ӘОК.82-95:821.512.122
п.ғ.к.,
доцент Амирбекова М.Р.
аға оқытушы Рахимбаева Б.О.
Е.А. Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қазақстан
САБАҚ
ҮРДІСІНДЕ ИНТЕРАКТИВТІ ТАҚТАНЫ ҚОЛДАНУ
Бүгінгі таңда
жоғарғы оқу орындарында, мектептерде мұғалімдер
компьютерге қосылған кәдімгі ақ экранды
электрондық проектормен жұмыс істейтін интерактивті тақтаны
пайдаланады. Заман талабына сай пайда болған интерактивті тақтаны өзге
тілді дәрісханаларда қазақ тілін оқыту барысында да
алар орны ерекше. Интерактивті құралдардың көмегімен
оқытушының, студенттің шығармашылықпен
жұмыс істеуге жол ашылып отыр. Интерактивті тақтаны оқытушы
сабақты қызықты және динамикалық түрде
мультимедиялық құралдар көмегімен студенттердің
қызығушылықтарын тудыратындай оқуға
мүмкіндік беретін визуалды қор деп атауға болады.
Сабақты түсіндіру кезінде оқытушы тақта алдында
тұрып, бір мезетте мәтіндік, аудио, бейне құжаттарын
қолдана алады. Сонымен қатар, интерактивті құралдарды
сабаққа пайдаланғанда дидактикалық бірнеше мәселелерді
шешуге көмектеседі.
Тілді үйретудегі ең
басты мәселе – ауызекі сөйлеуде дағды мен ептілікті
жетілдіру. Сондықтан да оқыту нысандарын іздеу бұл –
сөйлетуді жетілдірудің нәтижелі жолы. Мұндай
жетілдірудің бірден-бір жолы – сөйлеу дағдысы мен
сөйлеу ептілігін дамытуды техникалық оқу
құралдарының көмегі арқылы жүзеге асыру. Ал
осы техникалық оқу құралдарын ұтымды пайдалану –
оқытушының міндеті, оқытушының шеберлігіне байланысты.
Осы айтылып отырған техникалық оқу
құралдарының бірі – интерактивті тақта. Интерактивті
тақта – бұл компьютердің қосымша
құрылғыларының бірі және ақпарат пен
қарапайым маркер тақтасын біріктіретін құрал. «Активті
экран кешені» білім беру үрдісінде қолданылатын ақпаратты
көрсетуге және оны компьютермен басқаратын интерактивті
жүйе болып табылады. Интерактивті тақтада компьютерде жасайтын
жұмыстардың бәрін жасай аламыз: мәтінді теріп
және сақтай аламыз, фильмдер мен слайдтар көрсете аламыз,
интернет желісіне қосылған болса, қажетті ақпараттарды
іздестіре аламыз т.б. Қысқасы, оқытушының әрбір
тіл үйренушіге ақпаратты тиімді жеткізуіне көмектеседі,
яғни сол материалдарды интерактивті тақта арқылы
көрсете отырып, студенттердің зейінін аудара аласыз. Сонымен
қатар оларды ынталандыруға ақпараттарды көрсетуде
уақытты ұтымды пайдалануға өте қолайлы.
Әрине, интерактивті
тақтаны тиімді пайдалану үшін оқытушылардың
сабаққа даярлануына, онымен жұмыс істеуде өзара
тәжірибелерді жинақтауына уақыт қажет. Ең
алдымен, оқытушылар арнайы бағдарламамен қамтылған
интерактивті тақтаның мүмкіндіктерін толық игеруі тиіс.
Сонымен бірге тақтамен жұмыс барысында пайдаланатын ресурстарды
анықтай білуі маңызды.
Қазақ тілін екінші
тіл ретінде оқытуда интерактивті тақтаны пайдалану тілді
үйретудің тиімді қайнар көзі. Тақта оқытудың
мазмұнына және әдістемесіне оң әсер етеді.
