Айтмухаметова К.У.

Казахстан, Академия государственного управления при Президенте Республики Казахстан, доцент, к.ф.н.

 

ЯЗЫКОВАЯ ЛИЧНОСТЬ  ДИПЛОМАТА КАК ПРОФЕССИОНАЛЬНОГО КОММУНИКАТОРА

 

Аннотация

 

В статье акцентируется внимание на связи языка и человека и на первый план выдвигается проблема языковой личности. Так же рассматривается коммуникативная компетенция – одна из наиболее важных составляющих профессиональной подготовке дипломатов.  

Ключевые слова: языковая личность, культура речи, коммуникативная компетенцияязыковая норма.

 

Abstract

 

In article the attention in interrelation language and the person is focused and the problem of the language personality is put in the forefront. Аlso in article considers communicative competence – as one of the most important component of the professional training of diplomats.

Key words: language personality, culture of speech, communicative competence, language norm.

 

Кәсіби коммуникатор ретіндегі дипломаттың тілдік тұлғасы

Кәсіби білікті адам тілдік қарым-қатынастың әр түрлі формаларын жете меңгеруі керек. Бұл – нарық пен демократияға бет бұрған заманның талабы. Әсіресе, нарық заманының адамы тілдік қатынаста тек өз саласымен шектеліп қалмай, шаршытоп алдында пікірталасқа түсудің логикалық, әлеуметтік, психологиялық жақтарынан хабардар болуға тиіс. Осы жайттарды дұрыс меңгергенде ғана тілдік құралдарды, стильдік амал-тәсілдерді мүмкіндігінше тиімді пайдалануға болады.

Лингвистикалық зерттеулерде «адам мен тіл біртұтас құбылыс, оларды бөлек зерттеуге болмайды» деген тұжырымды ойлар жалғасуда. Осындай зерттеулердің негізінде жиырмасыншы ғасыр тілдік тұлғаға деген қызығушылықтың бірден өсуімен ерекшеленеді. Тілдік тұлға қалыптастыру проблемасы қоғамның сұранысына және құндылықтардың өзгеруіне қарай пайда болды. Тұлғаның өзіндік қасиеті – бұл жеке адамның өз басына ғана тән, қайталанбас қасиеті, оның тұлға болып қалыптасуы, өсуі, басқа адамдарға ұқсамауы. Ол тұлғаның танымдық, коммуникативтік, конструктивтік қажеттіліктерінен көрінеді.

Мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы жұмыстары кәсібм мамандардың бір-бірімен тиімді қарым-қатынасқа түсуі арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да мемлекеттік қызметшінің сөз мәдениетін көтеру арқылы жеке тілдік тұлғасын қалыптастыру қажет, оған тілдесім тұрғысынан келу керек. Еркін ойлайтын, батыл шешім қабылдайтын, өз білімін қызметінде қолданатын, өз іс-әрекетіне жауап беретін жан-жақты тұлға қалыптастыруды, сондай-ақ интеллектуалдық деңгейінің өсе түсуін, рухани дүниесінің баюын, шығармашылық қабілетінің дамуын, ішкі мүмкіндіктерінің ашылуын мақсат етіп қойған дұрыс. Ал сөздік қоры бай, қатысымдық біліктілігі жоғары коммуниканттың деңгейі де жоғары болады. Көпшілік жиналған ортада сөйлеу үшін өзінің сөйлеу стилін қалыптастыруда хат жазысу ісі жақсы мектеп бола алады. Хаттарында тек тұрмыстық сипаттағы мәселелер ғана емес, әлеуметтік мәні бар мәселелерді де қозғап отыру қажет. Сөйлеушілердің сөйлеу әрекетіне талдау жасай білу – шешендік тәсілді меңгерудің бір жолы. Жиналыс, конференцияларда, дәрістерде сөйлеген немесе радио, теледидардан тыңдаған шешендердің сөзінің мазмұнына ғана көңіл аударып қоймай, материалдарды беру тәртібіне, тілдік шеберліктеріне, шешендік әдістеріне де көңіл бөлген жөн. Сонымен қатар, бұқаралық коммуникацияда не ұнайды, не ұнамайды, қандай әрекеттері, қандай тәсілдері, қай сөздері сәттілікке жеткізді, қайсысы сәтсіздікке ұшыратты дегендерге талдау жасаған дұрыс. Әсіресе, сөйлеушінің аудиториямен қарым-қатынасына, өзін-өзі ұстауына назар аудару керек.

