ШЕЖІРЕНІҢ ДЕРЕКТІК МАҢЫЗЫ

 

Н.Р. Мырзаханова,  Бейсембекова Г.Ж.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.

ың тарихы сияқты, қазақ халқының тарихы да өзінің төлтума деректерінің негізінде жазылады. Ұлттың бүгінге дейінгі тарихы –оның ертеңгі тағдыры.

Қазақ халқы жүріп өткен жолы мен өмір тарихында қиын да, ауыр кезеңдерді  басынан өткізгендігі  тарихтан мәлім. Әуелі Ресей империясының, кейін Кеңес өкіметінің құрсауындағы отар ел болды. Ондай халықтың тағдырымен бірге тілі, діні, тіпті бүкіл тарихы да  сол империяға бағынышты болады. Тек тәуелсіздік алуымызға байланысты ғана халқымыз өз тарихын, оның ішінде шежіресін де іздеуге мүмкіндік алды. Тіліміз де, дінміз де қайта оралып, тарихымыз жаңа үрдіс алып ұлттық тұрғыдан жазыла бастады. Өз ата-бабасы туралы білу өзінің қай рудан шыққандығын анықтауға деген үлкен ұмтылыс, талпыныс пен ұлттық сұраныс шежіре жазуға деген қызығушылықты тудырды. Шежіре айту қазақ халқының өзіне ғана тән қасиеттерінің бірі. Халқымыз ұрпақтан-ұрпаққа айтып, жазып жеткізу арқылы шежірелерді  осы күнге дейін сақтап келді. Өйткені, шежіре қазақ халқы үшін орны ерекше, күрделі дүние.

“Шежіре – (араб тілінде “шаджарады”–“бұтақ”, “тармақ”) халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір саласы” [1]. 

С. Мұқановтың анықтамасы бойынша: “шежіре”деп кімдерден кімдер туып, қалай өрбігенін баяндайтын ерте заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан ауызша деректерді атайды” [2]. Қалыптасқан ресми шежіре  барлық халықтарда кедеседі. Ресей, Германия, Англия, Франция және көптеген  шығыс елдерінде шежіренің көп томдық жинақтары шыққан. Башқұрт, өзбек, түрікмен, қырғыз халықтарында шежіре дерек көзі ретінде көптеп кездеседі.

Шежіре шын мәнінде рудың, тайпаның, халықтың тарихының құрамды бөлігі. Тарихи ата салты бар халықтар жеке от басының, әулеттің, атақты қол басшының, мемлекет қайраткерлерінің шежіресін жасауды салтқа айналдырған. Шығыста  бұл салт Қытай елінде өте ертеде дамыған. Көрші Ресейде патшаның, текті сословиялардың, дворян әулеттерінің шежіресін жасау салты қалыптасқан. Қазақ халқының да шежіресі ертеден бері  бар: “Жеті атасын білмеген жетесіз,” “жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер, жалғыз ұлын білген ел, құлағы мен жағын жер” деген сөздер бекер шықпаған.  Шежіре арқылы, оның тегін, ата қонысын, қауымға қосқан үлесі, отан қорғаудағы орны, меншік, адам құқы т.б. болмысы білінетін  болған. Шежіре ұлттың руға, тайпаға, жүзге бөлінуі үшін емес, оның тұтастығына ортақ тілі, ортақ діні, отаны, елі, жұрты бар екеніне, тірлікке, бірлікке, ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған.

Ерте замандарда болған соғыстарда, апатты қырғын, жұт, ауру індет кезінде кейбір ру, тайпалар ыдырауға мәжбүр болған еді, біреулерінің көпшілігі қырылып, аз бөлігі аман қалған. Осы аман қалған рулар мен ру бөліктері басқа бір ру немесе тайпа құрамына қосылған. Белгілі шежіреші ақсақалдар жаңа кірме рулардың жаттығын  білдірмес үшін өз руларының атасынан тарайтындай  етіп, оларды өздеріне тартқан. Сол арқылы рулардың бірлігі сақталған. Бұдан шығатын қорытынды біріншіден, қазақ халқының өмірі мен тарихында ақсақалдар орнының қаншалықты дәрежеде болғандығын көрсек, екіншіден, қазақ халқының ру-тайпаларының бейбіт өмір сүруінде қазақ шежіресінің қандай рөл атқарғандығын көре аламыз. Сөйтіп шежіре тек қана генеологиялық тізбек рөлін ғана атқарып қоймай сонымен қатар елмен елді жалғайтын, халықтың  бір тұтастығын сақтауда маңызды қызмет  атқарған. Бұл шежірелердің қазақ  тарихындағы өзекті мәселе деп қаралуының бір жағы – кезінде қазақ тарихы туралы жазған тарихшылар, ғалымдар, оқыған адамдар, саяхатшылар қазақтың рулық  құрылымы мен шежіресін айналып кетпеген. Ондай  ғалымдар қазақ шежіресіне ден қойып, рулық құрылымдары жөнінде белгілі зерттеулер жазған.

Қазақстан тарихының ортағасыр кезеңін бізге сол қалпында баяндап беретін Шежіре сарынымен жазылған еңбектердің бірі Әбілғазы Баһадүр ханның “Түрік шежіресі” және Қадырғали би Қосымұлы Жалайыридың “Шежірелер жинағы”, немесе “Жылнамалар жинағы”  деген атпен танымал еңбек, содан соң Рашид-ад-диннің “Жылнамалар жинағы”, Махмұд Қашқаридің “Диуани лұғат-ат түрік”, Заһир ад-дин Мұхаммед Бабырдың “Бабырнамасы”, және Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарих и-Рашидиі” болып табылады.

Тарихымыздың шежірелерсіз жалаң болатындығын ата-бабаларымыз, бертін келе көзі ашық қазақ азаматтарының  көбі дерлік түсіне білген. Тарих – ол деректерден оқиғалардан тұрады, ал шежіре ол дерек. Осындай деректердің арқасында тарихымыз нақтыланады.

Ұлт шежіре арқылы өзінің шынайы тарихын біліп отырды. Сондықтан да шежіре тұтас қазақ халқының тарихын қамтитын маңызға ие болды.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қожабекұлы Б.  Тарихи таным. Алматы; 1994.

2. Мұқанов С.  Халық мұрасы.  Алматы; 1974.

3. Атабаев Қ.  Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының  дерек көзі (1870-1918). Алматы; 2000.