Бұл жерде жаңа техникалық құралдарды пайдалану
дәстүрлі оқыту құралдарын жоққа
шығару емес, керісінше бұл құралдар бір-бірін
толықтырады. Сабақта интерактивті тақтаны
қолданудың артықшылығы – дәстүрлі
дидактиканы қайтадан жаңғыру болып табылады. Жалпы тілді
үйреткенде тіл үйренушіге сөйлеу дағдыларының 4
түрін білуге талап қойылады. Олар оқылым, жазылым,
тыңдалым, сөйлесім. Тіл үйренушінің сөздік
қорын жетілдірудің жолын іздестіру үшін айтылым, жазылым,
оқылым, тыңдалым үрдістері арқылы қазақ тілін
оқытудың мүмкіндіктері мол. Сол мүмкіндіктердің
бірі – қазақ тілі сабағында интерактивті тақтаны тиімді
пайдалану. Интерактивті тақта оқытушының әрбір
студентке ақпаратты тиімді жеткізуіне көмектеседі. Сабақта
қолданылатын көрнекіліктерді интерактивті тақта арқылы
көрсете отырып, тіл үйренушілердің біріншіден, зейінін аудара
аласыз, екіншіден, сабаққа қызығушылығын
арттырасыз.
Қазіргі кезде
сабаққа дайындалу барысында оқытушы сабақ мазмұны
тіл үйренушілер үшін танымдылығы жағынан
қызықты әрі жаңаша өтуі үшін
өзінің бағалы уақытын қажетті материалдарды іздеу
мен жүйелеуге жұмсайды.
Сабақта уақытты
үнемдеу, демонстрациялық материалдарды даярлау мақсатында
интерактивті тақтаны пайдаланған өте тиімді. Интерактивті
тақтада көрсетілген көріністерге зейіні ауған студент
сабақ барысындағы тапсырмаларға белсене қатысады.
Интерактивті тақта оқытушыға жүйелі жұмыс
істеуіне мүмкіндік береді. Тілді үйретуде ең алдымен,
мәтінде пайдаланылатын жаңа сөздерге көңіл
бөлінеді. Тілді үйренуші мәтінді әңгімелеу
үшін тірек сөздерге сүйеніп, өз ойын
қазақша жеткізу дағдысын қалыптастырады, әдемі
сөйлеуге жаттықтырады. Осы тірек сөздерді жай ғана
бормен тақтаға жазып немесе оқып жаздыртқаннан
гөрі жаңа сөздерді интерактивті тақтаға
әртүрлі анимациялық роликтер арқылы экранға
шығарса, тіл үйренуші бірден назар аударады және жаңа
сөздерді оқып түсінгенше экранға уақытын
мөлшерлеп шығаруға болады. Сонымен қатар жаңа
сөздердің аудармасын «шторка» құралымен экранның
бір бөлігін көрсетпей, студенттерге белгісіз ақпаратты жауып
қоюға болады. Жаңа сөздерді студенттердің
өздеріне оқытып, аудартып, сосын дайын ақпаратты ашып
салыстыруға болады. Бұл студенттердің жаңа
сөздерді есте сақтау қабілетін қалыптастыруы және
уақытты үнемді пайдалануы жағынан тиімді. Осы тірек
сөздерді қаншалықты есте сақтағанын тексеру
үшін тақтаға жазып, әрі студенттердің неше
сөзді есте сақтағанын және сауаттылығын тексере
аламыз. Интерактивті тақтаның жай тақтадан
артықшылығын осы жерден көруге болады, яғни
тақтадағы сөзді бір жазып, бір өшіріп әуреленбей,
оқытушының жұмысын жеңілдетеді.
Интерактивті тақтаның
орасан зор мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану оқу –
тәрбие процесінде өтілген жұмыстардың нәтижелі
болуына өз әсерін тигізеді. Студентке тез есте сақтау, тез
оқу, тірек сөздерді ойда сақтау, қатесіз жазу,
сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтау,
қазақ тілінің жазылу емлесін оқыту сияқты
жұмыстарды тақтада орындатқанда студенттер ерекше белсенділік
көрсетеді. Бұл жұмыстарды интерактивті тақтада ойын
түрінде өткізсе, сабақтың сапасы артады. Мысалы,
қазақ тіліне тән дыбыстарды өткенде олардың
жазылу емлесіне байланысты мынадай жұмысты экранда көрсетуге болады.
