Ақан Г.Ж., Аширбекова Ж.Б.

Қазақстан. Қарағанды қаласы. КМҚК №15 «Аққу» балабақшасының тәрбиешілері

 

Мектепке дейінгі жастағы балаларға Қазақстан табиғаттың экологиялық тәрбие арқылы таныстыру

 

Қазақстан Республикасының мектепке дейінгілерді тәрбиелеу тұжырымдамасында: мектепке дейінгі жаста табиғатқа, өзіне, қоршаған орта адамдарына деген оң қатынас қалыптастыру қажет. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін педагогтар қоршаған ортаның тәрбиелеу мүмкіндігіне бағдарлануы керек[1].

Алайда, адамдар өмірінде табиғаттың маңызы зор және сан алуан. Табиғат адамның материалдық және мәдени игіліктерінің қайнар көзі.

Табиғат органикалық (тірі) және органикалық емес (өлі) дүниелері бар бүкіл әлем.Табиғат – бізді қоршаған орта. Демек, адам табиғатсыз өмір сүре алмайды. Табиғатта тепе-теңдік үнемі сақталып тұрады.Табиғат! осы бір сөз жүрекке жылы, көңілге қонымды естіледі. Табиғат сөзінде қаншама терең ой, мағына, ұлағатты мол ұғым, тұжырымы кең ой жатыр деуге болады.
Табиғат күллі тіршілік атаулының құтты қоныс – мекені, алтын ұя бесігі, құт – берекесі. Адам үшін табиғат – ең қасиетті де қастерлі ұғым.

Тірі организмдердің бір-бірімен және мекендейтін ортасымен өзара әректтесу арқылы тіршілік ету жағдайлары жөніндегі ғылымды экология деп атайды. Біздің әрқайсымыздың туған табиғаттың ықпалын азды көпті дәрежеде өз басымыздан өткердік, ол әрі алғашқы нақтылы білімнің бұлағы екенін және бүкіл өмір бойына есімізді қалатын қуанышты әсерлер екенін білеміз.

Балалар әрқашан да және барлық жерде табиғатпен қандай да болсын белгілі бір қарым-қатынаста болады. Жасыл ормандармен жайылымдар, әдемі гүлдер, көбелектер, қоңыздар, құстар, аңдар, көшпелі бұлттар, жапалақтап жауған қар, бұлақтар, тіпті жазғы жаңбырдан кейінгі шалшықтар - соның бәрі балалардың көңілін аударады, қуантады, олардың жетілуіне мол азық береді[2].

 Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғатпен таныстыру олардың санасында қоршаған табиғат жөніндегі білімдерді себу құралы, мұның өзі сезімдік тәжірибеге және табиғатқа деген дұрыс көзқарасқа негізделген.  Балаларды табиғатпен таныстыру процесінде өзара тығыз байланысты білімді және тәрбиелік міндеттер жүзеге асырылады.

Яғни, ақыл-ой тәрбиесінің негізгі міндеті    балаларға өлі табиғат  туралы, өсімдіктер, жануарлар және балалардың сезіммен қабылдай алатын объектілер мен құбылыстарының арасындағы қарапайым байланыстар жөнінде білім беру.

Ақыл-ой тәрбиесінің ажырамайтын бөлігі - сенсорлық мәдениет. Ол талдауларды жетілдіруге, балаларды сезімдік тәжірибе жинақталуына бағытталған, ол келесі талдаулардың, табиғаттанудағы қарапайым ұғымдарды қалыптастырудың негізі болып саналады[3].

Балалардың білімді меңгеруі - олардың танымдық қабілеттерінің, сенсорлық аппараттарының, логикалық ойлауының, зейіннің, тілінің, байқағыштығының, білуге құмарлығының дамуымен тығыз байланыста болады.

Табиғатқа деген ынта-ықыласты да тәрбиелеу қажет.Тәрбиеші жануарлар мен өсімдіктердің сыртқы түріне, қимылына, қылықтарына балалардың назарын аударып, қалай бақылау керектігін көрсете отырып, балалардың табиғат жөніндегі білімін ғана емес, жануарларға деген көзқарастарын да қалыптастырады.

