НАҒЫМЖАН САУЯЕВ АРАЛБАЙҰЛЫ
Қорқыт Ата
атындағы ҚМУ 2-курс магистранты
Т.НҰРМАҒАМБЕТОВТЫҢ ҚАЛАМГЕРЛІК КЕЛБЕТІ
XIX ғасырдың
екінші жартысында пайда болып, XX ғасырдың басында қанатын
кеңге жайған қазақ прозасы өткен
ғасырдың екінші жартысында биік көркемдік-эстетикалық
құндылықтарды игеріп, саналық өзгеріс,
көркемдік ізденістерімен дараланғандығы баршаға аян. Әдебиеттің өзге жанрына қарағанда, қазақ прозасының жоғары көркемдік-эстетикалық қуатымен халықтың рухани өмірінде үлкен орын алатыны ақиқат.
Қазіргі қазақ прозасының даму жағдайы кім-кімнің болса да көңілін аудармай қоймайды. Өйткені, туған әдебиетіміздегі
белді де белсенді жанр - прозада бүгінгі күннің
көкейтесті мәселелері, әлеуметтік проблемалары негізінен
айтылып келеді. Осы әдеби қозғалыста өнімді еңбек
етіп келе жатқан жазушы - Т.Нұрмағамбетов.
Қара сөздің қадірін арттырып, құдіретін аспандатып жүрген Тынымбай Нұрмағамбетов ағамыз проза саласында қырық жылға жуық еңбек етіп, қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан қаламгер.
Қаламгер өз шығармаларын жазу барысында қым-қиғаш сюжет, елден ерек кейіпкер іздеп әуреленбейді. Әдеттегі
өмірдің өзіндей, айналаңдағы күнде
көріп жүрген құбылысты өзіндік шұрайлы да
құнарлы тілімен, қарапайым тәсілдерімен тамаша етіп
бейнелеп береді. Сол себепті де, оның шығармалары мен ондағы
кейіпкерлер адам жанына неғұрлым жақын, күнделікті
өмірде өзімізбен араласып бірге жүргендей шынайы,
табиғи қасиетке ие болып келеді. Жазушы көркем
әдебиеттің табиғатын, әсіресе әңгіме мен
повесті бар болмысымен, ішкі жан дүниесімен терең түсінеді.
Өзі өмір кешіп жатқан ортаны, қоғамды,
уақытты жіті бақылап, өз соқпағынан
жаңылмай келеді. Қайсыбір көркем дүниелері мен
әңгімелеріндегі кейіпкерлер суреткерлік шеберлікпен екшеліп,
ұлттық бояумен зерделенген бейнелер. Жазушының әрбір
шығармасы мен кейіпкерінің жүріс-тұрысы,
қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөзі мен істеген ісі
шыншыл да нанымды бейнеленетіні соншалық, үлкен
сүйіспеншілікпен жазылғанына шүбә келтіре алмайсыз.
Оның сомдаған кейіпкерлерінің барлығы да - ауыл
тұрғындары, сол ауылдан нәр алған жандар.
Қаһармандарының мінез-құлқы, сана болмысы
ауыл өмірімен ажырамас бірлікте, соған сай қалыптасып дамиды.
Ал, халқымыздың бар ұлттық қадір-қасиеті,
ерекшелігі, таным-болмысы сақталған ауыл – әр саналы
азаматтың көкейіндегі асыл ұғым болып қала
беретіні даусыз.
Әдебиет әрқашан халық жүрегімен бірге соғып, замана туралы ой толғап, жаңа бейнелер туғызып отырады десек, қаламгер прозасының идеялық-көркемдік мазмұнына тереңірек ену барысында жаңа бір ізденістердің, қолданыстардың, сипаттың куәсі бола аламыз.
Жазушының қаламгерлік келбеті мен суреткерлік шеберлігін көркем дүниелері арқылы бағамдайтынымыз белгілі бола тұра, жазу үрдісі жағынан Бейімбеттің шәкірті саналатын қаламгерді тұрғыластарының, жас оқырмандардың көбі жете біле бермеуі қынжылтатын-ақ жайт.
