Педагогика/ секция 2

Тагаева С.А.,Ушакбаева К.Р.

Тараз инновациялық гуманитарлық университеті, Қазақстан

Болашақ мамандарды отаншылдық рухта тәрбиелеудің маңызы

 

Отансүйгіштік рух – қазақ елінің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Көп ортасында көзге түсу үшін де кемел болмыс керек. Төл тарихы, мәдениеті мен өнері, экономикалық қуаты жоқ ел басқаларға да қызықсыз. Ал оларды кең таныту үшін алдымен қадір-қасиетіңді өзің жақсы білуің, мақтаныш ете алуың керек. Елдікті, ұлттық намысты бәрінен жоғары қою – отансүйгіштіктің ең басты белгісі. Шынында, елдің іші мен іргесіндегі тыныштық қашанда қастерлі ұғым.

Қазақстандық патриотизм адам бойында өздігінен қалыптаса қоймайды. Бұл асыл қасиетті қалыптастыру үшін біріншіден, өз тарихымызды – Қазақстан халқының тарихын білуіміз керек. Екінші, өз тілімізді – туған халқымыздың тілін білмек шарт. Тіл – тарихымыздың жабулы құлпын ашар әмбебап кілт. Үшіншіден, атадан-балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды білген жөн. Ол да – тарих. Зерделей білсек, ол да бізді патриотизмге баулиды. Төртіншіден, өткен тарихымыздың жақсылықтары мен игі тағылымдарын сақтау, дамыту әрі жаңа сапа беру. Бесіншіден, Абай атамыз айтқандай, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыру.

Патриотизмді адамгершілік қағидаларынан бөліп қарауға әсте болмайды. Өйткені Отан абстрактылы ұғым емес. Отанға деген сүйіспеншілік және сол Отанды қорғау әр азаматтың міндеті мен борышы. «Үйдің іргесі биік болсын десең, қабырғасын асықпай қала» дейді халқымыз. Сондықтан да, болашақ ұрпаққа сәби кезінен бастап ананың ақ сүтімен патриоттық сезімді дарытсақ, Отанымыздың алар асуы алда екендігін айтып өткім келеді. Өз Отаныңның, өз еліңнің патриоты болғанға не жетсін!

Қазір барлық елдер мен мемлекеттер жаһандану жағдайында өмір сүруге бейімделу үстінде. Оның бастауы – Батыс өркениеті болып отыр. Жаһандану барысында Батыс мәдени құндылықтарының басымдық танытуы жергілікті халықтардың байырғы ұлттық сипатының жоғалуына түрткі болып келеді. Өткен ғасырдың ортасынан бастап айтыла бастаған өркениет бәсекесі қазір, шын мәнінде, ақиқатқа айналуда. Бұл бәсеке бүгінгі күні экономикада, саясатта, идеологияда, мәдениетте, білімде, ақпаратта, технологияда және т.б. салаларда қызу қарқынмен жүріп жатыр. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие»[1] - деп атап көрсетті. Дегенмен, әлемдік жаһандану дәуірінде ізгілік, кісілік, адамгершілік, имандылық, бауырмалдылық, отаншылдық, ұлтжандылық сияқты тағы басқа да ұлттық құндылықтарды сақтап қалу айтарлықтай маңызды. Ал бұлардың барлығының негізі ұлттық тәлім-тәрбиеде жатыр.

Қазақ халқының қалыптасу, даму тарихын зерттеп-зерделесек, көне дәуірден бері қазақ қоғамы өзінің дәстүрлі рухани құндылықтарын сақтап қалуға аса мән беріп келген. Оларға ешқашан да бейжай қарамаған. Ұлттық салт-дәстүрлерді жұрттың тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз ететін тұрмыс-тіршіліктік берік қағидалар ретінде ұстанған.

Жас ұрпаққа заманауи білім бере отырып, ұлттық тәлім-тәрбие беру арқылы ғана біз өзіміздің ұлттық табиғи тарихи бітім-болмысымызды, өзге жұртқа ұқсамайтын ұлттық ерекшелігімізді, ұлттық ой-санамызды, ойлау машығымыз бен дүниетанымымызды қорғап қалып, жаһандану үдерісіне бейімделе аламыз. Ұлттық тәлім-тәрбие осы бір қауіпті де қажетті, қашып құтылу мүмкін емес үрдістен бізді ұлттық мемлекет ретінде сақталып қалуымызда үлкен рөл атқаратын бірден-бір тетік. Қалай десек те, ендігі жерде жас ұрпақ, ең алдымен, ұлттық тарихи жадын, бірегей ойлау машығын, өзіндік өнері мен дүниетанымын, ана тілі мен дінін, дәстүрлі әдебиеті мен мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту қажеттілігін сезінді.

Бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуде жаһандану үрдісінің ықпалынан, яғни мәңгүрттіктен, ұлтсыздықтан, космополитизмнен, бас айналдырар түрлі діни ағымдардың ықпалынан, имансыздықтан, мейірімсіздіктен сақтап қалу мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Бұл үшін не істеуіміз қажет? Біздің ойымызша, жер бетінде Қазақ мемлекеті, Қазақ елі болып қаламыз десек, ұлттық тәлім-тәрбиені бала бақшасынан бастап магистратураға дейін оқытуымыз керек. Онымен Білім және ғылым министрлігі ғана емес, атқарушы биліктің барлық ішкі саясат тармақтары, барлық бұқаралық ақпарат құралдары айналысуы тиіс. Газет-журнал беттерінде, теледидар, радио хабарларында ұлттық тәрбие мәселелері үздіксіз жарияланып отырғаны жөн.

Дәл қазіргі уақытта еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болуының арқасында өз ана тілінде білім алған жастар заманауи технологияларды меңгеріп өсіп келе жатыр. Оларға отансүйгіштік тәлім-тәрбие беру өз халқының тағылымдық тарихын барынша жетік оқыта-үйрете отырып білдіру арқылы да жүзеге асатыны белгілі. Сол себептен, Елбасының тікелей нұсқауымен еліміздің астанасы Ақорданың төріне сонау моңғол жерінен Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк бабаларымыздың өсиет сөздері жазылған бітік тастың көшірмесі әкелініп қойылды. Осы бітік тастардағы тарихи жазбаларда жас ұрпақты ұлтжандылық, отаншылдық рухта тәрбиелеп өсіруге негіз болатын ұлағатты ой-пікірлер аса мол. Сол игілікті мұра қазіргі кезде жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беруде құнды жәдігерге айналып отыр.

Туған жерге деген ыстық сезім, атамекенге деген үлкен құрмет орта ғасыр жәдігерлері болып саналатын бабаларымыз Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Саиф Сараи, Құтып және т.б. еңбектерінде де жеткілікті қамтылған. Мәселен, Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» атты трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерді айта отырып, мінез-құлықты тәрбиелеуді бірінші кезекке қояды. Білім-ғылымды игеру, оны адамгершілік жолында пайдалану туралы өсиет айтады [2].

Бүкіл түркі жұртына ортақ данышпан Жүсіп Баласағұнның да «Құтты білік» атты тарихи құнды еңбегіндегі философиялық ой-толғамдары жас ұрпақты отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеуде маңызы зор. Ол осы еңбегінде адамзаттың, ел-жұрттың кемел келешегін оқу-тәрбие ісімен байланыстырады. Бала өсіріп, тәрбиелеп отырған ата-ананың негізгі міндеті – өз ұрпақтарын елге, жерге, ел әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне құрметпен қарауға баулу деп өсиет айтады [3].

Ұлтқа деген асқақ та ыстық сезім мен қадір-құрмет Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердіұлы, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Шоқай, М. Дулатов, Х. Досмағанбетұлы, Қ. Кемеңгерұлы, М. Жұмабаев, С. Қожанов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Т. Жүргенов секілді т.б. қазақ ағартушы-ғалымдары мен ақын-жазушыларының, қоғам қайраткерлерінің ғылыми еңбектері мен көркем шығармаларында да жарқын көрініс тапқан.

