Филология ғылымдарының докторы Жұбаназар Асанов, А.Т.Калмаганбетова

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ, Қазақстан

Бекет ата туралы діни  әпсана

Қазақ фольклорының, тұтастай руханиятының ең бай да құнарлы салаларының бірі – әулиелер хақындағы әпсаналар шоғыры. Солардың ішінде үш жүз алпыс екі әулиенің мәңгі мекеніне айналған Маңғыстау даласының бір қиырындағы Оғыланды жерінде, өзі тау ішінен қашап салған мешітте дамыл тапқан Пір Бекет туралы аңыз-әпсаналар күллі алашқа кеңінен тараған.

          Бекет ата Хиуадағы «Шерғазы хан» медресесінде ілім-білім үйреніп, ізденіске жол ашқан кезеңінде нәр алған негізгі бастау-бұлағы – Исламның сопылық ағымы. Сопылық ағым адамзатты әрдайым жақсылыққа, адалдыққа, ақиқатқа, ізгілік пен парасаттылыққа, білім мен еңбекке шақырған. Деректерге терең үңілетін болсақ, Бекет атаның сопылықты, ғылыми тілмен айтқанда, суфизмді дамытқанын айқын аңғарамыз. «Рисолайи хилфат суфихо» кітабында «...Бекет хазірет – өз дәуірінің ұлы сопысы атағына ие болған»[1,100-б], – деп жазылған. Сондай-ақ, Атаның шәкірт тәрбиелеген мешіттері мен көк аса құпиялары да соны дәлелдейді.

         Атаның Хиуаға оқуға бара жатып, сонау Жем өзенінің бойындағы Ақмешіттен асып, арнайылап келіп, кең байтақ Маңғыстаудың даласынан таңдап жүріп күнгейдегі Шопан ата әулиеге түнеуі де тегін емес. Себебі, Шопанның  өзі қазақ топырағындағы суфизмнің атасына айналған, Ысқақ бабтың жетінші ұрпағы, Арыстан бабтың шәкірті Құл Қожа Ахмет Иассауидің қолынан дәріс алған. Аңыз бойынша, Қожа Ахмет Иассауи мешіт терезесінен асасын лақтырып жіберіп: «Кім тауып әкелсе, соған батамды берем», – дегенде Шопан ата есікке жете беріп, қайтып оралып: «Қазірет, аса Атыраудың жағасындағы Маңғыстауға барып түсті. Алыс жолға аттанатын болдым, батаңызды беріңіз», – деген екен дейді. Кейін дін тарату мақсатымен  Маңғыстау жерін жайлаған қалың елге келіп, жерленіп қалып қойған, аса білімдар, діндар кісі болған.

          Бекет ата тәлім алған Хиуадағы «Шерғазы хан» медресесі – сол кезде Орта Азиядағы исламның суфизм ағымын тереңдетіп оқытқан бірден-бір білім ордасы болған.  Атаның ұстазы Бақыржан қажы да өз шәкірттеріне осы ілімнің қыр-сырын меңгертіп, қырық құпиясына бойлатады. Өйткені, ел аузындағы ескі әңгімелерде айтылатын Бекет атаның жеті балапанын ерткен ақ сары бас аққу болып ұшуы немесе адасқанды айқын жолға салатын ақ киік болып жортуы, һәм аруағының бірде қызыл жолбарыс, бірде сарыүйрек жыланға айналуы – осының бәрі суфизмнің ең биік шыңдарын бағындырып, киелі кереметтерін меңгере білген кісінің ғана қолынан келетін нәрселер. 

          «Сопылар тіршілік өмірде қандай ғылым деңгейінде болуы мүмкін?» деген сұраққа жауап іздеген Идрис Шах сопылар деңгейін былайша сипаттайды: «Есть три качества, которые появляются у человека в следствии суффиской специализации:

1. Способность к высшим формам восприятия достигаемая с помощью созидательных усилии.

2. Способность к перемещению тела независимо от его массы.