Сөйлеушінің қызметі қандай сатылардан тұрады, сөйлейтін сөзді қалай орналастыру керек, тыңдаушылармен кездесуге қалай дайындалу керек, аудиторияны меңгерудің қандай амалдары бар екенін жақсы білу қажет. Шешендік өнердің тарихында әйгілі шешендер өзімен көп жұмыс істеген, сөйлеуге тыңғылықты дайындалған. Күнделікті дайындықтың нәтижесінде сөйлеушінің кәсіптік шеберлігі артады, өзіне деген сенімі нығаяды. Халықаралық қатынастар саласында негізінен ресми-іскерлік  стиль қолданылады. Ресми-іскерлік қатынас деп адамдардың кәсібі, мамандығымен байланысты қызмет орындарында, мәдени-көпшілік мекемелерде жүзеге асатын қарым-қатынастың түрін айтамыз. Мұндай орындардағы қарым-қатынастың түрі ресми сипатта болады. Мемлекеттік қызметшілердің, оқытушы мен магистрантың және келіссөздер жүргізу барысындағы елшілердің арасындағы қарым-қатынас ресми-іскерлік қарым-қатынасқа жатады.

Ресми-іскерлік қатынастың жазбаша және ауызша түрлері болады.

Ресми-іскерлік қатынастың жазбаша үлгілеріне жеке адамдардың құжаттары, түрлі мекемелердің іс қағаздарынан бастап мемлекеттік мәндегі заң актілері, ережелер, мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік тұжырымдамалар, Конституция, дипломатиялық құжаттар және т.б. қоғамдық-кұқықтық мәні аса зор құжаттар жатады.

Дипломатиялық құжаттың тілі – әрбір мемлекеттің басқа мемлекетпен байланысқа түсетін тілі. Сондықтан көп жағдайда мемлекеттің дайындаған дипломатиялық құжатының тілінен сол мемлекеттің бейнесін көреді. Сондықтан да, тілге, дипломатиялық құжаттардың жазылуына өте жоғары талаптар қойылады.

Мемлекет, қоғам, өнер, ғылым қайраткерлерінің, саяси партиялар жетекшілерінің жұртшылық алдында сөйлеген сөздері немесе бұқаралық ақпарат арналары арқылы қоғамдық-әлеуметтік мазмұнда сөйлеген сөздері, жоғары оқу орындары оқытушыларының студенттерге, магистранттар мен докторанттарға оқыған дәрістері, мектеп мұғалімдерінің оқушыларға сабақ түсіндіруі, сот процесінде адвокаттың сөзі, келіссөз жүргізу барысындағы елшілердің сөздері және т.б. ресми-іскерлік тілдің ауызша түріне жатады.

«Тілдік тұлға» мәселесінде басты ерекшелік тұлғаның жай саналы адам ұғымынан кең көлемге өзінің тілдік ерекшелігі арқылы көрінуінде жатыр. Бұл аралықта индивидтің, алдымен тұлғаға айналып барып, кейін тілдік тұлға дәрежесіне көтерілуі ескеріледі. Халқымыздың рухани мәдениетін құрайтын шешендер мен батырлардың, билер мен ақындардың және т.б. тұлғалардың тілдік тұлғаға айналуы нәтижесінде олардан қалған асыл, нақыл сөздер ауыздан-ауызға тарап, халық жадында сақталады. Кез келген тұлға өзінің тілдік емес басқа қасиеттерімен жұртқа танылғанымен, тілдік тұлға бола алмайды.

