ф.ғ.к., доцент Кадина
Ж.З.
ф.ғ.м., Қабанов
М.Ш.
ф.ғ.м., аға оқытушы Сатеева Б.С.
аға оқытушы
Мизанбаева Г.Ш.
Е.А. Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қазақстан
ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ЕРЕШЕЛІКТЕРІ
Белгілі бір ұлт тілінде
көркем әдебиет тілінің алатын орны ерекше. Көркем
әдебиет тілі халық тілінің дамып, қалыптасуында аза зор
қызмет атқарады [1,174-б.].
Халқымыздың
әдеби мұрасы−тарих қойнауынан бүгінгі күнге
дейін келіп жеткен рухани жәдігер. Бұл ретте жыраулар
дүниесінің үздік үлгісі толғау жанрының
орны ерекше. Бұлар да-әдеби тұнығымыздың бір
кезеңі. Қай-қайсының болмасын өмірге келген
белгілі бір уақыты, өз тұғырлары бар. Өткен
тарихымыздың озық ойлы осындай жәдігерінің
құны өлшеусіз. Жыраулар туындыларының мазмұны
өткен өміріміздің, тарих беттерінің қойнауынан
сыр шертеді. Әдеби дүниелердің қатарын молықтыра
түсетін көркем туындылар топтамасы.
Жыраудың да
басты жанры – толғау. Толғау дегеніміз – ой, толғаныс,
түйін, мораль. Толғау – қазақтың байырғы
ауыз әдебиетінің топырағында түзілген форма
[2:51].
«Толғау –
қазақ әдебиетінде сюжетсіз поэзиялық туындының
халықтық түрі, белгілі тақырып бойынша ойлар түю,
философиялық пікірлер білдіру пішіні», – делінеді поэзиялық
сөздікте [3:305].
Жыраулар тілінде
стандарттық күшті болады, әсіресе грамматикалық
тұлға-тәсілдер біртектес түрде келеді. Сондай-ақ
жырау поэзиясының синтаксисіне тән параллельдер белгілі бір
сөздер мен тіркестердің және грамматикалық
тұлғалардың үнемі қайталап отыруын қажет
етеді, бұл да тілдегі стандарттықты туғызады [4:145].
Осындай сипатпен
ерекшеленетін толғау мәтіндеріндегі сөйлемдердің
бір-бірімен тұтасымын, байланысын жүзеге асыратын
грамматикалық тәсілдердің бірі жақ-шақ формасы.
Лингвист
ғалым А.С.Әділова: «Жалпы алғанда, көркем
мәтіннің бәріне тән ең басты санаттар - тұтастық пен байланыстылық,
ал бұларды жоғарыда атап көрсетілген басқа
санаттар қамтамасыз етеді»,-деп
көркем мәтіндегі тұтастық пен сөйлемдер
байланыстылығына ерекше маңыз береді [5:51].
Жалпы
грамматикада жақ-шақ формаларының атқаратын
функционалдық қызметтері өте ауқымды. Ал көркем
мәтін тұрғысынан бұлардың қатар келген
сөйлемдерді тұтасымға біріктірудегі рөлі айқын
байқалады.
Баяндауыштарының
жақтық тұлғасы бірдей келіп, соның әсерінен
ол сөйлемдердің бір тұтастық шеңберінде байланысы
беки түседі. Бұған жыраулар поэзиясының жанрлық
сипатының әсері зор.
Алдымен,
баяндауыштары екінші жақта келген сөйлемдердің бір
синтаксистік тұтастықта байланысқа түскен жерін атап
өтеміз. Себебі жыраулар поэзиясының мазмұны көбіне
қарата айту, арнау түрінде келеді. Арнау түрінде келген
өлеңді жолдарда жоғарыда аталған мазмұн жиі орын
алады. Сондықтан олар – өздері қатыстырылған
толғаулардағы сөйлемдерді бір тізбекке топтаушы басты
фактордың бірі.
Асан
қайғы:
Айтқаныма
көнбейсің,
Мен айтпасам,
білмейсің...
Аймағын
көздеп көрмейсің.
Мастанып,
қызып терлейсің.
Өзіңнен
басқа хан жоқтай,
Елеуреп неге
сөйлейсің?! [6:60].
Шалкиіз жырау:
Жүк тиесе,
кетерсің,
Ниет етсең,
жетерсің,
Жетсең, тауап
етерсің,-
Етектеп жиған көп
халқың,
Сұлтан ием, кімге асмар
етерсің [6:81].
