ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫ –
ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АСЫЛ- МӘДЕНИ
МҰРАСЫ
А.Ж.Амет
Қазақстан,
Қарағанды қ.
№4 НОМ
Халық
педагогикасына тән жалпы білім беретін мекемеде өнімді де
өміршең сала - ойын. Дәстүрлік таным-түсініктен
туындайтын қазақ халқының ұлттық ойындары -
баланы іс-әрекетке, адамгершілік әдептерді игеруге,
ақыл-ойын жетілдіруге,отан сүйгіштікке баулуда, салауатты
өмір сүруге тәрбиелеуде тендесі жоқ құрал.
Балалар ойындарында жас ерекшелік, физиологиялық дамуына үйлесімді
қимыл-қозғалыс, тіл ұстарту, сөздік қорды
молайту жағынан өте бай және педагогикалық
заңдылықтар тапқырлықпен үйлесімді
қиыстырылған. Халқымыздың өмірге дені сау,
шыныққан балалар әкелуі жөніндегі өз
ұрпақтарына қалдырған үлкен де бай мұрасы -
ұлттық ойындар. Ежелден «Адам ақылымен сымбатты» деп
санаған халқымыз тұрмыс-тіршілігіне байланысты туған
ұлттық ойындарды бала тәрбиесіне лайықтап, шебер
пайдалана білген. Балалық кездегі ойындарды тәрбие
мәселесінен бөліп қарауға болмайды.
Ұлттық ойын – балалық шақтың қайталанбас ескерткіші, әрбір тұлғаның, әр бір ұрпақтың кешкен өмірі.
Қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан ұлттық ойындар бала тәрбиесінде негізгі екі жауапты қызмет атқарады: біріншіден, жаттығулар жасап, ұлт ойындарын ойнаған кезде дене дамуы жақсарса, екіншіден, ұлт ойындарының мазмұны ұлттық әдет-ғұрпымызбен
байланысып жатады. Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу.
Балалықтың базары
шағындағы ойынның қайсысында мазмұнына
қарай, өлең, тақпақ, ән араласады.
Оның тікелей мазмұнында болмағанмен жеңіліс
тапқан топ немесе ән, болмаса би билеп, күлдіргі
әңгіме айтып айыбын өтеуге тиіс. Бұл –
қазақтың ұлттық ойындағы басты ерекшелік.
«Кім бұрын?» «Қаздар мен қасқыр», «Доп орталығы»,
«Доп үшін күрес», «Тартыспақ», «Ортаны тап», «Қоян мен
қасқыр», «Қуыспақ», «Жұмбақ шеш», «Мерген
мен үйрек», «Көмбеге кім бұрын жетеді?» «Кім
байқағыш», «Қапы қалмас», «Кім жылдам?», «Допты
көршіңе бер», т.б ойындарды ойнатуға болады.
Ұлттық ойын
қазақтың халықтық шығармасы - ауыз
әдебиетімен біте қайнасып, бірге өрістеп, бір тамырдан
нәр алғандықтан бұларға ортақ
құбылыстар көп.
Ата-бабаларымыздан бізге жеткен
ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде
б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде
тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары
Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы
мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамыздағы
ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың
көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау
алады.
Бұлардың көбісі
мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке
негізділген.
Өзге халықтар
сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан,
атадан – балаға мұра болып жалғасып келе жатқан
ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Ол ойын-сауықтар
қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті
тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және
адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа,
ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке
т.б. әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға
бағытталған. Ал енді,
«Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында
қазақтың ұлттық ойындарының
мән-маңызы туралы былай деп жазылған: «Қазақ
ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп
қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса
зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала
тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық
ойынды орайластырып, дамытып отырған».
Қазақтың
ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар:
аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен
ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін,
соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Бұл
ойындардың көбісінің ежелден қалыптасқан арнайы
өлеңдері бар. Өлеңдер ойынның эстетикалық
әсерін арттырып, балалардың өлең-жырға деген
ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді,
дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, ширықтырып,
шынықтырады.
