АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ

 

Бейсембекова Г.Ж., Мырзаханова Н.Р.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.

 

Қазақ Ордасының ханы, Қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері. 1743 жылға дейін Орта жүздің сұлтаны болған. Әбілмәмбет хан қаза болған соң, Абылай Ұлы жүздің ханы болады. Абылай ханның ата-бабалары Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның ұрпағы болып табылатын - Қазақ Ордасының негізін қалаған Әз Жәнібектен тараған.

Жиырма жасында хан сайланған Абылай жарты ғасырға жуық хандықты абыроймен басқарады. Ол зерделі саясаткер, білімдар дипломат, дарынды қолбасшы болды. Оның көздеген мақсаты мемлекетті нығайту еді. Ол сыртқы жаулардан қорғану үшін үш жүзді біріктіруді жүзеге асыра бастайды. 1743 жылы Түркістан қаласында үш жүздің хандары, сұлтандары, батырлары бір тудың астына бірігіп, Абылайды Ресми түрде Қазақ ханы етіп сайлайды. Абылай Қазақ мемлекетін нығайту мен оның тәуелсіздігін сақтау жолында көп еңбек сіңірді. Ол билік құрған жылдары алғаш рет қазақтар мен қалмақтар арасында бейбіт келісім жасалды. Ресеймен, Қытаймен тату көршілік қарым-қатынас орнатылды.

Бұл күшті мемлекеттер білгір қазақ ханымен санасатын болған. Соғыс тәсілдерін жетік білетін қолбасшы орыс және қытай өкіметінің ішкі есебін де біліп отырған. Сондықтан да ол жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенмен болған тоғыз жылдық келісімнен кейін соғыс өртінің тұтанатынын білді. Жоңғар мемлекеті ішіндегі өзара қырқысулар соғыстың басталуын жылдамдатты.

Абылайдың арғы есебі жоңғарларды жеңіп, оларды қазақтардың ықпалына көндіру, Қытаймен және Ресеймен терезесі тең мемлекет орнату еді. Бұл мақсатта 1753-1754 жылдары ол Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Өтеген сынды батырларымен бірге қалмақ ұлыстарына шабуылды үдете түсті. 1755 жылдың көктемінде сарбаздардың жеңісті жорықтары жалғаса берді. Ақыры ойраттар мен қазақтардың арасында 200 жылға созылған сұрапыл соғыста қазақ халқы түпкілікті жеңіске жетті.

Қазақ халқының жеңісі көршілес Қытай мен Ресей үшін қолайсыз болды. 1756 жылы Қазақ хандығы мен Қытай мемлекеті арасында соғыс өрті тұтанып, ол 1757 жылға дейін созылды. Бұл қақтығыс та Абылай ханның арқасында бейбіт жолмен шешілді.

1765-1770 жылдары Абылай хан қырғыз ұлысына қарсы жорық бастайды, нәтижесінде мемлекет шекарасы кеңейді. 1771 жылы ол Еділ қалмақтарын талқандайды. Мемлекет шекарасы Абылай хан билік құрған кезеңде одан әрі кеңейе түсті. Халықтың рухы көтеріліп, мерейі үстем болды. Тарихи тұлға Абылай ханның қол жеткізген жетістіктері сол кезеңде Қазақ мемлекеті өте күшті болғанын айғақтайды.

Абылайдың хандық мемлекетіне, қайраткерлік, қолбасшылық, дипломатиялық қызметіне нақты баға берілген А. И. Левшиннің жазбалары – тарихи  шындықты жан-жақты ашатын, құнды еңбек. Ол: «Абылай – тәжірибесі, ақыл-айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны, күші жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың боғдыханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын өз тұсындағылардың бәрінен биік еді», дейді.

Абылай заманында шырматылып, түйінделген елдік мәселелер аз емес еді. Ел тағдырына төнген қасірет – жоңғарлардың  басқыншылық соғысын тойтару ғана емес, көрші ірі мемлекеттер –Ресей  мен Қытайдың отарлап, бодандыққа мойын ұсындыру саясатынан амалдап, айла-ақылмен құтылып, дербес ел ретінде тарих сахнасында Қазақ ордасының күш-қуатын таныту еді. Абылайдың 1730-31 жылдары алғаш ұрыстарға араласып, қалмақтың азулы да айбынды батыры Шарыш сияқты қолбасыларын жекпе-жекте жеңіп, жойқын ұрыстың  тізгінін қолына батыл алып, ел ішіндегі берекелі бірлік орнатып, мықты әскери дайындық, ақылды да айлалы саясатқа сүйенуі өз жемісін бергені мәлім.