Үмбетей
жырау:
Қарап
жатқан жыланның,
Құйрығын
неге басасың.
Шағайын деп
шапшыса,
Шоршып неге
қашасың?! [6:127-128].
Бұл
үш толғауда параллель жүйені жіктік жалғауының
екінші жағы мен ауыспалы осы шақтың тұтасымы
атқарып тұр. Бұл тұтасым осы мәтін ішіндегі
қатар келген сөйлемдер арасындағы синтаксистік байланысты
күшейте түскен. Нақты айтсақ, екінші
жақтағы субъектіні беруде жіктік жалғауының әр
сөйлем баяндауыштарында келуі жүзеге асырған.
Толғаудың арнау мазмұнында келгені бұл орайдың
бір арнаға тоғысуына негіз болған. Бұқар жырау
толғауындағы сөйлемдер тізбегіндегі екінші жақ
тұлғаны тәуелдік жалғаулы сөзбен бірге (күніңіз,
ұлыңыз, мініңіз) жедел өткен шақтың
қосымшалары жасаған:
Хан Абылай
атандың,
Дүниеден
шықпай мініңіз.
Алтын
тақтың үстінде,
Үш
жүздің басын құрадың.
Жетім менен
жесірге,
Ешбір жаман
қылмадың.
Әділетпен
жүрдіңіз,
Әдепті іске
кірдіңіз ... [6:44].
Бұның
бәрі қатар келген сөйлемдердегі синтаксистік
тұтастықтың екінші жақ категориясы арқылы
жүзеге асқанын көрсетеді. Толғаулардың арнау
мазмұнда келетіндері көп болғандықтан, аталған
түзіліс мол кездеседі. Сондықтан бұл түзілісті біз
жыраулар туындыларындағы ең өнімді қатар ретінде
тануға мүдделіміз.
Жіктік
жалғауының I жақ түрімен келген қатарлар да осы
құрылымды болып келеді. Себебі толғаулар мазмұнының
кей түрлері автордың тарапынан да беріліп жатады. Олай болса,
ондағы іс-әрекетке автордың араласуының
көрсеткіштері жиі кездеседі. Олар қатар келген
сөйлемдердің тұйықтаушы бөлігінде келіп
тұтас мәтіндік параллель жүйе жасайды. Бұған мына
толғаулар бойындағы сөйлемдер тізбегі – дәлел:
Доспанбет жырау:
Тоғай,
тоғай, тоғай су,
Тоғай
қондым, өкінбен.
Толғамалы
ала балта қолға алып,
Топ бастадым,
өкінбен.
Тобыршығы
биік жай салып.
Дұспан
аттым, өкінбен ... [6:71].
Ақтамберді
жырау:
Жағама
қолдың тигенін,
Жалғыздық,
сенен көремін.
Жамаулы киім
кигенім,
Жарлылық,
сенен көремін [6:106].
Жиембет жырау:
Ат сауырсын берермін,
Алыста дәурен
сүрермін,
Қарамасаң, ханым,
қарама
Сенсіз де күнімді
көрермін! [6:100].
Бұл
толғаулардың алғашқысында бірінші жақ категориясы
бір жолдың үш жерінде (өкінбен) және
өткен шақ қосымшасының әрі оның
үстіне т дауыссыз дыбысының әр тармақ
басында үздіксіз келуі нәтижесінде параллель қабат
күшейсе, екінші толғаудың бойындағы берілген
сөйлемдерінде де осы іспеттес құрылымдық қабаттар
бар. Нақты айтсақ, олар жіктік жалғауымен қоса ж
дауыссыз дыбысының әр тармақ басында келуі арқылы
аллитерациямен өрнектелген.
Ал ендігі
толғаулар бойындағы құрылымдық теңдік
басыңқы сыңардағы жақ-шақтық
біркелкілік және бағыныңқы компоненттегі баяндауыш мүшелердің
шартты рай қосымшасын (-са) бірдей қабылдауы
арқылы жүзеге асқан.
Шалкиіз жырау:
Алаштан
байтақ озбаса,
Арабыдан атты
сайлап мінбен-ді.
Күлікке
тастай болып тимесе.
Үстіме
көбе сайлап кимен-ді!
Күмістен
екі қолтық жоқ болса,
Сыпайшылық
сүрмен-ді! [6:71].
