“Право”/ 1. История
государства и права.
кандидат юридических наук Ж.А.Исаева,
магистр юридических наук Э.О. Тойлыбекова
Қорқыт
Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,
Қазақстан
Нағашыбай Шайкеновтың
ұстаздық болмысы
Әр заманның тумысынан
табиғаты бөлек, сүйікті перзенттері болады. Туған
топырағының лайықты
ұлы бола білген білікті заңгер, қоғам қайраткері
Нағашыбай Шәйкеновтың тағы бір қырын –
ұстаздық болмысын ашқалы отырмыз.
Нағашыбай Шәйкенов
заң, әділет саласына кездейсоқ келген жан емес. Ол
өзінің Свердловск заң институтындағы ұстазы
Сергей Алексеевтің кафедрасында кандидаттық диссертация
қорғап, доцент ғылыми атағын алады. Сосын Сергей
Сергеевич жаңадан ұйымдастырған институттың кафедра
меңгерушісі болады [1]. Адам құқығы тақырыбынан
докторлық диссертация қорғайды. Институтта дәріс
оқып, түрлі заң жобаларын дайындауға қатысады.
Қазақстанға
келгеннен кейін заң саласында беріліп жатқан білімді көріп,
қарны ашады. «Кейбір институттар үшін заң факультетін ашу
мәртебе сияқты. Менің
есебім бойынша, тек Алматының өзінде (сол уақытта)
тоғызға жуық заң факультеті жұмыс істейді.
Бүкіл факультетте бір ғана кафедра, онда бес оқытушы бар, ал
меңгерушісі экономист. Ондай оқу орнынан қандай заңгер
шығуы мүмкін? Сондықтан, министрлік заң білімін,
заңгерлер дайындауды өз бақылауына алуды жөн көріп отыр. Бұл жеке дара билік
жүргізу деген сөз емес. Мақсат - ғалымдардың,
мамандардың күшін біріктіріп, заң мамандарын даярлайтын бір
қуатты орталық құру. Заң оқулықтарын,
оқыту бағдарламасын әзірлеу керек. Тек сонда ғана
жоғары білікті заңгерлерді дайындауға болады...» деген
болатын Әділет министрі болып тұрған тұсында [2].
Сосын бар күшті осы
орталықты, яғни, Заң институтын құруға
жұмылдырған болатын. Өйткені, Заң институтын ашу – идея
емес, қажеттіліктен туған дүние еді. Ол бір сұхбатында:
«Екатеринбург халқы саны жағынан Алматыға
қарағанда бір жарым есеге көп. Мен жұмыс істеген бір
ғана заң институты кафедрасының өзінде Одақ көлемінде
кеңінен танымал бес профессор қызмет атқаратын.
Азаматтық құқық, қылмыстық
құқық және мемлекеттік
құқық кафедралары жоғары санатты
профессорлық-ұстаздық құрамымен мақтан
тұтылатын. Осыған қарамастан, Екатеринбургте тек қана доценттер емес,
көптеген мықты профессорлар болды» - деген ол Алматыда
ғалым-заңгерлердің өте аз екендігін көп тілге
тиек етті. Ең бірінші мақсат – жоғары білікті
ұстаздарды бір орынға жинап, ең болмаса, бір тәуір
институт ашу керектігін алға тартты.
Н.Шәйкенов талантты педагог
еді. Студенттерді жақсы көріп, олар үшін ол үлгі
тұтар тұлғаға айналды. Жылда бірінші курс студенттеріне
«Мемлекет және құқық теориясы» пәнінен
лекция оқитын. Көп заңгер-теоретиктерге қарағанда
ол заңнама мен құқыққолдану
тәжірибесіне қатты мән беретін. Лекцияны оқыр алдында
тәжірибеден бірнеше оқиғаларды алдын-ала тарататын, сосын
лекция барысында теориялық мәселелерді осы мысалдарға
сүйеніп түсіндіретін. Мұндай әдіс
студенттердің дәрісті түсінуіне оң ықпалын
тигізетін.
Н.А.Шәйкенов
ораторлық дарынға ие еді, сөзімен сендіру, ойын
қысқаша, қарапайым және түсінікті етіп жеткізе
білетін. Оның ойы мен сөзі студенттерге жақын әрі
түсінікті еді. Бұл әрбір жалпыуниверситеттік, факультеттік
жиындар мен іс\шаралардан, академиялық оқу топтарындағы
және барлық курстар студенттерімен әңгімелесу барысында
байқалатын еді. Студенттер оның лекциясын қалдырмай
тыңдайтын және бұл олардың мақтанышына
айналған еді. Студенттердің мұндай ілтипаты мен
көңілі оның жоғары адамгершілік қасиеті мен
терең білімділігінің арқасында болды. Ол өзі де
студенттердің арасында болғанды ұнататын.