Балалардың табиғатта болып, еңбек етуін олардың денсаулықтарын нығайту мен денелерін жетілдіру үшін пайдалану керек. Табиғат балаларға эстетикалық тәрбие берудің негізгі құралы болып табылады[4]. Балалар әсемдіктітің бәрін сезінуді үйренуі, сөйтіп, сол арқылы өзінің алдағы өмірінде дүниенің бүкіл сұлулығын  және алуан түрлілігін қадылдай білуі қажет. Тірі организмдердің бір-бірімен және мекендейтін ортасымен өзара әрекеттесу арқылы тіршілік ету жағдайлары жөніндегі ғылым экология болып табылады деп айтқандай балаларға үйрету, тәрбиелеу барысында неден бастау қажет?

Біріншіден, біз топтардағы  табиғат бұрыштарын әр топтың жас ерекшеліктеріне сай безендіре отырып Қазақстанның ландшафтарының шағын макеттерін жасау: дала, орман, таулар. Және де онда сол аймақтарды мекендейтін жануарларды орналастыру керек. Туған өлкемен таныстыру перспективалық жоспарында келесідей тақырыптар еңгізілді: «Қазақстанның қыстайтын құстары», «Дала жануарларының қысқа дайындығы», «Қаламыздағы құстар», «Қарағандының көрікті жасыл мекендері», «Қазақстанның таулары», «Шөлдер және оны мекендеушілер», «Қазақстанның қорықтары», «Қазақстанның экологиялық мұражайлары» және т.б. тақырыптар. Сонымен бірге, келесідей міндеттер қойылды:

·     балаларды Қазақстанның табиғатымен таныстыру;

·     бала бойына  экологиялық білімнің негізін сіңдіру;

·     фауна және флора туралы ақпарат беру;

·     Қазақстанның, туған өлкесінің фауна және флора дамуының өзара байланысын көрсету;

·     тірі және өлі табиғат туралы түсінік беру;

·     өсімдіктер және жануарлар әлемінің өкілдерімен таныстыру, салыстыру жүргізу;

·     табиғат бөліктерінің (орман, дала, шөл, шөлейт) жануарлары мен өсімдіктерінің арасында өзара байланысын көру;

·     Қазақстан табиғатына деген танымдық қызығушылықты қалыптастыру;

Бұл міндеттерге сүйене отырып балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты келесідей кезеңге бөлінген тақырыптық жоспар құрылды:

   «Табиғат дегеніміз не?»;

   «Мен және  табиғат (өлі және тірі табиғат)»;

   «Өсімдіктер»;

   « Жануарлар әлемінде»;

   « Орман»;

   « Дала»;

   «Шөл»;

  «Қазақстанның қорықтары»;

      «Адам және Жер».;

      «Табиғатты қорғау».

Экологиялық тәрбиенің тиімді сабақтарының элементтерінің бірі «мейірімділік сабақтары»[5]. Балалардың табиғатқа деген қызығушылықтарын, мейірімділік, аяу, қамқорлық сезімдерін оятады. Бұл кез келген тақырыпта болуы мүмкін: «Бөлме гүлдеріні қалай күту керек?», «Мейірімділік дегеніміз не?», «Сұлулық дегеніміз не?», «Жануарларға деген сүйіспеншілік», «Табиғатқа берер көмегің», «Кішкентай құмырсқа» және т.б.

 Біз жүргізген экологиялық психологиялық тренингттер балалардың табиғатқа деген қамқорлығын, табиғат байлықтарын сақтауға, жоғары жауапкершілікті, балалардың білімге деген құмарлығының арта түсіреді, дамытады. Сондай-ақ  балалар үшін  бұл тренингттердің тиімділігі өз өлкесіне, туған табиғатына, Отанына деген сүйіспеншілігі пайда болып, жетіле түседі, патриоттық сезімге тәрбиелене түседі.

