Абубакирова Г.Н.

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

 

ШЕШЕНДІК ӨНЕР: ТАРИХЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ СӨЗ ӨНЕРІНДЕГІ РОЛІ

 

Сөз өнерінің бір саласы – шешендік өнер. Шешендер мектебінің ұйымдастырушысы – Демосфен. Грек софисі Протагор риторика ғылымының іргетасын қалаған, оны философ Демокрит философия ғылымына бейімдеген. Осы ағымның көрнекті өкілдерінің бірі – Сократ. Оның философиялық ой-тұжырымдарын Аристотель мен Платон өз еңбектерінде көрсеткен. Аристотель «Риторика» атты еңбек жазып, шешен сөйлеудің сырларын сөз етеді.

Шешендік өнердің үш ғылыми трактатын жазып қалдырған – М.Т.Цицерон [1] Ол өз еңбегінде шешенге ең бірінші шебер тапқырлық, ұшқыр ой, көркем тіл, әуезді дауыс, қырағылық пен есте сақтау қабілеті керектігін айта келіп, халықтың өмірі мен әлеуметтік жағдайын, әдет-ғұрпы мен салт санасын, дәстүрін жақсы білетін тұлға талант керектігін айтып, ой түйеді. Шешен тыңдаушының ықыласын баурап, оларды ақыл-ойымен бірге өзі қалаған бағытқа бұруды көздейді.

Антикалық теоретиктер шешендік өнер ғылымының фундаментін қалады. Көне Грекияда риториканы «өнердің патшасы» деп есептеген. Ұлттық шешендік өнер ғылымын қазіргі ғылыми өкілдері Әбу-Насыр Әл-Фарабиден бастайды. Әл-Фараби [2] риторика ғылымын шешендік шеберлік қисынға, ой жүйелілігіне, ұғымдар үйлесіміне негіздейді. Анығырақ айтқанда көз жеткізу, көкейге ұялату, ұғып тыңдау, дәлелдік пікір айту, шыншыл көзқарас, шешеннің сөз ыңғайына қарай қимылдауы т.б. ұғымдарды түйіндейді. Философиялық трактататында автор «сөзге тапқырлық – жақсы адамгершілік қасиет» деп жазды.

Ел аузында сақталған аңыз мәліметтері, қазақ шешендік өнерінің түпкі негізін Майқы биден таратады. Бұл пікірдің бірден-бір басты негізі – халық жадында ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі күнге жеткен «түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би», деген қанатты сөз. Халық танымында хатталып қалған бұл ұғымды бүгінде сөз өнері туралы ғылым да жоққа шығармайды. Алайда қазақ шешендік өнерінің қайнар бастауын, оның жасаушылардың байырғы өкілдерін анықтау барысында, Майқы биден арғы заманға көз салып, біздің заманымызға дейінгі VІ ғасырда жасаған скиф ханзадасы Анахарсистің сөз өрнегіне, өмірі мен өнеріне көңіл аудармайтын болсақ, онда бұл қазақ шешендік өнерінің тарихы үшін де, оның байырғы өкілдерінің рухани мұрасы алдында да үлкен айып болар еді [3].

Сонымен қазақтың шешендік өнерінің дәл қай уақыттан басталатынын дәл басып айту қиын. Себебі қазақ шешендік сөздері қағазға түспей, ауызша айтылып, халық жадында сақталып келді. Бізге жеткен деректерге сүйене отырып, қазақ шешендерінің атасы – Жиренше деп те айтуға болады. Аңыздарда Жиренше Әз-Жәнібек хан мен Асан қайғының (ХІV-ХVғ.) тұстасы ретінде айтылады. Бұл дерекке қарасақ, шешендік сөз тарихы әрі қарай тереңдей түседі. Майқы би, Аяз би (ХІІ-ХІІІғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (ХІV-ХV ғғ.) есімімен бізге жеткен өсиет, нақыл сөздерде жоқшылықтың, шапқыншылықтың азабын кешкен қазақ халқының бейбіт өмірді, жайлы қоныс не молшылықты көксеген қиялшыл арманы, тілек-талабы бейнеленген.

