Педагогика. Современные  методы  педагогики

Ағманова Шолпан Рамазанқызы

Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

Ғабиден  Мұстафиннің   сөздік  құрамды  пайдалану   тәсілінің  сыры  мен  сипаты

     Бір  тілде   қанша  сөз  болса , солардың  тұтас  жиынтығын  тіл  ғылымында  лексика  немесе  сөздік құрам деп атайды.Кейде бұл  термин  жазушының немесе  шығарманың  тілі  яки  тіл  ғылымының бір   саласының  тілі  деген  мағынада   қолданылады. (Ә. Болғанбаев.  Қазақ  тілінің  лексикологиясы. Алматы. Мектеп.1988).

      Бұл  жағынан  Ғабиден   Мұстафин  шығармаларында  қазақ  тілінің  сөздік  құрамын  молынан  пайдаланғандығымен  ерекшеленеді.

     Жалпы  сөэдің  лексикалық  мағыналарының   түрлерін  зерттегенде,  сөздің  негізгі,  тура  мағынасы,  фразеологиялық  байлаулы  мағына,синтаксистік  шартты  мағына  сөздің  негізгі   мағынасы  жөнінде  әр  түрлі  пікірлер айтылып  жүр. Бұлай  болу  себебі - сөздердің  мағыналарының  логикалық  динамикасына  байланысты.  Кейбір  сөздердің  көп  мағыналы , ауыспалы мағыналы болуына  да  қатысты.

     Фразеологиялық   байлаулы  мағына - сөздің  қалыптасқан тұрақты  сөз  тіркесінде  көрінетін  мағынасы.  Бұл   мағына  Ғабиден  Мұстафин  шығармаларында  кеңінен  қолданылады.  Бірнеше  мысалдар  келтірейік.

    «Ісік»  сөзі  адам  денесіндегі  ісіп  ауырған  жері.  Осы сөз төмендегі   дарынды  сөзді  сөйлемде  қолданылған.

      Дарынды сөз адамның ойына өң береді, көңіліне күй түсіреді.(А.Байтұрсынов. Әдебиет танытқыш. Алматы. Атамұра 2003) 

     Менменсіген  ісік  кеуде  шаттауық  қысса  жіптіктей  болады. (Оә,277).

      «Ісік»  сөзі  «кеуде»  сөзімен (ісік кеуде)  тіркесіп,менменсіп,ісік  сияқты  көтеріліп,дүмпиіп  тұрған  тәрізді сыртқы  көрінісі  аз  да  болса  ұқсатудан  алынып, соңынан  тасып  кеткен.  Ісік  кеуде - ол табиғи емес,кейбір  адамның  толып -тасып ,өр  көкіректік  білдіргенде  айтылады,бірақ  оның  басылатын  кезі  де  болады.  Асқанға  да- тосқан - болары  сөзсіз.  Өмірде  толған- тасқан- қайтып  өз  сабасына  түспегенде,әділдік  те  болмас  еді.   Бұл  сөйлемде  тағы  бір  күшті, сирек  қолданылатын  «шаттауық»  сөзі бар, ол әлгі  «ісік  кеудені»  қысқанда  «ісігі»  де  жоқ  болып,  жіптіктей  болып,   өз  қалпына  келеді  екен.   Міне,  осы  бір   сөйлемде  қанша  сыр  жатыр.

    Сол  сияқты  «іш»  сөзі-қандай  нәрсенің  болса  да  ішкі  жағы.  Ал, суреткер  осы  «іш»  сөзінен  сан  түрлі  тіркестер  жасағанын  көреміз:іштен  аңду,ішін  беру, іші  сұлу,ішіне  кіріп-шығу ,ішінен  өкіну,ішінен  қуану  т.б.

      Сыртын  беріп  ішін  бермесе ,  ол ішінде  шұбар  жылан  жатса.(Оә,277).

      Сырты  сұлуды  айтқанша  іші  сұлуды  айт.Сырты  сұлуға  көз  қызығады,іші  сұлуға  жүрек  қызығады.( Оә 277).