Н.А.Шәйкеновтың
әріптестерінің пікірлері бойынша студенттерге оның
үйреткендерінің ең бастысы – өз ойын, пікірін
қорықпай айту, қоғамға
бұқаралық ақпарат құралдары арқылы
жеткізе білу. Бір сөзбен, кейде бір сұрақпен немесе мысалмен
бұзылмайтын аргументтерді қайта қарауды үйрететін. Оның
лекция берудегі ерекшелігі – ол студенттердің тарапынан қайта
байланысты талап ететін (обратная связь).
Н.Шәйкенов
университеттің ректоры бола тұра, бір академиялық топқа
топ жетекшісі (куратор) болды және сүйікті кураторы болды. Олармен
бірге тауға шығатын, қыздарды 8 наурызда
құттықтау үшін іс-шаралар ұйымдастырып
қатысатын, олармен бірге дискотекада билейтін. Студенттер кураторын
сыйлаумен қатар, онымен мақтан тұтатын. Оның ректорлық
кабинетінде үнемі студенттерді көру таңғалатын
жәйт емес еді: ғылыми жұмыстарымен келеді немесе
студенттердің дайындығы (репитициялар) өтіп жататын.
Н.Шәйкенов қарапайым еді. Коридорларда жүріп, студенттермен
амандасып, оқу процесі туралы әңгімелесетін, студенттердің
білім алуына қолынан келетінін жасайтын.
Н.А. Шәйкеновтың адамгершілік қасиеті айырықша құрметтеуге лайық
еді. Үлкенмен де, кішімен де
бірдей пікір алысатын, сөйлескенде қасындағы серігін үнемі көтермелеп, шын
ынтасымен беріле әңгіме айтып, өзі бір мәз-мәйрам
болатын. Нағашыбай Амангалиұлының сабақтан бос уақытының
бәрі университеттің ішкі жұмысына және
Қазақстан көлемінде өтетін рухани істердің
барысына арналатын. Сондықтан оның қасынан студенттерді
көру таң емес еді. Олардың бәрімен терезесі тең
құрбыша сөйлесіп, өзі де қуат, импульс алып,
ұлттық болмысы, деңгейі туралы о-пікірлерін
әңгіме, сұхбат үстінде туған дәйекті
байламдарымен дәлелдей өрбіте беретін жайы болушы еді.
Жастарға көп
үміт артатын. Ол бар ғұмырын елдің келешегі болатын,
адамның көңілі толатын жастарды тәрбиелеуге арнады.
Өзгеге тәрбие беру үшін өзі тәрбиелі болуды ерте
ойлады.
Нағашыбай
Аманғалиұлы ана тілі мәселесіне ерекше ден қоятын.
Өзінің қазақ тілін нашар білетініне өкінетін.
«Менің негізгі мақсатым ана тілімді жақсы игеру» - дейтін,
сондықтан ол университетте қазақ тілінде дәріс беруді,
сабақ жүргізуді арман етті [3]. Сонымен
оқулықтардың қазақ тілінде шығуы,
аударылуына аса мән берген еді. Жоспарында министрліктің жанынан ғылыми-әдістемелік
кеңес құру бар еді.
Институттағы атмосфера
демократиялық болды десе де болады. Оқытушылар барлық
студенттердің іс-шараларына аянбай қатысып, олармен жақсы
қарым-қатынас орнатты. Себебі «біз олар үшін жұмыс істеп
жүрміз ғой» дейтін [4].
КазГЮА да театр-студия,
ғылыми және интеллектуалды кружоктар ашылып жұмыс істеді,
тіпті кейбіреуінің тікелей
өзі қатысатушысы еді. Мемлекетің, ЖОО-ң беделін
көтеретін жақсы іске ақшаны аяудың қажеті
жоқ дейтін. Сөйтіп, отставкаға кеткен судьялар мен
құқыққорғау органдарының
қызметкерлерін, адвокаттарды жұмылдырып, студенттер
тәжірибені университетте өтетіндей етіп базасын
қалыптастырды, оқу сот залы, заң клиникасы жұмыс істей
бастады.
Нашар оқитын студенттерге
бұл университетте орын жоқ еді, келісім-шартпен
оқығанына қарамастан ондай студенттер оқудан
шығарылатын.
Н.А.Шәйкеновтің
өмірі тек ғана заңға деген көзсіз қызмет
емес, бұл коғамдағы құқықтың
ролін күшейтуге және құқықтық мемлекет
құру идеясын Қазақстанда жүзеге асуына
бағытталған мақсатты және күнделікті
қажырлы еңбек еді.
