Жуынтаева З.Н. филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Ботакоз Ғиниятова,  4 курс студенті

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қарағанды, Қазақстан

 

СӨЙЛЕМДІ АЙТЫЛУ МАҚСАТЫНА ҚАРАЙ ТОПТАСТЫРУДАҒЫ А.БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

 

Тілімізде сөйлемдерді логика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай, айтылу мақсатына қарай, жақтық мағыналардың болу-болмауына қарай, құрамдық мөлшеріне қарай топтастырып жүрміз. Біздің мақсатымыз – қазақ тіліндегі сөйлемдердің айтылу мақсатына қарай ғалым А.Байтұрсыновтың топтастыруын қарастыру, оны басқа ғалымдардың ой-пікірлерімен салыстыру.

Сөйлем – пікір  алысуды, қарым-қатынас жасауды қамтамасыз ететін тілдік материалдың бір тұтас бөлшегі. Біздің басқаға айтатын ойымыз мақсатты болады: кейде, мысалы, есіткен-білгенімізді біреуге хабарлауды мақсат етсек, кейде біреуден бірдеңені сұрап білуді мақсат ете сөйлейміз. Сондай мақсатты ойларымызды сөздерден сөйлем құрау арқылы хабарлаймыз. Ал сөздер сөйлем құрамына ену үшін өзара мағыналық, синтаксиситік байланысқа  түсіп, өзара тіркесіп айтылады. Сөздердің тіркесуінен  сөз тіркесі жасалады. Осыларды негізге ала отырып, сөйлемге мынадай анықтама беруге болады: Предикаттық қатынас негізінде  біршама аяқталған ойды білдіретін тиянақты не бағыныңқы сөздер тізбегін сөйлем дейміз [1,6].  

 Ғалым А.Байтұрсынов  «Тіл тағылымы» атты еңбегінде сөйлемнің  айтылуына қарай түрлерін сұраулы, лепті,  тілекті, жай сөйлем деп қарастырады. Сұраулы сөйлем деліп жауап сұралғанда айтылатын сөйлем аталады. Мысалы: Ол тамақ ішті ме? Сен оларды  танисың ба? Сұраулы сөйлемдердің соңына сұрау белгісі қойылады [2,297]. Лепті сөйлем деліп аталатын адам көңілі күйі, жан жайымен сөйлегенде, мәселен, жан  ауырғанда, не кенелгенде, таңданғанда, сұқтанғанда, есіркегенде, күйінгенде, сүйінгенде, қорыққанда, қуанғанда айтылатын сөйлемдер. Лепті сөйлемдердің соңынан леп белгісі  (!) қойылады [2,298]. Мысалы: Ой, жаса, старшина! Әне, көрдің бе! Ол сондай! Ол керемет! Шіркін-ай, мен де осындай командир болсамшы! Тілекті сөйлем деліп нәрсенің болғанын, істің істелгенін көңіл тілегін орындап айтылатын сөйлем түрлері аталады. Мысалы: Балалар, оқуға бар, жатпа қарап! Ал, келдік жаман жерге енді сақтан! Көрінбей жоғал шапшаң, көзіме енді! Көңіл тілегі түрлі айтылады: 1) бұйрық түрде, 2) өтініш түрде 3) үгіт (ақыл) түрде, 4) жай тілек (мұрат) түрде. Айтылуы түрлі  болған соң, тыныс белгілері де түрлі қойылады. Әр түрдегісін алып, тыныс белгілерін қойып қарайық. Бұйрық түрдегісі: Келіңдер, боз  балалар, атты алыңдар! Жетектеп тоғайыма ап барыңдар! Жабыңдар жабуына түкті кілем, Тазалап, жуып, тарап, баптаңыздар! Өтініш түріндегісі:  Даусыңды тым болмаса, бір шығаршы! Кезек бер бір азырақ сөзге тақсыр! Достарым, осындай бір іс етелік! Жастарды жетім қалған кісі етелік. Үгіт (ақыл) түрдегісі: Балалар, оқуға бар, жатпа қарап! Жуынып, киініңдер шапшаңырақ. Аяғын көріп, асын іш. Анасын көріп, қызын ал. Жай тілек түрдегісі:  Жасаған болғай панамыз көруге жазғай еді. Есен-сау келгей едің. Қақ бендесі біздей, сірә, болмасын  [2,299].

