ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Туракова Н.К., магистрант
Қазақ
экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті
Астана қ., Қазақстан
Нарықтық экономика жағдайында халықты
әлеуметтік қорғау қажеттілігі күннен-күнге
арта түсуде. Халықтың әртүрлі
әлеуметтік-демографиялық және кәсіби топтарына бағытталған
әлеуметтік қорғау қажеттілігі де талап етілуде.
Сондықтан болар, республика деңгейінде жүргізіліп
отырған әртүрлі бағыттағы халықты
әлеуметтік қорғау жұмыстарын озық
тәжірибеге қол жеткізген шетелдік тәжірибе негізінде
жақсарту бүгінгі күннің басты мәселелерінің
бірі.
Әлемдік даму
аренасына қадам басқан кез-келген мемлекет өз
қоғамының мүшелерінің барлық
қажеттіліктерін қанағаттандырып, жаңа биік
белестерге қадам басуға әрекет жасайды. Бүгінгі
таңда әлеуметтік мемлекет болып табылатын көптеген әлем
мемлекеттері үшін әлеуметтік саясаттың айқын басым
бағыттарын анықтап, салиқалы әлеуметтік саясат жүргізу,
халықты әлеуметтік қорғаудың өзіндік
үлгісін қалыптастыру стратегиялық маңызы бар
мәселеге айналып отыр. Әлеуметтік саясаттың басым
бағыттарын анықтау арқылы мемлекет ең алдымен негізгі
халықтың қажеттіліктерін анықтап, саясатты сол
арнаға бағыттайды. Демек, тиімді тетіктерін табу
арқылы қоғамның әр түрлі топтарына,
таптарына, әсіресе әлжуаз әлеуметтік қорғауды
қажет ететін топтарын әлеуметтік қорғаумен
қамтамасыз етеді.
Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылдың 27-қаңтардағы
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту –
Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын кезекті
Жолдауында «Қазақстан жолының жаңа кезеңі –
экономиканы нығайтудың, халықтың әл-ауқатын
арттырудың жаңа міндеттері. Қазақстан үшін
экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді
қамтамасыз етудің оңтайлы теңгерімін табу –
өмірлік маңызды нәрсе. Бүгінгі әлемде бұл –
әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың
түбегейлі мәселесі...» деп атап көрсетіліп, елдің
әлеуметтік маңызы бар міндеттерін шешу жолдарына басты назар
аударылады [1].
Мемлекеттің
әлеуметтік саясатының негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатын
арттыруға қол жеткізу. Адам факторы, адамдық капитал, адам
дамуы – Қазақстан Республикасындағы басты стратегиялық
міндеттердің бірі болып табылады. Себебі, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы
қабылданған Ата Заңымыздың 1-бөлімі, 1-бабында
«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы,
құқықтық және әлеуметтік мемлекет
ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы —
адам және адамның өмірі, құқықтары
мен бостандықтары» - деп көрсетілген [2]. Олай болса, Ата Заңымызда көрсетілгендей,
әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптаса отырып, елдің,
халықтың әл-ауқатын арттыру, дені сау ұрпақ
тәрбиелеу, жұмыссыздық пен кедейшілік мәселелерін жою,
жалпы алғанда халықтың қажеттіліктерін
қанағаттандыру – ел саясатының басым бағытының
бірі ретінде толыққанды шешілуді талап етеді. Адамзат баласы
қашан да қоғамдық-әлеуметтік өмірді
жаңарту, жаңғырту,
жоғары деңгейдегі экономикалық жетістіктерге жетуде негізгі
рөл атқарады. Қоғамда өмір сүретін
барлық жіктер мен әлеуметтік топтардың өмір сүру
деңгейін үнемі жақсартып отыру кез-келген мемлекеттің
жүргізіп отырған саясатының басты басымдықтары
болуы тиіс.
Халықты
әлеуметтік қорғау жүйесі мәселелерін зерттеу
дамыған нарықтық экономиканың кешенді
жүйелерінің бірі ретінде экономикасы дамыған елдердің
тәжірибелі ғалымдарының еңбектерінде маңызды орын
алады. Сонымен қатар Халықаралық еңбекті ұйымдастыру,
Еуропалық Одақ, Халықаралық валюталық қор
секілді ұйымдардың қызметтерінде де айтарлықтай
орынға ие. Жалпы әлеуметтік қорғау мәселелерімен
тек қана әлеуметтік қорғаудың
халықаралық ассоциациясы айналысады.