      Синтаксистік  шартты  мағына- сөз  бен  оның  білдіретін  мағынасы  ортасында  байланыс  болмаса  да, бір сөз   бірнеше   затқа,  құбылысқа  ортақ  атау  болып  ауысып  қолданылады.  Мәселен,ырыс,қырсық   сөздерін  алып  қарасақ,ырыс,дәулет,байлық,несібе.  Осы  екі   сөз  ойдың  орайы  болған.   Мынандай  бір   дарынды  сөзді  сөйлем  бар.

Жақсы  тәртіп  әдетке  айналса-ырыс,

Жаман  тәртіп   әдетке   айналса-қырсық  (Ак,33).

Бұл  синтаксистік   шарттылық  бойынша  түсінікті,  әрі  көңілге қонымды.

Ал,  мына  сөйлемде

Жасында  көргені  жоқтың,

Өскенде  айтары  да жоқ (Ак 164).

       Синтаксистік  шарттылық  жағынан  қарасақ, бұл да  сөзсіз    дарынды  сөзді   сөйлем  қатарына  жатады. Көз  болған соң,неге  көрмесін, ол  үйді  де,түзді де, мал-мүлікті де,  қысқасы бәрін  де  көреді. Бірақ, көрумен  көрудің  арасында  үлкен  айырмашылық  бар. Бұл  жерде  «көрген»  және  «айтар»  деген   сөздер  сөйлемнің  синтаксистік  шарттылығының  жәрдемімен  болғандықтан,пікірдің  негізгі  сүбелі  мүшесіне  айналып  отыр.  Бұнда  әңгіме   түйінді , білімді ойлы сөз  туралы  болып  тұр.  Демек, «көргені»  деген  сөздің  мағынасы  өте  кең;  оған  білім  де, ақыл-ой  да,  тәлім-тәрбие  де  кіреді.  Ал,   бұлар  жоқ  болған  жағдайда  не  айтады ? Суреткер   жасынан  «көргенді»  болуға  шақырып,онан   ғибрат  алатын  болсын  деген  пікірді  айтпақшы  болған.  Сол  сияқты:

        Бұрынғы  кезде  ұлтшылдықпен    күрескен  едік. Енді  ұлтсыздықпен  күресу  керек  (Оә).- деген  дарынды  сөзді  сөйлемді  тамаша  жасаған:  бұрын  ұлтшылдыққа,  енді  ұлтсыздыққа  қарсы  күресуге  шақырған.  Бұл-  суреткердің   тың  пікірі.

      Ғабиден   Мұстафиннің  шығармаларын   зерттегенде,кейбір  күнделікті  сөйлеу  тілімізде   қолданыла   бермейтін   сөздерді  көптеп  кездестіруге  болады: 

        Дарақы  мырзалықтан    сарабдал сараңдықтың өзі артық (Ак,220).

       Менменсіген  ісік  кеуде  шаттауық  қысса  жіптіктей  болады  (Оә,277).

       Дарбаза  ауыз,орақ  тіл-ауыз   күйсе   тыншығады (Оә,277). 

       Ағайын  арасына  жік  түссе,қас  жаман  сына  қағар.

        Қамқор  азамат  дәнекер  болар( Кк,20).

        Қамшы  дағы  етте,тіл  дағы  жүректе   қалады (Оә,278).

         Қаршадайымнан  қайғы   арқалатып,тесік  өкпе  қылып  өсірдіңіз (Қ.157).

        Бұл   жерде  сарабдал-байсалды,салмақты,жайбарақат (ҚТТС,8т.       169-б);   шаттауық-темірді  өңдеу  үшін  қысып, бекітіп  қоятын  құрал, қышқыш  (ҚТТС,10т. 165-б);   дарбаза  ауыз-бейпіл  ауыз  (ҚТТС,3т.5-б).

        Келтірген  мысалдардағы  «дарақы» ,»сарабдал», «дарбаза» , «сына» , «дәнекер»,  «дағы»  сөздерін  керекті  компонентке  қосып,өз орнымен қолданған. Бұлар  кім  болса  соның   қаламына  да,  тіліне  де  орала  бермейтін    қазақтың  байырғы  сөздері.