Сөз   мәдениеті  мен жазу  мәдениеті  деген терминдер қатар ұғымда жұмсалады. Өзара мағыналас болғанымен, олардың бір-бірінен айырмашылығы да бар.  Сөз   мәдениеті  дегеніміз – тілдік, коммуникативтік, этикалық нормаларды сақтай отырып, тілдік құралдарды, амал-тәсілдерді қарым-қатынас жағдаятына, ерекшелігіне сәйкес талғап, таңдап қолдану арқылы діттеген коммуникативтік мақсатқа жетуге барынша мүмкіндік беретіндей етіп тиімді түрде ұйымдастыру.

Адамды, оның жан дүниесін тілінен тыс зерттеуге болмайтынына, сондай-ақ тілді де адам арқылы, адамның жан дүниесі арқылы зерттемей болмайтынына назар аудара отырып адам өз сөзінің иесі, өз сөзінің қожасы болса, тілдің иесі де, қожасы да халық деген ұстанымды негізге алады [1, 105-б.].

Жалпы  сөз   мәдениеті, мәнерлі сөйлеу туралы ілім Еуропа елдерінде көне грек, көне рим заманынан бастау алады. Ғылымға белгілі, шешендік өнердің алғашқы теориясы мен практикасын жасаушылар көне грек ілімпаздары – Аристотель, Георгий, Трасимах, Сократ, Платон, Теофраст және т.б. Олар жазу мен сөйлеу стилінің сыртқы белгілеріне: анықтығы, тазалығы, әсемдігі, қысқалығына тоқталып, бұл белгілерді адамды сендірудің әдіс-тәсілдері ретінде қарастырады.

Тілдік тұлға ұғымының өзі оны сипаттаудың лингво-психологиялық аспектісін білдіреді, соған сәйкес тілдік тұлғаның қалыптасуы лингвистика, психология және т.б. бірқатар пәндердің тоғысында өтуі мүмкін. Тұлғаның тілдік даму мәселесінің аспектісі ретінде өзара байланысты екі бірліктен тұратын тілдік қабілет: орта, оқу, тәрбие және табиғи алғышарттар, мидың және жүйке жүйесінің туа біткен анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері қарастырылады.

Тілдік қабілеттің тілдік, сөйлеу және интеллектуалдық компоненттерді қамтитын өзіндік құрылымы болады. Көптеген ғалымдар тілдік сезгіштіктің екінші түрін тілдік ереже мен норманы білуге негізделген, саналы түрде жалпылау деп түсінеді. Осыған сәйкес, тілдік қабілет биологиялық жолмен емес, қарым-қатынас кезінде қалыптасатындығы белгілі болады [2, 127-б.].

Тілдік тұлғаны зерттеуші ғалымдардың бірі В. В. Виноградовтың «Саясаттың тарихы туралы» деп аталатын еңбегінде  сөз  болады [3].

Тіл зерттеушісі Ю. Н. Карауловтың ойынша, тілдік тұлға қалыптастыруға қажет талаптар мыналар:

       өз ана тілінде жүйелі, анық, түсінікті сөйлеу;

       сөздің  тілдегі орфоэпиялық, грамматикалық, лексикалық нормаларға сай құрылуы;

       сөздің  бейнелі бояуы,  сөздің  тыңдаушының қажетіне сай болуы және т.б. [4, 35-37 б.].

Лингвист ғалым Г. И. Богин тілдік тұлға қалыптасуының бес деңгейін анықтады. Олар: «Жеті жаста тілдік тұлға қалыптасуының бірінші деңгейі – дұрыстық деңгей пайда болады», – дейді. Бұдан әрі, «бұл деңгей өзге деңгейлердің қалыптасуына жол ашады. Екінші деңгей іштей ойлау қабілетінің дамуын арттырып, осы деңгей көлемінде сөйлеуге іштей дайындалуды іске асырады. Үшінші деңгей сөздік қордың толығуы, көптеген грамматикалық форманы меңгеруді қалыптастырады. Төртінші деңгей мәтін мазмұнына таңдау бостандығы мен көзқарас кеңдігін қамтамасыз етеді. Тілдік тұлғаның шығармашылығының толығуы, оның келешекте жүзеге асуы мен мәтінге сын көзбен қарау. Бесінші деңгей тілдік талғамдық қатынастың бірлігі» [5, 68-б.] деп бөледі.

