«Сахна тілі» пәнін оқытудағы ерекшеліктер (Сөзді меңгерудің әдіс – тәсілдері)

Authors

  • ОК Хожамбердиев Республика Казахстан
  • А Семейова Республика Казахстан

Abstract

Қоғамдық түрлі салалардың қай-қайыссы болмасын арнайы мектепсіз іргесінің қалануы мүмкін емес. Оларда дамудың түрлі баспалдақтары болуы да заңды. Сол сияқты бүгінгі Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Сахна тілі» кафедрасы да қалыптасу, даму жолында түрлі белестерден өтіп, ұлттық мәдениетке елеулі үлес қосып келеді. Осы тұрғыдан алғанда біздің мақсатымыз – кәсіби маман-педагогтар салған шығармашылық сара жолды заманауи үлгіде одан әрі дамыту, жетілдіру болмақ. Өйткені: «Сахналық бейненің мазмұны мен түрі өмірдің ағымына қарай өзгеріп отыруы – заңды құбылыс. Өмір болмысының жылжуы мен дамуы театрға, спектакль дайындау мен оның сахналық бейнелілігіне ықпал етпей қоймайды. Әр мезгілдің сахналық шығармасы өзіндік бейнелеу тәсілдерін, өзіндік қойылу жолдарын, өзіне тән театрлық бояуын, яғни уақыт талабына сай көркем шешім табуы шарт. Бір кезде қойылып өткен пьеса екінші бір кезеңде оны сахнаға қайта шығарғанда сол алғашқысының барлық көлемдік белгілерін толық қайталауы мүмкін емес. Сондықтан театр өнерінің, әсіресе, оның сахналық тілінің, бейнелеу құралдарының өзгеріп, жаңғырып отыруы, негізінен уақыт талабынан туады» (Құндақбаев Б. Уақыт және театр. – Алматы: Өнер, 1981. – 328 б., 38 бетте). Әрбір онжылдықтарда немесе ғасырлар тоғысында сахна өнерінің тарихы қалыптап, саяси ағымдар мен бағыттардың және заман талабының дамуымен өзінің кезеңдік ерекшелігін құрайды. Мұндай уақыт ағымында түрлі өзгерістердің, тұжырым-қағидалардың орын алуы заңды құбылыс. Ал, сахна тілін оқытудың, оның әрбір сатысындағы методикалық әдіс-тәсілдердің көп жағдайда өзгермеуі мүмкін. Өйткені бұл белгілі бір канондарға қызмет етеді: таза, анық сөйлеу, автор сөзін ерекше әсермен жеткізу, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, сол мәдениет арқылы халықтың эстетикалық талғамын арттыру, т.с.с. Өкінішке орай, осындай нақты, әрі белгіленген талап-түсінікті қабылдамай, асыра сілтеуге немесе таптаурындылыққа жол беріп жүрген өнерпаз бүгінгі күнде жоқ деп айта алмаймыз. «...рольдерде ойнаған актерлердің спектакль дайындау процесінде шығармашылық белсенділік таныта алмауын, өздерін бейтарап ұстауын қалай түсінеміз. Қойылымдағы эклектиканы көрмеуі, сезбеуі, режиссерлік жөнсіздікке қарсы өз пікірін ұсына алмауы – шығармалық немқұрайлық, әлсіздікке апаратын жол ғой. ...Дәстүр дегеннен шығады, күні кешеге дейін актерларымыз шетінен сөзге шешен, оның табиғатын жете түсініп, сахнадан айтылған сөз көрермен залына ақаусыз, сиқырлы сырымен, мол астарымен жететін. Бүгінгі сахнада осы тамаша дәстүр жоғалып барады, сөздің көркемдік қуаты әлсіреген жерде драмалық спектакльде қасиет қалмайды» – деп жазады Б.Құндақбайұлы актер шығармашылығындағы сахналық тілдің маңыздылығы жайында (Құндақбайұлы Б. Заман және театр өнері. – Алматы: Өнер, 2001. – 520 б., 257-258 беттерде). ХХІ ғасыр өресінен алып қарайтын болсақ, театр мектебінде сахна тілін оқыту әдістерінің теориялық ұстанымдарын анықтап, ғылыми-методикалық ұсыныстар жасау уақыт күттірмейтін мәселе. Бұл – заман талабына сай ғылыми дәйектерге сүйене отырып зерттеуді, нақты жолға қоюды қажет ететін ілім. Сөзді меңгерудің әдіс-тәсілдері жалпы актер мамандары үшін өте ұқсас және ортақ болғанымен, драма театр актері мен музыкалық театр актері арасында бейіндік жағынан айырмашылықтың барын ескере отырып, керекті жағдайда әр басқа оқытудың қажеттілігі анықталып отыр. Оқудың барлық кезеңдерінде (1, 2, 3, 4 