Мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесіндегі ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың тиімділігін арттыру жолдары

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Шыниева Р.Т.

 

       Қазақстан Республикасының Конституциясында «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп, отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан жолы-2050» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта  қандай сапада көруіміз керектігі айтылған. Сонымен бірге, отбасы туралы заң мектепке дейінгі білім беру тұжырымдамасында әрбір отбасына өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген. Сөйтіп, отбасының әуел бастан-ақ өзіне тән киелі міндетін орындау қажеттілігі бекемделе түсті [1,2].

        Қазақстан Республикасының  мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу стандартында  мектеп жасына дейінгі балаларды білім беруді оқу жоспарының  «Коммуникация», «Таным», «Әлеуметтік орта», «Денсаулық», «Шығармашылық» білім беру салаларына кіріктірілген [3].

        Отбасында ата-ана өзінің баласын қандай адам етіп тәрбиелеуді өздері алдын–ала белгілейді. Отбасы тәрбиесінде қолданылатын әдістер де өзгеше екені белгілі. Онда баланың аз да болса өзіндік өмір тәжірибесі, әдет, дағдылары, құмарлығы мен қызығулары қалыптасады және ескерілетіні бар. Көптеген ғылыми–педагогикалық, психологиялық әдебиеттерде қоғамдық мекемелердегі тәрбие қаншалықты ғылыми негізді болса да баланың дамып қалыптасуына отбасы тәрбиесінің ықпалының аса пәрменді болатынын көрсеткен. Бұлай болуының басты себебі – отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас сипатында екені тағы белгілі.

        Қазақстанда «Отбасы және демография», «Отбасын әлеуметтік қамсыздандыру қоры», «Ана және бала денсаулығы» секілді ұйымдар қызмет етуде. Атаулары көрсетіп тұрғандай бұл ұйымдардың әрқайсысының өз функциясы бар болғанымен олар ата-аналардың педагогикалық сауатын ашу, отбасы тәрбиесінің ролімен қаруландыру мәселесін шешпейді. Баланың отбасынан қашықтап, оның ықпалынан сырт қалуының психикасына әсерін Т.В.Лодкина, А.И.Захаров, З.Матейчик, Е.О.Смирновалар атап көрсеткен. А.Н.Леонтьев, С.А.Козлова, балаға отбасы жылулығының ықпалын атап өткен. Жақын адамдардың ықпалын баланың алдымен сезініп, түйсінуі және сөз түрінде бейнелеуінің маңызын А.В.Запорожец, А.Д.Кошелева, Е.И.Негневицкая және т.б. белгілеген. Отбасы тәрбиесінің терең эмоциялы сипатын, қаны бір адамдар арасындағы сүйіспеншілік қарым-қатынасын ата-ана мен баланы жақындатуының маңызын – Ю.П.Азарова, И.В.Гребенников, Т.М.Маркова, А.Г.Харчев т.б. белгілеген [4].

        Қазіргі заман отбасыларының дефектілерін «неблагополучные» дейді М.И.Буянов ажырасудың бала психикасына ықпалын З.Матеичик, Х.Фигдор т.б. белгілеген. Екінші некенің бала тәрбиесіне, дамуына теріс әсерін Е.П.Арнаутова, А.И.Захарова, Е.И.Кульчицкая т.б. Жалғыз бала тәрбиесі туралы А.П.Усова, егіздер тәрбиесін Р.Скиннер, К.Витек т.б. зерттеген. Бала психикасының қалыптасуына ананың әсерін психотерапевт А.И.Захарова, психолог Д.Б.Эльконин, А.Я.Варга т.б. зерттеген [5].

        Мектеп жасына дейінгі балалардың жас шамасына қарай қабілет ерекшелігін арнайы зерттеген көрнекті психологтар мектепке дейінгі балалардың өмір айналадағы дүниені танып білуге, білімге құштарлығын потенциалдық мүмкіндіктері жеткілікті болатынын дәлелдейді. Дегенмен, қазіргі балалардың психофизиологиялық жағынан даму деңгейі өздерінен бұрынғылардан әлдеқайда озықтығын, олардың білуге, білімге қызығушылығы да мол екендігін педагогикалық психология дәлелдеп отыр. 

        Мектеп жасына дейінгі балалар білуге тиісті қарапайым ғылыми білім негіздерін неғұрлым тереңірек меңгерте отырып, олардың ой-өрісін, білім деңгейін кеңейту, сана-сезім, таным, қабылдау әрекетін дамыту, білімге қызығушылыққа баулып, баланың өздігінен еңбектене білуге белсенділігін бағыттау қажеттігіне көз жеткізілді. Бала  тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу - ол болашақ ұрпақ тәрбиесі.