Сондай-ақ балаларға суреттік тесттер өте қызықты: «Мен және табиғат», «Әлем көрінісі», «Терезенің әр жағында не бар?», «Мен және ағаштар», «Мен және құмырсқа» т.б. Осындай дамытушы көптеген жұмыстар арқылы біз баланың бойына экологиялық тәрбиені сіңдіре білуіміз керек.

Экологиялық жолдар әр бөлім бойынша қорытынды сабақ түрінде еңгізілген, яғни табиғаттың сұлулығын алыстан емес жақыннан көре, сезе білуді сезіндіреді. Алдымен балабақша аумағында, яғни учаскі, саябақта, тіпті серуенді де атауға болады. Тіпті кез келген бұрышта біз бейтаныс өсімдікті, жәндіктерді кездестіре аламыз. Біз оған көз жеткіздік, яғни балалармен серуендеу барысындағы бақылауға да жеке тақырыптық жоспар құрдық. Себебі экскурсиялар балалардың өз көздерімен көргендері, қолдарымен ұстағандары әрқашанда баланың есінде қалады және өзбеттерінше қорытындылап, өз пікірлерімен ойларын жеткізеді. 

Өз өлкеміздің  жануарлар және өсімдіктер әлемін зерттей отырып, Қазақстанның түрлі табиғат бөліктерін біз келесі дидактикалық ойындарда пайдалануға тырыстық. Сәбилер тобы үшін: «Үйшікте кім тұрады?», «Аналар мен балалары», «Суреттегі жануарларды ата», «Өз ағашыңды тап», «Ғажайып қапшық», «Жылдам құрастыр» т.б. ал ортаңғы топтарда ол ойындар яғни шарттары күрделірек болады: «Жыл мезгілдері», «Неден жасалған», «Өз қалаңды тап», «Далада (шөлде, шөлейітте, орманда) тұратын жануарларды орнымен орналастыр», «кімнің құйрығы», т.б.  ал ересектер топтарында  балалардың ой-өрістері кең болғандықтан келесідей ойындар ұсынылады:  «Қыстайтын құстарды таңда», «Шөл, шөлейіт, орман», «Бақшада-бақта», «Қызыл кітап және онда кім тұрады?» т.б. Балаларға Қазақстанның Қызыл кітабы  туралы ақпарат бердік, Экологиялық мұражайға экскурсия, сондай-ақ Қарағанды бейнелеу мұражайының суреттерінің көрмелері және де жыл соңында келесідей мүшаралар жүргізілді: «Экологиялық КТК  (көңілділер, тапқырлар клубы), қорытынды сабақ «Адам табиғаттың бір бөлігі», «Зообақта»  т.б. Бұл жұмыстарды жүзеге асыра отырып, табиғаттағы баланың жан-жақты жетілуіне үлкен тиімділігін көруге болады.

Қорытындылап айтқанда, балаларда табиғат туралы білім мен эстетикалық сезімнің қалыптасу процесінде педагогтың өзінің де табиғаттың сұлулығын тануға және оған сүйсінуге деген ынтасы мен іскерлігінің зор мәні бар.

Табиғатты сүйетін тәрбиеші қажетті білімдер мен шеберліктерді, жұмыстың негізгі әдістерін меңгере отырып, табиғатты баланың жан-жақты жетілуіне ықпал ете алады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   «Концепции дошкольного воспитания Республики Казахстан»// Дошкольное обучение и воспитание. - 2010.- №9. – С.21.

2.   Дерябко С.Д. Экологическая психология: диагностика экологического сознания. Ростов на Дону: Феникс, 2006.

3.   Николаева Н.С. Программа экологического воспитания дошкольников «Юный эколог». Москва, 2002.

4.   Веретенникова С.А. Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғатпен таныстыру. Мектеп, 2003.

5.   Балабақшадағы экологиялық тәрбие //Отбасы және балабақша-1996. №11-12