Магистрант Мусаева Жаудир

«Тұран-Астана» университеті

Қазақстан, Астана

БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ОРНЫ

Балаларға арналған әдебиет ұлт тарихында сонау ауыз әдебиетінен бастау алып, қазіргі кезеңге дейін өзінің тілдік, стильдік жағынан, мазмұны мен құрылымы жағынан үлкен белеске көтерілді.

Көркем әдебиеттердегі баланың, яғни кейіпкердің тілдік ерекшелігі мен сөз қолданысы, эстетикалық таным деңгейіне сай символдық таңбалардың қалыптасуының өзіндік ерекшелігі де бар. Осы орайда, жекелеген ақын-жазушылардың тілдік тұлғасын қарастырған зерттеу еңбектері болғанымен белгілі бір кезеңге тән балалар тақырыбына жазылған шығармалардағы кейіпкердің тілдік ерекшелігін, ой-танымы мен болмыс-бітімін салыстыра отырып, оны антропоцентристік аспектіде, жас ерекшелік психологиясына сай бала танымын этностың танымдық дүниесімен тығыз байланыстыра зерттеу осы кезге дейін қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистикада арнайы қарастырылмағаны белгілі. Осыған байланысты таным – мәдениет – тіл үштігінің принциптері негізінде, балалар шығармаларындағы кейіпкерлердің танымдық ерекшелігін тілдік фактілер арқылы когнитивтік құрылым тұрғысында ғылыми талдау қай кезде болса өзекті мәселе болып табылады.

Б.Соқпақбаев – аса көрнекті балалар жазушысы. Оның шығармалары оқыған әрбір балаға да, үлкенге де ой салып, жан дүниесін жаңа бір ұмтылысқа жетелеп, оқырманның қиялын ұштайды. Кейде ересек жандардың өзі де балалық шағына қайта оралады. Шығармаларында Отанды сүю, ұлтын құрметтеу, ұлы тұлғалары мен данышпан ғұламаларын қастерлеу айрықша орын алады. «Абай мен Қасымды қанша оқысам да менің сусыным қанбайды, қайталап оқи бергім келеді, оқи бергім келеді. Мен Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін тыңдағанда өзімді ұмытып кетемін. Махамбет жырының әр сөзінің астынан дүрсілдеген ат дүбірін, қарш-құрш сілтескен найза, қылыш үндерін естігендей боламын. О, қасиетінен айналайын, қазақ жері. Осының бәрі сенің топырағыңда өсіп, өнген кереметтер емес пе?!..» - дейді жазушы «Менің атым Қожа» повесінде [1].

«Бердібек не нәрсені жазуды, оны қалай жазуды еркін игеріп, меңгерген суреткер жазушы», - дейді талантты жазушы Тахауи Ахтанов.

Б.Соқпақбаевтың оқырманды жалықтырмай, қайта қызықтыра, құлшындыра түсетін бір ерекшелігі ‒ оқиғаны әсерлі де нанымды, нақты да дәл баяндауында. Сонан соң суреткердің тіл шеберлігіне ынтығасыз. «Нақтылы жазу, ұтымды жазу Бердібектің үлгісі деп тартынбай-ақ айтуға әбден болады. Оның туындыларының електен өткен дүниедей болып мөлдіреп тұратыны сондықтан. Оның шығармаларының оқырман жүрегіне қона кететін, ұзақ жасайтын қасиет-қадірі де осында!», -дейді Сафуан Шаймерденов. «…Ол суреттеліп отырған дәуірдің көріністерін шынайы шындықпен бейнелеп, оқушыға жаңа өмір ашады» - дейді академик Серік Қирабаев.

Б.Соқпақбаев кітабында бүгінгі уақытта жиі айтып жүрген өзін-өзі тану мәселесі көтерілген. Ол қандай бұзақылық, тәртіпсіздік жасаса да, мектептің, ата-ананың тәрбиесі аздай көрінеді. Қаламгер әркім өз ісіне жауапты дегенді меңзейді. Сана-сезімі, түйсігі болса, өзінің қателігін өзі түзеуі тиіс деген қорытындыға келеді. Қожаның өз мінезін түзеуге ықыласы нанымды берілген. Ол педсоветте, содан соң класс жиналысында тәртібі талқыланғаннан кейін Қожа: «Әрине, бәріне өзім айыптымын. Осының бәрі тәртіпсіздіктің, мінез-құлықтың нашарлығының кесапаты. Әйтпесе, ана Темір құсап өзімді-өзім үлгілі ұстап, тең жүріп, тең тұрсам, мұндай жағдай болар ма еді. Жоқ, жетеді! Ақымақтықты енді доғаруым керек! Түзелуім керек» [2].

Бұл кейіпкер монологы ғана емес, Қожаның өзіне қойған қатаң талабы. Кешкі астан кейін оңаша бөлмеде «құпия» кеңес ашып, қаулы қабылдауы, онда тәртіп, сабақ мәселесін қарауы, алдына нақты міндеттер қоюы оның жаңа адам болуға талпынысын аңғартады. Қабылданған «қаулы» мақсатты ұмтылыс нышаны.

