Педагогика
ғылымдарының магистрі Жумадилова Сания Сембековна
«Тұран-Астана»
университеті, Қазақстан Республикасы
ОҚЫТУДЫҢ
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЖЕТІЛДІРУДЕГІ ОҚЫТУШЫ ШЕБЕРЛІГІ
Еліміздің білім беру саласы
қарқынды дамуында көптеген белестерді өзіне
бағындырып, «ақпараттық жарылыс» кезеңінде біліммен
жан-жақты қаруланған, дарынды, бәсекеге кабілетті педагог
мамандарды даярлауда өз үлесін барынша қосуда.
Қоғамның күллі бағыт-бағдары, ізгі
мұраттары, кажеттіліктері мен себеп-салдары түбегейлі
өзгерді, мұның өзі қазіргі таңда жас
оқытушылардың ой-санасына, өмірлік ұстанымдарына
әсер-ықпалы болмай қалған жоқ. Осындай
көз-қарастар, мәдениетаралық
ықпалдастықтың ұлттық және
ұлтаралық деңгейінің барысы, тіл білімі
мазмұнының жетілдірілуіне себепші болды. Қазіргі кезде елімізде
білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру
кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен
оқу-тәрбие үдерісіндегі төмендегідей елеулі өзгерістерге
байланысты болып отыр, білім берудің мазмұны жаңарып,
жаңа көзқарас, басқаша қарым-қатынас,
өзгеше менталитет пайда болуда:
-
білім беру мазмұны жаңа процестік
біліктермен, ақпараттарды қабылдау қабілеттерінің
дамуымен, ғылымдағы шығармашылық және нарық
жағдайындағы білім беру бағдарламаларының
нақтылануымен баи түсуде;
-
ақпараттық дәстүрлі
әдістері – ауызша және жазбаша, телефон және радио байланыс қазіргі
заманғы компьютерлік құралдарға ығысып орын
беруде;
-
қоғамдық біліммен пара-пар
педагогикалық технологияның кеңінен қолданылуына
және ғылымның рөліне мән берілуде.
Педагогикалық тәжірибеде технология
– tehne (шеберлік, өнер, білім) ұғымының ену
тарихына көз жіберсек, бұдан 15-20 жыл бұрын отандық
педагогикада «технология»
ұғымы мүлдем дерлік қолданылған жоқ.
Дәстүрлі педагогика өкілдері бұл терминге үрке
қарады, себебі бұған дейінгі түсінік бойынша технология
деп белгілі бір обьектінің өзгерісін айтатын еді, яғни
технологияның барлық шарты орындалған кезде нәтижеге
кепілдік берілетін. Бірақ педагогтар бұл категорияны
педагогикалық құбылыс ретінде қарастыруды қажет
деп таппады. [1,49].
Жалпы, технология идеясы жаңа
ұғым емес. Оқыту үдерісін технологияландыру туралы ойды
осыдан 400 жыл бұрын Я. А. Коменский айтқан болатын. Оның
ойынша, оқыту “техникалық” болуы қажет, яғни нені
үйретсе де, нені оқытса да табыссыз болмауы керек.
Оқытудың мұндай механизмін, яғни нәтижеге қол
жеткізетін оқу процесін Я.А. Коменский “дидактикалық машина” деп атады. Оған мақсат
қою, осы мақсатқа жетудің құралдарын
іздестіру, бұл құралдарды қолданудың ережелерін
табу маңызды болды. Сөйтіп, мақсат-құрал оны
қолдану ережелері – нәтиже модулі шықты. Бұл – білім
берудегі кез-келген технологияның өзегі. Я.А. Коменскийден кейін
педагогикалық технология элементтерін Г. Песталоци еңбектерінен
кездестіруге болады [2,145].
АҚШ-та педагогикалық
технологияға қызығушылық ХІХ ғасырдың 30-шы
жылдарында техникалық құралдарды пайдаланып, оқыта
бастаған кезде “білім берудегі технология” термині пайда болды. Бұл
оқу процесінде техниканы пайдаланумен пара-пар еді. Бағдарламалап
оқыту және дидактикалық машина жасалуымен байланысты
жаңа “білім беру технологиясы” термині пайда болды, бұл оқыту
мен тәрбиелеуді қалай құру керек дегенге саяды. [3,274].
Ақырында, 60-шы жылдарда Америкалық және Батыс Европалық
білім берудегі реформаларға байланысты “Оқу процесінде межеленген
білім нәтижесіне қалай жетуге болады” мағынасын беретін “педагогикалық
технология” термині пайда болады.
