Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Бейбітқызы Кәусар

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенті

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан Республикасы

 

   ФЕДОРОВ   АУДАНЫНДАҒЫ ОРАЛМАН ҚАЗАҚТАРЫ ТІЛІНІҢ ЛЕКСИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Монғолиядағы қазақтар негізінен Баян-Өлгий аймағында тұрады. Осыдан он шақты жыл бұрын Монғолияда 150 мыңдай қазақ бар еді, олардың 70 мыңдайы Қазақстанға көшіп келді. Жалпы Монғолияда қазір 130 мыңға жуық қазақ бар. Оның жүз мыңға жуығы Баян-Өлгий аймағын мекендейді. Шетелдегі ұлттық жағдайы ең жақсысы – осы Монғолия қазақтары. Олардың басым көпшілігі өз ана тілінде оқиды. Қазақтың ұлттық ерекшелігін, ежелгі салт-дәстүрлерін, ата кәсібін жақсы сақтаған. Аймақтың басшыларының бәрі дерлік-қазақтар. Қазақстанда «Оралман» бағдарламасы жүзеге асқаннан соң, монғолиядағы қазақтардың Қазақстанға көшуі күшейе түсті. Сол себептен Монғолия  жерінде қазақтың саны азайып келеді. Монғолиядағы  қазақтардың басым көпшілігі баяғыдан сол жерде өсіп-өнген, сол жерде қазақ болып қалыптасқан ел, сондықтан да Монғолиядағы қазақтар ата-бабасының тұлпары таптаған жерде өмір сүреді.

Қазақ диаспорасының қомақты бір шоғыры Монғолияда қалыптасып отыр. Түрколог ғалымдардың айтуынша, қазақтың байырғы тілін, үн әуезін таза сақтап қалғандарда осы оралман қазақтар.Диаспора қазақтарының тіліндегі біртектіліктің бұзылуын байқаған академик Ә.Қайдаров былай дейді: «Шетелдегі туғандарымыздың тіліндегі байқалатын өзгешеліктер сыртқы әсерден, атап айтқанда, аралас-құралас отырған көрші халықтардың тілі мен өмір салты әсерінен, қоғамдық ықпалынан пайда болған ерекшеліктер.Тілдердің әр түрлі дәрежедегі әсерін, тікелей ықпалын мойындауымыз керек» [1,15б.]Ал біз моңғол қазақтарының тіліндегі сырттай ықпалдың етек алып, өрісін кеңге жайып отырғанын байқаймыз.

Қазақ этникалық топтары мен диаспораларының этномәдени ерекшеліктерін-тарихын,мәдениетін,әдебиетін, мінез-құлқын, психологиясын т.б жете танып білу үшін, олардың тілін зерттеу маңызды мәселелердің бірі болып саналады.Моңғолия қазақтарының тілін зерттеуші ғалымдар, оны қазақ әдеби тілінің шығыс- солтүстік говорына жатқызады.Мұндай ерекшеліктер әсіресе, ауызекі тілде ерекше көзге түседі[Ө.Айтбайұлы, Б.Момынова, Алматы: «Арыс» 2001, 60бет ].

Белгілі бір аймаққа тән жергілікті тіл ерекшеліктеріндегі этнолингвистикалық сипаттарға талдау жасау қазақ тіл білімінде әлі де болса өз деңгейінде зерттелмеген. Ал нақты белгілі бір аймаққа, оның ішінде Солтүстік өңіріне жататын этнодиалектизмдер осы уақытқа дейін арнайы зерттеу нысаны болмаған.Монғол қазақтары болсын, Қытай қазақтары болсын, Ресей қазақтары болсын шыққан тегіміз-бір, дініміз- бір. Біздің қазақ халқының басынан не өтпеді дейсіз. Кешегі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезіндегі ел басына қатер төнген заманда, қалың қазақ ұрпағын аман сақтап қалу үшін жан-жаққа тоз-тоз болып шашырап кеткені бізге мәлім. Аллаға шүкір егемендігімізді алып, есімізді жиып қандастарымыз өз Отанына оралуда. Соның бір дәлелі тақырыбымызға арқау болып отырған «Монғол  қазақтары тілінің лексикалық ерекшеліктері». Қостанай облысының Федоров ауданы, Успенов ауылына қоныс аударып көшіп келгеніне биыл міне, 24 жыл толып отыр. Осы 24 жылдың  ішінде 46  отбасы қоныс тепті, осы отбасының соңғы 6 отбасы 2012-2013 жылдар аралығында келген болатын. Зерттеу жүргізу  барысында  тұрғындардың диалект сөздерді қаншалықты қолдануы, күнделікті өмірде, тұрмыста өзара сөйлеу ерекшелігіндегі қолданысы қарастырылуда.