Қазақ шешендік өнерінің кеңірек дамып, биіктеген кезеңі ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар. Бұл қазақ халқының жоңғар,  қалмақ, қытай басқыншыларына, патша өкіметінің озбырлығына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы аламан күрес жүргізген жылдары еді. Тап осы кезеңде билер мен шешендер, ақындардың халықты жұмылдырып рухтандырудағы рөлі мен беделі арта түсті. Әлемдік тарихи сахнаға қарасақ, шынайы шешендердің көрінетін орны сот залдары, парламент сарайлары, көпшілік және жекелеген адамдар қатысуымен де болатын дау-жанжалдар шешілер жер екені белгілі. Қазақтың аты аңызға айналған шешендері: Төле, Қазыбек, Әйтеке билер болыпты. Сөз өнерін жетік меңгерген адамдар сирек дарын ретінде жоғары бағаланып, қай заманда да, қай қоғамда да үлкен сый-құрметке ие болып отырған.

Шешендік сөздердің кейде билер сөзі деп аталуының өзі де талай сырдың бетін ашады. Шындығында да, шешендік сөздер – негізінен билер айтысы, ал билік шешім үстінде туып отырған. Би – халықтың көкірегіндегісін жарыққа шығарған шырағы, әділет айтушысы. Биді байлық та, барлық та жасай алмаған. Би өз тұғырынан топты жарып, таразы басын тең ұстап, қара қылды қақ жаратын әділ төрелігімен, асқан кемеңгерлігімен, данышпандығымен, салиқалы сабырлылығымен жеткен. Би – табиғи дарын, асылтекті ақыл, алыстағыны көре білген көсем, қызыл тілінен бал тамған шешен.

Көшпелі елдің тіршілік жағдайы да шешендіктің дамуының тағы бір факторы болып саналады. Қазақтың мал шаруашылығына байланысты тұрмыс қажеттері шешендіктің қалыптасуында, дамуында үлкен рөл атқарды. Мал мен дәулет, жер, барымта нәтижелері айтыс пен тартыстың, дау-таластың айықпас көзі болған. Сонымен қатар халықтың сөз бостандығына ерік беріп, еркіндікке жол ашуы да шешендіктің даму факторы. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, сөзге тыйым салмаған, сынға ешқандай шек қоймаған.

Шоқанның пайымдауынша, шешендік сөздер Әз-Жәнібек хандығының кезеңінде туып дамыған да, Үш жүздің басын қосқан Тәукенің тұсында, хан Ордасы – Түркістан қаласында жанданған. Талай ғасырлардан бері ауыздан-ауызға көшіп, халық жадында жасап келе жатқан әдет-ғұрып, қарым-қатынас ережелерін жинақтап қалыптастыратын белгілі «Жеті жарғы» әдет-ғұрып заңы да Түркістанда жасалған. Ердің құнын «Алғашқы искусство орындарының бәрі де синкретизм түрінде бірімен-бірі қабаттасып жүретін» деген пікір айтады [4, 56]. Соған ән мен күйдің «ертеде біртұтас бола жүріп, кейін күйдің әннен, дауыс қосылып айтылатын сөзден бөлініп, бөлектеніп» шыққанын дәлел етеді [4, 56]. Дәл сол сияқты болмағанмен, ертеректе фольклор мен ауызекі сөйлеу тілінің жоғары формасы – шешендік сөз тұтасып, олардың тіл өрнектері негізінде белгілі жанрлық сипат алған кезі болған. Соған қарап қазақ әдебиетін зерттеушілер «шешендік сөз» дегенді ауыз әдебиетінің бір саласы деп қарастырады. Сөз өнері мен өлең-жыр, музыка өнерінің әрқайсысы дербес профессионалдық дәрежеге көтерілмеген кезде, олардың өзара тығыз байланыста аңғартатын тағы бір жайт – бұрыннан аты қазақ әлеміне әйгілі болған өнер қайраткерлерінің сегіз қырлы, бір сырлы болғандығы. Мысалы, кезінде Жиренше, қаз дауысты Қазыбек, Төле би сияқтылар, кейінгілер қатарындағы – Абай, Естай, Біржан, Ақан, Мұхит, Мәди, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Ғазиз сияқтылардың бәрі – әрі ақын, әрі әнші, әрі композитор, әрі шешен жайсаңдар. Олардың осылай танылуы сол өнерлердің өзара тығыз байланыста өмір сүргенінің айғағы болса керек. Бұрынғы өнер тұтастығы біртіндеп жұбын жазып, көп замандарға дейін тарихи даму дәстүрінің жібі үзілмей, әрқайсысы оқшауланғанмен, біріне-бірі арқа сүйеп, тығыз байланыста дамыған болар. Өткен ғасырлардағы өнер қайраткерлерінің әрқайсысының бойында сөз өнерімен қатар басқа өнерлердің де сақталуы содан ба деймін.