Аңға байланысты
ойындар: ақсерек-көксерек, аңшылар, аңшылар мен
қояндар, кірпіше қарғу, қас-құлақ,
ордағы қасқыр.
Малға байланысты ойындар:
аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк,
бура-қотан, көксиыр, соқыр-теке, түйе мен бота.
Зеректілікті, ептілікті
және икемділікті қажет ететін ойындар: айгөлек, айдапсал,
атқума, аударыспақ, бағана өрмелеу, балтам шап,
бөріктастамақ, бұғнай, бұғыбай, бұқатартыс,
бұрыш, біз де, егер…, жасырынбақ, жаяу жарыс, көкпар,
көрші, күрес, қарамырза, қассың ба, доссың
ба?, қындық-сандық, орын тап, отырмақ, санамақ,
сұрақ-жауап, тасымақ, тасымалдау, тең көтеру,
тымпи-тымпи, ұшты-ұшты, үй үстіндегі кім?, шымбике.
Мысалы, Алтыбақан
– жастардың кешкілік бас қосып,
ән айтып, домбыра тартып, қыздар, жігіттер болып айтысып,
бір-бірімен әзілдесіп көңіл көтеретін
ойын-сауығы.
Ақшамшық
(сақина салу) – қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан
дәстүрлі ойыны. Оны сақина салу, сақина тастау деп те
айтады
Аударыспақ – қазақ, қырғыз халықтарының арасында
кең тараған ойын. Атқа мінген екі жігіт жекпе-жекке
шығып, бірін-бірі аттан аударып тастауға тырысады.
Соңғы кезде
қалыптасқан ойындар: әріп таңдау, бригада, мейрамхана,
нөмір, пароль, пошта, сымсыз телефон, сыңарын табу. Бұлардың ішінде бірқатар ойындар
спорттық, той ойындары болып саналады. Ал енді,
қазақтың ұлттық ойындарының ішінде
«қуырмаш» тәрізді жас сәбилерге арналған да ойындар бар.
Мысалы,
Ат сайысы - спорттық ойын. Оның түрлері: ат
омырауластыру, аударыспақ, жорға жарыс, көкпар тарту,
теңге алу, қыз қуу, қыз жарыс, сайысу т.б. Олар
үлкен тойларда ұйымдастырылады. Сайысқа түсетін аттар
алдын-ала жаратылады.
Қыз қуу – ұлттық ат спорты ойыны. Қазір бұл ойынның
ережесі жасалып, бір жүйеге келтірілді. Қазақстан-да
қыз қуудың алғашқы спорттық жарыстары 1923
жылы өткізілді. Содан бері мерекелік бағдарламаларға енгізіп
келеді
Көкпар - ұлттық ат ойыны. Этнографтардың айтуынша, әуелгі атауы
«көк бөрі» сөзінен шыққан. Бұрындары мал
баққан көшпелі халықтар көк бөріні
соғып алғанда өлігін ат үстінде сүйрелеп,
бір-бірінен ала қашып, мәз-мәйрам болған. Кейін ол
ұлттық ойынға айналған. Көкпар Орта Азия
халықтарының да сүйікті ойыны. Көкпар жаппай тартыс
және дода тартыс болып екіге бөлінеді. 1949 жылы елімізде
көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді
Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі
ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны. Соңғы деректерге
қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық
кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның
пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден
мүмкін. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда
қазақ даласындағы ең кең тараған ойын
болатын.
Қазіргі таңда
республикада оның жеке қауымдастығы бар, облыс
орталықтарында тоғыз-құмалақты үйренемін
деушілерге қауымдастықтың бөлімшелері мен
үйірмелері ашылған.
Қазақстан
тәуелсіздік алған жылдан бері тоғыз-құмалақ
ойыны да жылдан-жылға дамып келеді. Бұл
жерде жаңа құрылған
тоғыз-құмалақ федерациясының ықпалы зор
болып отыр. Бүгінгі таңда осы қауымдастықтың
арқасында елдің түкпір-түкпірінде үйірмелер
ашылып, тоғыз-құмалақтан жарыстар жиі өткізіліп
келеді.
