ҚОҒАМ ӨМІРІНДЕГІ САБАҚТАСТЫҚ РОЛІ

Authors

  • ОҚ Қабул Республика Казахстан

Abstract

Мәдениетте құндылықтардың сабақтастық жүйесі бұзылмай, тұтас күйінде сақталса, өркениеттік кезеңде бұл ереже орындалмайды. Құндылықтар вертуальды, әлеуметтік, діни, эстетикалық, саяси болып жіктелітіндігі мәлім. Құндылық теориясын зерттеушілердің бірі Г. Риккерт құндылықтардың алты саласын ажыратады. Олар: ғылым, дін, өнер, этика, жетілген өмір және құдіретке сүйіспеншілік [1, с. 107-108]. Аталмыш салалар бірін-бірі толықтырып, белгілі бір тұтастықты құрайды. Сондықтан да бұл құндылықтардың арасында өзіндік бір сабақтастық бар. Бір жүйедегі құндылық сабақтастығы екінші құндылықта өз жалғасын табады. Осылайша құндылық жүйесіндегі сабақтастық бүтін бір механизмге айналады. Сабақтастық көбіне тарихи алмасуларға байланысты өзгеріп отырады немесе өз құнын жоғалтып алады. Мәселен, Ресейге қосылған кезден басталған қазақ өмірі маңызды рөлге ие, өйткені осы кезеңде ел басын үш жүз жыл бойы бірлікте ұстап тұрған ескі құндылықтар орнын жаңа құндылықтар алмастырды. Бұл турасында академик Ғарифолла Есім: «бұрынғы ешкімге бағынбайтын адамдар, бағынышты болды, бұл ескі құндылықтардың сарқылуының тағы бір дәлелі» [2, б. 45] деп ғылыми пайымдау жасады. Құндылықтың ең үлкені – саяси тәуелсіздіктің жойылуы еді. Жаңа құндылық қазақтың басқару принципін бұзды, елге таңсық жаңадан басқару билігін күштеп енгізді. Ығыстырылған ескі құндылықтар өзімен бірге көптеген дәстүрлі ұғымдарды, салт-сананы ала кетті. Жаңа құндылықтар жұртқа жат, тез бейімделуге ыңғайсыз, бірақ өздеріне аса пайдалы жаңашылдық орнатты. Саяси тәуелді елдің еркін ойлап, еркін өмір сүруіне ешқандай мүмкіндік берілмеді. Мұндай жағдайдың орын алуы бүкпесіз ашық түрде іске асырылды. XX ғасыр адамзат тарихында айрықша орын алады. Бұл ғасыр ғылым, техника, технология аймағында үлкен әлеуметтік-саяси, экономикалық өзгерістер мен тосын жағдайларға толы болды. Бірақ осы ғасырдың ғылыми-техникалық, әлеуметтік-саяси және өнегелік өрлеулері арасында диспропорция орнатқаны да жасырын емес. Қазақ қоғамындағы мыңдаған жылдар бойы пайдаланылып, тұрмыс тіршіліктің ыңғайына қарай толығып, шама-шарқынша сақталып келе жатқан дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды бірте-бірте санамыздан алыстатып жіберді. Қазіргі таңдағы адамзатты құрдымға жетелер нашақорлық, ішімдікке салыну, жезөкшелік, адам мүшелерін, әсіресе балалар мүшелерін сату, ұйымдасқан қылмыс тағы да басқалар қалыптасқан құндылықтарды әлсіздендіріп, жарамсыз етуде. Көз ілестірмес жылдамдықта дамып жатқан технологияның барған сайын рөлі жоғарылап, осының барлығын қолдан жасап отырған адам, сол технологияның ығында қалып бара жатыр. Адамның физикалық немесе қол күшін және көптеген сағатты, күнді, тіпті айды талап ететін барлық жұмыстарды техниканың көмегімен іске асырып жатырмыз. Осы тұста қол күшімен қатар адамдардың осы жұмыс арқасында қарым-қатынаста болып, бірінің шешілмей жатқан мәселесіне бірі көмектесіп, туыстық, достық сияқты қымбат байланыстарды да ұмыт қалдырғандаймыз. Қол күшінсіз ой күшінің сапалы болуы екіталай. Осы тұрғыда өркениеттің нақты не екенін анықтай алмасақ та, одан қашып құтыла алмайтынымыз белгілі, яғни өркениет қазіргі заманғы өмірдің көрінісі, болашақтың негізі. Одан тысқары қалып қою мүмкін емес. Себебі барлық адамдар дене азығын тойдыруды ұнатады, физикалық аз қимыл жасап, уақыт үнемдегенді қолайлы көреді. Өркениеттің ертеңі жоқ дегенге саятын көптеген болжамдарға қарамастан, өркениет бола бермек. Осы көзқарастарды тұжырымдай келе, өркениетке былайша сипаттама беруге болады: әр елдің өзіндік мәдениетінің деңгейіне сәйкес өркениеті болмақ. Жалпы өркениеттерді мәдениеттер сияқты бірін жоғары, бірін төмен деңгейде деп салыстыруға болмайды. Өркениет – өлшемі айқын анықталған, технология көмегімен жүйелі жазылған заң емес. Бірақ болашақ үшін жасалған өнер мен ғылым салаларының кез келгеніндегі қандай да бір жаңалық, құндылық немесе жаңа идея өркениеттің бір белгісі болмақ. Біз өркениеттіміз, яғни өркениет ішінде өмір сүріп отырмыз, өркениетті елдермен үнемі қарым-қатынастамыз. Ал, бүгінгі таңдағы өркениеттің дағдарысқа немесе тоқыруға ұшырауы тек қана өркениет дағдарысы емес, жалпы дағдарыс немесе тоқырау. Себебі өркениеттің қамтымайтын саласы жоқ, тіпті біздің бүгінгі өміріміздің өзі өркениет, оны мойындамаймын немесе қажет етпеймін деген күннің өзінде де, біз күнделікті тұрмыс тіршілігімізде өркениетпен қарым-қатынасқа түсіп, оның туындыларын қолданамыз. Дағдарыс жағдайында тек жеке адам немесе жеке әлеуметтік жүйе, тіпті бір жеке континент қалып қоймайды. Сонымен қатар дағдарыс мәдениеттің немесе өркениеттің жеке бір формаларына, формацияларына ғана қатысты емес. Ол белгілі бір мәдени немесе экономикалық бейнедегі өзінің болмысын құратын әлуметтік тіршілік иесі - барлық адамзатқа қатысты. Олай болса, ең басты құндылық – Адам, ал адамға ең қажет дүние – имани құндылық. Имани құндылық – адамды болашаққа жетелеуші, адамзат өткенін саралаушы, асқынған қоғам ауруын жеңілдетуші, адамдық кейіптен айуандық кейіпке айналып бара жатқан адамзатқа байыптылық беріп, сабырға шақырушы. Құндылық ол ешқандай құн (стоимость), баға емес. Ол адамзат бойындағы бар нәрсе. Ол адамды адам етер «құт», деген ұғымға теңеуге болады. Бойындағы құтын, құндылығын жоғалтпаған адам ғана басқа құндылықтарды тани алады, бағалай алады және игілігіне жарата алады. Демек, құндылық өркениеттің басты өлшемі, адамдардың еркін таңдауы. Жоғарыда талданған пікірлерді саралай келе, құндылық адамзат дамуын байланыстырушы, сабақтаушы, жалғастырушы механизм деген ой тұжырымдаймыз.