Әлеуметтік
қорғау мәселелеріне жоғары назар 1970 жылдардың
аяғы және 1980 жылдардың басында аударыла бастады,
мұнда әлеуметтік саясат пен әлеуметтік қорғау
әлеуметтік мемлекет теориясының маңызды элементтері ретінде
қарастырылды. Әлеуметтік
мемлекет пен халықты әлеуметтік қорғауды
қалыптастыру мен дамытудың жалпы теориялық негіздері
экономикалық ойшылдардың еңбектерінде – А.Смит, Дж. Кейнс, Ф.
Хайек, Дж. Бьюкененнің еңбектерінде көрініс тапты. Ресейлік ғалымдардың ішінде әлеуметтік
қорғау, кедейшілікпен күрес мәселелерін зерттеген
ғалымдарға мыналар жатады:
Бабич А.М., Егоров Е.В., Жильцов Е.Н., Кадомцева С.В., Роик В.Д.,
Ракитский Б.В., Седова М.Л., Слезингер Г.Э., Якушев Л.П. Зущина Г.М.,
Заславский И.Е. және басқалар. Қазақстан
Республикасында әлеуметтік саясатты жүргізуде экономикалық
тетіктерді қолдану тиімділігі жайында белгілі-экономист ғалымдар
О.Баймұратов, А. Зейнельгабдин, Қ. Ильясов, Ж. Ихданов, С.
Интыкбаева, Ұ. Искаков, Н. Нурланова, Қ. Оқаев, Г. Осипова,
Г. Сансызбаева, Н. Хамитов, Б. Чумаченко және тағы басқа
ғалымдар өздерінің теориялық ізденістері мен
зерттеулерінде, ғылыми еңбектерінде аталған
мәселелердің түрлі тұстарын қарастырып,
олардың тәжірибеде қолданыс табуына өз үлестерін
қосты.
Соған
қарамастан, нарық талаптарына сай келетін әлеуметтік
қорғау жүйесі және кедейшілікпен күресу жолдарын
жетілдіру және әлеуметтік қорғау салаларының барлық аспектілерін
одан әрі зерттеулерді талап етеді.
Қазіргі
таңда ғылыми-техникалық жеделдетілген заманда бірде-бір
экономикалық жүйе адамның шығармашылық,
инновациялық әлеуетін пайдаланбай-ақ экономикалық
өсуді қамтамасыз ете алмайды, олай болса, адамдық фактор
қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында шешуші
рөл атқарады. Бұл мемлекеттің әлеуметтік саясатты
жасау және жүзеге асыру арқылы
әлеуметтік-экономикалық үдерістерге араласу
қажеттілігін айқындайды.
Әлеуметтік қорғау — бұл
өмірлік қажеті бар игіліктердің белгілі бір деңгейін
(қарттық, денсаулық жағдайына, асыраушысынан немесе
жұмысынан айырылуына және басқа да заңды негіздерге
байланысты экономикалық белсенділік көрсете алмайтын) және
тиісті ақы төленетін еңбекке қатысу арқылы
өзін қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға белгілі бір
жақсы тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету шараларының
жүйесі.
Әлеуметтік
қорғау мемлекеттің
халықаралық және ұлттық нормалар негізінде
адамның әлеуметтік құқықтарын
қамтамасыз ету жөніндегі аса маңызды міндеті.
Неғұрлым тар мағынада алғанда — тұрмыс деңгейіне
қатысты құқықтарды қамтамасыз ету.
Демократиялық қоғамның заңнамасында әлеуметтік қорғау
саласында жұмыспен қамтылу және еңбек үшін
сыйақы алу, демалу, жасының ұлғаюына байланысты,
сырқаттылық, жұмыссыздық жағдайында,
асыраушысынан айырылғанда әлеуметтік қамсыздандырылу,
балаларды тәрбиелеу, білім алу, денсаулығын сақтау,
мәдени өмірге қатысу құқықтары,
тұрғын үйге құқық көзделеді [3].