Тіл білімінің диалектілер мен сөйленістерді (говорларды) зерттейтін саласы – диалектология (диалектос - сөйлеу, сөйленіс, логос –ілім деген грек сөздерінен құралған) деп аталады.  Диалектология міндеті - жергілікті тіл ерекшеліктерін зерттеу. Қазақ диалектологиясы қазақ тіліндегі сөйленістер мен диалектілерді зерттейді. Диалект, сөйленіс деп халықтық я ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері бар жергілікті тармақтарын, бөліктерін айтамыз. Олар жалпы тілге тән ортақ белгілерден өзгеше ерекшеліктерді қамтиды. Диалект деген термин тілде жалпы халықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын, өзіне ғана тән тілдік ерекшеліктері бар жекеленген аймақ, территорияны білдіреді. Бұл мағынада диалект халық не ұлт тілінің құрамды бөлігі болып табылады.

Сөйленіс (говор) – жергілікті диалектілердің белгілі бір шағын аймақтарын қамтитын бөлігі. Мәселен, Қазақстан жағдайында диалект екі-үш облыс көлеміндей жерді қамтыса, сөйленіс бір облыс немесе екі-үш аудан көлеміндей жерді ғана қамтуы мүмкін. Оның қанша аймаққа таралуы сөйленістердің қалыптасу тарихына, ондағы нақты жағдайларға байланысты. Негіздік тілдік белгілері – бірыңғай сөйленістер ғана диалект ұғымын тудырады. Бір диалектінің ішіне оның басқа диалектілерден айырмасын көрсететін негізгі ерекшеліктерін және өздеріне ғана тән неғұрлым ұсақ ерекшеліктерін сақтай отырып, бірнеше сөйленіс енуі мүмкін. Жергілікті ерекшеліктердің таралу шегіне қарай кейбір тілдерде сөйленіс өз ішінде бірнеше ұсақ сөйленістерге бөлінеді. Негізгі диалектілік ерекшеліктері бірыңғай болып келген сөйленістердің жиынтығы бұрынғы орыс әдебиетінде, түркологтердің еңбектерінде наречие деп аталған.

Жергілікті тіл ерекшеліктері- халықтың байырғы кездегі дүниетанымынан, материалдық, рухани мәдениетінен, шаруашылық жүргізу тәсілдері мен кәсібінен мол дерек беретін этномәдени қайнар көздердің бірі.

Диалектолог-ғалымдар Ш. Сарыбаев пен О. Нақысбеков «Қазақ тілінің аймақтық лексикасы» атты оқулығында жергілікті ерекшеліктердің төмендегі түрлерін көрсеткен:

1.Фонетикалық ерекшеліктер. Бұл ерекшеліктер әдетте кейбір дыбыстардың өзара алмасуымен, сөздердің жуан-жіңішке айтылуымен немесе кейбір дыбыстардың түсіріліп не қосылып айтылуымен байланысты болады [3,17 б].

2.Грамматикалық ерекшеліктер.  Бұл топқа жататын ерекшеліктер, әсіресе, сөздердің формаларымен, олардың түрленуімен немесе сөздердің тіркесімді ерекшеліктерімен байланысты.

3.Лексикалық ерекшеліктер. Қазақ говорларында бұл ең мол, жиі кездесетін ерекшеліктер. Бұл ерекшеліктер әдетте бір нәрсенің атауы не оның сын, сапа-қимылының әр жерде әртүрлі аталуымен байланысты болады.

Мысалы, шелекпен су әкелетін иінағашты еліміздің түкпір-түкпірінде 7-8 түрлі атайды: иінағаш // су ағаш // әкпіш // күйенде // күйенте // құрамыс // мойын ағаш т.б

