түп-тамырына балта шабылуда десе де болады. Соңғы онжылдықтарда қарқынды түрде кенттенуге (урбанизация) ұшыраған әрі үлкен саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени және психологиялық өзгерістерді (трансформация) бастан кешіп жатқан ұлтымыз үшін қазақ неоконсерватизмінің (әсіресе, мәдениет саласында) мәні арта түсуде. Саяси элита көштен қалмау үшін ұлттық жаңарту (модернизация) шараларын қолға алуға мәжбүр болды. Оны дұрыс делік-ақ. Алайда қазақтың ұлт ретінде өзіндік кескін-келбеті мен  ерекшеліктері болуы тиіс емес пе? Психологтар адамның, тұлғаның жеке даралығынан бөлек «этнодаралық» ұғымын бөліп көрсетеді (Хотинец В.Ю).  Оның үстіне адамзат тарихында небір жасанды құрылымдар (саяси бірлестіктер, империялар, одақтар және т.б.) ұзақ өмір сүре алмай тарих сахнасынан кеткені белгілі. Ал жер шарындағы этносфера (тайпа, халықтар, ұлттар) әлі күнге дейін бар дүние. Демек, күллі үлкен топтардың ішінде неғұрлым тұрақтысы, өміршең келетіні христандық, буддалық не мұсылмандық сияқты ірі мәдени- өркениеттік қауымдастық  емес, тек этнос болып отыр. Белгілі зерттеуші Л.Н. Гумилев негіздегендей, жалпыадамзаттық мәдениет дегеніміз оны құрайтын этностық мәдениеттер. Өйткені, этносфера бары ақиқат.  Бүгінгі таңда жер бетінде бес мыңнан астам этностық топ, екі жүзге жуық тәуелсіз мемлекеттер бар. Олардың өз тілдері, өзіне тән ойлау және өмір сүру салттары, құндылықтар жүйесі бар. Этностан тыс адам жоқ.  Алайда олардың даму деңгейі әр дәрежеде. Жалпы этностық топтарды  үшке бөлуге болады: жойылатын, жойылғысы келмейтін және еш жойылмайтын қуатты этностар. Біз - қазақтар қайсысымыз? Жануарларды қорғайтын Қызыл кітап бар, ал этностарды ше? Демек, әр этнос өзін- өзі қорғауға тиіс. Әр халық өзіндік этномәдениет жасайды. Біреулері оны келесі ұрпаққа жеткізіп сақтай алады, ал біреулері сақтай алмайды. Сөйтіп өздерін жоғалта бастайды. Мәдениеттерді біркелкілендіретін (унификация) жаһандану құбылысы бұл үрдісті тездетуде. Сондықтан, саяси қайраткерлер  мәңгілік ел болу идеясын орынды көтеріп отыр.

Жаһандану үрдісіне жауап ретінде елімізде жергілікті төлтума, индигендік психологияны ұсынуға болады. Бұл бағыттың ең жарқын өкілдерінің бірі кәріс психологы У.Кимнің пайымдауынша, «индигендік психология – басқа аймақтан алып келінбеген және тек «өздеріне» арналған ерекше психологиялық білім [3]. Бұл тұрғыдан қарасақ, психологиялық құбылыстар әлеуметтік-мәдени контексте зерттелінуі тиіс, кез келген құбылысты психологиялық түсіндіру мен түсіну жергілікті стандартқа сай болуы тиіс. Индигендік психологияға тән белгілерге қысқаша тоқталып кетейік. Біріншіден,  индигендік психология  психологиялық феномендерді контексттік тұрғыда зерттеуге үлкен мән береді. Екіншіден, индигендік психология - жалпы  барлық елдерді, мемлекеттерді қамтиды. Көбінесе адамдар индигендік психологияның зерттеу пәнін шеткері, оқшауланған жерлерде өмір сүретін «экзотикалық» адамдар жайлы антропологиялық зерттеулермен теңестіреді. Ол қате түсінік. Индигендік психологияның мазмұнын тек «Үшінші Дүниеде» өмір сүретін адамдар жайлы ғана білім емес, кез келген мәдени және этностық топтарға тән жергілікті, инсайдерлік  білімдер жүйесі құрайды. Үшіншіден, индигендік психология психологиялық әдістемелерді негіздеумен не дәлелдеумен, болмаса құрастыру не жоюмен  айналыспайды. Ол кез-келген феноменді талдау үшін тиімді әдістемелерді қолдануды жөн көреді.  Өйткені, ғылыми қауымдастықтың  қолданатын әдістемелері  сан алуан және әдіснамалық әрі әдістемелік аспект ғылымда әлі  шешуін таппаған күрделі мәселелердің бірі. Индигендік психология әр түрлі әдістер мен әдістемелердің қолданысын жақтайды: сапалық, сандық, экперименттік, салыстырмалық, көптік методикалар, философиялық талдау және т.б.;