Әлеуметтік
көзқарас тұғырынан, «әлеуметтік
қорғау» категориясы -
бұл әлеуметтік дезинтеграция және ауруына байланысты,
еңбекке қабілеттілігі мен жұмыс орнын жоғалту
қауіптері бар әлеуметтік кедергілердің қолайсыз
әсерінен азаматтардың әлеуметтік жағдайларын
қорғауға қажетті шарттарды жасайтын қатынастар
жиынтығы.
Әлеуметтік
қорғау категориясы өмір деңгейі категориясымен
тығыз байланысты, себебі мұнда БҰҰ ұсыныстары мен
бірқатар элементтері енгізілген: денсаулық оның ішінде
демографиялық жағдайлар, тамақ, киім, тұтыну және
жинақтау қорлары, еңбек шарттары, жұмысбастылық,
еңбекті ұйымдастыру, білім оның ішінде сауаттылық,
тұрғын үй, әлеуметтік қамсыздандыру және
азаматтық еркіндік.
Халықты,
соның ішінде еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қорғау мына бағыттарды
қамтиды:
- қолайлы
өмір сүру үшін, өмір сүру сапасын арттыруға
қажетті төлемдерді алуға мүмкіндік беретін еңбек
қызметтері арқылы халықтың жұмысбастылығына
қажетті жағдайларды жасау;
- кәсіби білім
және сауықтыру, денсаулық сақтаудың
ұлттық жүйесіне азаматтардың еркін қол жеткізуі
және қызметкерлердің қауіпсіз еңбек шарттарын
қамтамасыз ету;
- асыраушысынан айырылғанда,
қартайғанда, мүгедектікте, кәсіби аурулар мен
өндірістік зақымдануларда, тұрмыстық төтенше
жағдайларда, бала туылғанда, ауруға байланысты табыстың
тез арада төмендеуі немесе
жоғалуы барысында, жұмыссыздық жағдайында
күнкөрістің төменгі деңгейімен
қызметкерлерді және олардың жанұя мүшелерін
қамтамасыз ету.

1-сурет. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі
Кейбір
ғылыми әдебиет көздерін салыстырмалы түрде
қарастырғанымызда,
халықты әлеуметтік қорғау нысандары ретінде
әлеуметтік институттар, әлеуметтік сала ұйымдарын
жатқызғандығын байқадық, олардың
барлығы әлеуметтік
қауіптілік салдарының шығындарын өтеуге мүмкіндік
беретін халыққа материалдық қолдау және
қорғау қызметтермен айналысады.
Кесте 1 - Әлеуметтік қорғау
жүйесі, элементтері, механизмдерінің жіктемесі
|
Элементтер |
Механизмдер |
Жүйелер |
|
Әлеуметтік
кепілдік – ұлттық деңгей: еңбек (әлеуметтік)
заңдылығы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек
гигиенасы ережелері мен нормалары |
Экономикалық
Құқықтық Саяси |
Мемлекеттік
төменгі әлеуметтік стандарттар жүйесі Қызметкерлерді
кәсіби дайындау, медициналық және кәсіби таңдау
жүйесі |
|
Ұжымдық,
аймақтық, салалық келісімдердегі әлеуметтік
кепілдіктер |
Әлеуметтік |
Еңбекті
қорғау, бағалау, кәсіби қатерлерді
төмендету және алдын алу, өндірістегі төтенше
жағдайларды зерттеу |
|
ХЕҰ
ұсынылған әлеуметтік кепілдіктер мен конвенциялар |
Экономикалық
|
Кәсіби
ауруларды анықтау және өндірістегі еңбекке
қабілеттілікті жоғалту деңгейін анықтап, бекіту жүйесі. Әлеуметтік
сақтандыру жүйесі (медициналық, жұмыссыздық
бойынша, зейнетақы, өндірістегі төтенше жағдайлардан)
|
Әлеуметтік
қорғау механизмі экономикалық, әлеуметтік,
құқықтық және ұйымдастырушылық
жүйелердің үйлесімділігі, сонымен қатар,
әлеуметтік субъектілер арасындағы келісімдерге қол жеткізу
құралдары: тарифтік келісімдер, ұжымдық келісім
шарттар, еңбек келісім шарттарын қамтиды.
Әлеуметтік
қорғау институттары бұл
экономикалық мүмкіндіктері мен (міндетті және ерікті
әлеуметтік сақтандыру, мемлекеттік әлеуметтік
қамсыздандыру, әлеуметтік көмек, мемлекеттік әлеуметтік
қамтамасыз ету) заңдық статусты анықтайтын
қорғаудың мақсаттық қызметтерін орындайтын
ұйымдастырушылық құқықтық құрылым.