References

1 Риккерт Г. Философия жизни. – Киев: Ника центр, 1998. – 505 с.

2 Есім Ғ. Саяси философия: ойлар, тұжырымдар - Алматы: Ел-шежіре, 2006. - 256 б.

3 Мид М. Культура и мир детства. - М.: Наука, 1988. – 429 с.

4 Поршнев Б.Ф. О начале человеческой истории. -М.: Мысль, 1974. -487с.

5 Лукач Д.К. К онтологии общественного развития. Пролегомены. - М.: Прогресс. 1991. – 410 с.

6 Якимович А.К. Наше искусство и проблема ценностей. Творческое сознание в конце ХХ века // Советское искусствознание. -1990. - №26. -С. 5-31.

7 Лук А.Н. Юмор, острословие, творчество. - М.: Наука, 1977. – 183 с.

8 Қани М. Философиялық ой-пiкiр: Абайдың философиялық ой-пiкiрi жайлы. - Алматы, 1993. - 348 б.

9 Жекебаева М.А. Философиялық ойлар тарихындағы философтардың еркiндiк, жауапкершiлiк мәселесiне көзқарастары // ҚазҰУ хабаршысы. - 2007. - №1. – Б. 147-150.

Published

2020-04-13

How to Cite

Қабул, О. (2020). ҚОҒАМ ӨМІРІНДЕГІ САБАҚТАСТЫҚ РОЛІ. Pridneprovskiy Scientific Bulletin, 15(671). Retrieved from http://www.rusnauka.com/index.php/rusnauka/article/view/1148