Филология ғылымдарының докторы Жұбаназар Асанов, А.Т.Калмаганбетова

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан

АҚСАҚ ТЕМІР: ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ПЕН ЭПИКАЛЫҚ ШЫНДЫҚ

1395 жылы Алтын Ордаға басып кіріп, жеңіске жеткен Темір оның астанасы Сарайды, Хажы Тарханды тонап, қиратып, халқын қырады.

 Мұның растығын М.Сафаргалиев былайша дәлелдейді: «Данные археологических раскопок А.В.Терещенко в Новом Сарае  полностью подтвердили следы невероятных зверств, совершенных Тимуром в этом городе. В развалинах города были найдены одни обрубки человеческих тел, ноги лежали поперек туловища, кости были изрублены в мелкие куски, в разных местах валялись остатки человеческих тел, иные без черепов, другие без рук и ног. Такому же разграблению подверглись и другие города Золотой Орды: Старый Сарай, Бальджимен, Маджар, Азак (Тана), Солхат, Дедяков и др. На этот раз Тимур проявил исключительную жестокость в отношении Золотой Орды и особенно к ее городским центрам... Разрушая города, кровожадный завоеватель сознательно стремился к максимальному подрыву старой караванной торговли через Крым и Хорезм» дейді [1, 170-б.]. 

Бәрін көзімен көрген Ақсақ Темірдің жеке жылнамашысы Шараф-ад-дин Әли Жезді: «Сахибкиран вошол в Хаджи Тархан, собрал с народа налог пощады. Собрав налог пощады, город обобрали. Царевичи и беки прошли реку Итиль по льду, а Мухаммади пустили под лед. Победоносные войска достигли Сарая, взяли его, город сожгли, а жители ограбили, схватили и привели», – деп таңбалаған[2, 204-б.].

Тарихшының жазуы бойынша, Ақсақ Темір тек қалаларды ғана осындай күйге түсіріп қоймайды, оның айналасындағы өзінің ат тұяғы жеткен жерлердің бәрін қырып, өртеп, тып-типыл қылады. Сол жылы қыс қатты болып, ел аштыққа ұшырайды[2, 204-б.].

Ақсақ Темірдің Алтын Ордаға басып кіруі «Едіге» тарихи-қаһармандық  эпосының қарақалпақ, татар версияларында көрсетілген. Мәселен, қарақалпақтардағы Қияс нұсқасында:       

Әскерлерін талдырмай,

Қыйратып жолда қалдырмай,

Сатемірдей ұлы хан,

Үш ай он күн толғанда,

Әскеріне бас болып,

Ноғайға араласады.

Ғәзебин тигип айдады,

Қаруы-жарағын сайлады,

Бітті мақсат-мұраты.

Қара құрттай толысып,

Еділдің қара суына

Алды келіп құлады, – делінген [3, 312-б.].

Ақсақ Темірдің Алтын Орданы қайта оңалмастай етіп тұралатқанын Ибн Арабшах былайша таңбалайды: «Енді бұл жерлерде, Хорезмнен Қырымға дейін бұрынғы халықтар мен адамдардың ешбірі өмір сүрмейді және қозғалыс жоқ, енді онда қара құйрықтар мен түйелер қауымдарынан басқа ештеңе де жоқ. Дештінің астанасы – Сарай. Бұл қала мұсылманша салынған, керемет қамалы бар. Сарай ғылымның орталығына айналды. Қысқа мерзім ішінде мұнда ғалымдар мен атақтылардың, шешендер мен шеберлердің, тіптен барлық лайық адамдардың тамаша  зиялы үлесі жиналды. Мұндай белгілі кісілер тіптен көп адам екен дейтін Египеттің бөліктерінде де, елді мекендерінде де жинақталған жоқ еді» [4, 280-б.]. Осы оқиға, Темірдің Алтын Орданы тұралатып тонауы турасында татарлардың жиынтық нұсқасында:

Шаһ Темірдей ұлы хан,

Алтын  ағаш, тоты құс,

Ал тағына алдырып,

Ақпіліне міндіріп,

Ішіне өзін ендіріп,

Бар қазнаны алдырып,

Алды толы малменен,

Арты толы шаңменен,

Айдарлы құлдарменен,

Тұлымды күңдерменен,

Самарқандқа жөнелді, – деп көрсетілген [5, 171-б.]. Яғни, бар қазынаны, малды ғана емес, қаншама адамды «айдарлы құл, тұлымды күң» ретінде Самарқандқа алып кеткен.       

