Бейсенбекова Г.Б. п.ғ.к., доцент

Әбілова Б.  ПжП - 3 курс студенті

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. Қазақстан.

 

Тәрбие жұмысының тиімділігі мен диагностикасы

 

Бүгінгі күні елімізде қоғам мен мемлекеттің қазіргі заманғы қажеттілігіне бағытталған тұтас тәрбие жүйесі қалыптасқан. Осыған орай, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қойылатын талаптар «Қазақстан – 2030: барлық Қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы» атты ел Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауында, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi «Бiлiм туралы» Заңында,       «Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында» көрсетілген болатын.

Тәрбие – қоғамдық құбылыс, оның негізгі қозғаушы күші, өркениетті елді қалыптастыратын берік «құрылыс материалы». Сондықтан адам баласы қай қоғамда болмасын ұрпақ тәрбиесін жетілдірудің тиімді үрдісін жасауды басты назарда ұстаған [1].

Тәрбиенің тиімділігін арттыру ісін жүзеге асыру әрбір қоғамдағы мемелекет мұқтаждығына, талаптарына  тәуелді. Өйткені мемлекет талаптарының, мұқтаждығының өтелуі, оның саяси-экономикалық күш-қайратын шыңдап, бекіте түседі. Сол себепті ұрпақ тәрбиесіндегі ең басты шарт – мемлекет талаптарынан туындайтын тәрбие жүйесін құру, мақсаты айқындау болып отыр.

   Осы күннің сұранысы – сапалы біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті, белсенді, шығармашыл, өркениетті болашақ үшін күресуге барын салатын, жоғары мәдениетті, адамгершілік түсініктері берік бекіген, кез-келген ісінде патриоттық сезімі көрініс тапқан ұрпақ. Мұндай ұрпақты тәрбиелеу ісінде мемелекет, білім беру мекемелеріне зор талаптар қойып, үлкен сенім артады.

Тәрбие ісімен айналысушы әр педагог өзінің тәрбиелік функцияларын біліп қана қоймай, оны жүзеге асырудың жолдарын, тәсілдерін жан-жақты іздестіріп, шығармашылықпен жұмыс жасауы тиіс. Өзінің тәрбиелік міндеттерін оқушылардың жас және жеке ерекшелігінің спецификасын,  олардың арасында пайда болған қарым-қатынасты  ескере отырып, ұйымдастырғаны жөн[2].

Тәрбие - педагогикалық жүйеде өзіндік бағыты, мазмұны,  ұйымдастырылу ерекшелігі, формалары, әдіс-тәсілдері бар өте маңызды процесс. Сол себепті педагогикада тәрбиені ұйымдастырудың негізгі жүйесін, жолдарын, бағыттары мен ұстанымдарын, заңдылықтарын белгілейтін, педагогтің тәрбиелік функцияларын айқындайтын – тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемесі қалыптасты.

Педагогтың тәрбиелік  іс-әрекетіндегі басты мақсат – тұлғаның өзіндік дамуына көмектесу, оның шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыру, оқушының әлеуметтік-экономикалық  мұқтаждықтары мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, оқушыларды жеке даралыққа үйретіп, өз мәселесін шешудегі белсенділіктерін арттыруға қажетті және жеткілікті жағдай жасау.

   Ал, педагогтің тәрбиелік функцияларының мазмұны – педагогикалық үрдісті  басқару функциялары негізінде анықталады.

Педагогикалық үрдісті басқару функцияларын  3 деңгейге бөліп қарауға болады [1].  

Бірінші деңгей –  педагогикалық және әлеуметтік-гуманитарлық функциялар. Бұл функциялар оқушының жеке өзекті мәселені  шешуге көмектесетін әлеуметтік дамуына жағдай жасауға, сондай- ақ оны жеке өмір сүре білуге дайындауға бағытталған. 

Екінші деңгей – ұйымдастырушылық, коммуникативтік функциялар. Бұл функциялар оқушылар арасында қарым-қатынасты реттеуге, анықтауға, ұжым мүшелерінің дамуына жағымды психологиялық ахуал орнатуға бағытталған әркеттерден тұрады.

   Үшінші деңгей – басқару, болжау, мақсат белгілеу, жоспарлау, түзету функциялары.