Төртіншіден, тек мәдениет иелері, яғни іштегі, жергілікті адамдар ғана  нағыз төлтума және жергілікті мәдени феномендерді толық түсіне алады, ал сырттан келгендерге бұл түсінік шектелген түрде ғана қол жетімді болып есептеледі. Дегенмен бір қоғамда өмірге келіп, сол қоғамда өсіп-жетілгендердің сол жергілікті, төлтума мәдениетке деген түсініктері болғанымен, ол әрқашан назар аударылып қабылданатындай ерекше дүние емес. Зерттеушілердің  пікірлері бойынша,  адам жайындағы ең маңызды нәрсе олардың аз мән беретін заттары болуы мүмкін.  Керісінше, сырттан келгендер не сырттай көзқарасқа ие болғандар табиғи болып көрінген заттардың мәдени екендігін байқаған. Демек, ішкі тұрғындар тарапынан байқалмай қалған ерекшеліктер, қарама-қайшылықтар мен «өлі аймақтарға» назар аудару маңызды (Клейнман, 1980). Ішкі және сыртқы көзқарастардың екеуі де психологиялық феноменнің жалпылама әрі ортақ түсініктерін табуда зор үлесі бар.

Бесіншіден, индигендік психология күнделікті тұрмыстық, эмпирикалық білімдерге, яғни эпизодтық білімдерге мән береді. Адамдар өздері және айналасындағы әлеуметтік дүние жайлы күрделі түсініктерге ие. Олар практикалық және эпизодтық түсінікке ие болғанмен, берілген құрылымды немесе үдерісті сипаттайтындай аналитикалық қабілеттерге ие болмауы мүмкін. Эпизодтық және аналитикалық білім, екеуі екі түрлі таным болып табылады. Жалпы психология психологтардың концепцияларын, түсіндірмелерін ұсынғанмен, ол нақты адамзат психологиясын білдірмейді. Басқа сөзбен айтқанда, қазіргі заманның психологиясы - психологтардың психологиясы болып табылады.  Жергілікті психологияда алынған эпизодтық ақпараттар тестіленіп, дәлелденуі үшін,  аналитикалық пішінге келтіруі тиіс.   

Алтыншыдан, жергілікті концепциялар индигендік психологияның мысалдары ретінде қарастырылған. Гректің филотимо концепциясы («сыпайы, ізгілікті, сенімді, намысқор адам», Триандис, 1972), үнділік анасакти («бөлінбеу», Панде & Найду, 1992), жапондық амаэ («шыдамды тәуелділік», Дой, 1973), Филиппиндегі капва («тұлғаның басқалармен бөлісуі», Энрикез, 1993), Кореяның джунг түсінігі («терең құштарлық немесе іңкәрлік» Цой, Ким & Цой, 1993) арнайы талданып, түрлі мәдениетке байланысты синдромдар ретінде танылды. Қазақтардың да тек өзіне тән мәдени синдромдары,  индигендік тұлға концепциялары (мәселен, Абайдың «толық адам» концепциясы, Шәкерімнің ар ілімі сияқты) бары белгілі. Өкінішке орай, батыстық әдіснамадан өзгені мойындамайтын қазақстандық психологтар ондай тақырыптарға бойлап бара бермейді. Жоғарыда келтірілген концепциялар қызықты болғанмен, тілдік кедергілер коммуникативтік процесске бөгет болуда. Екінші бір мәселе, берілген концептуализациялардың шынайылығын нақтылау қиынға соғады. Үшінші мәселе, осы жергілікті талдауларға эмпирикалық қолдау көрсетілмегендіктен, ғылыми еңбекті іске асыру қиынға соғады. Дескриптивтік талдау  – осы индигендік психология зерттеулеріндегі бастапқы нүкте болғанмен, қорытынды нүктесі емес.

