Оқытудың интерактивті әдістерін қолдану жолдары

 

Жайдақбаева Л.Қ., Асылбекова Г.Т., Абуова Б.Ж.

 

Қазақстан Республикасының "Білім туралы" заңына сәйкес "Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту" сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. Өйткені ғылым мен техниканы, өндірісті әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, жоғарғы дайындығы бар білікті мамандар қажет [1].

Қазақстан Республикасындағы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына сәйкес 12 жылдық білім жүйесіне көшу жағдайында жас ұрпаққа білім беру оның жеке даралық ерекшеліктеріне мән беріп, оқушылардың мектепте алған білімдері бүкіл өмірлік азығы болатындай етіп білім беру, оны өмірге дайындау, мамандық таңдауға бағыттау мәселесі жаңа қоғамның білім саласындағы негізгі мәселенің бірі болып табылады. Жаңа заман мектеп реформасы тек мектептің басқару жүйесі мен оқу үрдісін қамтып ғана қоймай, сол мектептің бала оқытатын мұғалімдерін түгелімен өзін-өзі жаңа бағытқа қарай кәсіби шеберлігін күнделікті жаңа технологияларды меңгере отырып, үнемі ұштай түсу яғни ізденуге бағыттауда. Мақсат дамытушылық әлеуметінің болуы, жалпы білімдік, интеллектуалдық және кәсіби дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік беру болып табылады деп көрсетеді [2].

Айтылған мәселелерге сай елімізде оқыту үдерісін жетілдіру үшін оқытудың дәстүрлі әдістерімен қатар дәстүрлі емес әдістерді, оқытудың жаңа технологияларын қолдану кезек күттірмейтін іске айналды. Мұғалімдерге көптеген оқыту стратегиялары, түрлі педагогикалық тәсілдерді араластырып қолдану мүмкіндіктері, сондай-ақ нақты әдістер мен стратегияларды қалай және қай жағдайда қолдану қажеттігі туралы ақпарат керек екені даусыз. Осы ретте қазіргі кезде оқыту үдерісінде қолдануды талап етіп отырған интербелсенді әдістер қатарына миға шабуыл, алты ойланғыш қалпақ, интеллект карталарды, іскерлік ойындар, кейс – әдісі, аквариум т.б. екендігі белгілі. Осылардың бірі алты ойланғыш қалпақты қай кезде, қандай жағдайда қолдану жайында мәлімтеттер келтіруге болады.

Алты ойланғыш қалпақ әдсі дискуссия мен дебат әдістерінде кеңінен қолданылады: Әрбір ойдың өзіндік мағынасы мен салмағы болады. Бірақ оларды әртүрлі мағыналы көзқарастарда қолдану талап етіледі. Әрине, «құрастырылған элементтер» әдісіне жасалған анализ жасанды және ойдан шығарылған болып көрінуі мүмкін, бірақ осы жол арқылы үлкен ой құрылымына және ой шыңына жете аламыз.

«Алты ойланғыш қалпақ» концепциясы өз ойын толық жеткізе алмайтын немесе керек кезде нақты қандай жауап қайтару керектігін білмейтін адамдарға көмегі өте зор.

«Алты ойланғыш қалпақ» әдісін жиналыс уақытында да қарастырса болады. Бұл қалпақтарды «кию» кезеңдері:

         Белгілі бір командамен жұмыс жасағанда немесе пікірталас кезінде, тіпті бір маңызды жиналыс кезінде де ойлау қабілетін түрлі деңгейде пайдалану талап етіледі. Белгілі бір ортаға байланысты айтылатын сөздер, дауыс ырғағы, эмоция, фактілер және т.б функциялар түрліше болып келеді.

Бірақ қай кезде нені қалай  айту керек екенін біле алмай жатамыз немесе ойымызды тұжырымдай алмай қаламыз.

“Алты қалпақ” теориясы - түрлі ойлау процестерін бір ортаға жинап, ойды тұжырымдап, қорытылған ойды өзіндік мақсатта пайдалану. Әр түрлі ситуацияда түрліше ойлау керек және соған байланысты сөйлеу керек.