Тілдік тұлғаны қалыптастыру ұлттық тілдік ортадан басталады. Оның дамуына сыртқы және ішкі фактор әсер етеді. Әлеуметтік фактор сыртқы факторға, ал психология, биология ішкі факторларға жатады. Әлеуметтік фактор ретінде отбасы, қарым-қатынас жасайтын ортасы, қызметі, бұқаралық ақпарат құралдары,  мәдениет  орындарын айтуға болады. Ішкі факторлар ретінде темперамент басымдылығы, икемділік, экстроверттік немесе интроверттік, жыныстық және жас ерекшелігінің көрсеткіші алынады.

Ю. Н. Караулов тілдік тұлғаны «оның тілі арқылы көрінетін психологиялық, этикалық, әлеуметтік және т.б. компоненттердің жиынтығынан тұратын адам» [4, 86-б.], - деп түсіндірді.

Тілдік тұлға туралы болжам оның эрудициясының кеңдігі,  сөз  байлығы, шешендік өнерді толық меңгеруі негізінде қалыптасады. Тұлғаның құрылымының үлкен және кіші қырлары болуы мүмкін. Тұлғаның үлкен қырының өлшемдеріне ақыл-ой, дүние туралы білім, өмірлік тәжірибе, ес, мәдени ортадағы өзін көрсетуі жатады. Тілдік тұлғаның кіші қыры түрлі коммуникативтік жағдайда басынан өткізетін сезімнен, эмоциядан тұрады. Аталған өлшемдердің әрбірі жеке тұлғаның  сөзінде  түрлі көрініске ие болады.

Тілдік тұлға тілдік қазынаны пайдаланумен бірге жаңа үлгілерді жасайды [1, 93-б.]. Тілдік тұлғаны зерттеу тілдік ұжымда немесе жеке тілдік тұлғаның  сөзінде  қолданылатын тілдік құралдарды сипаттаумен шектеліп қалмауы тиіс, керісінше, бұл құбылыстың прагматикалық, когнитивтік, этнопсихологиялық аспектілерін ескеру қажет. Аталған аспектілердің әрқайсысы сөйлеушінің тілінен көрініс табады және оған қайталанбас өзіндік ерекшелік береді.

Ғалымдардың осы тұрғыда айтқандарын жүйелей келгенде, тілдік тұлғаға «тілді жетік меңгерген, тілдік құралдарды үйлесімді пайдаланып, өзінің рухани, мәдениеттанымдық, ғылыми сұранысын қанағаттандыра алатын, болашақ кәсібіне байланысты ресми қарым-қатынас тілін меңгерген тұлға» деген анықтама беруге болады.

Маман іс-әрекет субъектісі болумен қатар, коммуникативтік актінің ұйымдастырушысы ретінде көрінеді. Кәсіби қарым-қатынас жасау коммуникативтік дағдылардың дамуын көрсетеді. Мамандар қарым-қатынас жасай алуы, достық қарым-қатынасты сақтауы тиіс, сөйлесіп отырған әріптесімен тіл табыса білуі керек, басқа адамды тыңдай және түсіне білуі тиіс. Өзінің әлеуметтік қызметінде белгілі бір ақпаратты, білімді, мәдениетті, тәжірибені жеткізеді. Байқағыштық, эмпатия, рефлексия, шыдамдылық адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға, алға қойған мақсатқа жетуге мүмкіндік береді.

Сонымен, тілдік тұлға өз ойын дәл, түсінікті жеткізу үшін біліммен қаруланып қана қоймай, тілдік құралдарды ұтымды пайдалана білуі қажет. Тілдік құралдар тұлғаның  сөз   мәдениетінен  көрініс табады.  Cөз   мәдениеті тілдік тұлғаның тіл қолданысындағы білім, білік, дағдыларының бірлігі. Ал  сөз   мәдениетінің  биік шыңы тілдік тұлға көрсеткіші болып табылады.