   Тәрбиеде,  қолданылған ұйымдастыру формаларының тиімділігін зерттеу - маңызды іс.

Тәрбие формасының тиімділігін зерттеу дегеніміз – оның нәтижелерін анықтау және оны ұйымдастырылған  жұмыстарға жұмсалған күшпен, уақыт мөлшерімен салыстыру.

   Тәрбие жұмысында кез-келген ұйымдастырылған шараның тиімділік сапасы, тәрбие міндеттерінің өз шешімін табу дәрежесі – оқушылардың одан алған әсерінің өлшемімен, өзара қарым-қатынас деңгейімен, шығармашылық белсенділігімен, жеке даралығымен өлшенеді.

Дегенмен де педагогикалық үрдістің ажырамас бір бөлігі диагностика болып табылады. Диагностика жəрдемімен белгіленген мақсат, міндеттердің табысты орындалуы анықталады.

Диагностика өз ішіне бақылау мен тексеруді, бағалау мен бағаны, жинақталған статистикалық деректер талдауын, педагогикалық үрдістің жүрісін, бағытын жəне жобалануын қамтиды[3].
Диагностикалаудың  маңызды бөлігі – бұл қадағалау.

Қадағалау – білім, ептілік жəне дағдылардың игерілу үрдісіне бақылау қоюды аңғартады.  Қадағалау тексерулерден тікелей құрылады.  Тексеру – бұл білім, ептілік жəне дағдыларды игеру барысын бақылау үшін жүргізілетін əрекет-қимылдар жүйесі.  Мəн – мағыналық тұрғысынан бақылау, қадағалау кері байланыс түзуді қамтамасыз етеді.

 Бақылау, қадағалау кезінде оқушының өзі де өз оқу жұмыстарының нəтижесі бойынша ақпарат алады. Тұрақты да бірізді қадағалаудан оқушының тəртібі жақсарады, белгілі жұмыс қарқынына үйренеді, ұнамды  мінез, ерік сапаларын дамытады[4].

Сонымен  қатар, тәрбие үрдісінің  тиімділігі мен тұлғаның тәрбиелік деңгейін зерттеу педагог үшін тәрбие жұмысынның нәтижесін бақылауға, оларды алға қойған  мақсатпен салыстыруға, дер кезінде тәрбие үрдісіне түзетулер енгізуге мүмкіндіктер береді.  Ол үшін тәрбие үрдісін  бағалайтын  нақты  «өлшемдер»  мен  «көрсеткіштер»  керек[5].

«Өлшем» дегеніміз біртұтас құбылыс, ал көрсеткіш - оның бөлігі. Оның қандай деңгейде дамығандығы мен белгілері жөнінде тәрбие үрдісін бағалаудың «деңгейлерін» көрсетеді.

Тәрбие үрдісінің  тиімділігін зерттеуде мыналар ескеріледі:

Ø     тәрбие үрдісін ұйымдастыруды бағалау;

Ø     тәрбие үрдісіне қызығушылықтардың өзара қарым-қатынын бағалау;

Ø     оқушының тұлғалық өсуін бағалау;

Ø     тәрбие үрдісі арқылы тұлғаның табысты әлеуметтенуін бағалау;

Ø     тәрбиенің  нәтижесін бағалау.

Қорыта келгенде, диагностика тәрбиенің нәтижелерін тәрбие беру құралдарымен байланыстырып жалпы динамиканы және тенденцияларды анықтайды.

 

 Әдебиеттер:

1.   rusnauka.com›4_SND_2013/Pedagogica…126168.doc.htm

2.   Әбенбаев С.Ш. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. Оқу құралы. Алматы, Дарын 2004ж.

3.  Бейсенбекова Г.Б. Кіші жастағы оқушы тұлғасының психологиялық-педагогикалық диагностикасы. Қарағанды: Санат-Полиграфиясы, 2008.- 126 б.

4.  Бабаев С.Б., Оңалбек Ж.К. «Жалпы педагогика», Алматы – 2005ж.

5. Тәрбие үрдісі мен оқушылардың тәрбиелік деңгейін бағалаудың өлшемдері- Критерии оценки воспитательного процесса и уровня воспитанности учащихся. - Алматы. 2006, -212 бет.  Авторлық ұжым:  Шер Р.П., Кожахметова К.Ж., Демеуова М.Е. т.б.

 

 

.