Үмбетей
жырау:
Мен
пайғамбардан бастасам,-
Әңгімеге
кетермін,
Едігеден
бастасам,-
Ертегіге
кетермін,
Келтесінен
қайырсам-
Сөз
түбіне жетермін [6:130].
Ақтамберді
жырау толғауы жолындағы сөйлемдердің синтаксистік
байланысы I жақ жасырын логикалық субъект арқылы
қазықтала түскен.
Сұмырайға
кетпес сұмдықты
Тіледік
қашан, ойладық
Көшіп,
босып қоныстан
Қанжығаға
саптыаяқ
Қалайша
бүгін байладық ... [6:120].
Мұндағы
параллель қатар баяндауыш мүшелердегі
жақтық-шақтық (-ды жедел өткен
шақтың және жіктік жалғауының I жақ
көпше түрінің қосымшасы) конструкциясымен де бекіп
тұр. Сонымен қоса, бұл толғаудан жасырын келген
біз жіктеу есімдігінің синтаксистік байланыс жасаушы әдіс
екенін көре аламыз.
Баяндауыштары
бірінші жақта келген сөйлемдердің қатары
толғауларда осындай түрде байқалады. Олар шығарма
мазмұны автор тарапынан берілетін жолдарда айқын көрініс таба
алады. Бұл өз кезегінде толғаулардың жанрлық
болмысымен тығыз байланысты.
Үшінші
жақпен келген баяндауыштар қатар келген сөйлемдердің
бірыңғай параллелін жасау фактілері де кездеседі. Бұл
тұрғыда автор үшінші жақтағы субъектінің
қимыл әрекетін тұрақты жеткізіп отырады.
Шалкиіз жырау:
Менім ием Темір
іс етсе
Айналаңды
берік етер,
Жиған
малың тәрік етер,
Атың,
тоның бұлды етер,
Өз басыңды
олжа етер ... [6:76].
Ақтамберді
жырау:
Нашар
қайтып күн көрер,
Егін салар
құлқы жоқ.
Әділетті
ұлығы жоқ,
Жосып жүр
әлі тоқталмай,
Мекен еткен
жұрты жоқ [6:119].
Бұқар
жырау:
Бұзылып
қалмақ кеткен соң,
Өңкей
батыр жиыл деп,
Хан Абылай
шақырды.
Бір төбеге
жиылды,
Құм
төбедей үйілді.
Бөліске
олжа түссін деп,
Хан Абылай
бұйырды [6:32].
Жыраулар туындылары мәтіндеріндегі қатар келген
сөйлемдердің бірыңғай жақ тұлғасында
құрылымдық байланысқа түскендері аз кездеспейді.
Олардың маңызы мәтін жолындағы мағыналық
және құрылымдық тұтастықты бекіте
түсуімен арта түседі.
Жыраулар
поэзиясында сөйлемдер байланысының тағы бір амалы-
шендестірілген субъектілер болып табылады.
Субъектілер
бұл тұрғыда толғауларда қатар салыстырылып та,
бірнеше түрмен де беріліп көрсетіледі. Мұнда қатар
салыстырылған екі субъектінің орны ерекше. Өйткені жырау
көбіне екі нәрсені қатар қойып, сол арқылы
өз ойын жеткізген жерлері біршама. Міне, осы қатар қойылып
салыстырылған зат не құбылыстың
әрқайсының төңірегінде сөйлемдер
байланысқа түседі.
Салыстыру екі
сипатта болады. Нақты айтсақ, олар аналогия (грекше analogia – соответствие) екі
заттың қатар салыстырылуы болса, антитеза (грекше, antithesis –
противоположение) қарама-қарсы мәндегі зат,
құбылыстың салыстырылуы болып табылады. Қатар салыстырылған
субъектілер өздері қатыстырылған толғаулардағы
бір топ сөйлемдерді біріктіруші басты негіз болып табылады. Сөйтіп,
антитеза не аналогия әдісімен берілген субъектілер әрқайсысы
өздерінің маңына бірнеше сөйлемдерді топтастырып
тұрады.
Аналогия әдісімен
салыстырылған субъект маңына топталған сөйлемдер
байланысына Бұқар жыраудың «Айтар болсаң Алланы айт»
деп басталатын толғауын келтіруге болады. Толғаудың бірінші
бөлігі:
Ақсұңқар
құстың баласы,
Ұяда алтау тумас па.