1997 – 2013 жылдар аралығындағы диалектологиялық сөздікке енбеген Қостанай  өңіріндегі  киім – кешек, салт – дәстүр, ыдыс – аяқ, туыстық, тағам атауларына байланысты диалектілік ерекшеліктерді сөздік құрамға енгізудің жолдарын қарастырып, мағыналарын ашып,өзіндік ерекшелігіне талдау жасау. Диалектологиялық сөздікті толықтыру барысында сөздік қорды кеңейтіп, өзге аймақтар да қолдана алатындай нәтижеге қол жеткізу. Диалектологиялық сөздіктің өзіне тән басты ерекшелігі – сөздердің әр аймаққа байланысты қолданылуы. Қайсыбір диалектологиялық регионды алсақ та реликт ретінде сақталып қалған тілдік құбылыстар сол өңірді мекен еткен тұрғындардың басынан өткізген тарихи оқиғалардың көрінісі және басқа халықтармен болған қарым – қатынасы жайлы мол дерек береді. Әрі халық тіліндегі жергілікті ерекшеліктерге талдау жасауға, тіліміздегі әр сөйленістерге тән өзгешеліктердің қыр – сырын ашуына септігін тигізеді.

Монғолиядан Қазақстанға көшіп келген оралмандарды атап айтсақ, Федоров ауданы, Успенов ауылында тұратын қазақтардың тіліндегі лексикалық ерекшеліктерді зерттеп, қаншалықты қазақтың байырғы сөздерінің жоғалмай сақталғанын көреміз.Зерттеу нәтижесінде біздің қазақ тілінің қоржынына төмендегідей сөздер келіп кірікті.

 

 

Монғолия қазақтарының  жалпы диалект сөздерінің қысқаша мағынасы

Шырпы- тал, терек қарағайлардың қураған бұтақтарын атайды. Мысалы: Мен тал арасынан шырпы теріп келдім.

Пең үй- кіре берістегі ауызғы үйді айтады. Мысалы: Үйге келген қонақтар пең үйге аяқ киімдерін шешіп кірді.

Мешпет- бұл жылы кеудеге киетін, арасына мақта немесе жүн салып, матадан сырылып тігілген жеңі жоқ киім.

Көшкі- шымылдық терезеге ұсталатын матадан тігілген зат. Оны перде деп атайды.

Кәтел- бұл темір ыдыс. Басқадай шелек, битан, торсық деген сияқты атаулары да бар. Мысалы: Кәтелмен су тасып қолы тимеді.....

Тегене- бұл ұн илейтін ,ет салатын үлкен шара. Мысалы: Бір тегене ұн илеп, тойға дайындалды.

Жіпси- көзі кішкене қысыңқы адамды айтады. Мысалы: Көзі жіпсиіп келе жатты.

Мерзетір- капрон ыдысты солай айтады. Мысалы: Мерзетірді пештің үстіне қоймайды еріп кетеді.

Шылауыш- басқа тартатын ақ орамал.  Мысалы: Мен шылауышымды тағып алайыншы.

Ағзу- ақ мата.  Мысалы: Ағзу матадан көрпе жасауым керек,-деді анам.

Қышқаш- от көсейтін құрал.

Қалақ- тамақ ішетін құрал. Тамақты қалақпен ішу керек. Яғни- қасықты қалақ деп атайды.

Тоға- яғни, қазанды тоға деп атайды.

Шидін- шамды шидін деп қолданады.

Жә-жә- болды,бітті, жарайды.

Шыны- шай құйып ішетін ыдыс яғни, кесе. Мысалы: Шыныға апам шай құйып берді.

Шоқа- үй әктейтін зат, яғни әкті шоқа деп атайды.

Құлтаз- үстелдің үстіне жауып қоятын дастарханды құлтаз дейді.

Мысалдан байқағандай ерін үндестігі сөз ішінде бірінші-екінші буында ғана емес, тұтас сөз соңына дейін сақталады. Яғни сөзге жалғанатын қосымшалар құрамы да осы заңдылыққа бағынылып айтылады. Бұның өзі жергілікті халық тілінің әуезділігін, саздылығын байқатады. Біз Монғолия қазақтары тілінің сөйлеу ерекшелігін зерттеу  нәтижесінде өзімізге көптеген материалдар жинақтадық. Федоров ауданының Успенов ауылында тұрып жатқан оралман қазақтарының бүгінде сөйлеу мәдениеті өрістеп келеді.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.      Ө.Айтбайұлы, Б.Момынова «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы» Алматы: «Арыс» баспасы, 2001.

2.      Қалиев Қ., Сарыбаев Ш. «Қазақ диалектологиясы» Алматы: Ғылым, 2002,-200 бет.

3.      Сарыбаев Ш., Нақысбеков О. «Қазақ тілінің аймақтық лексикасы» Алматы: Ғылым, 1989,- 205 бет.