М.Балақаев пен Т.Қордабаевтың  «Қазіргі қазақ тілінде» сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай  хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлемдер деп қарастырады.  Хабарлы сөйлем бірдененің не бір істің жайын баяндау мақсатымен айтылған сөйлем [1,8]. Мысалы: Күн қызыл арай шатырынан жаңа ғана шыққан (Ғ.Мұстафин). Ең соңғы биіктеу екі бағанның ішіне нығарлап шөп тығылған тығыз дорбаша тұр еді. Дәріні аузына салмақшы болып тұрып Ержанға бір ой келді (Б.Соқпақбаев). Сұраулы сөйлем  басқа біреуден, негізінде, жауап күту мақсатымен (кейде сөйлеушінің, жазушының өзі жауап беру үшін де) айтылған сөйлемдер. Сұраулы сөйлемдер сұраулық интонациямен айтылады. Мысалы:  – Қайдағы  жау ? – Бар жылқыны әкетті ме? – деп жан-жақтан жапырлай сұрасты (М.Әуезов). Көшеге ағаш  отырғызып әуреленудің керегі қанша деп ойлады (Б.Соқпақбаев).  Бұйрықты сөйлем біреуді бір іс істеуге қосу мақсатымен айтылады. Ондай мақсатпен айтылатын  сөйлемдер жалаң бұйрық ретінде ғана айтылмайды, сонымен қатар кісінің еркін, талабын, тілегін, жалынышын т.б білдіреді [1,12].  Мысалы:  – Шеген! Тоқта! Қайрыла кет! (Ғ.Мүсірепов). Тарт қолыңды! (М.Әуезов). Лепті сөйлем кісінің көңіл күйін, әр түрлі эмоциялық сезімін білдіру үшін жұмсалатын сөйлемдер.  Лепті сөйлемдердің мағыналары жай хабар болумен қатар, кісінің қуанышын, қорқынышы, таңырқауы, ызасы, аянышы, жалынышы, күмәні сияқты  ішкі сезімдерін білдіреді. Лепті сөйлемдер мұндай мағыналарда  айтылу үшін  олардың құрамында көбінесе одағайлар болады. Мысалы: – Қап! – деді  Ахмет өте шығып. – Пай-пай-пай, бұл неткен жан! [1,14].

Қ.Жұбанов сөйлемнің мағынасына қарай бөлінуі туралы мынадай пікір білдіреді: «Сөйлемнің түр-түрі болып тұрады. Сондықтан әр түрін айырып, топтастыруға болады.  Мысалы, жай сөйлем, жайылма сөйлем, күрделі сөйлем немесе леп сазды сөйлем. Мұның алдыңғы үшеуі сөйлемнің қандай мүшелері бар, қандай мүшелері жоқ болу жағынан, екінші сөзбен айтқанда сөйлемнің қандай мүшелерден құралғанын, қысқасы, сөйлемнің мүше құрылысы жағынан қарап айырғандағымыз. Соңғысы олай емес, басқа түрлі  белгісіне қарай айырғандығымыз. Сөздің дауыс сазы негізінде үш түрлі топқа айыруға болады. Хабар сазы. Болып,болып жатқан, немесе болашақ оқиғалардың жайын хабарлай сөйленген болса, сөйлем хабар сазды болады [3,152]. Мұнда дауыс тыныш бір қалыппен әр сөз сөйлемнің қай мүшесі екеніне, өзінің байланысқан сөзінен қаншама аулақ тұрғанына қарай ғана (сөйлемнің жетек мүшесі, жетекші мүшесінің  өз әні болады; қай  орында тұрғанына, хабарда қандай орын  ұсталғанына қарай, бұл әнінің өзі тағы өзгеріп отырады (әнделіп қояды), әрине.  Бұлай аталған сөздің өзінің түрлі бояуы болмақ. Онысын елемедік. Сөйлем осы сазбен айтылса  хабар сазды сөйлем дейміз. Жазуда мұндай сөйлемнің аяғына ноқат (.) қоямыз.  Леп сазы. Сөйленген сөздің тек хабар болу жағын ғана көздеп қоймай, оның үстіне, бұл хабар сөйлеушінің өзіне белгілі бір түрде  әсер еткенін, қуантқанын, мұңайтқанын, таңдандырғанын, опындырғанын  т.б.  да қоса білдіргісі келсе, сөйлеуші сөзін осы леп сазымен айтады.  Мұнда дауыс не көтеріңкі , не басыңқы, шұбалыңқы, не жиылыңқы түрде, әйтеуір, есеппен айтылады.  Сөйлем осы сазбен айтылса, леп сазды сөйлем дейміз. Жазуда  мұндай сөйлемнің аяғына леп белгісін  (!)  қоямыз.  Сұрау сазы. Сұрала сөйленген сөз осы сазда болады. Сұрау есімдік, сұрау қосалқыларды сөзге қосып айтсақ та, қоспасақ та, бәрібір, сұрай сөйленсе, сөз осы әнмен айтылмақ. Осы сазбен сөйленген сөйлем сұрау сазды атанады. Жазуда мұның соңынан сұрау белгісін (?) қоямыз. Сөйтіп, дауыс сазы деген – қосалқы, қосымша қосып білдіретініміз сияқты, сөз мағынасының түрленгеннін  білдіретін бір амал болып шығады. Сөйлемді хабар сазды, леп сазды, сұрау сазды деп топтастыру, сөйтіп берген хабарына  айтушының өзі қалай қарайтындығын, өзінің көңілін қандай сазбен білдіргеніне қарай, қысқасы, сөйлемді дауыс  сазына қарай  топтастыруға болады [3,217].

