Ф.ғ.к. Жүсіпов А., Төлеужанова Ж., Қабиева А., Жүсіпова А., Ақажанова А.А.

 

«С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті» АҚ

 

Бағалауыш сөздің семантикалық прагматикалық негіздері

 

Прагматика мәтін лингвистикасында байқалатын категория, себебі мәтін ғана баяншы мен тыңдаушыны жалғастырып тұрады. Осыған байланысты мәтін лингвистикасы – мәтін синтаксисі, мәтін семантикасы, мәтін прагматикасы деп үшке жіктеледі. Тілдік тұлғаның шынайы келбеті – оның заттық дәлелі – мәтінде ғана ашыла алады. Мәтін прагматикасы тілдік тұлғаның прагматикалық деңгейін анықтау құралына айналып отырады. Мәтінде жеке адам тіліндегі «ғаламның тілдік бейнесі» қатпарлы, күрделі жүйеден тұратын құрылым ретінде байқалады. Ю.Караулов тілдік тұлғаның ең жоғарғы деңгейі деп прагматикалық деңгейін таниды. Себебі бұл деңгей тілдік тұлғаны дамытатын уәж бен мақсаттан тұрады [1,389].

Когнитив және прагматикалық деңгей кейде аралас құрылымнан көрінуі мүмкін. Уәж және мақсат - кез келген жеке адамды тілдік тұлға сатысына көтерерлік күшті, қуатты күш, барлық адам мен қоғамды ілгері тартатын күш ретінде тілдік тұлғаның қалыптасуына әсер етуші басты фактор. Уәж, мақсат, мүддеден ізденіс, ой тереңдігі, білім тереңдігі басталады. Көркем мәтіндегі прагматика қызметін зерттеген Г.Әзімжанова «алынған ақпаратпен қатар, субъект бойындағы іс-тәжірибесі арқылы мазмұн тұтастығын құрайтын ақпарат мәтін мазмұнына келіп қосылады», деп көрсетеді [1,390]. Прагматикалық деңгей тілдік тұлғаның «Гамлеттік» ой-толғаныс, пайымдау, өзін-өзі тануға тырысушылық-тан туған, монолог, сұрақ-жауап, риторикалық сұраудан байқалады. Сонымен қатар көркем прозасындағы бір ойлау жүйесінен тұратын автор идеяларының тұтастығынан да аңғарылып отырады. Прагматикалық деңгей көп жүйелі, көп қабатты құрылымнан тұрғандықтан тілдік тұлғаның қоғамға деген қатынасынан күрделі түрде жүретінін білдіреді.

Прагматиканың субъектіге қатысты қарастыратын мәселелері: айтылу мақсаты, ол жасырын не ашық түрде болуы мүмкін; сөйлеу тактикасы мен түрі; әңгіме өткізу ережесі: бірге қызмет ету жағдайындағы шындықты айту (бұл ережелерді Грайс ұсынған), оларды әңгіме жүргізу ережесі деп атайды; сөйлеушінің ниеті не айтылған сөздің прагматикалық маңызы; сөздің жанама мағынасы, тұспалдау; сөйлеуші ниетіне байланысты болмысты белгілеу; прагматикалық пресуппозиция: тыңдаушы (адресат) жалпы білімі, хабардар болуы, ықыласы, көзқарасы мен пікірі, психологиялық жағдайы, мінез-құлқы, түсіну қабілетін айтушы адамның бағалауы; сөйлеушінің айтып тұрған хабарға көзқарасы, хабар маңыздылығын (шындық не өтірік, мысқыл, көп мағыналығы) бағалау [2,363].

Тыңдаушы (адресатқа) байланысты мәселе: айтылған сөзден тұжырым жасау (тікелей мағынадан жанама не жасырын мағына іздеу – контекст, прагматикалық жағдай және пресуппозиция); сөздің тыңдаушыға әсері, перлокутив әсер: адресаттың хабардар болуы, эмоциялық күйі мен көзқарасының өзгеруі, эстетикалық әсері және т.т.; әсерге жауап ретіндегі әрекет (тікелей не жанама әрекет).

Қазақ, кең мағынада түркі, тілінің бай қазынасын этнос болмысы тұрғысынан толық меңгеру, оның бейне бір тұңғиық теңіздей терең мазмұнына бойлап еніп, игеріп, танып-білу қажет екендігі дау туғызбас. Этностың тіл әлеміне тән лексикалық байлықты тұтас та түбегейлі меңгеру, мән-жайын, мағына-мазмұнын терең түсіну және түсіндіру арқылы этнос болмысын паш етуде денотатив, коннотатив, бағалауыш қасиеттермен бірге, белгілі бір халықтың географиялық, тарихи, мемлекеттік, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, ұлттық-мәдени дерек және ерекшеліктері де ескеріледі.

Сондықтан қазақ этносын жалпы түркі тіл әлемі мүмкіншілігі мен табиғи ерекшелігі арқылы танып-білу; этнос тіл әлемін түбегейлі меңгеру, игеру; қазақ тілінің бағалығына этнос танымы тұрғысынан мағыналық талдау жасау арқылы бағалауыш етістік семантикасын өзінің «табиғи ортасында» - тілдесу кезі, бағалауыш тіркесте қарастыруды жөн көріп отырмыз.