Бердібек Соқпақбаев – қазақ балалар әдебиетіндегі жаңашыл жазушы. Оның жаңашылдығы Америка классигі Марк Твен үлгісіндегі шығарма жазуы емес. Осы бағытты негізге алып, коммунистік идеология жүйесінде ұлттық тәрбие мәселесін өткір қозғады. Шығармашылық шынайылығы сондай, оқырманға ой салды, толғантты. Қазақтың талантты ақыны, балалар поэзиясының классигі Қадыр Мырзалиев де мұны пайымды пікірімен растай түседі. «Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы беттерін жапқанда көркем шығарма оқып шыққандай болмайсың, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес», - дейді білімдар ақын [2].

Б.Соқпақбаев көптеген классикалық шығармалардай кейіпкерлерін үнемі жағымсыз жақтарымен көрсете бермейді. Оларды біртіндеп балалықтан арылтып, есейтеді, тірліктің кейбір қиын сәттерінде сынға салады, шыңдайды. Өмірден сабақ алғызады, жақсыдан тағылым түйдіреді: өз қателіктерінен үйретеді, қиқар қылығынан арылтады. Жазушы әр кейіпкерді өмір тартысына араластырады, мінез-құлқын, ерекшелігін ғана емес, арман, үміттерін де бейнелейді. Кейіпкердің сөйлеу тілі де, білімі, талабы, мінезі бәрі нанымды сомдалғаны сондай, ортамызда жүргендей сезінетінбіз.

Қазақ балалар әдебиетінің алыптарының бірі, халық жазушысы Мұзафар Әлімбай талантты жазушының шығармашылығындағы батылдығы мен берік мақсаткерлігі туралы кезінде былай депті: «Саясаттан сая іздемей, ресми идеологияны құптамай өткен Бердібек шығармаларында өз тенденциясын берік ұстанып, сонысынан айнымай, ақиқатшылықты темірқазық тұтты».

Шындықты бетке айту қашан да оңай болмаған. Әсіресе, мыңдаған, миллиондаған адамдарға таралатын кітаптарда ұлт, ел өмірінің ақиқатын баяндау, астарлап жеткізу ‒ нағыз қайсар, табанды, ұлтжанды таланттарға тән ерекшелік. Б.Соқпақбаев – кеңестік үкімет билігіне іштей бойұсынбаған санаулы батыл қаламгер болды. «Бердібек ағай өзінің шығармалары арқылы өмірдің соншалықты ауыр екенін, өмірде әділеттің сақтала бермейтінін, содан адам жаны жараланатынын мейлінше шыншыл баяндап берген жазушы» - дейді белгілі әдебиетші ғалым Қ.Ергөбек [2].

Бердібек Соқпақбаев – Кеңес үкіметінің «қылышынан қаны тамып тұрған» кездің өзінде тек өз жүрек қалауымен оқырмандарына жалғандықтан қашып шынайы шындықты жеткізе білген жазушыларымыздың бірегейі. Балалар өмірін шынайы сүйіспеншілікпен бейнелейтін хикаялары мен әңгімелерін жас та, қарт та, қазақ та, басқа да құмарта, қызыға оқиды десек еш артық айтқандық емес. Бердібек Соқпақбаев кейіпкерлерін қолдан жасамаған. Оның кейіпкерлері – өзі. Жазушы шығармаларын бірінші жақтан жазады. Яғни, шығарманы бас кейіпкер әңгімелеп отырады.

«Өзін жазатын жазушымын» деп жоғарыда өзі айтқандай, автордың көпшілік шығармаларында өмірбаяндық деректер пайдаланылып, олардың бір-бірімен сабақтастығы байқалып отырады. Әсіресе, қазақ балалар әдебиетінде үлкен құбылысқа айналып, өзіндік бір жаңа леп, жаңаша бет ала келген «Менің атым Қожа» повесі де алғаш «Өзім туралы повесть» аталған. «Менің атым Қожа» повесі жарық көргенге дейін қазақ әдебиетінде Қожаға ұқсайтын «тентек, сотқар» кейіпкер болмаған. Ең алғашында жұрт Қожаға әрине, тосырқай қарады. Тіпті, «балаларға бұл кітап қандай тәрбие бермек?», «Балаларды тек жақсы, өнегелі кейіпкерлер үлгісінде тәрбиелеу керек» деген сияқты пікірлер де болған.

«Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «16 жасар чемпион» және тағы басқа шығармалары жазушының тұтас өмірін көрсетпегенмен бөлшек-бөлшек тұстарын қызықтыра өмірге әкелген болса, ал мына «Өлгендер қайтып келмейді» романы жазушы жаратылысын тұтас тұлға етіп береді. Шығарманың ел ойынан шығатын шынайы жүзі тек қана шындық жазудан тұрса ол сол шығарманың шырайлылығын берсе керек. Осы тұрғыдан алғанда Бердібек ағамыз жоғарғы ойдың ортасынан ойып тұрып өз орнын алып және сол қасиетімен халық есінде, қала берді әр ұрпақ есінде мәңгі қалған адам.

Бердібек Соқпақбаевтың балалар үшін танымдық мәні зор шығармаларының бірі «Жекпе-жек» хикаясы. Жазушының бұл шығармасы да қазақ әдебиетіне келген тың туынды. Өйткені, қазақ балалар әдебиетінде бұған дейін спорт тақырыбы мұндай деңгейге көтерілген емес.

Әдебиеттер:

1.                 Соқпақбаев Б. Менің атым Қожа: Повесть, роман / Құраст. Р.Мәженқызы. - Алматы: Елорда, 1999. -466 б.

2.                 Тарақов Ә. Санаулы саңлақтар санатында. // Егеменді Қазақстан, Руханият. – Алматы, 2014.