Ақсақ Темір шектен асқан аса қатал адам болған. 1398 жылы исламдық Үндістанға қарсы жорық үстінде қажет болар деп тұтқынға алынған 100 мың  адамды жарлық беріп, бір  сағаттың ішінде түгел қырып тастайды [6, 112-б.]. Ақсақ Темір 1383 жылы Ғират қаласын алғанда адам басынан мұнара тұрғызады. 1387 жылы Иранның ежелгі қалаларының бірі Исфаганда жеңіске жеткеннен кейін  қаланы жазаға кеседі. Мұндағы 70 мың әскеріне бір-бірден бас кесіп әкелу міндеттеледі [7, 180-б.]; [8, 216-б.]. Қолына бас тимей қалғандар басқалардан ақшаға сатып алады. Әуелде біреуі 20 динар тұрғанымен, уақыт өте келе арзандайды. Ең соңында өтпей тегін қалады. Бұған қарап шабылған бастың саны 70 мыңнан асып кеткенін пайымдауға болады. Осы 70 мың бастан Исфаганның ең көрнекі жерлерінде 120 мұнара тұрғызылады [9, 200-б.]. Құдіретті әмірші Хорасандағы Исфизар қаласын алған кезде  2000 жауынгер қаруын тастап, тұтқынға беріледі. Бұл 2000 адамның қол-аяғын байлап, балшық, кірпіш араластырып, бірінің үстіне бірін қалап, тірі мұнара орнатады [7, 177-б.]; [6, 118-б.]; [10, 305-б.]. 1400 жылы  Анадоладағы Сиваста түрік әскерлері қаруын тастап бағынған кезде 4 мың адамның қол-аяғын матап, белін бүгіп, қазылған орға салып, тірілей көміп тастайды [9, 198-б.]; [6, 118-б.]; [10, 305-б.]. 1401 жылы 10 шілдеде Бағдатты қайта шапқанда 90 мың бастан мұнара тұрғызады [7, 184-б.].

Эпостың кейбір ұлттық версияларында Ақсақ Темірдің аты аталып, түсі түстеліп, оның тұрған аймағы, қаласы, шыққан руы айқын көрсетілген. 

Ол дария да бұ дария,

Ол дариядан Сырдария,

Сырдариядан – Самарқанд,

Самарқандта отырған

Әмір Барлас Шаһ Темір [5, 12-б.]. 

Ал оның қорқаулығы турасында:

Ей, Шах Темір, Шаһ Темір,

Тісің жетсе, тас кемір!

Сегіз жұртқа сыймадың,

Тоғыз жұртты қоймадың, –

дейді халық эпосы [5, 14-б.].

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. – Саранск, 1960.– 276 с.

2 Шараф-ад-дин Әли Жезді. Зафар-наме.–Ташкент: SANAT,2008.–486 б.

3 Едиге. – Нөкис: Қарақалпақстан, 1990.– 400 б.

4 Прошлое Казахстана в письменных источниках V в до н.э. – ХV в. – Алматы: Өлке. 1997. – 370 с.

5 Идәгә. – Казан: Татарстан китап нәшрияты, 1988. – 254 б.

6 Якубовский А. Тимур // Властелин Евразии. – Алматы: Кочевники, 2003.

7 Рене Груссе. Империя степей // История Казахстана в западных  источниках. XII – XX в.в. – Алматы: Санат,–  2005.– Т.2– 336 с.

8 Мизун Ю.В., Мизун Ю.Г. Ханы и князья. –Москва: Вега, 2005.– 336 с.

9 Лянглэ Л. Жизнь Тимура // Властелин Евразии. – Алматы: Кочевники, 2003.

10 Мағауин М. Келде-мұнара // Жұлдыз.–  2005.– № 8.– Б.38-55.