Бейімбет Майлин – сыншыл публицист

Authors

  • СА Акмухамедова Республика Казахстан

Abstract

Ұлттық журналистиканың қалыптасып, қанат жаюына үлкен еңбек сіңірген, публицистика дәрежесін биікке көтеріп, аса мол, көрнекті мұра қалдырған ұлы жазушыларымыздың бірі – Бейімбет Майлин. Ол – қаламгерлік мамандықтың алып тұлғасы. Оның поэзиялық, прозалық, драмалық шығармашылығы, жазушылық шеберлігі зерттеліп, кең көлемді талдау таразысынан өткендігі жайында зерттеуші ғалым Бейісқұлов Тоқтар Әбдрахманұлы өзінің «Бейімбет Майлин – сыншыл публицист» атты Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялық авторефератында атап өтеді. Сондай-ақ, Б.Майлин публицистикасындағы сын-сықақ ең алдымен адамдар іс-әрекетіндегі, жан-дүниесіндегі кінәраттарға қарсы жұмсалды. Бұл ретте оның сын нысанасына алғаны – ел басқарған адамдардың, билік жүргізген төрелердің жұртқа жасаған қиянат істері, місе тұтпай қарайтын өркөкірек мінездері. Бейімбет ынтымақ бірлігі жоқ, халық қамынан гөрі өз қамын көбірек ойлайтын қуларды, арам ниетті пасықтарды, шенеунік бюрократтарды, басқаларға өктемдік еткен байлар мен болыстарды тағы басқа ел жұртқа пайдасынан гөрі, көп зиян тигізген жандарды әшкере етті. Мысалы, «Жол үстінде» фельетонындағы Мертай – «Ауылнай, болыстарыңнан жәбір көрсеңдер, олардың бұзық ісін сезсендер осы жерде айтыңдар, ондайды кеңеске өткізбейміз» деген сөзіне қарағанда қорғансыздарға қамқор болатын адам. Бірақ, оның айтқанында тұрмайтын, пәтуасыз өкіл екенін Б.Майлин қасқыр ішіктің жағасын түріп жіберіп, шанада шалқая отырғаны, ат айдаушы Ысқақтың әңгімесіне құлақ түрмей, өзімен өзі болып, құр қиялға шомғаны, өз әйелін ғана мақтап жүргені жайын ашып, қызмет билігін пайдаланып өз қамын ғана ойлағаны арқылы сынап ашады. Сайлауға байланысты оқшаудың бірі «Тап өзі» деп аталады. Мұнда Б.Майлин екі дәуір кезінде де сайлаудың әділ өтпейтінін, арсыздықпен, билеп-төстеп, үстемдік етіп сайланып алатын байларды, солардың үрім-бұтағын сынға алады. Молдалармен қатарлас жүретін бақсы-балгер де Бейімбет қаламының қырына ілінген. «Бала таппаған қатындарға бала тапқызам» деп лақап таратқан Мекежан деген дәу перінің Рахила бәйбішенің тұсағын алдап алғаны «Рахиланың көк тұсағы» оқшауында, ауруларды емдеймін дейтін Байназар балгердің өтірік емі «Қортанбай деген дерт екен» оқшауында әжуаланады. Жазушының осы секілді шығармалары қайта құру, жариялық басталғалы қаптап кеткен экстрасенстерді, емшілерді еске түсіреді. Олардың көбі елді алып, қаржы жинаудың жолына түскен алаяқтар екеніне көзіміз жеткендей. Б.Майлин дәл біз өмір сүріп отырған заманның сондай келеңсіздіктерін жазып кеткендей әсер береді [1, 17-20 бет]. Сонымен қатар, Б.Майлин өз кезегінде ауыл өміріне де бейжай қарамаған. Ол туралы 2006 жылы басылып шыққан «Сыныптағы тәрбие» атты журналында Қымбат Қамбарбекова тілге тиек етіп өтеді. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деп рухтана жырлаған қаламгер қазақ ауылының ескіліктен түгел арылып, көркейе гүлденуін армандады. Кеңестік дәуірде ауыл көп дамыды, бірақ зор талаптағы жазушы оның бәрін місе тұтпады. Колхоздастыру жұмысын ол ауылды түбірімен жаңалап дүр көтеретін материалдық және рухани дамудың биік белесіне жеткеретін революциялық шара деп қарады. Б.Майлан колхозшы қарапайымдарды әсірелеуі сонша, хандар мен көшбасшылардың емес, Әміржанның өмір жолын суреттеп, повесть жазады [2, 30 бет]. Ендігі тарапта 2012 жылы жарық көрген «Айқын» журналындағы Б.Майлиннің аштық туралы еңбектеріне қысқаша тоқталып өтсек. Бұл ретте сол аштық кезеңдерді көзімен көріп, іші қан жылаған Бейімбет Майлин алғашқылардың бірі болып, ел көкейінен өшірілмесін деген ниетпен қаламын қайрап жазып кеткен болатын. Алайда біз көбінесе оның 1921 жылғы ашаршылықты көрсеткен «Күлпаш», «Аштық құрбаны» әңгімелерін ғана еске түсірумен ғана шектелеміз. 