Әлеуметтік
қорғау жүйесінде төменгі әлеуметтік стандарттарды
біріктіретін мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер осы саладағы
мемлекеттің ұзақ мерзімді әрекет ету құралы
мен механизмі, элементі ретінде қарастырылады. Ол әлеуметтік саясат
бағыттары мен мақсаттарын анықтайтын, әлеуметтік үдерістерді
ұзақ және қысқа мерзімдік болжамдауды негіздеу
үшін басты эталон болып табылады, сонымен қатар алдыңғы
әлеуметтік технологиялар саласындағы шаралар тиімділігі,
әлеуметтік сала жағдайын бағалау критерийі ретінде
қолданылады.
Әлеуметтік
қорғау бағдарламаларын қаржыландыру республикалық
бюджеттен және мамандандырылған қорлар арқылы
жүзеге асырылады, ал іс жүзіндегі көмек билік органдары
және қоғамдық, қайырымдылық қорлар
арқылы жүзеге асырылады.
Әлемнің
әрбір мемлекетінде әлеуметтік қамтамасыз етудің
өзіндік жүйесі қалыптасқан. Халықты
әлеуметтік қорғаудың жоғары деңгейі Швеция,
Норвегия, Дания, Германия елдерінде байқалады.
Халықты
әлеуметтік қорғау жүйесі әртүрлі
мемлекеттердегі қазіргі нарықтық шаруашылықтың
шектеулі элементі болып табылады. Бұл елдерде әлеуметтік
қорғау институттары және бағыттары көлеміндегі
едәуір айырмашылықтарға қарамастан, олар
бірыңғай принциптер негізінде құрылады:
толықтылық, ынтымақтастық, тиімділік,
адекваттылық, үздіксіздік және т.б.
Нарықтық
экономика жағдайында әлеуметтік қорғау
жүйесінің негізгі орталығы әлеуметтік кепілдіктер болып
табылады. Әлеуметтік кепілдіктердің мемлекеттік бағдарламасын
қаржыландыру көзі ретінде
мемлекеттік бюджет және биліктің жергілікті органдарындағы
бюджеттер жатады.
Әлеуметтік
кепілдер жүйесінің элементтері:
1. Қабілеттіліктерді қалыптастыру,
қолдау және дамыту, ең алдымен еңбекке
(әлеуметтік игіліктердің тең құқылы
бөліну кепілі) [4].
2. Еңбек қызметі барысында
қабілеттіліктерді жүзеге асыру кепілі (жұмысбастылық
кепілі, жеке кәсіпкерлік қызмет).
3. Басқару шешімдерін қабылдау
үдерісіндегі қызметкерлердің алу кепілі.
4. Әртүрлі қоғамдық
қолайлы тәсілдер және олардың пайда болу
көздерінің қалыптасуы негізінде табыстарды алу, еңбекті
бөлу кепілі.
5. Айырбастауды жүзеге асыру саласындағы
кепілдер (ақшалай табыстарды тауармен жабу кепілі, тауарлар мен
қызмет көрсету нарығына тең құқылы
кіру).
6. Тұтыну саласындағы кепіл (табыстарды
пайдалану тәсілдері мен формаларының, бағыттарын таңдау
еркіндігі).
7. Қоғамдағы барлық
мүшелердің өмір тіршілігінің қалыпты ұдайы
өндірілуі үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз
ету кепілі.
8. Міндеттемелердің орындалуы және
құқықтарды пайдалану мүмкіндігі, әрбір
тұлғаның азаматтық еркіндігін қорғау
кепілі.
Әлеуметтік кепіл жүйесінің элементтері
бірегей және өзара байланысты, қоғамдық
өмірдің барлық деңгейін қамтиды.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылдың
27-қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық
жаңғырту – Қазақстан дамуының басты
бағыты» Жолдауы
2. Қазақстан Республикасының
Конституциясы - Алматы, 1995
3. Қаржы-экономика
сөздігі. - Алматы: Экономика институты, «Зияткер» ЖШС, 2007
4. Қазақстан
Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің 28 қаңтар 2009 жылғы №
29-п «Учаскелік комиссия туралы типтік ережені бекіту туралы» бұйрығы