3. Мгновенное восприятия знания. Обычно это способность приобретается с трудом, но они получают ее в результате озарения или с помощью интуиции.

          ...Преодалев все эти уровни, человек достигает той стадии, о которой можно сказать, на ней он получает возможность самостоятельно летать по воздуху» [2,185-б]. Бұдан сопылық ілімнің барлық мақамын меңгерген жан керек болса өзінің тәндік формасын өзгертіп, Құдайтағала мен Табиғат-Ана жаратқан аң-құс кейпіне кез-келген уақытта ене алатындай жетістікке қол жеткізген деуге болады.

          Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Бекет атаның ұлысқа ұран атануы аққу оқиғасымен байланысты. Жаудың бес жүз сарбазына елу кісімен қарсы тұрсақ болар, – деген ата сөзіне ел ақсақалдары сенер-сенбесін білмейді. Ақыры бес жүз сарбазға қарсы елу адам тұрады. Сонда, Бекет атаның алдын-ала айтуы бойынша, жауға қарай  аққу кейпіне еніп, қаңқылдап ұшады. Сол сәтте күшті жел соғып, шаң көтеріледі. Жау әскері үрейленіп, кері қашады. Осыдан бастап Бекет ата есімі ұранға айналған екен деседі.

          Тағы бір аңызда  Барақ батыр Бекет атаның ескі Бейнеудегі мешітінде уағыз айтып тұрған кезінде келіп, әулиені сынау үшін қарғын ағызып жібереді. Сонда Бекет ата лезде аққуға айналып ұшып, қарсы жағаға жеті аққу болып қонады. Барақ құрдасы аруақтың ең күштісі аққу екенін айтып, Бекет атаның бір аққу болып ұшып, жеті аққу болып қонғанын ата қасиетінің жеті ұрпағына дейін жететінінің ишарасы деп жориды. Ата аруағының аққу түрінде көрінуінің астарында қасиет-киенің тылсыммен, жаратылыс құпиясымен байланысын ұғындыру жатыр. Оған қоса, ұлттық дүниетанымызда да аққу – қасиет пен киенің бейнесі болып саналады.                         

          Сондай-ақ Бекет атаның Хиуа мен Бұқараға, Түркістан мен Сайрамға, Мекке мен Мәдинаға кез-келген уақытта Аллаһтың құдіретімен ақ сары  бас аққу болып  немесе Шопан ата берген ақ пырақтың көмегімен ұшып бара алатын қабілетке ие болуын да осы қасиеттерінің қатарына жатқызуға болады.         

          Осы іспеттес әпсаналарды Қожа Ахмет Иассауи бабамызға қатысты деректерден де кездестіре аламыз. Мәселен: Алланың әмірімен жұма намазын Меккеде оқу үшін Қожа Ахметке ақ бураның сыйлануы жайында, көрнекті ғалым Әлкей Марғұланның пікіріне сүйенсек: «Қожа Ахмет Яссауидің Түркістанға келгенін ескі қазақ тайпалары (қыпшақ, қоңырат) аса жақсы көріп, Арал теңізінің бойындағы ұлыстар оған арнап құстай ұшатын жүйрік Ақ мая (түйе) әкеліп  тартады. Аңыз (әпсана) бойынша Қожа Ахмет Яссауи таң намазын Түркістанда оқып, Ақ маясымен ұшып барып, кешкі намазын Меккеде оқитын болған...», – дейді [4,52-б]. 

          Бекет атаға қатысты әңгімелердің біразында ол кісінің аруағының сары үйек жылан болып көрінуі де айтылады. Адайдың ішінде Шоңай руынан шыққан Бекбаулы әулиені сынау үшін Бекет ата әуелі оның алдынан сары үйек жылан болып шығады. Сосын өзінің жайнамазын «ұмытып кетіп», оны Бекбаулы әулие әкелмек болып барғанда, алдынан қос сарыүйек жыланды шығарады. Сөйтіп, замандасының қасиетін салмақтайды. Киелі аруақтың сары үйек жылан болып көрінуі аңыздарда көп айтылады. Ата-бабаларымыз сары үйек жыланға тимей, оны қасиет, кие деп ұққандығына мысалдар көп. Жыланды кие тұтқан танымның астарында жаратылыс тылсымына ден қою, сол арқылы салт-ғұрыпты құрметтеу жататыны белгілі.