Сонымен, қазақ өнерінің тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1. ХІ-ХІІІ ғасырлар аралығы (Майқы би, Аяз би).

2. ХІҮ-ХҮІІ ғасырлар аралығы (Асан қайғы, Жиренше шешен).

3. ХҮІІІ ғасыр (Төле, Қазыбек, Әйтеке билер).

Шешендік өнердің тарихына көз салып қарағанда түйгеніміз көне дәуірдің сауатты шешендері өз ойларын жазбаша дайындап келер ұрпаққа қалдырса, қазақ шешендері өз ойларын суырып салып, табанда тапқырлықпен шешіп ауызша айтқан. Қазақ шешендерінің әлеуметтік жағдайға байланысты көзқарастары мен ми қабығында ой түрінде өмір сүріп, жетілген. Сыртқа соның қорытынды түйіні ретінде реті келген кезде шыққан. Бізге жеткен қазақ шешендік өнерінің үлгілері тыңдаушысының көңілінен шығып, ойларын дөп басқандықтан, көңілдегі кірбіңді жуып өткендіктен сақталып, сан ғасыр өмір сүріп отыр. Шешен миында қорытылған ой пісуі жеткен қорғасындай балқып, өз межесіне дәл тиіп отырған. Сөздің қасиетін шебер меңгерген қазақ шешендері, сөзді бірде салқындатып, бірде оттай жалындатып, сапырған, қапияда сөз тауып тапқырлықпен сөз суретін салған. Яғни, шешен ойша сөйлейді, сол сөзді оймен көреді. Ғалым Х.С.Станиславский іштей елестетіп көру терминінде айтылған көзді сезіммен елестетуді сөз еткен. Оның айтуынша «Есту біздің тілімізбен айтылғанды көру, ал айту – көрген бейнені суреттеуді білдіреді» [5]. Бұдан түйетініміз шешен ішкі жан дүниесімен қабылдап елес арқылы суретін салған ішкі ойын тыңдаушыларына сол қалпында жеткізуге тырысады. Солай жеткізген шақта шешен шеберлігі шыңдалып шиырланады. Ал М.Поляков «Поэтика мәселелері және көркем сурет семантикасы» [4] атты еңбегінде троптар мен айшықтауларға көп көңіл бөлген. Онда риторика сөздің лексика-грамматикалық мағынасын емес, фразаның (сөйлемнің) контекстегі образды мағынасын ашатынын сөз етеді. Ғалымның пайымдауынша риторика – лингвистика элементтерінің төмен деңгейдегі сол сияқты жоғары деңгейдегі бүтін бірлікті көрсететін транслингвистикалық алаң болып табылады. Яғни, шешен санасы өмір туралы образға толы болады. Шабыт қысқанда немесе орайы келіп сол образдың өмір сүру уақыты келгенде шешен көркемдік ассоцияларымен оранған даналық маржандарын ой түбінен шығарады. Ой көзімен көрген шешен дүниесі көңіл айнасында өз бейнесін көрсетеді. Мұндай кезде шешен тыңдаушының ішкі әлемін көңіл көзімен көріп, сыртқа шығаруға батылы жетпеген ой-пікірін оқып, оны өз санасындағы образдармен қауыштырып үлгерсе, мағыналық, тапқыр ойлылық дараланып көрінген болар еді. Бұл шешендер стилінің даралығы. Шешендер сөзінің әр тамырының лүпілін бірге сезініп, тыңдаушыларына троптар мен фигураларға орап, көркемдеп жеткізеді. Ал шеберлік, тыңдаушы көңілінен шығатын тапқырлық жоқ жерде шын шешен де жоқ. Қазақ халқы қашан да ділмәрлікті, шешендікті құрмет тұтқан. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп, тауып айтқан орынды сөзге тоқтаған, пәтуаға келген, сөзді қадірлеген, өнегелі сөзді жаттаған, сөзді серік еткен халық.

Әдебиеттер тізімі

1. Цицерон М.Т. Три трактата об ораторском искусстве. -Москва, 1972. -41c.

2. Әл-Фараби. Риторика //Әл-Фараби. Логические трактаты. -Алматы, 1975.-121c.

3. Дәдебаев Ж. Бөлтірік Әлменұлы және қазақ шешендік өнері. -Алматы, 1996.

4. Уәлиханов Ш. Мақалалар мен хаттар. -Алматы, 1949, -56б.

5. Адамбаев Б. Халық даналығы. -Алматы, Рауан, 1996