С.Аманжоловтың «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» атты еңбегінде сөйлемді  хабарлы, сұраулы, лепті деп қарастырады. Жай сөйлем бір істің, уақиғаның жайын, иә бір заттың жайын, күйін, саның, сипатын, мекенін, мақсатын білдірсе, иә бір істің болғанын, болудағы себебін түсіндірсе, соларды хабарлай, белгілі сөйлем мүшелерімен айтылған түрін хабарлы сөйлем дейміз. Хабарлы сөйлемді 8 түрге бөліп көрсетеді: 1.Қимыл хабарлы; 2.Сын хабарлы; 3.Сан хабарлы; 4.Мекен хабарлы; 5.Мақсат хабарлы; 6.Анықтама  хабарлы; 7.Себеп хабарлы; 8.Тақырып хабарлы [4,163]. Хабарлы сөйлемдердің түрлеріне салыстырмалы түрде мысал келтіруге болады. Мысалы: Ол келер жылы Астанаға бармақ (мақсат хабарлы). Біз – мұғалімбіз. Ол – саяхатшы (анықтама хабарлы). Мақала – Байтұрсыновтың өмірі жөнінде. (тақырып хабарлы) осы сияқты сөйлемдер қазіргі қазақ тілінде жалпы хабарлы сөйлем ретінде қолданылып келеді. Сұраулы сөйлем қандай да болсын, бір нәрсенің, оқиғаның, істің жайын, күйін, өткенің, қәзіргісін, келешегін білу үшін айтылған сұрау мәні бар сөйлем. Сұраулы сөйлем қазақ тілінде 7 түрлі шылау арқылы жасалады: ғой, шығар, шы, ші (ше), ма,(ме, па, пе, ба, бе), сірә [4,165].  Мысалы, – Апаңа барасың ба? – Маған оны айт дейсін  ғой? (Б.Соқпақбаев). Лепті сөйлем интонациямен, екпінмен байланысты. Лепті сөйлем негізінде адамның ойының күйін, қуанышын, шаттануын, ренжуін білдіреді. Лепті сөйлем мағынасына қарай он бір түрлі: бұйрық, үгіт-үндеу, көңіл-күй, тілек-қалау, реніш-аяныш, қарсылық-қошемет, серт, алғыс-қарғыс, шаршау, арнау түрінде айтылады [4,168]. Мысалы: Тыныш отыр! Тез барып, сабағыңды оқы! Туған жерді әрқашан қорғауға дайынбыз! сынды мысалдар келтіруге болады. 

Кейінгі зерттеулерде де сөйлемнің айтылу мақсатына қарай түрлері  бұдан ерекшеленбейтіндігі аңғарылады.

Қорыта келгенде, сөйлемнің  айтылу мақсатына  қарай ғалымдардың арасында  талас тудыратын  мәселе жоқ. Жоғарыда келтірілген көзқарастарды саралағанда, қазақ тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсыновтың  салған ізімен қазіргі грамматикамызда сөйлемнің айтылу мақсатына жүйеленуі бір ізге түскен деп айтуға болады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Балақаев М.,Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Рауан, 1966. – 214б.

2.Байтұрсынов А. Тіл тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектер) – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б. 

3.Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөнінднгі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. –581 б.

4.Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы (Оқулық). – Алматы: Санат, 1994. – 320 б.