        Болашақ азамат тәрбиеленетін алғашқы ұя – отбасы, ата-ана құшағы. Жас сәбидің өмір табалдырығын аттағандағы алғашқы еститіні шешесінің мейірбан сөзі, көретіні анасының аялы алақаны. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» немесе «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген де осының айғағы. Яғни, ата-әженің, әке-шешенің өнегесі, өнері балаға үлгі болатыны, бала үйде қандай игі істерге тәрбиеленсе, ұядан ұшқанда да сол өнеге-өсиет оған сарқылмас қазына болары сөзсіз.

        Балаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс-тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі де балаға үлгі-өнеге. Олай болса, баланы дұрыс тәрбиелеуге бесік жырынан бастап көңіл бөлген жөн. Баланы үнемі таза ұстау, белгілі уақытта ұйықтату, тамақтандыру, серуенге шығару, денесін шынықтыру, құлағын түрлі дыбыстарға жаттықтырып, атын атап шақыру, сөйлесу осының бәрі де оның болашақ өміріне қажетті дағдылардың бастама сабағы болмақ.

        Күнделікті тәжірибемізден көріп жүргеніміздей, соңғы уақытта бала тілінің кеш шығуы көп кездеседі. Бұл жағдайда мән беріп, дер кезінде мамандардан кеңес алып отыратын ата-аналар да бар, керісінше 4-5 жасқа дейін «өзі шығады» деп күтіп, баланы психикалық даму тежеулігіне жеткізетіндер де бар. Өйткені сөйлеу әрекеті де адамның есте сақтау, зейіні, ойлау қабілеті сияқты жоғарғы психикалық функциясы қатарына жататындығын ұмытпауымыз керек.  Аты аталған психикалық процестердің біреуі бұзылса, оның кері әсері де басқа процестерінен көрініп отырады. Осыған байланысты сіздің балаңыздың дамуына кері ықпал ететін факторлерге тоқталып өтсек. Ең алдымен баланың ортасы, яғни ата-анасымен, үйдің үлкендерімен, құрдастарымен байланысы  әсер етеді. Көп ата-аналар баланың жетілуіне өздерінің тікелей әсері барлығын түсіне бермейді, эмоциялық қарым-қатынасқа түспейді. Баланы еркелету, бірге ойнау, жас ерекшелігіне байланысты ойыншықтар алып беру сияқты бала үшін маңызды қажеттіліктерді ескермейді.   

        Ата-аналар баланың  даму сатысын біліп отырғаны абзал. Қимыл-қозғалыс,  сөйлеу және психикалық дамуында баланың сәл ауытқушылық байқалса, уақыт оздырмай маман-дәрігерлерден кеңес алуы керек. Тілінің дамуында тежеліс немесе сөйлеу белсенділігінің жоқтығы көп жағдайда қоршаған ортаның әсерінен болады. Яғни, жанұядағы тынышсыздық, үлкендер тарапынан бала тәрбиесіне әр түрлі ықпал жасау.  Сол сияқты шамадан тыс еркелету, өз тілегін сөзімен жеткіздіруге мүмкіндік жасамау. Баламен үнемі сөйлесіп отыру, қимыл-қозғалысын дамытып отыру. Ұсақ маторикасын (қолының қимыл-қозғалысы) жетілдірудің маңызы зор. Қол бұлшық етінің икемсіз болуы да сөйлеу процесін тежейді.

        Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымның педагогикалық ұжымы ата-аналармен бірлесіп, баланы өсіріп тәрбиелеудегі басты мақсат қоғамдық өмірге «түзу кірпіш қалау» екенін ескере отырып, ал осы мақсатты жүзеге асыру үшін алдындағы қандай болмасын қиындықтарын жеңу, соған сәби кезінен төмендегі мынадай көзқарастарды негізгі ұстаным ретінде қабылдау. Көзқарастар мыналар:

·         Баланы сәби ол әлі ештеңе білмейді, ұқпайды деп жай көзбен қарамау керек, өйткені ол да өсіп келе жатқан тұлға;

·         Баланы әр уақытта шындыққа үйрету. Еш уақытта алдамай, шындықты ашып айтып сол жағдайға дұрыс көзқараспен қарауға жағдай туғызу;

·         Баланың өз ісін уақытымен күнде қадағалау, бақылау;

·         Баланың әр бір ісін қадағалап, оған деген көзқарастан нәтиже шығаруға көмектесу.

        Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға көңіл бөлу, халықтың тәлімдік мұрасын бүгінгі күнмен сабақтастыру болып табылады.

 

                                 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР  ТІЗІМІ:

 

1        Қазақстан Республикасының Конституциясы.Алматы: Юрист.2007.

2        Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». – Астана, 17 қаңтар 2014.

3        Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандарты. – Астана, 2010.

4        Козлова С.А., Куликова Т.А. Дошкольная педагогика. – М.: Просвещение, 2005.

5        Усова А.П. Обучение в детском саду. – М.: Просвещение, 2005.