Жазушының арнасынан аса асқақтамай, бүлкілдеп ағатын мөлдір тумадай әңгімелерінің табиғатында адами, табиғи тазалық, адамгершілік суреттеледі. Қаламгер
белгілі тақырыптың өзінен бұрын байқалмаған
бедер тауып, безендіре біледі. Ол бедер белгілі тақырыптың
терең қойнау-қатпарларына бойлатып, шыңырауларынан
шым-шымдап сыр суыртпақтап, сонылығымен тәнті етеді. Жазушы
шығармаларын талдау арқылы стильдік даралық, жанрды
жаңа идеялық-көркемдік ізденістермен байыту, т.б.
байқаймыз.
Жазушы әдебиетке 70 -жылдардан бастап дендеп араласты
әрі батыл кірісті. Осының нәтижесі ретінде
Т.Нұрмағамбетовтің 1971 - жылы “Жазушы” баспасынан
“Қауын исі” атты тырнақалды жинағы жарық көрді.
Бұл кітапқа “Қауын исі”, “Назым”, “Жиырма жас”, “Менің
інілерім”, “Перзент”, “Жеңеше”, “Әже”, “Мазасыз түн”,
“Құдаша”, “Қайықшы” деп аталатын әңгімелері
топтастырылған. Осыдан кейін-ақ оның қаламынан небір
көркем дүниелер туындады.
Орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой: “Жаңа автордың кез-келген көркем шығармасын оқығанда немесе талдағанда, жан сарайымызда ең алдымен: Адам дегеніміз кім? Тылсым қүдірет иесі туралы
қандай ойлар түйінделеді? Өмір қүпиясы жайында не
толғамдар айтылады? деген сұрақтар мазалайды. Егер бізге
бұрыннан таныс жазушы болса, онда өмірдің қай
қырын ашып, қандай жаңа ойлар айтады екен деп
ұмтыласың” [1, 22] - дейді. Осы тұрғыдан алғанда,
жазушының прозалық шығармаларының негізгі арқауын
қарапайым адамдардың бейнесі, солардың сезім-сағынышы,
ұғым- түсінігі, қуаныш-сүйініші және
тағдыр-талайы, адамшылық келбеті мен адамдық парызы
құрайды. Аузын ашса, көмейі көрінетін, жан сезімі бай,
өз басының қадырын басқа жанға керектігімен
өлшейтін, нағыз ұлттық сипаттағы қаламгер
кейіпкерлері туған әдебиетімізде өзіндік кескін- келбетімен
ерекшеленеді.
Өмір
туралы, уақыт туралы өз ойы болмаған автор шығармасынан
тосын сыр, жаңалық күтудің өзі қиын. Бұл түрғыда, әдебиетке өмір көріп келіп араласқан, әрі көргенін көкірек-көзіне түйе біліп,
өзінің қабілет-қарымы толық жететін жайттарды
ғана жазуға тырысқан қаламгердің тіршілік
турасындағы толғаныстары шын мәнінде адами қасиеттерге
қол бұлғап шақырып тұрады. Қарапайымдылық -
қарадүрсіндік емес деп білетін автордағы дербес ерекшелік -
қиыннан қиыстырмайтын қарапайымдылық, оқырманын
өзімен бірге жетелей жөнелетін қызғылықты
баяндау, ұлпа сезім мен әдемі
ойды орынды орайластыра білу. Оқырман осылайша өрілген
көркемдік шындықты өз басынан кешкен, күнде көріп
жүрген өмірінен бөліп-жара алмайды, қайта түрлі
кейіпкер бойынан ұқсастықтар тауып,
мынау тура сол кісі ғой деп, әр
оқушы өмірге етене жақын шығарманы қызыға
оқиды.
Жазушының
біз білетін алғашқы әңгімесі - “Жиырма жас” деп
аталады. Әңгімеде оның өте жақсы көретін ағасы Оразбай оны үнді киносына апарғысы келмейді. Оған өкпелеген Жабай әкесіне шағым
айтады.
-
Кө-ке-е!...
Менің
даусым соншалық бұзылып шықты-ау деймін.
Балтасын белбеуіне қыстырып, даладан ойда-жоқта кіріп келген
көкем әуелі селк ете қалды.