Мәселен, адамгершілік пен имандылықты, мейірімділік пен қайырымдылықты, қанағат пен рахымды, саналылық пен іздемпаздықты, еңбекқорлық пен өнерпаздықты бүкіл шығармашылығына арқау еткен ұлы Абайдың поэзиясы мен қара сөздерін ден қойып оқысақ, жастарды ғылым-білімге, еңбекке, қайрат-жігерге, сүйіспеншілікке, ұлттың асыл қасиеттерін қадірлеп-қастерлеуге, ар-ожданның биік болуына шақырған, жас ұрпақты жігерлендіріп, намысын оятатын, олардың бойына адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына түрткі болатын жыр жолдарын, ғибратты сөздерін молынан кездестіреміз. Бұл мәселелерді М. Әуезов өзінің «Абай Құнанбаев» деген монографиясында жан-жақты талдап, терең зерттеп-зерделеген [4].

Ойшыл ақын «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – деп өз халқына деген өсиетін айта отыра, үшінші қара сөзінде: «адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген тұжырым жасайды. Оның өмірлік тәжірибеден алынған мынадай тағы бір данышпандық сөзінде үлкен қорытынды ой жатқаны анық: «Әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ – мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ – ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан – арсыз келеді;  әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» [5]. Ұлы абыздың осы секілді ғибратқа, тәлім-тәрбиеге толы өсиетті ой-толғамдары қазір қазақстандық әрбір білім ошағының тәлім-тәрбиелік тәжірибесінде басшылыққа алынып, өскелең ұрпақтың санасына сіңіріліп келеді.

 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2008 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған өзінің «Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық» деген мақаласында: «Отаншылдық сезімді орнықтыру қай заманда да, қай қоғамда да маңызды. Бұл, әсіресе, жас мемлекеттер үшін ерекше мәнге ие. Біз патриоттық тәрбие беруге көп көңіл бөлуге тиіспіз. Мұның бір қайнар көзі тарихты білу, одан тағылым алу, бабаларымыздың даңқты істері үшін мақтану екендігі анық. Солай ету керек те. Сонымен бірге тек тарихты малданып қана қалуға да болмайды. «Бүгін мақтанатыны қалмаған елдер өткенімен мақтанады» деген де сөз бар. Біз өткенімізбен де, бүгінімізбен де мақтанатындай ұлт болуымыз керек» [6],– деген еді. Елбасы бұны өткеніміз бен бүгінімізде қазақстандық жас ұрпаққа ауыз толтырып мақтанышпен айта алатын тағылымды тарихымыз, тәуелсіздігімізбен  бірге келген қазақстандық жетістіктеріміз мол болғандықтан айтып отырғаны анық. Демек, өткен тарихымыз бен бүгінгі табысымыз ел азаматтарын, әсіресе, жас буын өкілдерін ұлтжандылық, отаншылдық рухта тәрбиелеуде маңызды тағылымдық рөл атқарып, үздіксіз қызмет ете бермек.

Ұрпақ тәрбиесі жөнінде ойлаған кезде мына нәрсені айтпай кетпеске болмас. Бүгінгі таңда ерекше ойландырып отырған мәселелердің бірі – кейбір жастардың бойында өз Отанын сүю сияқты терең отаншылдық сезімдердің суып бара жатқандығы, кейбір жастардың әскерге барып өз борышын өтеуден бас тартып, одан жалтару жолын іздеуі, бұзақылық, жүгенсіздік, шетелдің «арзанқол» көркем өнерінің алдында бас ию, оны көпшілік ақпарат құралдарында насихаттау, мәдени иммунитеттің жойылуы бізді ойландыруы тиіс. Осыған тосқауыл қоятын мемлекеттік, ұлттық деңгейде шаралар қабылдайтын уақыт жетті.

 Елбасының «Бүгінгі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу – мемлекеттік идеологияның темірқазығы болу тиіс» деген сөзінің бүгінгі таңда Мәңгілік ел идеясының басты шамшырағы деп білемін.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» 11.11.2014 ж.

2. Ата заңдар. Құжаттар, деректер және зерттеулер. 10 томдық (Бағдарлама жетекшісі: С. Зиманов). 2 том. -Алматы: Жеті жарғы, 2004 жыл.

3. Баласағұн Ж. Құтты білік. -Алматы: Жазушы, 1986 жыл.

4. Әуезов М.О. Абай Құнанбаев. -Алматы: Жазушы, 1967 жыл.

5. Абай Құнанбаев. Шығармалар. Екі томдық. ІІ том. -Алматы: Жазушы, 1993 жыл.

6. Назарбаев Н.Ә. Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық//Егемен Қазақстан. 2008 жылғы 31 мамыр.