Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Бергенова Перизат Ерболовна

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенті

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан Республикасы

 

РУДНЫЙ, ҚАШАР, ЛИСАКОВ ҚАЗАҚТАРЫ ТІЛІНІҢ ДИАЛЕКТ СӨЗДЕРМЕН ТОЛЫҒУЫ

 

Мемлекеттік тілді білу және үйрену әр азаматтың парызы деп есептеймін. Ал сол тілде сөйлеу барысында сіздің сөзіңізді немесе сіз оның сөзін түсінбей жататын кезіміз болады, бұл жергілікті диалект сөздер. Қазақ тілінің тіл, сөйлеу ерекшеліктерін аңғару түпкі ой болды.

Қазақ тіліндегі тіл ерекшеліктерін алғаш рет аңғарып, әр жерде кездесетін өзгешеліктердің себептеріне, ондай айырма сөздердің ана тілімізді байытуға зор үлесі болатыны жайында бірінші рет мақала жазған жазушы Жүсіпбек Аймауытов. Мақала 1926 жылы наурыздың 9 – ында «Еңбекші қазақ» газетінде «Тіл туралы» деген атпен жарық көрген. Сөз жоқ, бұл мақала диалектологияның зеттелу тарихын біз айтып жүргендей емес, одан әлдеқалай бұрын 20 – шы жылдарда басталғанын дәлелдей түседі.

Діңгегі бір халқымыздың тарихи себептерге байланысты, тарыдай жер жүзіне шашылғанымен, оларды әрқашан біріктіретін – тек тіл екендігін аңғартып ой тастайды. Қазақстаннан тыс жерлерде жасайтын және жалпы қазақ халқының үштен бір бөлігін құрайтын қазақ диаспорасының тілін зертттеуді қазақ диалектологиясының маңызды бір тармағы десек, соның ішінде бұрын - соңды зерттелмеген 1997 – 2013 жылдар аралығында Қостанай өңіріндегі диалектілік ерекшеліктерді  зерттеу өзекті деп ойлаймыз.

Белгілі бір аймаққа тән жергілікті тіл ерекшеліктеріндегі этнолингвистикалық сипаттарға талдау жасау қазақ тіл білімінде әлі де болса өз деңгейінде зерттелмеген. Ал нақты белгілі бір аймаққа, оның ішінде Солтүстік өңіріне жататын этнодиалектизмдер осы уақытқа дейін арнайы зерттеу нысаны болмаған. Сол себепті Рудный, Қашар, Лисаковскте тұратын оралман бауырларымызбен сұхбаттасып, олардың сөйлеу ерекшелігіне назар аударып, диалектологиялық сөздікке енбеген сөздерді теріп жазу айқын мақсатым болды.

Академик Нығмет Сауранбаевтың қазақ тілінің қазіргі дамуы мен өзекті мәселелеріне арналған теориялық еңбектері өз маңызын жоймастан күні бүгінге дейін өзекті болып келеді. Солардың ішінде ғалымның диалектологияға қатысты жасаған зерттеулерінің мәні ерекше. Ол кезеңдегі қазақ диалектологиясының жағдайы, ғалымның өз сөзімен айтқанда «қазақ тіл білімінің ең жас және кенжелеп қалған салаларының бірі» болды [1,4 бет].

Академик В.Радлов қазақ тілі монолитті болғандықтан, онда диалектілер мүлде кездеспейді деген пікірді алғаш айтқан ғалым. Ал С.Малов, Н.Ильминский тәрізді ғалымдар да «Қырғыз (қазақ) сахарасының ұлан-байтақ кеңістігінде қырғыз-қайсақтардың тілі диалектілерге бөлінбейді» деген тоқтамға келген [2,105]. Сондықтан ғалымдар тарапынан қазақ диалектологиясы тек Қазан төңкерісінен кейін ғана қолға алынған тіл білімінің саласы ретінде танылады. Алайда төңкеріске дейін диалектология саласына арналған ғылыми теориялық еңбектер болмаса да, диалектологиялық мағлұматтар фольклорлық материалдарды жинаумен шұғылданған зерттеушілер мұраларында молынан кездесіп отырғанын, яғни революцияға дейін басылып шыққан ауыз әдебиеті нұсқаларында диалектілік сипаты бар сөздер мен дыбыстық, грамматикалық тұлғалар белгілі мөлшерде қамтылып келгенін айта кеткенім орынды. Мәселен, Г.Потанин, О.Әлжанов, Дүйсембаев, Д.Айманов, Ғазин және т.б. солтүстік-шығыс облыстарының, А.Диваев, Н.Пантусов, М.Миропиев және Шайхул-Ислам Юсупбеков оңтүстік облысының фольклорын, ал Н.Ильминский, А.Алекторов, А.Васильев, И.Аничков және В.Радловтар батыс өңірінің фольклорын жинастырып, зерттегені мәлім. Сондықтан да қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді зерттеуге аса қажетті тілдік материалдар революциядан бұрынғы зерттеушілер А.Васильев, Ш.Уәлиханов, А.Диваев және т.б. бастырып шығарған ауыз әдебиеті нұсқаларында молынан ұшырасады.

