Ф.ғ.к., доцент Оразғалиева Лаура Мұратбековна

Магистрант Мусаева Жаудир

«Тұран-Астана» университеті

Қазақстан, Астана

Б. СОҚПАҚБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ СЮЖЕТІ МЕН

КОМПОЗИЦИЯСЫ

Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің де өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушыларымыздың бірі. Жасынан өмір талқысын көп көрген адамның өмірбаяндық деректері оның шығармаларына арқау болды. Ұрпаққа деген басты шығармаларды жазып, оқырмандарынан лайықты бағасын алған жазушы.

Адам үшін өмірдегі ең қымбат бала болғандықтан, әдебиеттегі ең құрметті – балалар әдебиеті. Барлық еңбек, барлық өнер құрметті болғанмен, балаларға арналғаннан асары жоқ. Ал, сол қызметті балалардың өздері жоғары бағаласа, өнер адамы үшін одан үлкен бақыт бола бермес.

Тағы бір айта кететін жайт. Бердібек Соқпақбаев шығармаларына тән, ортақ белгі – бірінші жақтан баяндалатындығы. Бұл стильді жазушы саналы түрде таңдап алғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, балаларға арналғандықтан сенімді болу керек. Шығарамаларының тілге жеңіл, түсінуге оңай. Авторлық «Мен» жеке тұлға ретінде қай шығармасында да қарапайым адам. Жұрттан асқан ерлігі, елден  асқан ақылы да көрінбейді. Бірақ оқушыны бірден-ақ баурап алады. Бердібек Соқпақбаевтың ерекшелігі – оның шығармаларын оқи бересіз, құныға бересіз. Шиеленісіп жатқан сюжет те жоқ. Дегенмен, жібермейді бір күш. Себебі, Бердібек Соқпақбаев шығармаларын жас пен кәрінің бәрі бірдей сүйіп оқитын, қалың оқырманның махаббатына бөленген шын мәніндегі халықтық жазушы.

Ол көптеген туындыларына өз балалық шағын арқау етіп отырған. «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүруге жаны қас жазушы өз шығармаларында оқырман қауымды өмірді сүюге, тағдыр ауыртпалығына мойынсұнбауға, төзімділікке шақырады:

Бұрымындай қыздардың

Ағасың әсем өріліп,

Төсінде ойнап құздардың,

Күмістей жалт-жұлт көрініп.

Соқса да дауыл бұлқынып,

Басса да құлап зіл жартас.

Жай түссе де тас жарып,

Күлкіңді сенің тыя алмас [3,5] – осындай жыр шумақтарымен Б.Соқпақбаев әдебиет әлемінің табалдырығынан аттаған еді. Әдебиетке құштар, жазушы болуды армандаған балғын жас осылайша өз күшін ең әуелі поэзияда байқап, сөз қасиетін, сөз қадірін поэзия безбенімен өлшеуді үйренді. "Бұлақ" атты жинақ жазушының алдағы шығармашылық ғұмырының бағдарламасы іспетті болатын. "Төсінде ойнап құздардың күмістей жалт-жұлт көрініп" - Соқпақбаев шығармашылығының бар сипат, қасиеттерінің анықтамасын осынау жолдарда алдын ала өзі айтып кеткендей. Көркемдік биігінен ойнақтап көрінетін оның тамаша повестері, күмістей жалт-жұлт еткен мөлдір таза әшекейлі тілі шығармадан шығармаға шыңдалып, шымырланып, шеберлене берді. Б.Соқпақбаевтың осындай артына өшпес із қалдырған шоқтығы биік шығармалардың бірі – "Менің атым – Қожа" повесі. Ол – қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір белесі. Халықтың, жас оқырмандардың шынайы ықыласына бөленген сәтті туынды.

"Менің атым – Қожаның" көркемдік ерекшелігіне тоқталсақ, алдымен назар аударатынымыз құрылымының тосындығы, өзгешелігі. Көркем шығарма құрылымы сөз болғанда, әңгіме сюжет пен композиция туралы болатыны белгілі. "Дүниеге келген әрбір туындының көркемдігі мен құндылығы осы екеуінің бірлігі арқылы анықталады. Сюжет нақтылы көрінісін композициядан тапса, іс әрекет ізімен шығарма құрылысының жасалатыны да анық. Повесте оқиғалар жүйесі мектеп оқушысы Қожа Қадыров төңірегінде өрбиді. Шығармада оның іс-әрекеті, мінез-құлқының қалыптасуы, арман-тілегі, басқалармен қарым-қатынасы суреттеледі [4].

Шығарманың жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі романның әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді беріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді еріксіз еске түсіреді. Мәселен, В.Скоттың "Айвенгосын", немесе Ж.Верннің "Дәрігер Окстың тәжірибесіндегі" әрбір тараудың басындағы мазмұнның қысқаша баяндалып кету нұсқасы өз дәрежесінде шығарманы өте ұтымды және қызғылықты етіп көрсеткені анық.