1923 жылы жазған «Заман» деген шағын әңгімесінде Б.Майлин ашықтан-ашық былай дейді: «Заман кімге күле қарап жүр. Мыңды айдаған байды, үріп ішкен мырзаны, керіле басқан кербез сұлуларды қабатына салып илеп, жүн қылып, ішер ас, киер киімге зар қылып отыр». Оның «көңіліне ұнайтын бір ісі жоқ» келген заманның. Әңгіменің кейіпкері Жайлыбайға мал дәулетін сыпырып алған жаңа өкімет «мың сом» алтын тартқызып, зар қақтырады. Бейімбеттің ойынша «Қайтерсің, заман бұзылған!». Он жыл өткеннен заманның беті түзіле қоймаған екен. Тәркілеу және ұжымдасу кезеңін көрсетуге арналған шығармалары да аз емес. Атар болсақ «Ұлбосын», «Сары ала тон», «Колхоз қорасында», «Қара шелек», «Сот алдында», «Даудын басы – Дайрабайдың көк сиыры» және т.б. Оның кезінде бұл келелі мәселеге арналған көп шығарма жазған Бейімбеттен асқан ешкім болған жоқ десек, асыра айтқандық емес. Бір ерекшелігі – бұл шығармалардың қай-қайсысында да сыны тұнып тұр. Ол шымшып алар юмормен де, жеңіл сатирамен де ұйымдастырудың өрескелдікпен жүргізілгенін сынға алған, әртүрлі жөнсіз бұрмалаушылықтардың зардабын суреттеген. Кейде кейіпкерлеріне ашықтан-ашық сын айтқызған. «Сот алдында» деген әңгімедегі артель құру, ұжым болуға сенімсіздік танытқан Жауғаштар отағасы «Осының не жақсылығы бар дейсің, азған заман ғой. Ағайын арасына от салып, бірлік-берекеден айырғаннан басқа осыдан не өнер дейсің, әурешілік заман ғой» деп ашына ақтарылады. Жазушы бұл сөзді оның аузына салуы тегін емес. Үкімет басшылары үшін жайлы сөз емес бұл. Ал «Даудын басы – Дайрабайдың көк сиыры» әңгімесіндегі Дайрабай даушыл, «Арыстанбайдың Мұқышы» шығармасындағы Мұқыш бір беткей, шатақшыл бейнеде көрінгенмен, олар өрескелдікке, асыра сілтеуге қарсылық білдірген, шындықты айтып, шыр-пыр болған, әшкере етіп сынаған адамдар. Оларға көп былықтың бетін ашқызып сынатады, асыра сілтеуші қуларды әшкере еткізеді. Реалист жазушы күштеуді, асыра сілтеуді, заңсыздықтарды еш бүкпесіз, бояусыз, жалтақсыз жаза білді. Ол шығармаларына арқау еткен сол шаралардың салдарынан, жұрттың мал жандарынан айырылу себептерінен халық аштыққа тап болып, қырғынға ұшырады. Сол апатқа зорлық-зомбылық апара жатқанын алдын ала көрсетіп, ескерткен екен. Амал не, құлақ асып, мән берген бастықтар да, үкімет те болмаған. Ақыры ел зардап шекті, жаппай аштыққа ұрынды [3, 24 бет]. Ендігі бір әдебиетте, нақты «Қазақ әдебиеті» журналында қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің әлі күнге дейін көпшілік білмейтін «Қарашаш» деген романы бар екендігі жөнінде Филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше өз сөзінде айтып өтеді. Алғаш рет «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы 5-нөміріне арабша қаріппен жарияланғанда оған «басылмаған романның бір тарауы» деп сілтеме қойылған. «Қарашаш» бұдан кейін осы журналдың тағы екі нөміріне жарияланыпты. Тасқа басылған бір жапырақ қағазын жерге тастамайтын өркениетті әлемнің үрдісіне бағынсақ, Бейімбеттің бұл жарияланымы – біз ұмытып кететін дүние болмаса керек-ті. 1927 жылдан бері «Жаңа мектеп» журналының сарғайған парақтарында сақталып келген бұл шығарма ешқашан қайта жарияланбаған. Жазушының басқа белгісіз еңбектері арасынан да бұған ұқсас жарияланым кездеспейді. «Басылмаған романның бір тарауы» болғандықтан «Қарашаш» шығармасының жазушы зертханасында толық нұсқасы болуы мүмкін еді-ау деп те ойлаймын. Алайда отызыншы жылдардың ойранында қуғын сүргінге ұшыраған қаламгердің басқа да кейбір күрделі шығармаларының толық нұсқасы әлі қолға түспей жүргенде, жаңа мәлім болып отырған «Қарашаштың» толық нұсқасының енді табылатыны неғайбыл. Сонда да үміт жоқ емес... [4, 6 бет].

References

1

Published

2020-02-15

How to Cite

Акмухамедова, С. (2020). Бейімбет Майлин – сыншыл публицист. Pridneprovskiy Scientific Bulletin, 8(664). Retrieved from http://www.rusnauka.com/index.php/rusnauka/article/view/1670