Прагматика – нақты тілдік қатынас барысында белгі мен қолданушының қарым-қатынасын зерттейтін тіл білімінің бөлімі. Т.Булыгина прагматика алғашында «белгілердің оны қолданушыға деген қатынасынан» туындаған деген ой айтады [3]. Осылайша, прагматиканы әрекет барысындағы тілдің семантикасы деп алуымызға болады. Д.Тоқтамысова прагматиканың негізгі идеясы – тіл тек кең қолданыс кезінде, яғни тілдік қатынас барысында ғана толықтай түсінікті болады деген [4,50].

Н.Арутюнова прагматиканың қызметтік аспектісіне баса көңіл бөлген: «Прагматика – область исследования в семантике и в языкознании, в которой изучается функционирование языковых знаков в речи» [5,389]. Лингвистикалық прагматикаға объект, адресат және қарым-қатынасына байланысты сұрақ тобы енеді. Е.Вольф бағалауыш қызметтік ерекшелігін зерттеген кезде тілдесуге қатынасатын қатысушы әлеуметтік қызметі бағалауыштың прагматикалық категориясы болады деген болатын [6,280].

Бағалауыш белгі мен түсіндіруші (интерпретатор) арақатынасы негізінде де қарастырылады, оның, яғни прагматикалық концепцияның негізін Ч.Моррис және Г.Пирс қалаған болатын. Айтушы, сөйлеуші осы ғалымдардың пікірінше әрекеттің субъектісі ретінде қарастырылады. Шындығында айтушы, сөйлеуші мазмұнды жеткізу барысында сөз, біздің жағдайда етістіктің қандай да бір синонимін қолдана алады. Біз қарастырып отырған жағдайда тілдік бірліктер түрлі прагматикалық сипатта болады: прагматикалық бейтарап, оған жағымды, жағымсыз, сандық баға; шындыққа деген айтушы не сөйлеушінің эмоциялық бағасы; ирониялық, кекесін, әжуа-мысқыл және т.с.с. бейнелеу жатады.

Мәселен:

келді етістігі - бейтарап, А Ә сәтінде Б нүктесінде болды.

ұшып келді - «келді» + «тез» және/не «кенеттен, шақырусыз» + эмоциялық қатынас бар, әзіл ретінде қолданылуы да мүмкін.

Әлгі Сәрсен көршінің қызы жерден жеті қоян тапқандай біздің үйге ұшып келді (ҚӘ).

қаптап кетті – «келді» + «көп» деген сандық баға, жағымсыз баға болуы мүмкін.

Қазір қара қытайлар қаптап кетті, екі тас лақтырсаң бірі соларға тиеді(АҮ).

келіп қалды – «келді» + жағымсыз баға + эмоциялық қатынас бар, кейде ирониялық, не әзіл-қалжың ретінде де жұмсалуы мүмкін.

Бағалауыш әрекет әр қырынан көрінді, ортасында – субъект, ол жоғарыда айтқанымыздай әлеуметтік ортаның өкілі, әлеуметтік көзқарас бағасы. Сөзді мағынаның прагматикалық компонентімен қолдана отырып, сол тілдік бірлік бойына эмоциялық баға, эмоциялық қатынасты бекітеміз десек те болады[7,450].

Жиырмасыншы ғасырда баға туралы ғылыми еңбек бағалауыш предикат мағынасына комммуникатив тұрғыдан келу сипатымен баи түсті. Бағалауыш предикаттың семантикалық десигнантының орнына прагматикалық концепция келді, ол бағаның мағыналық ерекшелігін иллокутив мақсатпен шешуге жол ашты. Бағалауыштық мағынаға прагматикалық көзқарастың туындауы нәтижесінде бағалауыш тілдесім қолданылатын түрліше коммуникатив жағдаят туындады. Бағалауыш сөздер талғам мен сұранысты, шешім мен таңдауды көрсетеді.

 

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

1.           Жүсіпова А., Бағалауыш сөздердің перформативтік қызметі// «Қазақстанның саяси және экономикалық жаңару жағдайындағы білім мен ғылым инновациялары» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Рудный, Қазақстан – 2011. – Б.388-390.

2.           Жүсіпова А., Бағалауыш сөздердің ғаламның тілдік бейнесіндегі орны// «Қазақстанның саяси және экономикалық жаңару жағдайындағы білім мен ғылым инновациялары» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Рудный, Қазақстан – 2011. – Б.362-365.

3.           Булыгина Т., О границах и содержании прагматики – 1981г.

4.           Токтамысова Д., Прагматический компонент лексической оценки в современном английском языке (положительная оценка), Дисс... к.ф.н., Алматы: 1995г.

5.           Арутюнова Н., Прагматика //Лингвистический Энциклопедический Словарь, М.: 1990. – С.389.

6.           Вольф Е., Функциональная семантика оценки. М.: 2002, С.280.

7.           Жүсіпова А., Бағалауыш сөздердің прагматикалық қызметі// «Қазақстанның саяси және экономикалық жаңару жағдайындағы білім мен ғылым инновациялары» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Рудный, Қазақстан – 2011. – Б.449-452.