Жалпы қалпақтар мынадай алты топқа жіктеледі:

·        Ақ қалпақ - белгілі бір фактіні, ақпаратты өзгертпей өз қалпында жеткізу;

·        Қызыл қалпақ - ішкі сезімдерді, эмоциялар мен интуйтивтік түйсіктерді сыртқа шығару;

·        Қара қалпақ - максималды түрдегі теріс көзқарастар жиынтығы;

·        Сары қалпақ - позитивтік энергия беру мақсатында қолданылады;

·        Жасыл қалпақ - шығармашылық тұжырымдарды пайдалану арқылы жаңа идеяларға жол ашу;

·        Көк қалпақ - жұмыс бастар алдында мәліметтерді саралап, ойды қорытындылау.

Жоғарыдағы келтірілген алты қалпақ теориясын қолдана отырып, командалық жұмыстың тиімділігін арттырудың  мүмкіндігі жоғары екендігіне көз жеткізуге болады. Нақтырақ айтсақ, студенттермен жұмыс кезінде.

Мысалы: Аудиторияда 15 студент. Оқытушы барлық студентке командалық  бір тапсырма берген, орындалу уақыты 50 минут.

Оқытушы тапсырма беру кезінде тек ақ қалпықты қолданды, яғни тапсырманы толықтай факт жүзінде сипаттап кетті. Суденттердің тиімді жұмыс жасауы үшін алты қалпақты да пайдалану қажет.

·       Бірінші бес студент аса білімді, жаңа идеяларға толы, бірақ тапсырма орындауға мотивация жеткіліксіз.

·       Екінші бес студент мәліметтерден хабарсыз болса да тапсырманы орындайтынына сенімді.

·       Үшінші бес студент тапсырманың орындалмайтынына және оның шешімін таппаудың себептері көп екенін айтуда. Осы сәтте студенттерді біріктіріп алты қалпақ теориясын дұрыс пайдалансақ, онда жұмыстың нәтижелілігін арттыратынымыз сөзсіз.

Қорыта келгенде, бірінші топқа сары және көк қалпақ жетіспейді. Білім дәрежесі жоғары және  креативтік идеяларға толы топқа позитивтік энергия беріп, ойды жинақтап, барлығын саралап жұмысты бастау тиімді, бұл көп күттірмей өз нәтижесін беретін философия.

Екінші топқа ақ қалпақ пен жасыл қалпақ жетіспейді. Позитивтік энергияға толы және эмоцияға ерік берген бұл топқа нақты фактіге негізделген мәліметтер мен  тапсырманың шешімін табуға бағытталған идеялар ұсынсақ оң нәтиженің  ауылы алыс емес.

Үшінші топқа, жасыл, сары және көк қалпақ жетіспейді. Көптеген қалпақтарды комбинациялау өте қиын, бірақ нәтижесі тәуекелге пара пар.   Бұл топ нақты фактіге сүйене отырып тапсырманың шешімі жоқ екеніне сенімді. Яғни, позитивтік энергия мен креативтік идея жетіспейді. Тиісті қалпақтар болған жағдайда, сөзсіз, нәтиже де болмақ.

Алты қалпақ теориясын пайдалану оқытушының кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, тәжірибе қорын толтыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар педагогикалық білімін арттырады және студенттермен байланысты нығайтады. Ал студенттер үшін белгілі бір ақпараттар жиынтығын толықтай меңгеруге және мұғаліммен қарым-қатынасты жақсартуға, өз ойын максималды түрде дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді.  "Алты ойланғыш қалпақ" теориясы - командалық немесе жеке жұмыс барысында максималды тиімді нәтиже алу мақсатында қолданылатын бірден бір қолайлы және тиімді психологиялық құрал.

 

Қолданылған әдебиеттер

 

1.     ҚР Білім туралы Заңы. Астана. 2004 жыл.

2.     Қазақстан Республикасында білімді дамытудың  2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығы.

3.     Рикки Ханти, Тони Базан.  Как создать Интеллектуальную организацию: Пер.сангл.-М.:ИНФРА-М, 2002, -XXV, 230с.