курстарда) студенттер өз дауыстарының қыр-сырын және оны меңгерудің жолдарын үйренеді. Әсіресе, оқудың алғашқы жылының үлкен маңызы бар, өйткені дәл осы кезеңде студенттер сахна тілі пәні бойынша негізгі деген ақпараттарды алып, өз бойларындағы қасиеттермен қатар өзгенің де дауыстарындағы жекелеген ерекшеліктер мен кемшіліктерді таниды. Себебі сахна тілі, барлық бөлімдерінде (дикция, орфоэпия, дем, дауыс, мәтінмен жұмыс) әрбір студенттің дауыс мүмкіншіліктерін анықтаумен қатар кереғар кемшіліктерді түзетуге көмектеседі. Әрине, бұл істе сахна тілі оқытушыларының еңбегі зор. Сахна тілі пәні негізгі 5 бөлімді құрайды. Бірінші: Дикция, екінші: Орфоэпия, үшінші: Тыныс, төртінші: Дауыс, бесінші: Мәтінмен жұмыс жасау. Бұл бөлімдердің әрқайсысының өзіндік өзгешеліктері бар. Дикция – cөздің таза айтылуы, яғни дауыс шығарып сөйлеудегі ерекшелік. Анық сөйлеу-дыбыс артикуляциясының жемісі болып табылады. Орфоэпия – тіл нормаларын сақтау яғни, сингармонизм заңдылығын ұстана отырып, дыбыстардың өзара үндесуі, жазылған сөздің айтылу тәртібі болып табылады. Тыныс – адам анатомиясы мен физиологиясының табиғи заңдылығы. Тыныс алу немесе дем алу – адамның ауа алмастыру үдерісі болып табылады. Дауыс – сөйлеу аппараты қызметінің нәтижесінде пайда болатын құбылыс. Бұл да табиғи заңдылық. Мәтінмен жұмыс жасау – cөздің таза айтылуын, дауыс шығарып сөйлеудегі ерекшелігін, тіл нормаларын сақтап, яғни сингармонизм заңдылығын ұстана отырып, дыбыстардың өзара үндесуін, адам анатомиясы мен физиологиясының табиғи заңдылығын, сөйлеу аппараты қызметін меңгере отырып, көркем сөйлеуге машықтану. Тіл мен сөйлеу бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен бір ұғымды білдірмейді. Тіл – қолданысқа дайын материал, ол сөйлеу барысында дамиды. Негізінен мәтінмен жұмыс жасаудың қиыншылығы осында жатыр. «Сахна тілінің басты мақсаты – рөлді орындау барысында сөйлеуге машықтандыру, әрбір сөз мәнін түсініп, табиғатын тануға баулу; драмалық шығармаларды іріктеу, кейіпкер образын аша түсетін штрихраға талдау жасау, ондағы әр сөзге мән беру, оның орындауын, сахналық үлгісін жасау, тілдік сөз қорын байыту, мәнерін жетілдіру. Ал, мәнерлеп оқуға арналған материал көркем әдебиет болып есептелетіндіктен, оның оқу техникасы фонетика, грамматика, орфоэпия, орфография, стилистикамен ұштасып жатыр. Сондықтан да көркем әдебиетті көп оқуға, онымен көп шұғылдануға тура келеді, яғни мәтінмен жұмыс істеу қажет. Терең талдаудың арқасында оқушы тыңдаушымен, көрерменмен көркем шығармалар арқылы тілдесіп, мұңдасып, сырласып отырады. Тыңдаушымен шынайы тіл табысқанда барып, студент өзінің бірқатар тіл, ой кемшіліктерін жойғанына көз жеткізеді. Мысалы, 18 – 20 жастағы жас жігіт өзінің дұрыс сөйлейтіндігіне сенімді. Үнемі көркемөнерпаздар үйірмесіне, түрлі байқауларға қатысып жүр. Көпшілік оған өнер адамы болуға ұсыныс айтады. Бірақ оған ешқашан, ешкім «дауысының» жоқтығын айтпаған. әдеби тілде сөйлегенде екпінді дұрыс қоя алмайды. Ол жас жігіт театр мектебіне оқуға түскенімен, алғашқы күннен-ақ өзінің «тіліндегі» кемшіліктерді байқайтын болады» – деп жазады сахна тілінің тәжірибелі маманы Д.