Калекова Куляш Куанышевна

Преподаватель английского языка в Юридическом колледже г. Алматы

Білім жүйесін жаңғыртудағы сапалы кәсіптік білім беру мәселелері

Сапалы білім беру-қай кезде де блмасын қоғамның басты құндылықтарының бірінен саналады. Ал бүгінгі қоғамның әлеуметтік және ғылыми-техникалық прогресі қарқынды дамып отырған заманда адамның интеллектуалдық еңбек үлесіөсіп, білім деңгейіне және әрбір жеке тұлғаның шығармашылық даралығының дамуы мен кәсіби бағыттылығына қойылатын талаптар арта түсуде.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті-ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, еңбек нарығында бәсекелесуге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау,олардың біліктілігін арттыру» мәселесі аталып көрсетілген.

Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтінгілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлердің мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сындарлы саясаттар,өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына,  өткені мен бүгіні,келешегі мен болашағы жайлы толғануына,жаңа идеялар мен жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты.Дәстүрлі білім беру жүйесіндегі білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты-мамандықты игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңістігіне ене отырып,бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну-қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі.

Қазіргі қоғамдағы педагогикалық қызмет-бұл қоғамдық құбылыс. Жаңа білімнің жинақталуы ұстаз қауымының өз қызметінің мазмұнын өмір талабына сай бейімделуін талап етеді. Олай дегеніміз, жас ұрпақ тәрбиесінің, білімнің жаңаша қалыптасуы, ең алдымен, болашақ мұғалімге байланысты. Біздің зерттеу тақырыбымыз бойынша болашақ мұғалім-кәсіптік білім сапасын жетілдіруші қазіргі жоғары мектепте білім алушы студент.Білім саясатында түбегейлі өзгерістерді күнделікті оқу үрдісінде берілетін тапсырмалардан бастау қажет екендігі айқын көрсетілген.

Құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі, қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ.

Бұның өзі өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде, белгілі бір құзыреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді.Мұндай құзырлылықтың қатарына мыналар жатады: бағдарлы құзыреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б); мәдениеттанымдық құзыреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар,әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті); оқу-танымдық құзыреттілік  (өзінің  білімдік  қабілетін  ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу); коммуникативтік құзыреттілік (адамдардың өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы); ақпараттық –технологиялық құзыреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, түрлі өмірлік жағдайларды жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті); тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті).

Аталған құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттіліктерінің жан-жақты болуы талап етіледі.Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірдің қандай да бір жағдаяттарында қолдана алатындай дәрежеде ұсыну педагогтың құзыреттілігіне байланысты болады.

Болашақ кәсіби мамандыққа көзқарас, негізінен, оқыту ісінің сипатымен анықталады, онда көптеген ғалымдар атап өткендей, алдағы кәсіби қызмет моделінің анықталуы көзге елестетілетіндегі болу керек. Осы кездегі кәсіптік білімді дамыту жағдайында маманның жеке басының даму проблемасы алдыңғы қатарға шығады, сондықтан оқытушы кәсіби білім беру жүйесіндегі өзгеріп тұратын әлеуметтік –экономиклық жағдайлар мен жағдаяттарды ескере отырып педагогикалық үрдісті тиімді етіп ұйымдастыра білуі тиіс.Сондықтан кез-келген оқытушының басым бағыты студенттермен жұмыс істегенде олармен арақатынастың жаңа жүйесін құра білуі керек.

Қазіргі кезде білім беру қоғамның қоғамдық, ғылыми және өндіргіш күштерін интеграциялауға қол жеткізудің қажетті шарты және құралы болып табылады.Өйткені кісіптік білім беру-адамның жүйеленген сапалы білімді, кәсіптік дағдыны және білікті меңгеру, ақыл-ойы мен сезімін дамыту, дүниеге көзқарасын және танымдық ойларын қалыптастыру үрдістері мен нәтижесі. Сапалы маман деп әр алуан фактілер мен құбылыстарды танып-білуге жалпы көзқарасты білдіретін ортақ идеяларды, ұстанымдар мен әдістерді меңгерген, қабілеті мен біліктілік деңгейі жоғары сапалы маманды айтуға болады.

  Кәсіптік білім берудің жалпы мақсаты-бітіруші бойында кәсіби және тұлғалық сапаларды жоғары қалыптастыру, бұл оқу орны жұмысының соңғы нәтижесі болып табылады. Жоғары оқу орнының міндеті-маманды белгілі уақыт ішінде кезең-кезеңмен қалыптастыру үшін жалпы мақсаттарды шағын мақсаттарға бөлу.

Жоғары кәсіптік білім сапасымен анықталатын қоғамның интеллектуалдық әлеуметі экономикалық және әлеуметтік даму факторы ғана емес, сонымен қатар республиканың саяси, экономикалық дербестігінің, өмір сүруінің маңызды күші.

Қазіргі кезде үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға байланысты техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту туралы  көп айтылып жүр. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр деген мәселеге келер болсам, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде басқарудың түбегейлі жаңа үлгісі қалыптасты.Қазіргі уақытта Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі институционалды түрде дамуда.

2011 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен кадрлар даярлауда басқару жүйесінде жаңа ведомствоаралық үлгі қалыптасты. Жұмыс берушілер және бизнес-қауымдастықтарының қатысуымен техникалық және кәсіптік білім саласы бойынша Ұлттық Кеңес құрылды. Кеңес ел ауқымында кадрларды даярлау мәселелері бойынша негізгі шешімдерді қабылдайды.Салалар бойынша және өңірлерде кадрлар даярлау  мәселелерін шешу үшін 14 салалық және 16 өңірлік кеңестер құрылған.Олар кадрларға деген сұранысты анықтауға, жұмыс берушілердің біліктілік талаптарын әзірлеуге, білім беру стандарттарын жаңартуға, кәсіптік стандарттарды әзірлеуге ықпалын тигізеді. 2 кәсіптік стандарт кәсіптік қоғамдастықпен бірлесіп әзірленді. Осындай тағы 147 стандарт Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп әзірленетін болады. Атырау, Екібастұз, Өскемен, Шымкент қалаларында 4 ірі кадрларды даярлау жөніндегі өңіраралық орталық пен республикалық бюджет трансферті есебінен бір кәсіптік лицейдің құрылысы (Алматы қ.) жүргізілуде. Астана, Шымкент, Ақтөбе және Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі колледждер құрылуда.

Корпоративтік басқарудың жаңа моделін енгізу үшін «Кәсіпқор Холдингі» АҚ құрылды. Оның базасында бизнестің қатысуымен бағдарламаларды халықаралық аккредиттеу, түлектерді сырттай сертификаттау, басқарудың корпоративті нысаны, жаңа стандарттар сараптаудан өтеді.Болашақта бұл тәжірибе техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне таратылатын болады.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін 2010 жылға дейін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы.

2. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы.

3. Білім беру жүйесін 2003-2005 жылға дейін ақпараттандырудың Мемлекеттік бағдарламасы.