Педагогика / Современные методы преподавания

 

  М. Мақатаев атындағы №140  мектеп - гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ахметкулова А.К.

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

 

 ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТАЛДАУДЫҢ ТҮРЛЕРІ МЕН МАЗМҰНЫ

      

      Педагогикалық    талдаудың      мектепті   басқару   функциясы  ретіндегі  негізгі   қызметі Ю. А. Копержевскийдің пікірінше педагогикалық процестің даму тенденциялары мен жағдайын зерттеу, оның нәтижелерін объективті бағалап, соның негізінде басқарылатын жүйелі жақсарту туралы ұсыныстар дайындау болмақ. Бұл функция — басқару циклының құрылымындағы ең күрделісі, өйткені, талдау зерттеу объектісін бөлшектеуді, оның әрқайсы-сының орны мен рөлін бағалауды, жеке бөліктен тұтас объектіні тани алуды, жүйе құрушы факторлердің байланысын анықтауды қамтыды. Басқа функциялар мен, мысалы жоспарластыру және ұйымдастыруға қарағанда сырттай тиімділігі төмен болып көрінетін педагогикалық талдау жасырын, көлеңкелі сипат алады, сондықтан ол тұлғадан жинақтау, салыстыру, жүйелеу арқылы педагогикалық факторлер мен құбылыстарды талдау үшін ақыл-ойды барынша ширатуды талап етеді.

      Мектепішілік басқарудың теориясы мен практикасында (Ю. А. Копержевский, Т. И. Шомова және т.б.) педагогикалық талдаудың негізгі түрлері анықталған. Талдаудың субъектісіне (не талданады) қарай оның көптеген түрлері кездеседі. Солардың арасынан параметрлік, тақырыптық және қорытынды талдау деп аталатын үш түрді бөліп атауға болады. Параметрлік талдау оқу процесінің барысы мен нәтижесі туралы күнделікті мәлімет жинап, ондағы кемшіліктердің себебін анықтауға бағытталды. Параметрлік талдау барысында тұтас педагогикалық процестің барысына өзгерістер мен түзетулер еңгізіледі. Параметрлік талдаудың мазмұны ағымдағы сабақ үлгерімі, сыныптағы, мектептегі бір күндік, бір апталық тәртіп, сабаққа, сыныптан тыс шараларға қатысу, мектептің санитарлық жағдайы, сабақ кестесінің сақталуы және т. б. сияқты мәселелерді қамтиды. Соның ішіндегі мектеп директоры мен оның орынбасарларының негізгі жұмысы сабаққа және сыныптан тыс шараларға қатысуы. Параметрлік талдау нәтижелерін тіркеп, жүйелеп, қорыту тақырыптың педагогикалық талдауға негіз қалайды. Осы тұрғыдан алғанда параметрлік талдау — фактілерді атап көрсету емес, оларды салыстыру, жинақтау, оның қалыптасу себебін анықтап, соңғы салдарын болжау. Осындай талдау нәтижелері және соның негізінде қабылданған шешім шұғыл түрде іске асыруды қажет етеді.

       Тақырыптық талдау педагогикалық процестің барысында барынша тұрақты ағымдар мен нәтижелерді зерттеуге бағытталады. Тақырыптық талдау мазмұны мынадай кешенді мәселелерді қамтиды: оқытудың озық әдістерін үйлестіру, оқушылардың білім жүйесін қалыптастыру; мұғалімдердің, сынып жетекшілерінің адамгершілік, эстетикалық, дене, ақыл-ой тәрбиесінің жүйесі; мұғалімнің педагогикалық мәдениетінің деңгейін көтеру және т.б.    Параметрлік талдау негізіне сүйене отырып, тақырыптық талдау барысында мектеп басшылары қорытынды талдаудың мазмұны мен технологиясын негіздейді.  Қорытынды талдау уақыт, кеңістік және мазмұн жағынан да барынша кең көлемді қамтиды. Ол оқу тоқсаны, жарты жылдық, оқу жылының қорытындысымен өткізіліп, қол жеткен нәтижелер, олардың алғышарттарын оқып-үйренуге бағытталады. Қорытынды талдау басқару циклының барлық функцияларын қамтиды. Қорытынды талдау үшін мәліметтер параметрін, тақырыптық талдау тоқсандық, жарты жылдық бақылау жұмыстары, мұғалім-дер, сынып жетекшілері, қоғамдық ұйымдар ұсынған ресми есеп, анықтамалардан құралады.

     Педагогикалық талдаудың негізгі объектілері өз бойына балаларды оқыту мен тәрбиелеудің барлық мақсаты, міндеті, мазмұны, түрлері мен тәсілдерін жинақтаған педагогикалық талдаудың негізгі объектісі ең алдымен сабақ, сыныптан тыс шаралар және мектептің оқу жылының қорытындысы. Педагогикалық талдаудың барлық объектісін біріктіруші — ортақ әдістемелік жүйе болып табылады. Мектепті басқарудың қызметі ретінде педагогикалық талдаудың жүйелік ыңғайының әдістемесі мен қисыны мынадай әрекеттердің сабақтастығынан аңғарылады: сабақты, тәрбиелі шараларды немесе оқу жылына барынша жалпы жүйелік бөлігі ретінде қарастыру, яғни олардың рөлін сабақтар, тәрбиелік шаралар жүйесіндегі және осы оқу жылын өтпек, болашақ оқу жылдарымен салыстырғанда алатын орнымен айқындау; (педұжым, оның педагогикалық мәдениет деңгейі, мектептегі моральдік-психологиялық ахуал және т.б.) тиімділігін айқындайтын жиынтық факторларды табу;   оқу жылында жоспарластырған жұмыстардың негізгі бағыттарының мазмұны мен түрін, әдебиеттің мақсат-тылығы мен негізділігін айқындау;  оқу жылы бойындағы жұмыстың, сабақ, тәрбиелік шаралар нәтижесін талдау; оларды ұйымдастырудағы кемшіліктер мен жетістіктердің негізгі себептерін айқындау;  жаңа оқу жылында жүргізілетін кешенді жұмыстарды жақсартуға ұсыныстар мен қорытындылар жасау.

    Мектеп басшыларының үнемі назарында болатын нысан — сабаққа қатысу және оған педагогикалық талдау жасау. Мектептің даму тарихында басшылардың сабаққа енуінің ақылға сиятын да, сыймайтын да нормативі болды. Бірақ, қатысқан сабақтың соңы оған жасалған талдаудың сапасына тікелей әсер ететіндігі ақиқат.

Әдебиеттер

1.             Айтмамбетова Б. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері. -А., 1991.

2.  Әбенбаев С. Мектептегі тәрбие жұмысының әдістемесі. -А., 1999.