Қоғамымызда болып
жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер
қоғамның барлық саласында орын алды, соның ішінде
білім беру саласында да. Қазіргі таңда бұл саланың басты
проблемаларының бірі бұл жоғары кәсіби мамандарды
даярлау. Прогрессивті
экономикалық және әлеуметтік даму жағдайында
маманға болашақ кәсіби қызметте терең
теориялық және тәжірибелік дайындықпен қатар,
жаңа процестерге бейімделіп, тұйытқы проблемаларды дер кез
шеше білу қажет.
Құқық
пен мемлекеттің беделі, халықтың
құқықтық санасы мен
құқықтық мәдениеті деңгейі
заңгер кадрларының кәсібилігіне байланысты. Осыған орай, заңгерлерді
дайындау сапасы қазіргі заңи білім берудің ең
өзекті мәселелеріне айналып отыр. Соңғы жылдары
заңгерлер дайындайтын оқу орындары көп болғанымен,
оларға сұраныс болмай, бітірушілер жұмыссыз қатарын
көбейтіп отыр. Соған қарамастан, қоғамда
құқықтық жаңа үдерітерді жүзеге
асыра алатын жоғары кәсіби заңгерлерге деген сұраныс
азайған емес. Қазіргі уақытта
заңгер әртүрлі ақпараттармен аналитикалық
жұмыс істеу қабілетіне ие болу қажет. Қазақстан
Республикасының құқықтық
жүйесінің дамуы заңгерлерден өз білімдерін үнемі
жаңалауды, нақты жағдайларға қатысты белгілі
шешімдер қабылдауда оны қолдануды, заңдағы
өзгерістерді уақытылы тауып, оларға анализ жасауды, не
себептен заңға өзгерістер
мен толықтырулар болғандығы туралы білуді, елдегі
саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар туралы
хабардар болуды міндеттейді. Сондықтан, болашақ заңгерлерді
дайындаудың негізгі формаларына мемлекет тарапынан да, заңгерлер
қауымдастығы тарапынан да ерекше көңіл бөліну
қажет.
Заңи білім беруде
қоғамдық даму қажеттілігіне бейімделген заңгер
моделін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Заңи білім
берудің негізгі идеологиясы ретінде жоғары
құқықтық сананы қалыптастыру
бітірушінің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты болып отыр:
оның болашақ мамандығына тәжірибелік дайындығы,
біліктілігі және т.б. Мұндай талаптарға сай болмай заңгерлердің
беделіне де көлеңке түсіреді, ал заңгерлердің
рөлі төмен мемлекет құқықтық мемлекет
бола алмайды. Сондықтан мемлекет қайраткері, заң
ғылымдарының докторы, профессор, көпке ұстаз бола
білген Нағашыбай Аманғали ұлы Шәйкеновтың
құқықтық мемлекет құрудағы
ролін, орнын, еңбектерін студенттерге жеткізуіміз қажет.
Мына сөздер абитуриентті
тартуға арналған сол кездегі буклеттерден алынған. Мен
аудармай сол нұсқада беруді жөн көріп отырмын:
Пришел. Увидел, Поступил.
Студ. Плакат\листовка для
абитуриентов 1999 г.
Только наш ректор
экс-вице-премьер и министр юстиции.
Только наш ректор ходит на
дискотеки и танцует со студентами.
Только Наш ректор любит студентов
чуточку больше, чем родных детей.
Таныстары, достары,
әріптестері, студенттерінің есінде Н.Шәйкенов үнемі
таза, абыройлы, турашыл, принципшыл, өз ісіне берілген тұлға
ретінде қалды. Біздің міндетіміз оның өмір жолын,
ұстанымдарын жастарға жеткізу, насихаттау.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ударцев С.Ф. Учителя и коллеги. Из юридической
мысли Казахстана ХХ – начала ХХI в.в. – Алматы.
«Раритет»2011.
2. А.Сейілбекқызы. Заң жүйесінің
сайыпқыраны // Заң газеті, №122 (1938) 24 тамыз 2011.
3. Базарбаев Б.Б.
Н.Шәйкеновпен қызметтес
болған кездерден есте қалған кейбір сәттер. -
Л.А.Шәйкенова. Өмірі заңмен өрілген. Нағашыбай
Шәйкенов жайлы естелік 1947-2000. Т.1. Астана, Фолиант., 2002.
4. Жоламантегі К. Дара
тұлға. - Л.А.Шайкенова Өмірі заңмен өрілген.
Нағашыбай Шәйкенов жайлы естелік 1947-2000. Т.1.Астана, Фолиант.,
2002.