-
Әй, Жаб-б-ы, Жабай-ижан! Саған не болды?-деп жаныма кеп
отыра қалды.
-
Киноға апармайды, - деп Оразбайды нұсқадым. Иегім кемсеңдеп кетті.
-
Неге апармайды. Неге апармайсың-ей? -
деп көкем, ішкі бөлмеге кіріп бара жатқан Оразбайға
алара қарады. - Сенің сәніңді бұза ма, осы бала? -
Ағам үн-түн жоқ ішке кіріп, киетін киімдерін көтеріп қайта шықты.
-
Ол көруге болмайтын кино.
-
Не дейді-әй? Ол қайдан
шыққан зэкүн. Жұбатардың
үлкен баласы көріп, кіші баласы көрмей-ақ
қойсын?! Үйбай-ай, мынаны-ай, ер жеткеннің жөні осы
деп! Осы баланы апармай көрші, менен туғаның рас болса...[2, 318].
Осы
жердегі әке сөздері қандай табиғи.
Әсіресе, балалардың ішінде ерекше тәтті болатын кенжесінің сөзін сөйлеп,
ашуланған әке бейнесі, қазақи
тәлімінен нәр
алған болмысын паш етіп тұрғандай.
Осылай еріп шыққан Жабай Оразбайдың мектепте тәрбиеші
болып істейтін сары қызды серікке ерткенін жақтырмайды.
“Босқа ақшаны құртып...” -
деп өзінше бұрқылдайды. Осы ойын
апасына айтқанда, апасы:
-
Әй, сен жаманға не десем
екен,енді. Маған жаның аши ма? Жоқ па? Соны айтшы? - деді.
-
Ашиды.
-
Жаныңның ашитыны рас болса,
бүйтіп бүртимас едің-ай, сен
ақымақ. Енді алпысқа келгенше арса-арса болып,
қазан-ошақпен алысып жүрейін бе мен? Сен де жас
емессің, әй... Есің кірді.
Баяғыда сенің жасыңда келін түсіреді екен, құдай-ау... Оразбай түгілі, - дейді [2, 322].
Әңгіме
“Мен түк ұққаным
жоқ”деп аяқталады. Осы бір бас аяғы бес беттей ғана
шағын әңгімеге автор
мөлдіреген пәк сезім мен уыздай ақ
көңілді сыйдыра білген.
Көрнекті
қаламгер әңгімелері бір қарағанда қарапайым
өмір тынысын баяндаумен шектелетіндей. Алайда, жазушының
әрбір әңгімесінің
өзі үлкен мән мен мазмұнға,
үлкен әлеуметтік сипатқа ие болып келеді. Кейбір
қарапайым тұрмыстық детальдарды
авторлық баяндауда сәтті пайдаланып, сөйтіп әдемі
толғаныстар арқылы оқушыны толғанта біледі. Ол көбіне,
қоғамдағы келеңсіздіктер
мен адам бойындағы бойкүйездікті астарлай беріп, өз
кейіпкеріне ризалық кейіппен, мейірлене отырып, оны жеңіл
әзілмен зілсіз әжуа етеді, терең
ойларға жетелейді, әр
оқиғаны өмірден ойып алғандай шынайы суреттейді. Т.Нұрмағамбетов прозасына тән басты қасиеттер де - осылар.
Т.Нұрмағамбетов
шығармашылығы қазақ әдебиетінде қарапайым ауыл
адамдарының психологиясын, сана-сезіміндегі әлеуметтік
түбірлі өзгерістерді реалистікпен суреттеген Б. Майлинмен көп
үндес. Оның әңгіме-повесінде
“Шұғаның белгісіндегі” лирикалық психологизм мен
тұнық та мөлдір реализм іздері мен мұндалап
тұрады. Көркем туындыларында ауыл өмірін жазған
басқа да жазушылардан өзіндік қолтаңбасы,
лирикалық сыршылдығы мен психологиялық көріністері,
астарлы юморымен дараланып, өзгешеленіп тұрады. Көлемі
екі-үш беттен аспайтын шағын әңгімелерінің
өзінде-ақ, күнделікті тіршілікті көркем түйіндеп,
философиялық ой айтуға ұмтылады. Жазушы прозасының
ұлттық болмысын сөз еткенде, кең ауқымды
ұлттық менталитеті жағынан және ол бейнелеген кейіпкерлер
турасында да ауыз толтырып айтуға тұрады. Қаламгер
үнемі ізденіс үстінде болды. Өмірдегі әрбір
оқиғаларды жіті бақылай отырып, аңқылдаған
ақкөңілді де, өз дегенінен қайтпайтын
қырсық-қыңырды да, басқа жанға
бұрылмайтын өзімшіл тәкаппарды да, түсінігі таяз
ақымақты, ашуын сабырға шақыра алмайтын долымен
қатар, нағыз адамдық сипаттағы адамды да, т.б.