Қазіргі кезде әлемнің көптеген
елдерінде тоғыз-құмалақ жақсы насихатталып жатыр.
Мәселен, Моңғолияда мектептерде
тоғыз-құмалақтан олимпиада өтеді екен. Қытайда, Қарақалпақстанда кітаптар, ғылыми
еңбектер шығуда. Сондай-ақ, көршілес Алтайда,Қарашай-Шеркеште, Сахада
үйірмелер ашылып, Еуропаның бірнеше елдерінде
тоғыз-құмалақ ойналып жатыр деген дерек бар.
Қазақ ұлты
негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып,
балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән
берген. Нәтижесінде
дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы
ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған.
Қазақ халқы – ұлт
ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдықты, шапшаңдықты
тағы басқа қуаты молдылығын, білек күшін
дененің сомданып шынығуын қажет етеді.
Сонымен бірге, бұл ойындар әділдік пен
адамгершіліктің жоғары принциптеріне негізделген. Өйткені,
ойынға қатыспай тұрып-ақ оған күн ілгері
көп адамдардың тер төгіп, еңбек етуіне тура келеді.
Мысалы, бәйгені алайық. Ол үшін алдымен бәйгеге
қатысатын атты таңдап алады. Ол атты баптап,
бағып-күтуге тура келеді, оның ішетін суы мен жейтін жеміне
дейін белгілі бір мөлшерге келтіреді. Сондықтан,
қазақтың ұлттық ойындары сауықтық
жағынан ғана емес, ол – спорт, ол – өнер, ол – шаруашылық
тәжірибелік маңызы бар тәрбие құралы.
Қазақтың ұлттық
ойындары: көкпар сайыс, күрес, теңге алу, қыз
қуу, алтын табақ ату т.б. спорттық сипатпен бірге үлкен
тәжірибелік маңызға да ие болды.
Көшпелі қазақтардың
өмір-салты денсаулыққа аса зор мән берген. Атқа
міну өнері жас баланы сезімі мен денесін жаттықтырудың басты
және ортақ дәстүріне айналды. Бозбала да, қыз
бала да жастайынан аттың құлағында ойнауға
бейімделді, соған тырысты.
Ұлттық ойындар
арқылы салауатты өмір сүруге тәрбиелеудің
бірқатар мүмкіндіктері бар:
1. Ұлттық ойын бала денесінің дұрыс
қалыптасуына мүмкіндік туғызады
2. Ұлттық ойын баланы
тек денесін ширатып, денсаулықтарын жақсартып қоймайды,
сонымен қатар пәндерден алған білімдерін толықтырады.
3. Ойын арқылы
баланың ойлау қабілеті дамиды.
4. Ойын шыдамдылыққа,
төзімділікке үйретеді, т.б
Ойын-сауық тәжірибе
мен тәсілдің еркіндігі, тапқырлық пен болжамның
қиылысатын шебі, мұрат пен меженің тоғысқан
шеңбері. Жарыссыз ойын, ойынсыз
әзіл-қалжың бола берді. Ойын-сауық қара күш
көрсететін озбырлық немесе біреудің намысын жыртатын
қастандық емес. Ой өтімділігі мен сөз өткірлігі,
шеберлер өз мәртебесін мойындатып жатады. Ойын серіктесті таба
білуге, онымен тіл табысуға үйретеді. Ойында адам
қарсыласының олқы және оң жақтарып
дұрыс анықтауға ерекше мән береді.
Ұлтымыздың тұғыры мықты болуында
ұлттық ойындардың ұмытылмай ойналып тұруы да
өз үлесін қоспақ.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1.
Атабаев А.С. Ұлттық ойындар- халық мұрасы. Алматы, Кітап,
2006,
255 б.
2. Наурызбаев Ж. Ұлттық
мектептің ұлы мұраты. Алматы, 1995, 91б.
3. Құрманбаева
С.К. Ұлттық ойындардың бүгіні мен келешегі.
Алматы, 2004, 200 б.
4. Несіпбаев Б.К. Ұлт
мәдениеті мен өнері. Алматы, 2003, 190 б.