Мұғалім еңбегінің ғылыми-шығармашылық сипаты

Сарыбекова Қ.Н.

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Жұматай Б. – магистрант

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

 

Ұстаз еңбегі басқа кызметтермен салыстырғанда, өзіндік ерекшелігі мол шығармашылықты сүйеді. Өйткені жеткіншек  ұрпақты өмірге, еңбек пен әлеуметтік іс-әрекетіне дайындау — мұғалімдерді көп іздендіріп, ойландыратын жұмыстың ең басты түрі. Олай болса, әрбір мұғалім орта немесе жоғары дәрежелі педагогтық білім алумен қанағаттанып қоймай, ол тәрбие мен оқытудың тиімді жолдарын үнемі іздестіріп, өз жұмысында пайдаланып отыруы тиіс. Сонда ғана мұғалім жаңашыл, оқушыларға тәрбие және білім берудің теориясы мен практикасын дамытудың қозғаушы күші және шебері бола алады.

Мұғалім еңбегінің ғылымға негізделе отырып, белгілі жүйелілікпен жүзеге асырылатыны айқын. Мысалы, оңайдан қиынға, жеңілден ауырға, нақтылы түсініктен абстрактылы ұғымға біртіндеп ауысу ережелерін және оқушылардың жасы мен дербес ерекшеліктерін еске алмайынша оқу және тәрбие жүмысында белгілі нәтижеге жету қиын. Сондықтан мұғалімнің алдындағы басты міндет — оқушыларды біліммен қаруландыра отырып, ойлауға, сөз шеберлігіне, еңбек ете білуге үйрету және тәрбиелеу.

Мұғалім бүгінге емес, ертеңге, болашаққа қызмет істейді. Ол заман дамуына артта қалмастан, өзін-өзі жан-жақты дамыту үшін саяси-идеялық дәрежесін, ғылыми-теориялық білімін және педагогтық мамандығын күнбе-күн жетілдіріп отыруға талаптанады[1].

Мұғалім өз мамандығына байланысты ғылыми-теориялық мәселелерді, жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарға сәйкес меңгеруі тиіс. Егер ол өзінің теориялық білімін өмір талабына сай жетілдіріп отырмаса, онда жастарды жан-жақты дамытып, тәрбиелеуге шамасы келмейді. Ал мұндай жағдайды болдырмау үшін мұғалім үнемі ізденіп жұмыс істейді. Сондықтан оның шығармашылық іс-әрекеттері, мысалы, арнаулы әдебиеттер мен пәндік журналдарда жарияланатын тың мәселелермен таныс болуы, ғылыми семинарлар мен конференцияларға белсене қатысып үлес қосуы ой-өрісін кеңітеді.

Педагогика ғылымдарының жетістіктері мен озат педагогикалық тәжірибені заман талабына сай меңгеру — оқушыларға білім мен тәрбие берудің негізгі көзі.

Қазіргі кезеңде ғылымның соңғы табыстарына негізделіп мектеп өмірінде жүзеге асырыла бастаған және асырылатын ең басты мәселелер: оқытудың ғылыми негіздерінің өмір және еңбекпен байланыстылығы; оқытудың ғылымилықпринципі; арнаулы таңдамалы курстар; бағдарламалап және дифференциялық оқыту; қоғамдық пайдалы және өнімді еңбектің оқу мен тәрбие жүйесінде алатын орны; кәсіптік бағдар беру,  компьютерлерді, ақпараттық технологияны, жаңа педагогикалық технологияны кеңінен қолдану т.б. болып отыр. Осы мәселелерді іс жүзіне асыру мұғалімнің тікелей психологиялық және педагогикалық білім деңгейіне байланысты. Сондықтан ол балалардың жас ерекшеліктерін есепке ала отырып, физиология, психология және педагогика ғылымдарындағы құбылыстардың негізгі үғымдарын, зандылықтарын, принциптері мен ережелерін және олардың табиғи байланыстылығын, атақты физиологтар И.М.Сеченов, И.П.Павлов, белгілі психологтар А.А.Смирнов, А.Н.Леонтьев, А.А.Давыдов, дидактар Б.П.Есипов, М.А.Данилов, Л.В.Занков, М.Н.Скаткин тағы басқа ғалымдардың еңбектерін қол үзбей оқып терең меңгереді. Сонда ғана мұғалім ғылыми-шығармашылық  еңбектің тамаша шебері бола алады [2].

Педагогикалық процесте озат тәжірибені кеңінен қолданудың маңызы зор. Өйткені терең білім мен тәрбие беру, педагогикалық озат тәжірибені зерттеу, жинақтау және таратудың нәтижесі, мұғалімдердің ғылыми-шығармашылық жұмысының жемісі.

Кейбір педагог-ғалымдардың зерттеу мәліметтері бойынша шығармашылық тұрғыдан педагогикалық міндеттердің үш түрін атауға болады.

Стратегиялық (стратегия — қандай болса да мақсатқа жетудің басшылық өнері) міндеттерді шешу ұзақ уақытты талап етеді. Мысалы, мұндай міндеттерге жеке адамның дамуы, тәрбиесі, қалыптасуы, оқушларды өмірге, еңбекке баулу жөне олардың өзара қарым-қатынасы және т.б. жатады.

Тактикалық (тактика — қандай болса да мақсатқа жетудің жолдары немесе әдістері) міндеттер жүйесі арқылы стратегиялық міндеттер анықталады. Мысалы, тәрбиелеу және оқушыларды еңбекке баулу мәселелері жөнінде мұғалім мынадай тактикалық міндеттерді іске асыруы тиіс. Олар: оқушылардың өміргс, түрлі іс-әрекеттерне көзкарасын, белсенділігін, ынтасын арттыру; сынып құжаттарында оқушылардың әлеуметтік пікірін қалыптастыру; оқушылардың өзіндік басқаруының ролін көтеру және т.б.

Бұл міндеттерді шешу үшін оқушылардың, олардың ата-аналарының сол сыныпта істейтін мұғалімдердің іс-әрекеттерін нақты жоспарлап, үйлесімді етіп, іске асыру қажет.

Оперативтік міндеттер — бұл іс-әрекеттерін тікелей орындау, яғни тактикалық міндеттерден оперативтік міндеттерге көшіп, мәселелерді балалардың қатысуымен дереу шешу.

Әрине, бұл міндеттерді оқу-тәрбие процесінде шешу мұғалімдердің іскерлігіне, тәжірибелілігіне, терең және берік біліміне тәуелді.Ғылыми-зерттеу институттары мектептерде оқу бағдарламаларының, оқулықтардың тиімділігі, оқыту мен тәрбиенің формалары мен әдістері және гипотезаларды, тың теориялық ойларды эксперимент жүргізу жолымен анықтайды, тиісті қорытынды жасап, педагогикалық жұртшылықтың игі ісіне айналдырады [3].

Сонымен, іздену арқылы басты мәселелерді жете біліп, зерттеу, жинақтау, оны насихаттау, іске асыру оқу және тәрбие жұмысын онан әрі жақсарта берудің сарқылмас көзі. Бұл жұмысқа мұғалім жұртшылығы белсенділікпен қатысып, зор үлесқосуға тиіс.

                        Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Мусабеков М.Ө. Оқушылардың зерттеушілік қызметін арттыру.- Алматы, 2005.

2.Кудрин А. К. Логика и истина.- Москва, 2010.

3.Сидоров М. Как человек стал мыслить. -Москва, 2005.