Ұяда алтау
туғанмен
Оның ішінде біреуі
алғыр болмас па-
деген жолдарда
топталған болса, келесі бөлігі мына сөйлемдерден
тұрады:
Адамзаттың баласы
Атадан алтау болмас па.
Атадан алтау туғанмен
Оның ішінде біреуі
арыстан болмас па –[6:15],-
Көркем
туындыда заттар немесе құбылыстарды бір-бірімен
қарама-қарсы мәнде салыстырудың маңызы зор. А.
Байтұрсынов мұндай сипатты шендестіру туралы: «Екі нәрсе
қатар яки қарама-қарсы келгенде, арасындағы айырым
көзге көбірек түседі. Биік пен аласа, ұзын мен
қысқа, көрікті мен көріксіз, шебер мен олақ,
ғалым мен надан қатар келгенде, араларындағы айырмасын
анық көреміз» [7:367], – деген болатын.
М.Серғалиев:
«Шендестіру арқылы бейне жасағанда, ұғымдар мен
құбылыстар бірден қарама – қарсы мағынада
қойылады. Соның арқасында сөздің экспрессивтік – эмоциялық
бояуы қалыңдай түседі де, сөз болып отырған
нәрселер арасындағы қарсылықты қатынас ерекше
атап өтіледі» [8:252], – деп бұл амалдың басқа да
қырына маңыз береді.
Толғаулардағы
салыстырылған зат не құбылыс түрлері бір-бірінен
болмыстары өзгеше келеді. Мына толғау бойындағы салыстыру
антитеза әдісімен пайда болған. Алғашқы бөлікке
топтасатын сөйлемдер мазмұны «әкесіз бала»
төңірегінде болады:
Әкелі бала жау
жүрек,
Әкесіз бала сұм
жүрек.
Жиын болса бара алмас,
Барғанмен орын ала
алмас
Екі көзі
жәудіреп,
Тұлымшағы
салбырап,
Күнінде соның не
болғанын білмеймін.
Ал келесі
бөліктегі сөйлемдер «әкелі баланың»
маңына қазықталады:
Әкелі бала жау
жүрек
Жиын болса барады.
Барса орын алады,
Бітірер сенің
дауыңды,
Қайтарар сенің
жауыңды,
Күнінде тастап
өтер жебесі [6:17].
Бір субъектіге
қазықталу нәтижесінде тармақтарда айтылатын ой
шоғырлана түскен. Белгілі бір топтағы ой-түйін келіп,
мәтін ішіндегі шоғырды жасайды. Синтаксистік тұрғыдан
алғанда, құрылымдық жағынан жарыспалылық
сипаттың болуы сондағы сөйлемдерді бір субъектіге
бағындырып, байланыс желісін құрайды.
Сонымен,
жоғарыда берілген толғауларда қатар келген бірнеше
сөйлемдер тобы екі субъектінің іс-әрекет, қимылын беріп
тұр. Демек, туындыдағы сөйлемдер тобы екі түрлі
мәселені салыстыра отырып көрсету мақсатында құрылған.
Одан сол сөйлемдерді біріктіріп тұратын байланыс желісі пайда
болған.
Жыраулар туындыларының салыстыра көрсету ерекшелігі
бұл қатардың жасалуына алып келеді. Салыстыру сипатының
көркем туынды бойындағы мағыналық және
құрылымдық иірімдерге қатысы осы жолдармен
айшықталады. Бұл олардың белгілі бір мәтін ішіндегі
өзіндік орындарын байқататын тұсы десе де болады. Демек,
толғау жанрында жиі кездесетін салыстыру амалы – осындай құрылымды
сөйлемдер тізбегі жасалуының негізгі алғышарты.
Әдебиеттер:
1. Серғалиев М.
Көркем әдебиет тілі. –Астана: Л.Н. Гумелев атындағы
ЕҰУ, 2006. –369 б.
2. Базарбаев М.Б.
Әдебиет және дәуір. –Алматы: Жазушы, 1966. –272 б
3.
Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. –Семей –Новосибирск: Талер – Пресс, 2006. –397 б.
4. Сыздықова
Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы: ХV-ХІХ ғ. –Алматы: Ана тілі 1993. –320 б.
5. Алдаспан. (XV-XVII
ғасырлардағы қазақ ақын, жырауларының
шығармалар жинағы). –Алматы: Жазушы, 1971.
6.
Байтұрсынұлы А. Ақ жол: Өлеңдер мен
тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. –Алматы: Жалын,
1991.