Тапсырма: Тиісті әріпті
қой.
|
Ғ немесе Г жаз ...арыш ...үл ...имарат е...ін ұ...ым |
Ө немесе О жаз ...кіл ...йын к...л қ...л ...мір |
Осындай тапсырмаларды орындау барысында
студенттер қате жіберсе, тақтаның арнаулы өшіргішімен
өшіруге болады немесе қате жазылған сөзді қызыл
түсті таңдап дұрыстауға болады. Студенттердің
қатесіз сауатты жазуына көмектеседі.
Тапсырма: Кластер бойынша
сөйлеңіз.


Осындай кластер бойынша берілген
тапсырмаларды орындағанда тіл үйренушілер
сұрақтарға жауап бере отырып, өз ойын
қазақша жеткізуге, әдемі сөйлеуге тырысады. Алдын – ала
дайындаған мәтіндер, кестелер, суреттер, кластерлер сабақты
құнарлы етеді. Сабақтан соң осы дайындаған
сызбаларды интерактивті тақтада сақтап, қалаған кезде
студенттердің білім деңгейін тексеру барысында, яғни келесі
сабақтарда да пайдалануға болады.
Сонымен қатар интерактивті
тақтаға аудио немесе видео құрылғыларын да
қосуға болады. Бұл, әсіресе, тілді оқып
үйренуде тиімді. Интерактивті тақтадағы мәтінді тіл
үйренуші бір уақытта көріп, оқып, тыңдай алады.
Студенттердің көпшілігі естігеннің 5% және
көргеннің 20% есте сақтайды. Ал аудио және видео
ақпаратты бір мезгілде қолдану есте сақтаудың 45-50%
дейін арттырады. Тіл үйретушінің қарапайым сөйлеу
дағдыларын бір мезетте қолдануы уақытты ұтымды
пайдалана білгені.
Мәтінді көріп,
оқып, тыңдаған тіл үйренушінің мәтінді
қалай түсінгенін байқау үшін оқиға желісіне
байланысты сұрақтар қойып, соған жауап беру талап
етіледі. Мұндай сұрақтар қалай болса солай
қойылмай,мәтін мазмұнын жүйелі түрде баяндап
берерліктей қойылуы қажет. Міне, осы қойылатын сұрақтарды
интерактивті тақтада көрсеткен дұрыс. Өйткені орын
тәртібі дұрыс, қатесіз жазылған сұрақтарды
көріп, тіл үйренуші дұрыс жауап беруге және оны
қатесіз жазуға тырысады. Осы жерде экраннан
пернетақтаға көшіп,
студенттердің жазылымын тексере аласыз. Қатемен жазылған сөздерін «перо» құрамын
қолданып, интерактивті тақтаның өзінен қызыл
түсті таңдап түзетуге болады. Оқу процесінде,
оның ішінде практикалық сабақтарда интерактивті
құралдарды қолдану оқытушының жеке
тәжірибесіне, шығармашылық ізденісіне байланысты.
Интерактивті құралдар оқыту формасын ұйымдастыруды
түрлендіруге, дәстүрлі оқыту әдістеріне
жаңа элементтер енгізу мүмкіншіліктер жасайды. Бұл
студенттердің пәнге деген қызығушылығын
арттырады.
Қорыта айтқанда,
интерактивті құралдарды орынды қолдану оқыту сапасын
жетілдіруге көмектеседі.
Қазіргі заман
оқытушыдан тек өз пәнінің терең білгірі болуы
емес, танымдық, педагогикалық – психологиялық
сауаттылықты, білімділік пен ақпараттың сауаттылығын
талап етеді. Жаңа технологияны меңгеру оқытушының интеллектуалдық, кәсіптік,
адамгершілік, рухани азаматтық және басқа да көптеген
адами келбеттерінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді,
өзін-өзі дамытып, оқу – тәрбие үрдісін тиімді
ұйымдастыруына көмектеседі.
Әдебиеттер
1. ҚР-сының Президенті Н.Н-тың
Қазақстан халқына жолдауы «Жаңа әлемдегі
Жаңа Қазақстан». Егемен Қазақстан, 1 наурыз 2007.
2. Сабақта ақпараттық технология
құралдарын қолдану // Қазақ тілі мен әдебиеті. -№5, 2003.
3. Оқу – тәрбие үрдісінде
ақпараттық – комуникациялық технологияны қолдану қажеттілігі //
Информатика негіздері. -№4, 2008.