         Бекет Мырзағұлұлы – сопылық жолын ұста­нып, ондағы ең биік дәреже Пір мәр­тебесіне жеткен ислам әлеміндегі санаулы тұлғалардың бірі. Пір – беделді діндарларға діни пәндерді жетік білетіндерге сопылық қауымдастық басшыларына, осы жолда жақсы ісімен танылған жеке адамдарға берілетін [5]. Сопылық жолдағылар пірді аса қадірлейді, өзара “піріңді құбыла тұт” деседі, тіпті Қожа Ахмет Иассауидің: “Егер пірсіз құдайға жүз, мың рет басыңды сен исең де, құдай сені сүйіктісі етпейді”,– деген өсиеті де бар дейді.

         Атаның ұрпағы Ислам қажы Мырзабекұлы Бекет атаның Пір атануына төмендегідей дәлел келтіреді.                                                                              

        ...Бақыржан қажының қартайған шағы екен. Бір жолы ол кісі бірнеше жылдар бойы сәлемдесіп, хал-жайын біліп, білімін одан әрі тереңдетіп, дін жолын мықты ұстап жүрген шәкіртіне көңілі ауып, пірленуі жөнінде ұсыныс-тілек білдіреді. Бұл кез жігіт ағасы Бекеттің 40 жасқа келген шағы көрінеді. Өмір бойы ұстазының алдынан кесе-көлденең өтпеген шәкірт Бекет әрине, ұстаз ұсынысына қарсы болмайды.                                                                                                                       

         Ұстаз шәкіртіне пірлену жолдары мен шарттарын, пірленудің талап-міндеттерін айтып, келесі жылы қасиетті Рамазан айынан соң келіп пірленіп кетуді тапсырады. Елге үлкен де жауапкершілікті міндет алып қайтқан шәкірт Бекет ұстазының тапсырмаларын тиісті талап дәрежесінде толық орындайды. Келесі жылы айтқан уақытында барып өңкей ғұлама, ишан-ақұндармен пірлер жиналған жамағат алқасының алдында ұстазы Бақыржан қажының ақ батасын алып Пірленіп, туған топырағына Бекет Пір атанып оралады. Елге келген соң Пір Бекет сол маңайдағы дүйім жұртты шақырып, Құдай жолына ас береді. 

         Пір болу үшін қандай сопылық сатылардан өтіп, білім деңгейінің қандай болуы керектігін екінің бірі біле бермесе де, Атаның есімі халық аузында Пір ретінде де сақталған. Ел арасында: «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет,  Маңғыстауда – Пір Бекет», «Пірдің соңы – Бекет, ердің соңы – Есет» деген сөздер содан болса керек [6,34-35-б].

         Қорыта айтқанда, Ұлы қасиет иесінің нәр алған асыл қайнар бұлағы ол – сопылық ағымы. Суфизм адамзатты әрдайым жақсылыққа, адалдыққа, парасаттылыққа шақырса, Пір Бекет атаның ұстанған асыл қайнар бұлағы  біздің рухани дүниемізде орын алатын болса, бәрімізді имандылыққа,  ізгілік пен жақсылыққа, тазалық пен парасаттылыққа, бірлік пен ынтымаққа бастайды.

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Әзірханов Б. Пір Ата. «Бекет Ата» кітабынан. – Алматы, 2008 жыл

2.     Идрис Шах. Суффизм.– Москва, 1994 жыл

3.     «Жас Алаш», №75, 2010 жыл

4.     Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар.– Алматы: «Жазушы», 1985 жыл

5.     «Ислам» қысқаша анықтамалығы.– Алматы, 1988 жыл

6.     Мырзабекұлы И. Бекет ата. Имандылық-тағылым кітабы. – Ақтөбе: «Насихат», 2009 жыл