Мелекеттер арасында ынтымақтастық орнату мақсатында қолданылатын сөздің орындылығы ерекше маңызға ие. Шетелдермен келіссөз жүргізу мақсатында қызмет бабымен шығатын мамандық иесі – елші. Яғни келіссөздер жүргізу барысындағы дипломаттың сөзі мен дипломатиялық құжаттың мазмұны – мемлекеттің сыртқы әлеммен байланысқа түсетін тілі. Осы мәміле барысындағы тілдің қолданысынан сол елдің сөйлеу мәдениетінің деңгейі анықталады. Дипломатиялық қызмет сөз қолданысының жауапкершілігі жоғары саласы болғандықтан, халықаралық қатынастар мамандығының білім алушыларына қазіргі әдеби тіл нормаларын қатаң сақтауды міндеттейді, яғни инвективті және бейинвективті лексиканы қолдануда аса мұқият болуды талап етеді. Қазіргі кезде дипломаттардың тұлға ретіндегі әр түрлі қабілеттерінің жетілуінің басты факторы – оларды адамдармен тіл табыса жұмыс істеуге бағыттайтын, қоғамдағы бәсекелестікке бейімдейтін коммуникативтік әрекет болып табылады. Мұнда тұлғаның қарым-қатынас мәдениетіне, көпшілік ортасында өзін-өзі ұстау әдебіне, сөйлеу мәнеріне, этикеттік нормаларды дұрыс қолдана білуге назар аударылады. Дипломаттың тілдік тұлғасының қалыптасуы алған білімін өмір сүрудің, өзін-өзі дәлелдеудің, әріптестерімен тіл табыса әрекет етудің және мемлекет атынан келіссөз жүргізудің құралы ретінде қолдана білуінен көрінеді.

Мемлекеттікті танытатын ерекшеліктердің қатарында тіл – ерекше маңызды болып табылады. Әр елдің мемлекеттік тілі – басқарудың негізгі құралдарының бірі екендігі белгілі. Қазақстан Республикасының  мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы жұмыстары да мемлекеттік тіл арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Сондай-ақ елшінің шетелдік өкілмен сауатты дипломатиялық кездесу өткізуі, мазмұнды саяси әңгіме құруы, кәсіби тиімді келіссөз жүргізуі және мәдени дипломатиялық әдептілікті сақтауы өз мемлекеті туралы жақсы пікір қалыптастырады. Сондықтан да елшінің сөз мәдениетін көтеру арқылы жеке тілдік тұлғасын қалыптастыру қажет, оған тілдесім тұрғысынан келу керек. Еркін ойлайтын, батыл шешім қабылдайтын, өз білімін кәсіби қызметінде қолданатын, өз іс-әрекетіне жауап беретін жан-жақты тұлға қалыптастыруды және интеллектуалдық деңгейінің өсе түсуін, рухани дүниесінің баюын, шығармашылық қабілетінің дамуын, ішкі мүмкіндіктерінің ашылуын мақсат етіп қойған дұрыс. Ал сөздік қоры бай, қатысымдық біліктілігі жоғары елшінің деңгейі де әрдайым жоғары болады.

Сонымен, тілдік тұлға өз ойын дәл, түсінікті жеткізу үшін біліммен қаруланып қана қоймай, тілдік құралдарды ұтымды пайдалана білуі қажет. Тілдік құралдар тұлғаның  сөз  мәдениетінен  көрініс табады.  Cөз   мәдениеті тілдік тұлғаның тіл қолданысындағы білім, білік, дағдыларының бірлігі. Ал  сөз   мәдениетінің  биік шыңы тілдік тұлға көрсеткіші болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Уәли Н. Қазақ  сөз   мәдениетінің  теориялық негіздері: филол. ғыл. докт. дисс.: 10.02.02. – Алматы, 2007. – 328 б.

2.     Вильднер Х. Дипломатическая техника. – М., 2000. 23-бет.

3.     Виноградов В. В. Саясаттың тарихы туралы. – М., 1996. – 265 б.

4.     Караулов Ю. Н. Русский язык и языковая личность. – М.: Издательство ЛКИ, 2010. – 264 с.  

5.     Богин Г. И. Некультурная коммуникация // Человек говорящий: Язык, культура, познание. М.: Институт языкознания РАН, 1995. С. 70-85.