Санасыров Н.Т. Инновациялық Еуразия университеті,
Павлодар қ., Қазақстан, юриспруденция магистрі
ТЕРГЕУ
ИЗОЛЯТОРЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ
Тергеу
изоляторында істі болғандар сотқа дейін және соттан кейін, түзеу
колонияларына жіберілгенше қамауда ұсталады. Қылмыс
жасағандардың бәрі жазасын өтеу мерзімін осы тергеу
изоляторының камерасынан бастайды.
Айлап, жылдап сот
процесінің аяқталуын күтіп жатқандар үшін
уақыт өте баяу жылжитыны белгілі. Мұнда айып
тағылғандар сот болғанша және сот үкімі
шыққаннан кейін түзету колонияларына жөнелтілгенше
камераларда жатады. Тергеу изоляторындағыларға сот үкімі
шықпайынша қылмыскер деп танылмайды. Бұл ҚР
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің принциптерінің
бірі – кінәсіздік презумпциясымен шектеледі. Олардың
жағдайлары көбінесе «түрме қожайындарына» байланысты.
Мысал ретінде Алматы қаласының тергеу изоляторын алатын
болсақ, оны халық арасында «түрме» деп атап кеткен. Бұл
түрмеде кеңес уақыты кезеңінде ату жазасына
кесілгендердің үкімі орындалған. Алматы түрмесі де
Ресейдегі «Матросская тишина», Лефертово, Кресты сияқты көптеген
танымал адамдардың есінде мықтап қалған. Ал
өздерінде «қонақ» болып кеткендерді мұндағылар да
ұмыта қоймайды. Мысалы, кезіндегі аттары әйгілі Сары Алмас,
Сабыржан Махметов, Серік Голова, Атаба сияқты қылмыс
әлемінің авторитеттері осы түрменің төрінде
отырған. Криминалға қатысы жоқ, саясатта сүрінген
Мұхтар Әбләзов, Сергей Дувановтар осы жерде жатып жыл
арқалады. Түрме қызметкерлері осыдан отыз жыл бұрын
каннибалдықты бастаған Николай Жұмағалиевпен таныс
екендерін айтады. Одан бері бірнеше жезөкшені сойып жеп,
қалған етінен самса жасап сатқан каннибал Копай да осы
түрмеде үкімін тосып үш жыл жатқан. Оның
ұдайы дастархандасы болған немере бауыры Евгений Турочкин мен
психоневрология диспансерінің фельдшері Михаил Вершинин де мына
суық қабырғалардың арғы жағында
өмірлерімен хоштасып, түзету колониясына жазасын өтеуге осы
жерден аттанған.
Түрменің
қазіргі жағдайы осыдан он жыл бұрынғымен
салыстырғанда біршама жақсарған. Тексеру барысында
көптеген түрмелердегі тұрмыстық тіршілік
БҰҰ-ның 1955 жылғы бірінші конгресінде
қабылданған ең төменгі стандартқа сай
келмейтіндігі туралы қорытынды шығарылған.
Прокуратураның осындай қатаң сынынан кейін Әділет
министрлігі оң нәтиже шығарып, анықталған
кемшіліктерді жойып, тұрмыстық шаруаларды дұрыс жолға
қойыпты.
Тергеу изоляторында қазір
мың жарым айыпталушы соттың үкімін тосып жатыр. Оның
ішінде соттан кейін жазаларын өтеп жатқан, шаруашылық
қызметтегілер де бар. Бұлар түзету колониясына бармай,
кесілген мерзімді өз еркімен осы жерде өткізуге келіскен адамдар.
Шаруашылық қызметіне 5 жыл мерзімге дейін сотталған
және түрмеге бірінші рет түскендердің ішінен
сұрыпталынып алынады. Шаруашылық қызметіндегілер түрме
ауласын тазартады, асханада жұмыс істейді, камерадағы
айыпталушыларға тамақ таратады. Бір сөзбен айтқанда
түрме территориясындағы шаруашылықтың бәрі
осылардың мойнына жүктелген. Камерадағыларға
қарағанда бұлардың жүріс-тұрыстарына
көп тыйым салынбайды. Кешкісін есікті сыртынан тіремейді. Тек сағат
кешкі оннан кейін түрме ауласына шығуға болмайды. Жататын
орындары жауынгерлердің тұратын казармаларына ұқсайды.
Қызылды-жасылды көрпелер төселген таза төсек-орын,
жарқыраған бөлмеде тоңазытқыш, телевизор
жұмыс істеп тұр, көрші бөлмеде кітапхана. Түрме
деуге келмейтін сияқты, тек еркін жүріп-тұруға бас
бостандығы жоқ. Түрме ауласының қақ
ортасында мешіт тұр, арғы бетінде христиандар шоқынатын
бөлмені жасаулаған. Бұл иман шақыратын орынға
камерадағы айыпталушылар келіп, құдайларына жалбырана
алмайды. Өйткені олар түрме ауласын көрмейді,
камерадағыларды таза ауада бой жазу үшін түрменің
төбесіндегі алаңға шығарады.
Шетелдік түрмелерге діни
орталықтан арнайы адамдар келіп, қателескен жандардың
құдайға құлшылық етулеріне мүмкіндік
жасайды. Түрме капелланының қызметіне бюджеттен қаржы
бөлінеді.
Намазға келетіндер
шаруашылық қызметіндегілер. Тәжірибе статистикасына
сүйенсек, түрмеден шыққандардың шамамен 30 пайызы
қайта қылмыстық жолға түседі.
Тергеу изоляторындағы
қазіргі камералар тоқсаныншы жылдардағыға
қарағанда жақсы жағына қарай қатты
өзгерген. Ең алдымен түрмеге ғана тән
бұрынғы күлімсі иіс жоқ. Камералардағы
әжетхана мен жуынатын орын бөлектенген. Тоңазытқыш,
тамақ ішетін үстел, орындықтар қойылған.
Тергеу изоляторындағы
ең басты проблема кадр мәселесінің жетіспеушілігі болып
табылады. Мұнда жас мамандар көп тұрақтамайды, себебі
бұл қызметтің өзінің спецификасы бар, оның
ішінде түрмеде жұмыс істеу психологиялық жағынан
өте қиын. Түрмеде жатқандарға сырттан есірткі
тасушылар тағы бар. Шын мәнінде түрмеге есірткі
өткізудің жолдары көп, бірақ оны толықтай жабу
әзірге қиынға соғады.
Түрме өмірін,
тіршілігін жақсарту мақсатында 2000-ға жуық
адамға лайықтап қала сыртында жаңадан салынған
тергеу изоляторы іске қосылады. Бұл түрме барлық
жағынан әлемдік стандартқа сай болмақ.