Жазушының өзі көрсеткендей "Менің атым – Қожа" мен М.Твеннің "Том Сойерін" салыстырып қарай бастасақ, тараулардың қысқалығы, автордың айтайын деген ойын тым ауырлатпай, жеңіл елгезек тілмен алып кетуі сияқты ұқсастықтарды табуға болады. Жазушының шынайы өмірден алынған қызықты хикаялары жоғарыдағыдай өмірі өлмес нұсқалармен әбзелденген. Алайда, бұл еліктеу дәрежесінде қалып қоймаған, қазақ топырағының шындығынан барып туындаған талантты шығарма. "Осындай шығарма қазақ балаларына да керек" деген мақсаттан барып туындаған дүние болса керек. "Композиция құрамына сюжеттің кезеңдері ғана емес, сюжеттен тыс нәрселер де кіретіні белгілі. Солардың бірі – пролог – көркем шығармаға кіріспелердің бір түрі" [2, 55] екенін ескерсек, повестегі "Кіріспе орнына" деген тарау пролог іспетті. "Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шындықты айтып отырмын – әттең жазушы болсам деген арман менің көкейіме ерте ұялады. Үшінші-төртінші кластарда оқып жүргеннің өзінде-ақ ақындық даңқым мектептен асып, бүкіл ауданға жайылды..." [1,5]. Бұл – кейіпкер Қожаның сөзі. Повестің кіріспесі дәл осылай басталады. Өз арман-тілегі туралы аздап сыр ашқан автор "өтірік ештеңе қоспаймын" деп уәде береді. Уәдесін орындайды да. "Кіріспе орнына" деген тараудың басты міндетінің өзі – шығарманың нанымды шығуына қызмет ету болса керек. Шығармадағы оқиғалар бас кейіпкер атынан, яғни бірінші жақтан баяндалады. Жазушының өз сөзімен айтсақ бұл тәсіл "... өмір құбылыстарын – жақсы мен жаманды, ақ пен қараны бала көзімен көру, бала түйсігімен түсінуден туындайды".

Бұл айтқандарымыз – повестің бірден көзге түскен композияциялық ерекшелігі. Ол ерекшеліктер жазушының кейіннен жарық көрген, автобиографиялық туындысы болып саналатын "Балалық шаққа саяхат" повесінде де өз көрінісін тапқан. Сюжеттің басталуы оның кіріспесі іспетті: мұнда әдеби қаһармандар өзара қарым-қатынасқа көшпес бұрынғы хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны суреттеледі. Сюжеттік даму Қожаның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына, іс-әрекетіне негізделген 4 тараудағы Майқанованың өзінен үлгерімі төмен, сыпсық Жантасқа жолдама беріп, Қожаға бермеуі оның теріс жолға түсуіне себеп болады. Қарап отырсақ, педагогикалық қызметтегі объективтік бағалаудың сәл сәтке болса да әлсіреуі – бала тәрбиесіне әсер етеді екен. Егер сюжеттің негізі тартыс болса, Қожа мен Майқанова арасындағы психологиялық тартыс сюжетті өрістетудің тәсілі тәрізді. Пионер лагеріне жолдама ала алмай қалған Қожа жайлауға мамасына жүрмекші болады. Колхоз атын ұрлап мінуге келгенде, Сұлтанмен кездеседі... Одан әрі шығарма сюжеті ширақ өрбіп дамиды. М.Горькийдің анықтауы бойынша, шығарманың тартымды, әсерлі болуы оның сюжетінің жатық, ширақ шығуына байланысты.

Жалпы, Б.Соқпақбаев шығарма сюжетін қаһармандар характерлерінің қақтығысы, конфликт арқылы өрбітеді. Сюжет – әрбір қаламгер жаңадан жасайтын дүние, ол бір туған соң әсте қайталанбаса керек.

Тамаша құрылған сюжет пен композиция қаламгердің айтайын деген идеясына, образдың жан-жақты көрініп, өсу логикасына қызмет етеді. Ондаған кейіпкерлерге, сан түрлі оқиғалар мен неше алуан суреттеу құралдарына тиісті орын тауып, өмірлік жағынан нанымды етіп шығаруы, сөз зергерінің шын мәніндегі шеберлігін аңғартады [4].

Б.Соқпақбаевтың оқырманды жалықтырмай, қайта қызықтыра, құл­шындыра түсетін бір ерекшелігі ‒ оқиғаны әсерлі де нанымды, нақты да дәл баяндауында. Сонан соң суреткердің тіл шеберлігіне ынтығасыз. Жорға тіл әңгіме-хикаяттарында бауырын еркін жазып, көсіле шабады. «Нақтылы жазу, ұтымды жазу Бердібектің үлгісі деп тартынбай-ақ айтуға әбден болады.

Әдебиеттер:

1. Соқпақбаев Б. Менің атым Қожа. – Астана: Елорда, 1999.

2. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы: Мектеп, 1969.

3. Баймұратова Б. Оралмас күндердің естеліктері // Қазақ әдебиеті, 2011. № 1-2.

4. Зұлхайдарқызы Н. Б.Соқпақбаев прозасындағы сюжет пен

композиция үйлесімі. - Астана, 2013.