1771 жылы Орта жүз ханы болып сайланған Абылай іс жүзінде бүкіл қазақ даласына билігін жүргізіп, қытайдағы Цин империясымен де бейбіт қатынастар орнатуға күш салды. Сол үшін айтарлықтай саяси ұсыныстардан бас тартты. 1739 жылға қарай Абылайдың жағдайы әжептеуір нығая түсті, Ресей мен Қытай үкіметтері оның ағасы Сұлтанбекпен емес, Абылаймен қатынас орынатуды қолдады. Қазақтарға достық ниетін танытқан жоңғар тағынан үміткерлердің бірі Әмірсанаға көрсеткен Абылай қамқорлығы, ең алдымен, моральдық қолдау ғана болатын. Әмірсана маньчжур әскерлеріне тегеурінді қарсылық көрсете аламай, ақыры Абылайға келіп жан сақтады. Қазақ сұлтаны Әмірсанаға қамқорлық жасау арқылы титықтаған Жонғарияны бір жолата күйреуден сақтап қалып, елге енді ешқандай қауіп төндіре алмайтын әлсіз ойраттардан Цин Қытай мен Қазақ даласы ортасындағы аралық мемлекет жасамақ болды. Бірақ Қытай иператоры Цян Лунь әскерлері араға кірігіп кетті де әбден әлсіреген Жонғарияны жойқын күшпен басып алды. Абылай Қытайға жақындаған сайын Ресеймен қатынасын ашық тежеуге кірісті. Абылай алысты болжап, көре білген адам. Ол елдің Ресеймен арадағы экономикалық, саяси байланысын нығайтудың қажеттілігін ерте түсінді. Осыған қарамай, ақ патшаның ХҮІІІ ғасырда Абылай ханнан асқан  жауы болмады. Амалсыздан тәуелдімін деп мойындағанымен, Абылай іс жүзінде Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруге, тәуелсіз ел етуге күшін салды. Абылай басқа мемлекеттермен, әсіресе Хиуа, Жоңғар хандықтарымен қарым – қатынастары қазақ  жұртының негізгі этносаяси мүддесіне сай жүргізілді. Чиң империясы тарапынан Орта Азия елдерін жаулап алу қаупі төнген кезде, Абылай Ауғаныстан билеушісі Ахметшахпен байланыс орнатты. Абылай алыстағы Түркия билеушілерімен де қарым – қатынас жасауға әрекет еткен. Абылайдың мұраты келешекті кемелдікпен болжап, мемлекетті бір орталықтан басқарып, елді өркениетке жақындату еді. Қайтыс болардан ондаған жылдар бұрын – ақ ол бұл арманын орындауға құлшына кіріскен.

Ол ел ішіндегі қайшылықтарды жойып, жалпы ұлттық бірлікті нығайту үшін, жергілікті ұсақ саяси топтардың билігі мен беделін әлсіретіп, заң құқығын орталыққа шоғырландырды. Сөйтіп ол үш жүздегі ру – тайпалар басшыларын тікелей өз бақылауында ұстады; билер жиналысының өлім жазасына өкім ету құқығын күшіне қалдырып, оны өз қолына алды. Демек, билікте орталықтанған саяси жүйе қалыптастырды. Бейбітшілік әскери күшпен сақталды. Абылай ханның әскери жорықтары бейбітшілікті сақтау мақсатында болған. Абылай хан ел ішінде өзіне қарсы бас көтергендерді де қатаң жазалап отырады.

1881 жылы Арыс өзені бойында дүние салады,  Қожа-Ахмет Йасауидің мешіті алаңында жерленеді. Абылай хан – аса күрделі тарихи кезеңде тарихи сахынаға шығып, елу жылдай ел билеген ұлы тұлға. Ол жанкешті жауынгерлікпен көзге түсіп, сұлтан, қолбасшы, Орта жүздің ханы және бүкіл қазақтың ұлы ханы сияқты ел тағдырын белгілейтін биліктерді атқару барысында, халықтың көңілінен шығып, түбірлі мүддесін қорғай білді,  қазақ қоғамын айтарлықтай алға бастырды. Дегенмен ол өзі өмір сүрген тарихи шектемеден асып кете алған жоқ. Абылай хан ұзақ жыл билік жүргізу барысында, феодалдық үстемдік идеясын қалыптастырады. Яғни ол қоғамдық қайшылықтарды немесе саяси қарама – қарсы топтардың күресін ұтымды пайдалана отырып, өз билігін сақтау немесе нығайту сынды феодалдық билік ұстанымын ұрпағына ұстатып кетті. Абылайдай дана патша әр елде болған жоқ. Кішігірім жауларды есепке алмағанда үш  алып мемлекеттермен (Ресей, Жоңғар, Қытай) ортақ тіл табысу ол заманда ерен сабырлылық, парасаттылық, терең ойшылдықты тіледі. Бір сөзбен айтқанда, ақылды дипломат болуы керек.

 

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1. Абылай хан. Өмірі мен қызыметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағы. – Петропавл ЖШС «Астана» баспасы. – 2005.

2. Абылай хан: - Алматы: МП «Айқап», - 1992.

3. Әбеуов Қ. Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен. - Алматы: Қазақстан. – 1994.

4. Қасымбаев Ж. Абылай хан: Тарих. Тұлға. Уақыт.  – Алматы: Аруна, 2003.

5. Тарақ Ә. Алаштың айбын – ардағы – Абылай хан (Әдеби – тарихи  монография) – Алматы: «Қазақстан», - 2003.

6. Мұхаметқанұлы Н. Абылай ханның мәмілегерлік саясаттары: Қытай деректері бойынша. // Қазақстан тарихы. – 2000. -№3.

7. Мұхаметқанұлы Н. Абылай ханның атқарған қоғамдық қызметі. //Алаш. – 2009. -№6.