Оқытудың
технологиясы білім берудің теориялық және қызметтік
негізін қалыптастырады, осы орайда оқытушы білімді еңбекпен
ұштастырып, іс-әрекеттің саналылығын дамыта келіп,
мақсатты өмір сүруге ұмтылуға әсерін тигізуі
міндетті. Педагогикалық технологияның білім берудегі бағасын
жалпы мойындағанымен де, оқыту технологиясының
мәртебесі әлі де айқындалмаған күйде
қалуда. Педагогикалық әдебиеттерге талдау жасап
үңілсек, қазіргі кезде “оқытудың педагогикалық
технологиясы” ұғымы ғылыми білім берудің теориясы мен
практикасына мықтап енгенін көреміз.
Педагогикалық технология
ұғымының қалыптасуы мен дамуының тарихында педагогикалық
технология ұғымының мәні түрліше қарастырылады,
яғни оқыту технологиясын техникалық
құралдардың көмегімен оқыту деп
ұғынудан бастап, педагогикалық технологияны ғылыми
тұрғыдан ұғынуға дейін түрліше пікірлер
бар. Олар педагогикалық технология мәселесіне арналған П.Я.
Гальперин, В.В. Давыдов, М. Кларин, Л.В. Занков т.б. ғалымдардың
еңбегінде қарастырылған. [4,89]
Жоғары оқу орнында технологиялардың
сан алуан шарттарына сәйкес оқытудың технологиялық
деңгейін көрсететін арнайы стратегиясы мен тактикасы бар. Төмендегі
1суретте оқытушы тарапынан назарға алынуы тиіс оқытуды ұйымдастыру,
әдістерді қолдану, бағыттау, таңдау сияқты жалпы үдерістің
көрнекіліктері бейнеленген.
Оқыту технологиясы
деңгейінде оқыту үдерістің барлық компоненттері
айқындалады. Жеке қарым-қатынас жасау кезінде бір
теорияға негізделген бірнеше технология ойлап табылуы мүмкін.
Өзіндік бағыт ұстаған дамытушы технологиялардың
негізгі тиімділігі интеллектуалдық және
эмоционалдық-ынталық даму, білімді және кәсіптік
біліктілікті қалыптастыру болып табылады [4,165].



1 сурет - Оқыту
технологиясын жасау жолдары
Ал білім беру процесінің
құндылығын бағалауды қамтамасыз ету, аудитория
тарапынан белсенділікті арттыру шебер ұстаздың
құзырында. Әрине мұндай біліктілік педагогикалық үдерістің
кейбір ерекшеліктерін ескеру тұсында қалыптасады:
-
белгілі бір міндетті көздей құру
және проблемалық оқыту;
-
оқушылардың оқу мүмкіндіктерін
есепке алудың әр түрлілігі;
-
оқу қызметін саралап басқару;
-
оқу үдерісін демократиялық жолмен
ұйымдастыру.
Бұл
технологиялардың дидактикалық құрылысы білім беру
процесінің, оның мақсаттарының, мазмұнының,
әдістерінің, дидактикалық қатынастарының
құрылымының бейімделу жолымен жүзеге асады.
Сонымен
“педагогикалық технология” ұғымы біздің сөздік
қорымызға берік енуімен қоса оқытудың
мақсатын, мазмұнын және әдістерін зерттеп,
айқындаушы педагогикалық үдерісте жобалаудың бір
бөлшегі. Ол білім стандартына көзделген оқыту нәтижелеріне
қол жеткізу жолындағы мақсат, мазмұнын, әдістер
мен құралдардың біртұтас қызметін бейнелейтін үдеріс.
[5,263] Қазіргі уақытта тіл білімі жүйесінде, мазмұны
мен мағынасында қомақты өзгерістер орын алуда.
Әрине,еңбек нарығында шет тілінің кәсіби
маңызының өсуі, қолданыстан шықпайтыны,
әлемдік білім беру жүйесінде басымдыққа ие екендігі оқимын,
үйренемін, білімімді тереңдетемін деген кез-келген азаматқа
оқытушы тарапынан бағалы бағдар беруді меңзейді.
Әдебиеттер:
1.
Буланова М.В. Педагогические технологии, Ростов, 2002.
2.
Актуальные проблемы лингвистического образования:
лингвистические и методологические аспекты. –Щадринск, 2004.
3.
Подласый
И.П. Педагогика. Новый курс: Учебник для студентов педагогических вузов: Общие основы.
Процесс обучения. - М.: Владос, 1999.
4.
Угольков В.В. Использование
новейших технологий в обучении иностранным языкам в высшем учебном заведении //Сборник научно-исследовательских работ аспирантов и соискателей МГОПУ
им. М.А. Шолохова, Молодые голоса, выпуск 9.
5.
Шетел тілін оқыту әдістемесі №3 (35) Педагогика
және методика, 2010. 24-27 б.
Резюме
В статье рассматриваются вопросы
использования педагогических технологии в процессе обучения как
совершенствование профессиональных навыков педагога.
Resume
The article examines the use of educational technology
in the learning process as the improvement of professional skills of teacher.