1997 – 2013 жылдар аралығында Қостанай облысына 1721 отбасы қоныс аударды. Соның ішінде Қостанай қаласына 24 отбасы, Рудный қаласына 1425 отбасы, Қашар ауылына 186 отбасы, Лисаковск қаласында 20 отбасы, Федоров ауданына 6 отбасы, Таран ауданына 25 отбасы, Жітіқара қаласына 96 отбасы және Затоболға 6 отбасы қоныс аударған.

Қайсыбір диалектологиялық регионды алсақ та реликт ретінде сақталып қалған тілдік құбылыстар сол өңірді мекен еткен тұрғындардың басынан өткізген тарихи оқиғалардың көрінісі және басқа халықтармен болған қарым – қатынасы жайлы мол дерек береді. Әрі халық тіліндегі жергілікті ерекшеліктерге талдау жасауға, тіліміздегі әр сөйленістерге тән өзгешеліктердің қыр – сырын ашуына септігін тигізеді.

Диалектологиялық сөздікті толықтыру барысында сөздік қорды кеңейтіп, өзге аймақтар да қолдана алатындай нәтижеге қол жеткізу болып табылады. Диалектологиялық сөздіктің өзіне тән басты ерекшелігі – сөздердің әр аймаққа байланысты қолданылуы.

Рудный, Қашар, Лисаков қаласындағы оралман қандастарымыз Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған.

Серік Темірбекұлымен сұхбаттасу.

 Серік Темірбекұлы өзбек оралмандардың ауызекі сөйлеуінен мысалдар келтірді. «Табақ» сөзі оларда етке арналған ыдыс әрі терең ыдысты білдірсе, бізде табақ – етке арналған ыдыс, ал терең ыдысты  - шара дейді. Етке арналған ыдысты олар  тадия немесе леген деп те атайды.

Әлия Дербисаліқызымен   сұхбаттасу.

    Әлия Дербисаліқызымен сұхбат кезінде біз қамзолдың - көкірекше деп аталатынын,  жейдені - көйлек  дейтінін білдім. Бізде көйлек -  қыз  баланың киетін киімі, жейде - ұл баланың киетін киімі. Көшіп келген оралман бауырларымызға құттықтау мақсатында қайырлы болсын сөзін айтқанда, ол таң  қалды, себебі бұл сөз қазаға көніл айту деп саналады, ал дұрыс нұсқасы - құтты болсын

Қамырын жайып салайық (еттің нанын салайық)- бесбармаққа нан пісіру, бізде қамыр деп бауырсаққа ашытылған нанның түрін айтады.

Келесі сұхбаттасқан кісіден де кызықты мәліметтер алдык. Орналасқан жоқпын деген сөздің орнына жайғасқан жоқпын тіркесі қолданылады. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

 

Диалект сөздер                                                                     Әдеби нұсқа

ауқат                                                                                        тамақ

азанда                                                                                     таңертең

дарақ                                                                                       ағаш

жай                                                                                          үй

там                                                                                          үй, отау, шаңырақ

қар үй                                                                                      киіз үй

қалта                                                                                       қапшық

ешек                                                                                         есек

сүлгі, сүрі                                                                                орамал

шашық                                                                                     орамал

дасмал                                                                                     шүберек

көйлек                                                                                     жейде

көкірекше                                                                                қамзол

мышық                                                                                    мысық

мәстен                                                                                     мыстан

Бағана                                                                                     шәйнек

кеуіл                                                                                        көңіл

қайырлы болсын                                                                    қайырын берсін

аяздап қалды                                                                           суық тийді

жайғасқан жоқпын                                                                орналасқан жоқ

қайтып кетті                                                                            қайтыс болды

үйге қайттым                                                                         үйге бардым

қамырын жайып салайық                                                      еттін нанын салайық

Бұрын – соңды зерттелмеген диалект сөздерді теріп, оларды диалектологиялық сөздікке енгізу арқылы тек Қостанай өңіріне ғана емес, сонымен қатар өзге де аймақтарға түсінікті болудың жолдарын қарастыру маңызды іс. 1997-2013 жылдар аралығындағы Қостанай өңіріндегі  жергілікті тіл ерекшеліктерін диалектологиялық практика барысында зерттеп, Қостанай облысына  қатысты аудандар мен ауыл – аймақтардағы диалект сөздерді теріп, нәтижесінде диалектологиялық сөздікке енбеген сөздерді қарастырып, жинақтаудамыз. Ауқымды бір аймаққа тән диалектілік сөздердің ортақ әдеби тіліміздегі сөздерден өзгешелігі ашылып, стильдік қолданысы анықталуда. Алдағы уақытта Солтүстік өңірде кездесетін диалектілік сөздердің семантикалық, тақырыптық топтары көрсетіліп, жинақталады деген ойдамыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Қалиев Ғ. Сарыбаев Ш.  Қазақ диалектологиясы. Алматы 1991ж. – 200 б.

2.      Брокгауза и Ефрона энциклопедический словарь 1895г.