бәрін суреттей алды. Әрине, оның шығармаларындағы
ортақ тұлға- жайсаң да жазира қасиеттерді бойына
жинаған жақсы адам екендігіне дау жоқ. Жазушы
кейіпкердің жан-дүние байлығымен қатар, сезім
шынайылығына, көңіл тазалығына, мақсат биіктігіне
баса назар аударады. Өмірден өз бақытын өздері іздеген,
өз бойындағы қайрат-жігерін мұратына жету жолына
бағыштаған әр түрлі кәсіп иелері, қой
баққан шопан, қорашы, күзетші, ата- қонысымен
біте қайнасып кеткен шал-кемпір, т.б. суреттей келе қаламгер
олардың бойындағы осы бір саналы қасиеттерді дәл танып
қана қоймай, табиғи, шынайы қалпында терең
сезімдер арқылы өрнектеп, тәрбие құралына
айналдырды. Осы себептен де, оның кез-келген көркем туындысы
ұлттық калоритке бай, кез-келген кейіпкері нағыз
ұлтжанды болып келеді. Ол халықтық тіл мен
әдет-ғұрыптарды жақсы біледі. Бұны
жазушының өзі де растай түседі.
Тынымбай Нүрмағамбетов көркемдікті
шындықтан шығарады. Кәдімгі күнделікті
өмір-болмысты табиғи түрінде көркем бейнелей біледі.
Бұл - бір.
Екіншіден, қаламгер кестесіндегі көркемдік-идеялық өрнектері сипатын айтпағанда, кейіпкер бейнесі мен көркемдік әлемі түрғысынан Т.Нұрмағамбетовтің шығармалары ғылыми айналымға көп түспей келеді.
Үшіншіден, қаламгердің шығармашылығын түгелдей қарастыру арқылы, оның стилінің сапалық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар
жазушы прозасының өзгешеліктерін өзімен тұстас,
тақырыптас қаламгер шығармашылығымен салыстыру
арқылы айқындауға болады. Өмір шындығының
өнер туындысына айналу жолындағы жазушының өзіндік
мәнері мен қолданған әдіс-тәсілдерінің
көркемдік сыры тексерілді.
Әр жазушының шеберлігі - әр
қаламгердің тіл орамына сай анықталады. Оның
танылуының басты объектісі - шығармаларының поэтикасы.
Академик 3.Қабдолов: “жазушының шеберлігі қандай шексіз
болса, шығарманың шынайы жетілуі де сондай шетсіз. Демек, сөз
өнеріндегі әрекетте шек жоқ” [3, 9] -деп тұжырады. Осы
орайда, шеберлігін қысқа жанрдан бастап, повестер мен романға
дейін шыңдай білген Т. Нұрмағамбетов бүгінгі
тұрмыс пен өз заманының қайталанбас, көркем бейнелерін
сомдады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ
әңгіме жазумен айналысқан жазушының тырнақалды
туындыларынан бастап, соңғы жылдардагы көркем
дүниелерінде қоғам болмысы бейнеленіп, сол
қоғамдағы адам өмірін көрсетуге күш салды.
Әдебиеттер тізімі:
1.
Толстой Л.Н. О литературе. -М.: Наука, 1955. - с. 764.
2.
Нұрмағамбетов Т. Туған ауыл түтіні. - Алматы:
Жазушы, 1989. -381 б.
3.
Қабдолов 3. Сөз өнері. -Алматы, 1992.-351 б.