Тұранқұлова (Тұранқұлова Д. Сахна тілі. – Алматы: Білім, 1999. – 208 б., 10-11 беттерде). Сонымен қатар, студенттер тәрбиелеуде тілдік қуатын арттырып қана қоймай олардың мәдени талғамын қалыптастыруға, рухани-эстетикалық болмысын дамытуға да көңіл бөлген жөн. Жалпы студенттерді сабаққа жұмылдыруда оқытушының алдына қоятын бірінші мақсаты – оларды психо-физикалық тұрғыда дайындау. Онсыз қандай да жаттығулар болмасын діттеген мақсатына жете алмайды. Ол үшін біріншіден – студенттердің сабаққа деген құлқын арттыру, екіншіден – көңіл-күйлерін бір орталыққа бағындыру, үшіншіден – пәнге деген қызығушылықтарын ояту, төртіншіден – тән бостандығына жету жаттығуларына баулу, бесіншіден – тыныс жолдарын ашу жаттығуларын жасау. Сонымен, драма театры актерінің сөйлеу мәдениетін қалыптастыру екі саты бойынша іске асады: біріншісі – сөз техникасын жетілдіру болса, екіншісі – сөз шеберлігін жетілдіру. Мәселен, сөздің айтылу техникасын үйрену арқылы сөйлеу техникасын меңгеретін болсақ, дәл сол сияқты сөздің айтылу шеберлігін үйрену арқылы сөйлеу шеберлігін игереміз. Мұнда үйрену мен меңгерудің арасындағы айырмашылықты естен шығармаған абзал. Бұл туралы зерттеу еңбекте: «Дегенмен де ауызша сөйлеу мәдениеті мен сөйлеу техникасы бір ұғымды білдірмейтінін зерттеушілер айтып өткен. Сөйлеу техникасы көбіне-көп өз дауысын меңгеруге байланысты. Ал, өз дауысын меңгеруі, оның тынысына, сөйлеу мүшелерінің қызметіне, интонацияға, сөйлеу шапшаңдығына, дикцияға байланысты болатыны сахна заңдылығында берілген. Сахна тілінің сөйлеу техникасын әрбір актер білмесе қалай сахнаға шығады. Сахна дискурсында сөйлеу техникасының бірліктері бірін-бірі толықтырып, пьесаның көрерменге дұрыс қабылдануына қызмет етеді. Сахна актері ой мен сөздің тығыз байланысына, оның терең мағынасына жете көңіл бөліп, оны ары қарай іліп әкететін ұшқыр ойлы болу керектігі туралы теориялар қалыптасқан. Әр сөзіңді анық, ашық етіп жеткізу, айтылатын ойды көрерменнің жүрегіне жол сала отырып жеткізу таланттың ғана қолынан келеді. Тек сөйлеу мәдениеті жоғары және сөйлеу техникасын жете меңгерген актер шығарманың идеясын, драматург туындысының қасиетін, режиссердің ойын тап басып жеткізе алады. Әдеби тілдің бірыңғай нормасына ұмтылу – тіл мәдениетінің бір белгісі болып табылады. Ал біздің қоғамымыздың сөйлеу мәдениеті тікелей біздің мемлекетіміздің тіл мәдениетіне әсер етері сөзсіз» – деп жазылған (Альпатина С. Сахна тілі интонациясының дискурстық сипаты: өнертану канд. ... дис. – Алматы, 2010. – 120 б., 47 бетте). Бұдан сөз тазалығының, тіл байлығының, сөйлеу мәдениетінің қағидаларын байкауға болады. Дауысты көтеріп немесе ақырын айтуды, қорқу, қуану, ренжу сияқты көңіл-күйге байланысты құбылтып жеткізуді, түрлі жағдайларға, өтіп жатқан оқиғаларға байланысты дауысты баяулатып немесе жылдамдатып айтуды – сөйлеу техникасы дейміз. Ал, сөздің дұрыс айтылуын, анық-айқын, естір құлаққа жағымды әрі әсерлі айтылу мәнерін – сөйлеу шеберлігі дейміз. Негізінен сахна тілінің жүгі ауыр, міндеті қатпарлы. Бұл – кейде сөйлеу техникасы, кейде сөз техникасы, ал, енді бірде тіл техникасы деп аталып, түрлі синонимдік сипатта айқындалатын сахналық орындаушылықтың басты компоненті. Актер шеберлігінің техникасы да осымен байланысты. Осындай сахна өнерінің өзіндік ұғымдарын негізге ала отырып сахна тілін оқытудың заманауи техникасын ұсынамыз. Ең алдымен, теориялық жағынан да, тәжірибеде де сөз қолданысына көп мән беру керек. Сабақ барысында сөзді орынды қолдану оқытушының сапалы білім беруіне, студенттердің ойды жинақтап, еркін жұмыс жасауына көп көмек береді. Шеберлікке жетудің оңтайлы, ұтымды және саналы әрі сапалы әдісі техниканы меңгеру болып табылады. Ал, шеберліктің шыңы – мәдениеттілік. Сахналық сөйлеу мәдениетін меңгеру үдерісін осылай сатылауға болады. Сызбасы төмендегідей;

References

1

Published

2020-03-07

How to Cite

Хожамбердиев, О., & Семейова, А. (2020). «Сахна тілі» пәнін оқытудағы ерекшеліктер (Сөзді меңгерудің әдіс – тәсілдері). Pridneprovskiy Scientific Bulletin, 11(667). Retrieved from http://www.rusnauka.com/index.php/rusnauka/article/view/1423