Жапон зерттеушісі С. Ямагучидің пікірінше, мәдени психология мен индигендік психология адам психологиясының әмбебаптығы идеясын қабылдамайды. Индигендік психологияның өкілдері зерттеудің теориясы, әдістері, терминологиясы сол зерттелінетін мәдениетте дамуы тиіс және зерттеуші ғалым ретінде нақ сол  мәдениеттің адамдары болуы шарт деп есептейді.

 Сонымен, зерттеушілер индигендік психология ретінде белгілі бір мәдени дәстүрге негізделген психологиялық ой-пікірлер мен практиканың жүйесін атап жүр. Индигендік психология әлеуметтік мінез-құлықты зерттейтін ғылымдардың мәдени аспектіні ескеру қажеттілігінен туындап отыр. Өйткені, қазіргі психологиялық ғылымдардың қортындыларының әмбебаптығы проблемасы өткір тұр.  Мысалы, психологияның әлеуметтік психология сияқты маңызды бір саласы  Еуропа мен АҚШ-та дүниеге келгені мәлім. Осы саланың күллі жетістіктері мен жұрт мойындаған ғалымдары (әлеуметтік психологтар) осы аймақтардан шыққан. Алайда Батыс – барған сайын азаю үстіндегі адамзаттың бір бөлігі ғана. Әлеуметтік психологиядағы ғылыми мәліметтердің 90 пайыздан астамы жер шарының 7%-дай халқын құрайтын Солтүстік Америкадан алынған екен. Әлемдік психологияның аса көрнекті тұлғасы, атақты американдық ғалым Гарри Триандис мынандай маңызды деректерді келтіреді: егер Жердегі барлық халықтар – 100% десек, онда оның 55% - азиялықтар, 21% - еуропалықтар, 9% - африкандықтар, 8% - Оңтүстік Америка және 7% Солтүстік Американың өкілдері екен. Ал адамдардың әлеуметтік мінез-құлқы туралы ғылыми түсініктер батыстық мәдениет негізінде қаланыпты. Батыстық психологиялық білімдер (WASP, ағылшынша  Western academic scientific psychology — Батыстық академиялық ғылыми психология) басым көпшілік әлеміне сәйкес келмейтіні эмпирикалық деңгейде белгілі болды. Статистикалық тұрғыдан да, демократиялық қағида тұрғысынан да  көпшілік маңызды.  Егер психология ғылымы нағыз ғылыми қорытынды шығарғысы келсе, онда мәдени ерекшеліктерді ескеретін кросс-мәдени (салыстырмалы) зерттеулерін жүргізуі шарт. Индигендік психология осы талаптарды ескереді. Өйткені, индигендік психологтар жергілікті (локалды) адамдар қоғамының әлеуметтік-мәдени фактісіне сәйкес келетін мінез-құлық туралы ғылымды дамытқысы келеді. Индигендік психология батыстан бөлек қоғамның дәстүрі, нанымы, сенімі мен идеологиясын бейнелейтін психология.  Батыстық психологияның басымдығына қарсы реакция (жауап) ретінде өмірге келіп отыр. Оны этноғылымдар қатарына жатқызуға болады.

Сонымен, қорыта келгенде, төлтума әрі жергілікті жағдайға сай келетін психологиялық құбылыстарды зерттейтін индигендік психологияны Қазақстанда да дамыту қажет. 

 

Әдебиеттер:

 

1.   Дистерверг А. Избранные педагогические сочинение.М.: Учпедгиз, 1956. С. 201-203

2.   Назарбаев Н. Тарих толқынында.- Алматы: Атамұра, 1999.- 296 бет.

3.   Лебедева Н.М. Этническая и кросс-культурная психология: Учебник для высших учебных заведений. М.: МАКС Пресс, 2011- С.18